Ұлт зиялыларының ішінде дара да дана, бірегей тұлғаларының бірі – Әлихан Бөкейханның қазақ халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Қайраткердің қалам тартпаған саласы кемде кем. Жалпы оны біз ең бастысы, ұлтының мүддесі жолында күрескен саясаткер, қайраткер, елдің әлеуметтік-экономикалық жайын ойлаған экономист, мәдениетін, тарихын, әдебиетін сүйген тұлға ретінде танимыз.
Әлихан Бөкейханов – ол қазақ зиялыларының көшбасшысы. ХХ ғасырдың басынан өмірінің сонына дейін қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, соның жолында өзін құрбан еткен азамат.
Әлихан патша үкіметінің де, кеңестік жүйенің де қысымын көрген. Ол патша өкіметі тұсында да бірнеше рет тұтқындалып, жер аударылса, ал кенес үкіметі тұсында 1922-1937 жылдар аралығында үш рет абақтыға отырып шыққан. Алғашқы патша абақтысына І Мемлекеттік дума қарсаңында отырыпты. Бұл кезде Семей облысының халқы депутат ретінде оны Думаға сайлады, өкініштісі сол оның жұмысына қатыса алмады. Себебі сол кезде ол Павлодар түрмесінен енді ғана босап шыққан еді. Барған күні Дума таратылып, басқа депутаттармен бірге Выборгқа қаласына барып, «Выбор үндеуіне» қол қойған болатын. Патша үкіметі осы үндеуге қол қойғандардың басымын тұтқынға алып, абақтыға жапты. Әлихан Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен 3 айға Семей абақтысына отырғызылады. Кейін Самар қаласына жер аударылып, тек 1916 жылы ғана мерзімі бітіп, Орынборға келуге мүмкіншілік алады.
Кеңес үкіметі толықтай орнағаннан кейін басқару органдары Әлихан бастаған алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ. Керісінше оларды биліктен шеттетуге тырысты. Қызыл биліктің әккі саясатын әшкерелемек болған алаш мүшесінің бірі Отыншы Әлжанов большевиктердің қолынан мерт болды. Дегенмен үкімет ұлт зиялыларының сағын бірден сындыруға мүмкін еместігін түсінді. Сондықтан оларға кешірім бере, ақырындап биліктен аластату арқылы күрес тактикасын күшейтті.
Жалпы қазақ зиялылары мен оларға ниеттес болған азаматтарды қуғындау 20-жылдың басында өріс алды. Жасырын түрде ақпараттар жинап, мемлекеттік және басқару органдарында қызмет еткен алашордашылардың кейбірі «кеңес өкіметіне қарсы» деген желеумен жұмыстан қуылды, Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді.
Негізінде бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-жылдың басында Коммунистік партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. Осы кезде Қазақстанда түрлі ағымдардың пайда болғандығы жөнінде ақпарлар пайда бола бастады. Мұндай ақпарлардың бірін Қырғыз (Қазақ) облыстық бюросына партия-кеңес қызметкерлері С. Жақыпов, М. Өтегенов, А. Сейітовтер жазып, қазақтардың арасында екі саяси ағымның барлығын, оның бірі ұлтшылдық бағытта, ал екіншісі коммунистік рухта екендігін, бұл ағымдар бұрыннан бері келе жатқандығын, ұлтшылдық идеяны қолдаушылар белгілі кадет Әлихан Бөкейханның маңайына топтасып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құрғандығын айтқан болатын. Бұдан әрі кеңес үкіметі тұсында бұл бағыттағылар ақгвардияшылар жағына шығып, «жергілікті тұрғындарды автономияны кеңес үкіметі емес, ақгвардияшылар беретіндігі» жөнінде насихат жүргізіп, кеңес қызметінде жүрген коммунист қызметкерлерге қысым көрсетіп отырғандығын айта келе, «егер олар өз әрекеттерін бұл түрде жалғастыра берсе, онда бізге, коммунистерге бұл партиялық ұйымдарда жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ» деп мәлімдеген еді [1].
