Саңырау Сенат пен мылқау Мәжіліс

ҚР Парламенті Сенатының
Төрағасы М.С. Әшімбаевқа

Құрметті Мәулен Сағатханұлы! 

Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде Қытай Халық Республикасында азшылық ұлттарға жүргізіліп жатқан адам төзгісіз саяси қысым туралы, оның қатарында Шыңжаң өлкесін мекендейтін байырғы қазақтардың да бар екенін Сізге айтып жату артық деп санаймын. Тек, Қытай билігінің бұл әрекетін АҚШ және өзге де Батыс елдерінің ресми билік өкілдерінің геноцид деп жариялағанын есіңізге салумен шектелгенді жөн көрдім.

Қытай үкіметінің осы әрекетіне байланысты, жазықсыз сотталған, қамаққа алынған және Қазақстанда тұратын отбасына келіп қосылуға дәрменсіз болып отырған бір бөлім этникалық қазақтардың жиырмаға тарта жақын туыстарының Алматыдағы Қытай консулдығының алдында оларды босатуды талап етіп тұрғанына бір айдың жүзі болды.

Аталған акцияға шығып тұрған азаматтардың бәрі аналар. Олардың алды жасы жетпістен асқан кейуаналар.

Ең таңғаларлығы, осы аналарға Қытайдың Қазақстандағы Елшілік қызметкерлерінен бір пенде шығып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, жауап бермегендігі.

Керісінше, Қытай Консулдығы олар отырған жерге дауыс ұлғайтқыш орнатып, жағымсыз дыбыстар жіберіп, туыстарын босатуды талап етіп тұрған аналардың онсызда жұқарып кеткен жүйкелерін тоздыруда және  интернет байланысын шектейтін құрылғы қойып, құқықтарын таптауда.

Интернет байланысын тосуға арналған құрылғыдан таралатын электромагниттік интерференция олардың денсаулығына орасан зор нұқсан келтіруде. Соның әсерінен, соңғы күндері наразылыққа шыққан аналар есінен танып құлай бастағаны белгілі болды.

Қысқасы, туыстарынан тірі айырылған қазақстандық қандастарымыздың өміріне де қауіп төне бастады.

Мұндай құрылғылар арқылы жүйкеге тиетін шуылы көп, жағымсыз дыбыстармен азапталғанын Шыңжаңдағы аталмыш «Саяси үйрену» дейтін лагерде отырып шыққан қандастарымыздың бәрі айтып келгені белгілі.

Демек, Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарға жасаған геноцитті стратегиялық әріптес, тату көрші, мәңгілік дос ел Қазақстан Республикасының Алматы қаласында да жалғастырып жатыр.

Бұл мәселе туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы «Ашық хат» жаздым. Ескерусіз қалмайды деп сенемін.

Ал, Сіздің құзіретіңізге жататын мына бір келеңсіз мәселені айтпасқа болмады.

Өткен аптада, нақтылап айтсам, 4 наурыз күні «Азаттық» радиосының журналисі Нұргүл Тапаева сол аналардың жанайқайына сілтеме жасап, Сіз басқарып отырған Сенаттың білдей жеті депутатына сауал қойыпты.

Көрсек, Сұлтан Дүйсенбинов: «Қазақстанның мен қайдан білейін не істеп жатқанын! Үкіметтің не істеп жатқанын да білмедім…», – дейді…   

Владимир Волков: «Түк түсінсем бұйырмасын. Бұл сұрақты Қытайға қою керек шығар», – деп керігіпті…

Алтынбек Нухаұлы жауап бермеген күйі, қашып кетті…

Еділ Мамытбеков те жырғатып ештеңе білмейді екен, «Ит қуды, қоян қаштының» кебін келтіріп тұр…

Нұрлан Қылышбаев мүлдем хабарсыз болып шықты.

