Моласынан шындықтың Ай сығалап,
Пенделікке сүйрейді ой – сұғанақ.
Көктем иісін сағынып шырылдайды
Кеудемде қарлығашым қайшықанат.
Қайтейін бебеулеген жарықтықты?!
Жақсылар біз ұғысар өліп бітті…
Қатын – долы, ер – ұсақ, бала – бақас,
Биім – жалтақ, бай – талтақ, халық – күпті…
Қарлығашым қайтейін байыздағын
Көп жылаудың ақыры – жауыздану.
Қанға басып күлгендер айыздарын
Көп күлкінің артында қарыз барын
Әй, білмеймін, білмеймін еске алып па?
Еске алмайды-ау кеудесі бос табыт та…
Жыр күтпейді деп енді өкпелемен
Шыр бітіп пе әуелі аш халыққа?!
Қарлығашым…
Жүрегім…
Дертім ішкі…
Қазақ жайын қозғама, қорқынышты.
Қайқы қылыш төнді де Хан Кенеге,
Ішінде басым кетіп, бөркім ұшты…
Қарлығашым…
Үмітім…
Құсым-арым…
Түсі – жақын жұртым бар, іші – мәлім.
Өлең болып кеудемде жүре тұршы
Алтайыңа болмаса ұшырамын…
Қарлығашым…
Жанайқай
Кешірші мені батыр бабалар,
Өксіген таулар, тақыр далалар.
Халқым тоналды, салтым жоғалды
Су тегін жатқан ақыл ғана бар…
Қағынан жеріп, сорлаған елдің –
Кеміріп мұңы, зарлана бердім…
Кешіңдер сендер қорыған жерді
Сақалым сипап, саудаға бердім.
Қолымды байлап пенде ғұмырым,
Қоғам құлының мен де – бірімін…
Шерім шығарып, шыңғыра алмаймын
Мәнісі бар ма енді егілудің?!
Кешіңдер мені алып бабалар
Бетім жоқ қазір халыққа қарар.
Ұлтарақ құрлы жерім қалмаса,
Тәнімді қайтем табытта қалар?!
Дүрегей – дінім, дүрегей – ділім
Кіммін мен баба құл емей бүгін?
Ақиқат жылап, шындығым өлді
Құны үшін бізді дүрелейді кім?!
Кешірші мені далалық бабам
Омалып барам, жоғалып барам…
Балаңмын десем сенер ме екенсің
Қарным – қабарып, жан – арықтаған?!
Кешірші мені батыр бабалар,
Ескермей жатса әкім-қаралар…
Кісінеп бір күн мен де кетермін,
Тірліктен әзір ақым бар алар!
Ақым бар алар!
*****
Кірпігіме тұндырып көгілдір шық
Қайда мені салмадың өмір қырсық?
Ес білгелі мазасыз үміт, күдік
Шортан құсап жатады көңілде ыршып…
Еш ортаға сыймаса қошқар басым
Ешкімнің де алмадым көшке арбасын…
Бетке тіліп айтатын дұшпанымнан
Көп көпіріп сөйлейтін достар басым…
Мезгілсіз келіп қалып жерде жүрген
Түсінбеймін не қылған пендемін мен?!
Жаутаң қағып өмірді келем сүріп
Жүрегімді құшақтап шер кемірген…
Бір басымды жұлмалап мың ойларым
Өтіп жатыр қу тірлік – шыр айналым
Көздеріммен алданып дүниеге
Жон арқаммен сеземін Құдай барын.
Мен де жеріп ақылдан, ел де жеріп
Күнде жүрміз жүректі жерге көміп…
Менен өзге ермегі жоқ тағдыр-ау
Тағы қандай сыйың бар?
Бер, көрелік…
*****
Қарындастан шылым сұрап шектім де,
Бауырласпен көп сырластым жоқ тілде.
Машырыққа қарап оқып намазды,
Жайнамаздай қастерледім «қағазды».
Тегі – жұмбақ тастандыны жетектеп,
Махаббаты шамаладым етек деп…
Сақалына сарып едім атамның,
Мәскеу жақтан мадақтама хат алдым…
Өңменімнен тұздай көзі өткесін,
«Тұқымымды тұздай құрттың»- деп несін
Сақинаны тіленемін сау басқа?!
Ақинағым, арғымағым, марқасқам –
Бәрі, бәрі, бәрі кетті, бәрі өлді…
Түркі аңқыған түрім ғана бар енді.
Түр деген не?!
Қиын боп па тәйірі?
Тарпаңды да жабы қылған – айылы.