Большевиктік биліктің бұрынғы Алаш қозғалысының өкілдеріне осылайша шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Ол алашордашылардың ықпалының коммунистер арасында жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтыламаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партия конференциялары мен жиналыстарында қозғала бастады. Мемлекет қызметіне тартылған Алаш қайраткерлеріне сенімсіздік күшейді. Оларға «ұлшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды.
1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес өкіметі білімді, елінің қамын ойлаған, талантты азаматтардан құтылуды көздеді. «Ұлтшыл», «жікшіл» деп қаралау белең алды. Сол кездің өзінде М. Дулатов «Ақ жол» газетіне жариялаған «Қазақ зиялылары» деген мақаласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екендігін: «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді. Егер төңкеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшылдыққа айырбастауымыз қиын емес» депашық көрсетті [2].
Алашордашыл ұлтшылдармен күрес жүргізуде ел ішінде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау Мемлекеттік Саяси басқарманың қолына берілді. Олар кеңестік жүйеге қарсы астыртын бірнеше топтың барлығын, олардың қандай іспен айналысып, әрекет жасап отырғандығын құпия түрде анықтап, тиісті орынға хабарлап отырды.
Алаш мүшелерін қудалау барысында кеңестік билік баспасөз беттерін де шебер пайдаланған. Алашты сынауда «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газеті белсенділік танытты. Бұл басылымдарда Алаш партиясының өткен жолы, жүргізген қызметінде «жаңылыс басты, адасты» деген мазмұнда мақалалар жарияланған.
Қырғыз (Қазақ) облыстық Мемлекеттік Саяси Басқарманың қызметкерлері 1922 жылы 23 қыркүйекте Қазақ өлкелік комитетіне «алашордашыл» және «ұлтшыл» қазақ топтары туралы мәлімдеме жасап, республикада 3 ағым немесе топтың барлығын айтып, оның біріншісіне алашордашылардың тобын жатқызды. Топты Ә. Бөкейхан басқаратындығы, оның орталығы Семей губерниясында (Қарқарлы уезінде) екендігі, бұл топқа Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, А. Қозыбағаров және т.б. мүше болып, коммунистік партия қатарын әлсіретуге күш салып, осы бағытты жүзеге асыруда халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, «Алаш» бағдарламасын қолданып отырғандығы айтылды.
Мәлімдемеде көрсетілгендей, екінші топқа бұрынғы Алашордаға мүше болған, қазірде коммунистік партия қатарына кіріп алған А. Байтұрсынов бастаған зиялылар, атап айтқанда, Қазақ ОАК-нің мүшелері А. Кенжин, С. Сәдуақасов, М. Әуезов, Қырғыз азық-түлік бюросының төрағасы Ә. Нақымжан, ХКК-нің төрағасы М. Мырзағалиев, Жоғарғы трибунал төрағасы С. Арғыншиевтар еніп, бұл топтың құрамындағылар үкіметтің жоғарғы қызметінде жүре, Түркістан Республикасындағы алашордашылардың бір бөлігімен (С. Қожанов, Т. Рысқұлов, Х. және Ж. Досмұхамедовтар, Ш. Дивеев – С.С.) тығыз байланыста болды, Ә. Бөкейхан тобының басшылығымен «отаршылдарға» қарсы жүйелі күрес жүргізді, коммунист атын жамылып, партия қатарына іріткі салды, осы істе мерзімді басылымды кеңінен пайдаланды делінді. Құжатта көрсетілген 3-ші топ интернационалдық қазақ қызметкерлерінен құралды. Бұл топты Қырғыз ОАК-нің төрағасы С. Меңдешев басқарып, оның құрамында Қырғыз облыстық комитетінің хатшысы А. Асылбеков, Ішкі Істер халық комиссариатының төрағасы Ә. Әйтиев, Азық-түлік халық комисариатының төрағасы М. Саматов, Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссариатының төрағасы Ә. Жангелдин, ҚОАК-нің мүшесі Н. Нұрмақовтың болғандығы және қызмет барысындағы өз мақсаттары үшін Мемлекеттік Саяси Басқарманы пайдаланып отырғандығы келтірілді. Одан әрі әр топтың мүшелеріне жеке-жеке тоқталынып, олардың немен айналысып жатқандығы айтылды [3].