Бірдеңені дәлелдеу керек дей ме, оны кім дәлелдейді? Жеңіс Нұрғалиевтың сөзінен ештеңе түсінбедік…

Тек, Ақылбек Күрішбаев қана тектілігін танытып, жанының күйзеліп тұрғанын білдіріп, адамша жауап берді және мәдениетті екенін көрсетті.

Қысқасы, масқара болғанда, бүкіл дүниежүзінің медиасы күн құрғатпай жарыса жазып жатқан оқиғадан – мына тұрған Алматыда ай бойы ереуілдетіп тұрған аналардың жағдайынан сенаторлардың көбі бейхабар болып шықты.

Демек, шеттен оралған ағайындарымыздың мәселесіне келгенде, Сенат саңырау деген сөз. Ал, Мәжіліс үнсіз, мақау! 

Сонда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қайда қалды?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұжырымдамасын 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауында ортаға қойды. Сенат депутаттарының Сындарлы қоғамдық диалогының» түрі осы ма?! Мәдениет қайда?!

Міне, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жолға қойылғалы бүгін тұп-тура бір жыл, бес ай, алты күн болыпты. Содан бері Жоғары палатаның миына жетпеген бе?!

Жоқ, Сенат депутаттары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» дегенді халық арасында болған шулы мәселені Президенттің баспасөз орталығы Мемлекет басшысына жеткізеді, Қасым-Жомарт Кемелұлы оны «Twitter»-дегі парақшасына жазып шығарады деп түсіне ме?!

Айтпақшы, Мемлекет Басшысы жақында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласында «Біз аспен де, таспен де ұлттық мүдделерімізді табандылықпен қорғаймыз», – деді ғой.

Ұлттық мүддені тек Президент қана жалғыз қорғауы керек пе?!

Қайда сол «Ас» пен «Тас»?!

Президент айтты ғой екі қайталап, атуды бастамай ма, мына сенаторлар анау аналардың мүддесін қорғап!

Әлде, Қазақ Парламенті үшін шеттен оралған қазақтар біздің халық болып есептелмей ме?

Сіз ойламаңыз, білмейді деп. Бұл мәселенің күрделі әрі нәзік екенін біз жақсы түсінеміз. Сондай-ақ, шешуге болатынын да көріп тұрмыз.

Мүмкін, депутаттар бір нәрсені бүлдіріп аламыз ба деп, бұл мәселеден қашатын шығар. Ол дұрыс емес! Қазақстан әлемдегі барлық мемлекетпен тең құқықты ел. Оны ешбір елдің кемсітуге, басынуға хақысы жоқ. Сол әлем қазағының алдында Елбасы қасқайып тұрып айтты ғой, «Бүгінде бізді бүкіл әлем сыйлайды, бүтін дүние санасады!», – деп. Енді неден қорқасыздар, кімнен жасқанасыздар?! Әлде, Қазақстан Назарбаев тұсындағы сол  деңгейінен төмендеп кетті ме?!

Өзіңіз білесіз, Ресей думасының депутаттары Қазақстан туралы екі күннің бірінде аузына келгенін көкиді. Ол тағы әділетсіз сөз. Соларды Путин «Дос, көрші, әріптес елмен арамызды арандаттың!», – деп, думадан қуып жатқан жоқ қой.

Бөлінген отбасыларды қосу «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен» бекітілген. Оны талап етуге әр азаматтың конституциялық құқығы бар.

Осы тұрғыдан, Алматыда тұрған аналар үшін Қытайға қаратып екі ауыз сөз айтқан сенаторды Сіз Сенаттан қуасыз ба? Жоқ, Президент мандатын мерзімінен бұрын тоқтата ма?! Әлде Қытай қысым түсіре ме?!

Мемлекеттегі екінші тұлға ретінде жасырмай жауап беріңізші осы сұраққа!

Жоқ, басшылар – Сіздер шектеп отырсыздар ма?!