Құдай емес!
Адам, қоғам – қалғаны
Ләңгі қылып ойнайды екен кәлләні.
Ар-ұятты қалтамызды жұтатқан –
Оқып алып, сайрап жүрміз кітаптан.
Осы өзімнің қылығыма бар таңым,
Қыздырмалап бас ауырту науқанын –
Қарындастан шылым сұрап шегем де,
Қайта келіп үңілемін өлеңге…
«Суицид»
– Қош бол өмір…
Үрей…діріл…күрсініс…
Қып-қызыл қып көзін ашты күншығыс.
Зау биікке қоңыраудай ілініп,
Тәтті өмірді әнге қосты жыршы құс.
Саусақ басы бір суынып, бір ысып,
Ауыр-ауыр тыныстайды құнысып.
Жүрек лоблып, сандырақтау басталды
Жұлынының өлім сорып бір ұшын…
Бір құтыру билеп болды еңсені…
«Алдамшы өмір жек көремін мен сені!
Барлығыңа өкпелімін!» – сол өкпе
Өрби-өрби өлім болды ең соңы…
Таңғы салқын.
Жан кемірген тыныштық.
Арқасында аунайды аяз күміс түк…
Жұдырығын тарс жұмған…соңғы сәт
сусып кетпек аша салса уысты.
Өмір-өлім түйсігінде тербеліп…
Қиялында неше мәрте көрді өліп.
Әлдеқайда көзін қадап тұрды да,
Жан қышқырып жылай салды шерленіп.
…Қос жағамен қол ұстасқан зіл-көпір
Ортасында бес секундсыз мүрде тұр.
Тамырдағы қанын үрлеп суытып,
Ажал қолы аймалайды сұр бетін…
Еппен жұмып нұры сөнген жанарын
Бір қадамға бағыттады бар әлін.
Ең бір ұлы шекарада жасамақ
Ең алғашқы һәм ең соңғы қадамын…
– қош бол өмір!
Басты қадам…
Ешқайда…
Сезім қайда?! Ақыл қайда?! Ес қайда?!
Тарқамайтын өміріне өкпесі
Соңғы қадам жасалғанда өшті ойда…
– құтқарыңда-а-р!!!
Амалсыздық…сорлы үміт
Құлағында ысқырады жел күліп.
Түпсіз аспан – дүниенің көзіне
Қимай-тоймай бір қарады телміріп…
Қазір оған жетеді ажал қағілез
Жарым секунд…
Жарты тыныс…
Жарым ес…
Бәрін-бәрін болар еді түзеуге
Бәрі де енді…
Бәрі де енді…
Бәрі кеш…
Басыңды байлап семсерге,
Басынған жауға берсең де,
Кемігін мұңның кеміріп,
Кемсеңдеп жүріп өлсең де,
Болар ма жұртқа қадірің,
Қалар ма қымтап кәрі құм?!
Адалға тисе ауызы
Толар ма жемір қабірің?!
Бейнетің белде зіл-батпан,
Бесенең қарап тұрмақ – паң,
Мұны да қойшы…
Өлім бар –
Мазалап ол да бір жақтан,
Қиял көзінде – зау биік,
Жапалаққа ұқсап жарбиып,
Кебенек іші әлсіреп,
Кебенек іші әл жиып…
Оны да тобыр көп көрген,
Тырсылдап тұрар өттермен.
Жұтынса жыртар өңешті
Кесектей болып кептелген
Мызғисың барып баппенен
Қайырлап арман – ақ кемең…
Қайратың бар да қайран жоқ,
Айбатың бар да айлаң жоқ
Өмір-ай…
Өмір…
Әттеген…
*****
Жаз да бізден бұрылды көңіл қалып,
Қойыныма кірмекші жел ұрланып.
Басқан жолым бұралаң, алдым бұлдыр
Сүмбіле тұр төбемде шоғырланып…
Құс та қайтты, құсасы қалды бізге
Мезгіл ауыр қанатын малды күзге.
Сыңарсыған көңілге суық үрлеп,
Жыламсырар жалғыздық әрбір ізде…
Кейуана бұлттар-ай шер селдеткен
Кейіген күңгірт бақты кемсеңдеткен.
Өмір деген расында осы екен ғой
Алды-артыңа бұрылмай келсең, кеткен…
Бермегесін ғұмырды мәңгі бізге
Жабырқаймыз кейде ұқсап қарлы күзге…
Өткен күнім өксиді өңешімде…
Өткен өтті… ал бірақ алдымыз не?!