Бұл құжатқа Мемлекеттік Саяси Басқарманың (ГПУ) Шығыс бөліміне құпия түрде жіберілген баяндамада толықтырулар жасалды. Онда 1922 ж. 1 қазаны мен 1923 ж. 1 қаңтар аралығындағы Алашорда мен қазақ топтарының жағдайы мен әрекеттері айтылды. ІІІ Жалпықазақ Кеңестерінің съезіне сайлау барысында Ә. Бөкейхан пен Р. Мәрсеков бастаған 1-ші топ халық арасында кеңес билігіне қарсы үгіт жүргізудің арқасында Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезіндегі Бошан (Ақаев) пен Қарасор (Ақпаев) руларының арасында кикілжің туғызып, болыстық және уездік атқару комитетінің құрамына өз адамдарын немесе өздеріне ниеттес адамдарды (көпшілігі байлар деп көрсетілген – С.С.) өткізуге тырысты деп келтірілді.
Семей губерниялық съезіне Қарқаралы уезінен делегаттыққа Ш. Тоқжігітовті, губерниялық комитетке С. Кәдірбаевты сайлап үлгергендігі, Ақмолаға Түркістан республиксынан Ө. Омаров, Д. Әбілев, Тоқжанов сияқты алашордашылар келіп, съезге жұмыла басшылық жасағандығы, съезд ашылар кезде У. Танашев, Н. Құлжанова, Ә. Нақымжанов, Барлыбаев, А. Байтұрсынов және басқа алашордашылар партияда жоқ делегаттарды біріктіріп, фракция құруға тырысқандығы айтылды. Алашордашылардың президиум құрамына өз адамдарын өткізбек болған әрекетінен түк шықпай, олар ұсынған тізімнен тек Н. Құлжанова ғана сайланған. Баяндамада көрсетілгендей, бұл топтың ІІІ Жалпықазақ съезіндегі барлық әрекеттері жүзеге аспай, Р. Мәрсеков Қытай асса, Ж. Ақпаев Түркістанға қарай кеткен. Ал М. Мырзағалиев пен А. Кенжин бастаған 2-ші топ өз бағыттарын анықтай алмай, біресе 1-ші топтың, біресе 3-ші топтың әрекеттеріне қолдау көрсетумен ғана шектелген.С. Меңдешев басқарған үшінші топ ІІІ Жалпықазақ съезінде екі топқа қарағанда өздерін күштірек сезініп, «Алашордашылар жойылсын!» деген ұран көтергендігі көрсетілді [4].Сөйтіп, Қазақстанда большевиктік үкіметке қарсы әрекет еткен топтар әйгіленді.
Бұдан кейінгі тағы бір Мемлекеттік саяси басқарма қызметкерлерінің алашордашылар туралы мәлімдемесінде Ә. Бөкейханның Мәскеуге келіп, Халық комиссариатына қызметке кірмектігі, оның М. Дулатов, А. Бірімжанов, А. Кенжин және бірнеше қазақтармен кездескендігі, М. Дулатовтың осы кездесу барысында баспасөз саласының әлсіздігін, Орынборда қазақ тілінде бар-жоғы екі газет пен бір ғана журналдың барлығын, өзінің осы салада қызмет етуді көздеп отырғандығын айтқандығы келтірді [5].
1922 ж. 2 желтоқсанында өткен РК(б)П Комитетінің өкілдері мен Торғай уезінің Атқару комитетінің төтенше мәжілісінде бұрынғы алашордашыларды жауапты қызметтерден аластату мәселесі қарастырылды. Осындай шешімдерден кейін баспасөздерде бұрынғы алашордашылардың кеңес саясатына аса қауіптілігін дәлелдей көрсеткен мақалалардың жариялануына жол ашылды. Онда Қазақстанда болып жатқан қиыншылықтардың шығу себебіне «алашордашы ұлтшылдар» кінәлі деген де пікірлер айтылды.
«Қазақ тілі» газетінің басқармасына алашордашыларды «жаңа экономикалық саясаттың тұсында баюды мақсат қылып, саудагершілікке айналдырды» деген мазмұндағы хаттар да келіп, соның ізімен газетке «Кім екенін білдік» деген атпен мақала жарияланып, үкімет тарапынан кешірім жасалса да, алашордашылардың кейбіреулері ұлтын көркейтудің, жетілдіруінің орнына, өз пайдасын ойлап, үкімет ісіне кедергі келтіріп отырғандығы келтірілді [6].Міне, осындай мазмұндағы мақалалардан кейін «Алаш» мүшелері Ә. Бөкейхан, М. Дулатов және басқа қайраткерлерінің қызметтері жіті тексеруге алынды.
1922 жылғы Алаш қайраткерлері Ә. Бөкейхан, М. Дулатов, Ж. Ақпаевтардың соңынан қойылған құпия аңдулардың нәтижесінде жинақталған мәліметтер бойынша олардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, Ә. Бөкейхан пен М. Дулатов тұтқындалса, Ж. Ақпаев та Қарқаралы маңында ұсталған [7].
Ә. Бөкейханның ұсталу себебін Қазобкомның хатшысы Коростылев Мәскеуге жазған хатында Қазақ ОАК өкімдеріне бағынбауынан, Түркістанға қашпақ болды, қазақ жастары арасына іріткі салды, Монғолиямен байланысы бар, Семей губерниясындағы Алашорда бөлімдерінің ынғайға көнбеген басшыларын жоюға қатысты деп түсіндірген [8, 7-8-бб.]. Сөйтіп, Алаш көсемі тұтқындалып, Мәскеуге жіберілсе, Дулатов Орынборда қалды, ал Ж. Ақпаев Семейде тұтқыннан босатылып, туған жеріне кетуге тиіс болған[9].
Большевиктік өкімет Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханды Қазақстанда қалдырудан қауіптенді. Сондықтан ол 1922 жылдың күзінде Мәскеуге жер аударылды. Қазақстанға жолатпай, 1937 жылға дейін үйқамақта ұстады.
Алаш қайраткерлерін саяси тұрғыда қудалауға Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Ф.И. Голощекиннің тікелей қатысы бар. Ол Қазақстанға келгеннен кейін «алашордашылардың бағытына тікелей қолдау көрсетті, кеңестік ұлт саясатын бұрмалауға тырысты» деген желеумен мемлекеттік қызметте отырған С. Сәдуақасов, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов сияқты азаматтарды айыптап, іздеріне шам ала түсті. 1925 жылдың 23 қазанында болған РК(б)П Орталық комитетінің ұйымдастыру бюросының жиналысы барысында ол қазақ баспасөзіне қатысты жасаған есебінде алашордашыл зиялылардың республиканың қазақ тілді баспасөздің айналасына топталып алғандығын баса айтқан болатын. Осыған орай ұйымдастыру бюросықазақ өлкелік комитетіне қазақ баспасөзіне партиялық қырағылықты күшейту, баспасөз бөлімін құруды міндеттеу және дайындығы мол қызметкерлермен қамтамасыз етуді міндеттеді. Сонымен қатар Орталық баспа Басқармасына қазақ тілінде шығатын барлық басылымдарды қатаң тексерістен өткізуді жүктеді. Бұл жиылыста қабылданған шешімнің бірі Ә. Бөкейхан редакциялық жұмыстан босату болды [10].
Сөйтіп, «троцкийшілдерге», «жаңа оппозицияға» және басқа да антилениндік ағымдар мен топтарға қарсы күресуді мақұлдап, елдегі алауыздықтар мен жікшілдерге қарсы науқанды қолға алуды күшейтуді тікелей өзі қолға алды. Ә. Бөкейхан бастаған алашшыл бір топ баспа орындарындағы қызметкерлер жұмысынан босатылды, қазақ тілде шығатын бірнеше мерзімді басылымдар жабылды.
Бұрынғы «Алаш» партиясының құрамында болған, кешірімнен кейін кеңес аппаратында қызметтегі М. Дулатов, Ә. Бөкейхан және басқа қайраткерлер «Ақ жол» газетін басқарып отарғандығы ашық айтылды. Қазақ Өлкелік комитетінің жауапты хатшысына жіберілген белгісіз автор хатында аталмыш «Бөкейханов» тобындағы алашордашылардың ісінің әлі байыбына барып тексерілмегендігі, сот үрдісі барысында алашордашылар тарапынан іс жүргізушіні «отаршыл-демагог, қазақ халқын сатушы» есебінде сыналғандығы ашық айтылып, істі қайтадан тез арада қарау қажеттігі көтерді [11].
Ә. Бөкейханмен тығыз байланыста болғандар да үкіметтің назарына ілікті. Мәселен, 1927 ж. қазанда Қызылорда ОГПУ-ы Елдес Омаровты Ә. Бөкейханды Челябі уезіндегі Бузанов хуторына демалысқа шақырғаны үшін тұтқындалған [12, 14-б.].
20-жылдардың соңына қарай республикадағы саяси жағдай шектен тыс ушығып, зорлық-зомбылыққа жол ашылды. 1927-1929 жылдар аралығында қазақ зиялыларының арасында өзіндік пікірі бар азаматтардың барлығы да «ұлтшыл» деген айыппен қызметтен қуылды. Кемшілік, қателіктерді әшкерелеуде сынды, өзара сынды күшейту мәселесі қолға алынды. Бүкілодақтық коммунистік партияның XV съезд шешіміне орай «Еңбекші қазаққа» 1928 жылдың 8 қаңтарында Ф.И. Голощекиннің Қызылорда қаласындағы коммунистердің жалпы жиналысында жасаған баяндамасы жарық көріп, «жікшілдер» деп атанған Троцкий мен Зиновьев артынан еріп жүргендер пролетариат табына қарсы шығушылар бұл шаруашылықтың өсуіне қиыншылық тудыруда деп келтірілді және жікшілдермен күресіп, олардың түп-тамырын құрту қажеттігін баса көрсетті [13].
1928-1930 жылдар аралығында «Алаш» қозғалысының А.Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев бастаған жетекшілері мен басшылары тұтқындалып, үстілерінен іс қозғалған. Жалпы осы жылдары Алашқа қатысты деген 44 азамат жауапқа тартылды. Қуғындалған азаматтарға «жапон тыңшысы», «шпион», «контрреволюциялық ұйым құрды немесе байланыс жасады», «зиянкес», «агент», «қандыбалақ қарақшы», фашизмнің жендеттері», «троцкийшілердің ұясы», «жікшіл» және тағы басқа айыптар тағылыпты.Комиссариат әшкерелеген «халық жауларын» жазалау «үштік» шешімімен жүзеге асырылды. Яғни айыптау құжатына үш адамның қолы жеткілікті болған. Қазақтың белді азаматтарының көпшілігі осы «үштік» атанған комиссия шешімімен атылып, лагерге айдалған.
1929 жылдың жаз айының ортасына дейін комиссияның жүргізілген тексеру барысына К. Арғынғазин, А. Бөкейханов, Қ. Ғалиев, Т. Жаманмұрынов М. Жолдыбаев, Қаратілеуов, Әлібеков, А. Мусин, Т. Рысқұлов, М. Саматов, А. Сейітов, А. Сейдалин, А. Кенжин, К. Тоқтабаев, Өтемісов, Өмірғазин, Х. Ф. Фазылбаев және тағы басқалар ілікті. Аталмыш азаматтардың көпшілігі үкімет орындарының жауапты қызметінде істейтін. Бұлардың барлығы бай, төре, билердің тұқымынан, Алашорда үкіметінің құрамында болған, кейбіреулері кеңес өкіметіне қарсы шығып, большевиктерді қыруға қатынасқан делінді. Мәселен, Молдағали Жолдыбаевқа 1920 жылы Жымпитыда кеңес өкіметіне қарсы шығып, 70-тей коммунистер мен комсомолдардың өліміне кінәлі болды деген негізсіз айып тағылса, ал А. Бөкейханов ханның тұқымы, отбасы тәркілеуге түскен, М. Саматовқа байланысты жастардың «Бірлік» одағының мүшесі, төрағасы болып Алашорда үкіметінің идеясын насихаттады, Ақмоладан Алашорданың Құрылтай жиналысына кандидат болып сайланды, чехтар мен Колчак үкіметі тұсында Омбыдағы губерниялық земство Басқармасының төрағасы болды, кейінірек Семей губерниясына қашты делінді. Жоғарыдағы азаматтардың барлығын тексеру арнайы өтініштермен жүргізілген [14]. Осы тексерістерден кейін аталған азаматтардың барлығынан Біріккен Мемлекетік Саяси Басқармасының (ОГПУ) қызметкерлері жауап алып, өтініштерде айтылған фактілер тексерілді. Олардың көпшіліктері партия қатарынан шығарылып, жауапты жұмыстардан аластатылды.
ХХ ғасырдың 30-жылдың басында қазақ баспасөзі партия жолынан ауытқыған, кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қарсы күресті өрістетті. Кеңес өкіметіне жат пиғылдағыларды «ұлтшыл-уклонистерді» әшкерелеу, өзара сын айту басылымдардың негізгі тақырыбына айналды. Осылайша бірін-бірі қаралаған мақалалар тізбегі көз аштырмады. Бұл халықты бір-біріне айдап салу еді.
1931 жылы ұлтшыл бағытта «Сана» журналын шығарды және онда алашордашылардың мақалалаларын жариялады деген желеумен Х. Досмұхамедовқа айып тағыла бастады. Осы жылдың 4 мамырында Х. Досмұхамедов Біріккен Мемлекетік Саяси Басқармасының (ОГПУ) шығыс бөлімінің тергеушісіне берген жауабында өзінің Түркістан Республикасының Қырғыз ғылыми комиссиясының төрағасы және Халық ағарту комиссариатының ғылыми хатшысы қызметтерін атқарған кезінде орыс тілінде «Ғылым және ағарту» және қазақ тілінде «Сана» журналын шығару жөнінде Мемлекеттік Ғылыми Кеңес шешімімен шығарыла бастағандығы, «Сана» журналы ғылыми және әдеби мазмұнда болып, екі нөміріжарық көргендігін, бұл журналда Қырғыз ғылыми комиссиясы мақұлдаған мақалалар ғана жариялағандығын атап өткен болатын [15]. Х. Домұхамедовпен бірге М. Әуезов те қуғындалынды. Негізінде ол 1922 жылдың өзінде «Алашорданың» шығыс бөлімінің белсенді қайраткерлері ретінде сынға алынып, партия қатарынан шығарылған болатын. 20-шы жылдың соңында тағы да буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді, «Алқа» атты астыртын ұлттық-әдеби үйріменің бағыт-бағдарын жасауға белсене атсалысты, қазақ баспасөзінде байшыл идеологияны насихаттайтын шығармалар жариялады деп айыпталды. Алайда ол Мемлекеттік Саяси Басқарманың қызметкерлері Ольшанский мен Поповқа берген жауабында «Қазақ мерзімді баспасөздеріндегі идеологиялық күрес пікір алысу (дискуссия) үрдісінде бірнеше жыл бойы жүргізілді, мені сырттай қосақтап кіргізіп қойған әдеби топтың көзқарасын көздеп бір де бір мақала жазған (1922-23 жылдан кейін) жоқпын. 1926 жылғы қаңтар айынан кейін жарық көрген жалғыз шығармам – «Қилы заман» повесі. Алайда ол тарихи шығарма болғандықтан, бүгінгі күнге ешқандай қатысы жоқ. Ал соңғы жылдары басылып шыққан оқу құралдарына келетін болсақ, мен оны қазақ мектебінің бастауыш кластарына көмек көрсету үшін ғана жаздым.
Жалпы алғанда, мен өзімнің әдеби шығармаларымда ешқашанда контрреволюциялық арандатуға барған емеспін» дей келе, егер қателіктер жіберсе, идеологиялық ауытқулары болса, тергеу орындары емес, өлкелік комитетінің тиісті бөлімдері анықтауы тиістігін айтты [16].
М. Әуезов 1930 жылы 17 қыркүйекте Ташкент қаласында тұтқындалып, Алматы түрмесіне жеткізілді. Оған 1930 жылдың 15 қазанында БМСБ-ның ерекше бөлімінің бастығы Белогоновтің бекітуімен Қылмысты істер кодексінің 58-11 және 58-11 баптарымен қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысты, партия мен үкімет шешімдерін бұрмалады, Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік жасады, кеңес өкіметін құлатуға әрекет жасады және т.б. айып тағылды.
Ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағын жолында сталиндік қуғын кезінде басқа өлкеге жер аударылған, одан кейінгі тағдырлары белгісіз немесе құрбан болған азаматтар мыңдап саналады. Мәселен, 1932 жылы ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдігі құрған үштіктің шешімімен Орталық қаратопырақты облысқа жер аударылған, кейінгі өмірі белгісіз А. Ақпаев,«Алаш қозғалысына қатыстылығы және М. Шоқаймен байланыс жасады, контрреволюциялық ұйым басшысы болды» деген желеумен тұтқындалып, Краснояр өлкесіне жер аударылған С. Алдабергенов, Алаш қозғалысының мүшесі болған О. Алпысбаев, А. Аңдамасов, Б. Әбдікеев және сол сияқты азаматтардың өмір жолдары сол бетінде белгісіз қалып отыр.
Қазақстанда құрбан болғандардың саны әлі де болса нақты анықталған жоқ. Бұл қуғынға тек ұлт зиялылары, үкімет қайраткерлері ғана емес, ауылдағы шаруалар да, қаладағы жұмысшылар да іліккен. Олардың көпшілігінің тағдыры сол күйі беймәлім болып қалды. Қуғындалып құрбан болғандар жайында зерттеушілер түрлі сандар келтіріп жүр.
1936 жылдан бастап бұрынғы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің қатарында болған үкімет пен партия қайраткерлері, жазушыларды айыптау одан әрі өрши түсті. Өлкелік партия комитеттерінің мәжілістерінде алашордашылардың қателіктері әшкереленіп, олардың үкімет ісіне қарсы астыртын әрекеттері үшін жаза қолдану мәселесі де көтеріле бастады. «Ұлтшылдыққа» қарсы күресу барысында үкімет тарапынан арнайы тапсырмалар беріліп, «ұлтшылдарды» әшкерелеуге барлық кеңес азаматтарын белсене кірісуге, яғни сын мен өзара сынды күшейтуді талап еткен және шақырған бұйрықтар, шешімдер, үндеулер бірінен кейін бірі жариялана бастады. Өзара сын «өзіңді өзің әшкереле», «өзі қателігіңді мойныңа ал» дегенді нұсқап тұрған, ұлтты қорлаған, азаматтың намысын аяққа таптаған, ұлттың өз бетінше өмір сүруін, билеуін жою деген үкіметтің айла-шарасы еді.
30-жылдардың соңында яғни 1937-1938 жылдары ұлт зиялыларының басына тағы да қара бұлт үйірілді. Жалпы «халық жауларын әшкерелеу» 1936 жылғы 29 шілдедегі БК(б)П ОК-нің хатынан кейін кең өріс алған. Осы хаттан кейін Қазақ өлкелік комитеті екі рет (5 тамыз, 1 қараша) жиналып, жыл соңына дейін үкіметке қарсы пиғылдағы 43 контрреволюционер-зиновьевшылардың әшкерелеген.
Жас жазушылардың бірі Ғ. Мүсірепов те «буржуазияны көксеуші ұлтшылдардың жаршысы» деген айыпқа ие болды. Оған алашордшыларды, қазақ халқының ата жаулары М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және тағы басқа контрреволюционерлерді дәріптеді, солардың жырын жырлады, халық жауы Майлиннің контрреволюциялық пікірлерін жасырып, қорғаштауға тырысты деген айыптар тағылды [17].
1937 жылдың ақпан-наурызында Мәскеуде болған БК(б)П ОК-нің пленумында кеңестік жүйені құртуға әрекеттеніп жүрген диверсант, шпион, арандатушыларды айқындау туралы шешім қабылдағаннан кейін ұлт зиялыларын, мемлекеттік қызметтегі азаматтарды қуғындау өрши түсті. «Ұлтшыл-фашист» желеуімен А. Асылбеков, С. Нұрпейісов,М. Ғатауллин, Ұ. Құлымбетов, Ғ. Тоғжанов тұтқындалса, Қазақстаннан шетте жүрген, яғни Мәскеуде жүрген Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов, Ә. Бөкейхан, С. Қожановтар абақтыға жабылды.