Мысалы, мына аты аталған сенаторлар, Ақылбек Күрішбаев құсап, ана жүгіріп жүрген журналист қыздың қасына кішкене тоқтап, мәдениеттілік танытып, «Иә, естіп жатырмыз. Аянышты. Қытай біздің тату көрші, экономикалық әріптесіміз ғой. Ол елдегі біздің қандастарымыздың саны аз емес, Қытай билігі бұл мәселеге баса назар аударып, адам құқығы жөніндегі халқаралық міндеттемелерін дұрыс атқарғаны жөн болар еді!», – деген сарындағы бізауыз сөзді әрбірі әр қырынан айтса, жетіп жатыр емес пе!?

Біз оны манағы Президент айтқан «Ас» пен «Тас» деп қабылдап, дән риза болар едік қой. Әр сөзін алтынға балап, төбемізден жол бермес пе едік!

Албасты басқанда, Сіздің мына әріптестеріңіз осыған жарамады ғой!

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыда айтылған Жолдауында «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» құруды басты мақсат етіп қойған еді ғой.

Айтыңызшы, «Ықпалды Парламенттің» сиқы осы ма?!

Еліміздің азаматтық қауым өкілдері арыстандай атылып тұр. Қытай лагері мен құлдық фабрикаларының сырын әлемдік деңгейде бірінші болып, нақты дәлелдермен ашып, АҚШ-тың қолы арқылы Қытайға санкция салдырып жатыр. Біз армандаған «Ықпалды Парламенттің» депутаттары сүтке тиген ұры күшік құсап, қарғадай журналист қыздан бүрсеңдеп қашып жүр. Қаны бір қазағы туралы жарты ауыз түзу сөз айта алмады. Сөйтіп, Қытайдың алдында өздерінің сорлы, надан, біліксіз екенін, өз ұлтына жанашырлығының жоқтығын, этикадан жұрдайлығын көрсетіп, бізді ғана емес, бүтін бір мемлекетті масқара қылды ғой!

Енді Қытай үкіметі шеттегі қазақ мәселесі туралы «Көрдік, Қазақстан билігі қандастарын керек қылмайды екен!», деп соры қайнаған қазақты одан ары сорлататын болды ғой.

Ең құрығанда, еркектік намыс қайда, намыс?!

Негізі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамаларын бізден гөрі, Сіздер көбірек айтасыздар. Ойлаңызшы, нақты жұмыс істемей, Президенттің жарлығын ауыз жаппай қайталап, сайрап қана отыратын мұндай тотықұстар (попугай) кімге керек енді!!?

Қорғансыз қалған қандастарымызды көріп, не істерімді білмей, қоса қорланып, құса мен намыстан жарылғалы отырмын!

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Айтатын сөз көп. «Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақыттта ұмытпауымыз керек», – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, Қытайдағы қазақтар біздің бауыр етіміз. Әсіресе, Сіз екеуіміздің!

Бірақ, Сіздің бұл мәселеге аса құлықты емес екеніңізді де жақсы білем. Біле тұрып, Құдайдың, содан кейін туған халқымның алдындағы өзімнің азаматтық, жігіттік парызымды орындау мақсатында Сіздің атыңызға біраз ұсыныстар беруді жөн көріп отырмын.

Бірінші, «Азаттық» радиосына Қытайдан туыстарын бостуды талап еткен аналар жайлы пікір білдіруден қашқан және ол мәселеден хабары жоқ сенаторларды (Ақылбек Күрішбаевтан басқасын) Алматыға жіберіңіз. Қытай Консулдығының алдында ай бойы тұрған аналармен кездесу өткізіп, өткен мерекесімен құттықтап қайтсын.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласында қандастарымыз туралы арнайы тоқталып, «Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», -деді.

Сенаторлар Мемлекет басшысының бұл сөзі жергілікті билік қана емес, бізге де айтылған тапсырма деп қабылдап, шеркөкірек аналарымызға сол «шынайы жанашырлықтарын» білдірсін!

Ал, Владимир Волков: «Түк түсінсем бұйырмасын. Бұл сұрақты Қытайға қою керек шығар!», – деді ғой. Енді Владимир Васильевич апалардың артында тұрған Қытай консулдығына кіріп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде сол сұрақты Қытай елшілеріне өз ауызымен қойсын! Сосын, нәтижесін ашық жарияласын!