Сальвадор Дали
Аспан – табақ,
Жарылған – Күн жұмыртқа,
Шыжып-шыжып алды да кірді бұлтқа.
Бурыл шашы дудырап кәрі ағаштың,
Марғау тірлік иегін ілді ымыртқа.
Жансыз жарық маздатты кибер-қала.
Жан деген не, биотән киген нала?..
Радияция күрсініп, құтырынсақ,
Қанымызда өксиді күй мен дала.
Осылай кеш сөнеді, осылай таң.
Көңілі еңкіш пендеміз, басы қайқаң.
Өлсе де ісі өнбейтін Сизиф құсап
Өтіп жатқан өмір ғой…
Несін айтам?!.
*****
Ғұмырымның баянын желге жаздым.
Елмен толып бүйірім, елмен аздым.
Бала мінез басыма бәле әкеліп,
Үлестіріп барымды, кемге мәзбін…
Ғұмырымның баянын желге жаздым.
Марапатқа мастандым көрген аз күн.
Қу тіршілік қысқанда кеңірдектен,
Өлеңімді өлтіріп, көр де қаздым.
Бірақ, өлең өлмеді, өлдім өзім…
Тамып түсер тағдырға толды көзім.
Езуін жырттым асау ашуымның,
Кер ағашқа таңар деп кермінезім.
Бір «мұғжиза» күтеді біздің маңдай
Миғраж түсіп, Мариямды қыз қылғандай…
Ертегіге еліктеп өмір өтті
Жүз жыл жүрсек бір сәрі құзғындардай.
Өмір өзі тон еді олақ пішкен,
Қырсық атып, қолыма шолақ түскен.
Баянсызға басымды тіге-тіге
Шемен қоздап, шерленіп шарап та ішкем.
Шарап түгіл толтыршы ұртыңды уға,
Былқ етпейді еліккіш жұртың дуға.
Өзіңмен-өзің қалып жынданасың,
Айналып ұйқың – құмға, күлкің – буға.
Қайран біздің қадірсіз «алтын кәллә»
Тірелді-ау алдың -тұйық, артың- жарға.
Оралыңның барында ойна да күл,
Түбі тыныш өлмейсің халқың барда…
*****
Көктем келді, жаз – таяу…Шыда жүрек!
Көптен бері екеуіміз құлазып ек.
Біз алданар бақыттың біразы алда,
Бізге жақын адамның біразы жоқ…
Жоқ біразы…
Қайда еді?!
Жалмады күз!
Қыдырсақ қабір болды-ау барғанымыз?!
Жалған өшті олардың жанарында,
Таңдайда қап тамсаған арман – уыз.
Бәрі алдамшы дегенді жүрсем де естіп,
Марқайтатын үмітті бір сенбестік.
Өмір деген білгенге – қиын өткел
Тайып, құлап, тасырқап, құм, сор кештік.
Тағы көктем…
Тағы да құзғынсәрі…
Енді тоят тілеме түз құрсағы!!!
Қыстай сұлқ жүргенде есеңгіреп
Әзірейілде болыпты-ау біздің шабыт?!
Кел, жүрегім қарсы алып бұл көктемді,
Алданайық уақытша дүрмекке енді.
Өлілерді білеміз сағынуды,
Үйренейік тіріні құрметтеуді…
*****
Аспан бағып түндерде торғын қара
Ән ыңылдап дауысы тарғылдана
Беймәлім бір жақтарды бетке алатын
Жалғыздық жетегінде сол бір бала
Ғашық еді ол желге, айға, күн, жұлдызға
Үрей бар деп білмейтін үңгір, құзда
Іштей ғашық еді ғой күллі әлемге
Сырттай ғашық еді ғой үлбір қызға.
Ерте көріп өлімді аты мәлім
Ерте сезген өмірдің боқырауын
Шеңгел қапқан балтырын тәуіпше емдеп
Туған жердің себетін топырағын.
Жұпарымен елітіп отты атырап
Бәлкім сол бір баланы етті ақымақ
Сезген жоқ ол. Сезді ме жанның дертін
Түбінде емдейтінін тек топырақ.
Қайда? Қайда дәл қазір сол бір бала
Қайда деймін дауысым тарғылдана
Әкетті ме шақырып орғыл дала
Түн жасырып қалды ма торғын қара?
Пәк еді ғой, арманшыл, тым аңғалақ
Қалай кешіп өтейін жылдарды абат
Көзім жұмсам сол бала елестейді
Ауыз үйде айнаға тұрған қарап…
Қашып шығып думаннан қылтың-сылтың
Көзіне бір қарасам шіркін…Шіркін…