«Халық жауы» ретінде ұсталған қазақ зиялылары түрмеде отырған кезінде олардың үстінен айыптарын айғақтайтын материалдар газет-журналдарға тоқтаусыз жарияланды.
Әлихан Бөкейханова 1937 жылдың тамыз айында тұтқындап, бір айдан кейін, яғни 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының шешімімен ату жазасына кеседі. Оған «Қазақстанға барған сапарында контрреволюциялық пиғылменел ішінде төңкеріс жасауға бағыттады, пантүрікшілдік идеяны жақтаушылармен (Қожанов, Нұрмақов, Төреқұлов, Сұлтанбеков) тығыз байланыста болды» деген айыптар тағылды.
Әлихан Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеген екен. Қайраткерді жазалау ісі қайта қаралып,1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Дегенмен кеңестік билік оның кінәсіздігін халықтан ұзақ жылдар бойы жасырып келді. Оның ардақты есімімен тек 1989 жылы ғана қауышып, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін өмірі мен қызметін зерттеу, еңбектерін қайтадан қалпына келтіру жолдарында ерен жұмыстар жүргізді. Алаш мәселесіне, соның ішінде Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметіне, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметіне, т.б. Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі, қоғамдық, тарихи көзқарастарына қатысты диссертациялар қорғалды. Алайда Әлихандай қазақтың қамын ойлаған қайраткердің өмірі мен қызметін, шығармашылығын әлі де болса ол өмір сүрген қоғаммен, айналасында қызметтес болған заматтармен, ниеттес адамдармен байланыстыра зерттеу аса маңызды.
Көріп отырғанымыздай, 20-жылдарда басталған кеңестік жүйенің бұрмалаушылық, қысаң саясатының салдары халықтың рухани санасына қайғы-қасірет әкелді. Бұл Сталиндік саясат ұзақ уақыт бойы ешкімнің көзін аштыртпай, қазақ халқына танымал тұлғалар түрмелерде азапталып, қуғын-сүргін құрбанына айналды.
1937-1938 жылдары қазақ зиялыларының басына төнген қауіпке ешкім де қарсы тұра алмады. Ұлт жолында қызмет еткен зиялылар қатарын сиреп, бұл елдің мәдениет, ғылым, білім салалары ақсауына алып келді.
1 ҚРПМ. 140-қ.,1-т., 11-іс. 9-10-пп.
2 Мадияр. Қазақ зиялылары // Ақ жол. – 1921– 5 мамыр. – №55.
3 ҚРПМ. 718-қ., 1-т., 114 а-іс. 1-7-пп.
4 ҚРПМ. 139-қ., 1-т., 550-іс. 28-30-пп 4 ҚР ПМ. 718-қ., 1-т., 114- іс. 1-2-пп.
5 Кім екенін білдік // Қазақ тілі. – 1923.– 6 февраль. – №10.
6 ҚРПА. 139-қ., 1-т., 550-іс. 30-31-пп.
7 Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы /Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т.7. 520 б.
8 ҚРПА. 139-қ., 1-т., 550-іс. 31-п.
9 ҚРПА. 141-қ., 1-т., 479 а-іс. 1, 33, 38-пп.
10 ҚР ПМ. 811-қ., 20-т.,638-іс. 37-42-пп.
11 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж. – Алматы: «Елшежіре»,2007. – 304 б.
12 Жалпы Одақтық коммунист партиясының 15 съезі қарарлары // Еңбекші қазақ. – 1928. – № 6. 8 ғаинуар.
13 Еңбекші қазақ. 1928. №148.3 июль.
14 ҚР ПМ. 719-қ., 1-т., 1432-іс. 1-6-п.
15 25 Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы (Избанное). –Алматы, 1998. 376-377-бб.
16 Жұртбаев Т. Талқы. А., 1997. 255-256-бб.
17 Қазақ әдебиеті. 1937. №41. 15 октябрь.
Светлана Смағұлова,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
alash24.kz