Мәселе шешілер, шешілмес. Қасым-Жомарт Кемелұлы естісе, ұят қой. Мына байқұстар Президент жолға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдаманың не екенін бір біліп, түсініп келсінші!

Екінші, Қытайдағы қазақ мәселесі туралы сұрақ бұдан былай да көбеймесе, азаймасы анық. Жалпы билік, әсіресе депутаттар оған дайын болуы тиіс. Мынадай масқара жағдай екінші қайталанбауы үшін оларға Қытайдан жәбір тартқан қазақтар туралы курстар өткізуді, олармен кездесулер ұйымдастыруды ұсынамын. Сосын, беретін жауаптарын біртұтас дайындап берген дұрыс. Намыстанатын түгі жоқ, сол жауаптарды жаттап алсын да, журналистердің алдында еңсесін тік ұстап, білмесе де білетін, ынжық болса да батыр адам секілді болып, сақылдатып айтып шықсын. Тек, әлсіздігі мен топастығын білдірмесінші!

Дума депутаттарының аузына Путиннің өзі сөз салып бергенін көрдік қой. Сол секілді, Сіз де мына әріптестеріңіздің аузына бір-бір «түкіріп» қойсаңыз артық етпейді. Сонда бәрі бір әуенмен сайрайтын болады. Керек болса, сөйлейтін сөздерін жазып беруге мен-ақ көмектесейін.

Үшінші, Жұрт анау-мынау дейді, өз басым Дариға Нұрсұлтанқызының бір ісіне дән ризамын.

Ол кісі 2019 жылы Сіздің орныңызда Сенат Төрайымы болып отырған кезінде Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоды қабылдап, Шыңжаңдағы қазақтар тақырыбын қозғаған болатын. ҚХР-дағы этникалық қазақтар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста «Достық көпірі» екенін атап өтіп, тараптар осы салада туындайтын мәселелерді өзара ақылдасып, сындарлы түрде шешуге уағдаласқан болатын.

Міне, Сіздің Сенат төрағасы болғаныңызға да біраз уақыт болды. Аталған мәселе туралы жұмған ауызыңызды ашқан жоқсыз. Аса құлықты емессіз деп отырғаным – сол.

Қарап отырсақ, Қытайдағы қазақтар мәселесі тым ұзаққа созылып кетті. Қытай Қазақстанда 56 зауыт (кәсіпорын) салады деген хабар шыққалы бұл жағдай тіпті қатты көтеріле бастады. Жұрттың Қытайға деген қарсылығы сағат санап үдеп барады. Мен ашығын айтайын, 56 зауыттың тағдырын билік емес, көше шешіп қалуы әбден мүмкін! Ес-ақылдарыңызды жиып, Қытайдағы қазақ мәселесін оң шешудің қамын жасағандарыңыз дұрыс. Қашан айттыңыз демеңіз, енді соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі…

Сол себепті, Сіздің де Қытай елшісімен кездесіп, сол  «уағдаластықты» бір пысықтап қойғаныңыз артықтық етпейді.

Төртінші, Егер, Қытай Елшілігі апалар көтерген мәселеге жауап беріп, олардың талабын орындамаса, онда мұндай мемлекетпен дипломатиялық байланысты жалғастырып не қажеті бар. Консулдық басшысын еліне қайтару керек. Тіпті керек болса, мәселе шешілгенге дейін екі ел арасындағы байланысты үзе тұрған жөн.

Бесінші, Қазақстан үкіметі Қытайдың саяси қысымы басталғаннан бері жазықсыз қамақта отырған, сотталған және өлген қазақтардың санын анықтап, оларға «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мәртебесін беруді қолға алуы керек!

Сізден осы өтініштерімнің орындалуын және оған жазбаша жауап беруіңізді сұраймын!  

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Дереккөз: Abai.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp