- «Алтын сақина» құдіреті
Қошке Кемеңгерұлының аты қазақ драматургиясының тарихында алтын әріппен жазылған. Қазақтың мемлекеттік театры 1926 жылы 13 қаңтарда Қошкенің «Алтын сақинасымен» шымылдығын ашқан. «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылдың 10 (447) санында пьесаның «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да мемлекеттік ұлт тиатрының ашылу мерекесі болады. Тиатр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды» деген афишасы берілген.
«Алтын сақина» Қошкенің жан-жақты шығармашылығының бір ғана қыры дегенмен ерекше қыры. «Ұлт театры туралы» мақаласында пьесаны талдай келе қазақтың сол кезеңдегі өрен азаматы Смағұл Садуақасов «Алтын сақина-тәуір пьеса. Қошмағамбет Жүсіпбектен арағұрлым тереңірек. Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ. Тегінде Қошмағамбет қолынан жақсы пьесалар шығуы мүмкін» дейді (7, 276-277 бб.). Смағұл осылай деп бастайды да пьесаны сахналаудағы кемшіліктерге ауысып кетеді, одан кейін М.Әуезовтың «Еңлік -Кебегін», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын» талдайды. С. Садуақасовтың қазақ драматругиясының негізін салып жатқан өз замандастары туралы пікірлері оның танымының тереңдігін де, жан-жақтылығын да, көркемдігін де көрсетеді. Оқып отырып риза боласың. «Сәкенде Жүсіпбек сияқты үстірт кететін мінез көп, -дейді Смағұл осы мақалада, бірақ ұқсаспайтын жері де бар. Жүсіпбектің жүріп кеткенін біле алмай қаласың. Жүсіпбек ыңғайлы, епті бозбала. Сәкен ондай емес. Тарп-тарп етіп келе жатқаны анадайдан естіледі» (7, 277 б.). Өкінішке орай қазақтың театртануы кейін осы Смағұл Садуақасов шығарған деңгейді ұстап тұра алмады. Бұған қазақты да кінәлауға болмайды. Қатал заман, қуғын -сүргін текті, парасатты, ойлы азаматтардың түбіне жетті, тіпті қазақ театрының тұңғышы «Алтын сақина» туралы жазу түгілі, оны атаудың өзі қауіпке айналды. Қошке ақталғаннан кейін «Алтын сақинасы» туралы сөз болғанда, ең алдымен айтылғаны әйел теңдігі мәселесі, екіншіден Смағұлдың айтып кеткен «көріністердің тым қысқалығы», үшіншіден Қошке шығармаларының ескіргені. 1960 жылдардың басында Қошке еңбектері баспадан жарық көру үшін пікір жазған Қ.Сатыбалдин «Алтын сақина» пьесасында теңсіздік тақсыретін тартқан қазақ әйелінің аянышты халін суреттейді. Пьесаның оқиғасы қою, тілі тартымды. Пьесада надандық әшкере болады», – дейді. Қошкенің «Алтын сақина» арқылы айтпақ болғаны әйел теңдігі ме, жоқ, басқа сыры бар ма?
Біз театр сыншыларының, соның ішінде белгілі өнер зерттеушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың, пьесаны сахналауға қатысты айтқан пікірлерімен келісеміз, сонымен бірге біз «Алтын сақинаның» зейінді көрерменіне айтпақ болған, театр сыншыларының назарынан тыс қалған ішкі сыры да бар деген пікірдеміз. Смағұл «Қошмағамбет Жүсіпбектен арағұрлым тереңірек» деп нені меңзеп тұр ? Осы сұраққа жауап беру мақаланың мақсаты.
Тағы бір қызықты дүние. 1957 жылы Қошке ақталды. Советтік тоталитаризм кезеңінде әбден қорлықты көрген, аштық қырғынынан өткен, жақсысынан «халық жауы» деп айрылған, орыстың өктемдігінен бұғып қалған қазақ қоғамы еңсесін көтере бастады. 1937 жылы тексіз жүйе атып тастаған Қошкені жадынан өшірмеген, іздеуден тайсалмаған жары Гүлсім, балалары Зайра, Нармамбет, Сәуле енді әкеден қалған рухани дүниені жариялауға кіріседі. Сол кездегі қазақ зиялыларының бірі қарсы болды, бірі көмектесуге қаймықты, әйтеуір Қошке еңбектері 1965 жылы шағын алғы сөзбен жарық көрді. Ең ғажабы бұл жинақ та «Алтын сақина» деген атпен оқырман қолына келді.
Қошкенің «Алтын сақинасы» бүгінгі күні қаншалықты өзекті, ол пьесаның тәуелсізідіктің жиырма бесінші жылының табалдырығында тұрған қазақ еліне пайдасы бар ма ? Алаш қайраткерінің бәрі де тума талант, әмбебап адамдар болды, оларды мыңдаған жылдар бойы қазақ қоғамының сұрыптап алып шыққан жемісі деп те қарастыруға болады. Олардың шығармаларында ұлттық рух, елдік мәселесі бәрінен жоғары тұрады. Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде тек қана қоғам қажет еткен ұлы идеяларды көреміз. Ол кезде Қошкенің «Алтын сақинасынан» басқа пьесалар болмады деп айта алмаймыз. Сонда «Алтын сақинаның» қандай құдіреті бар ? Қошкетануды қазіргі биік деңгейіне жеткізген профессор Диқан Қамзабекұлы 1996 жылы жазушының таңдамалы жинағын құрастырып, алғы сөзін жазғанда «Қошкенің драматургтік шеберлігін де жеке-дара қарастырған жөн» деген екен (2, 30 б.). Бұл салада әлі күнге дейін салмақты іс тындырылмағанға ұқсайды. Бір қарағанда «Алтын сақина» тұрмыстық оқиғаға арналғанымен, мүмкін оның астары бар шығар, ал астары болса автор ол жерге қандай ойды бүркемеледі ? Елдік мәселе емес пе екен ?
- «Алтын сақина» мазмұны
Иә, сонымен «Алтын сақина» Қазақтың Ұлт театрының, қазіргі М.Әуезов атындағы театрының сахнасын көрерменге алғаш ашқан қойылым болды. Қызылорданы астана тұтып жан-жақтан келіп жатқан зиялы қауым бар, астаналық өмірге үйрене бастаған жергілікті азаматтар бар, НЭП заманында шаруашылығы көтеріліп, жаны жадыраған қаймана қазақ бар, бәрінің де «Алтын сақинаны» еліге тамашалағаны, драманың басты кейіпкері Халимамен бірге күліп, бірге жылағаны сөзсіз.
Пьеса өте әдемі басталады. Сахнада бір-бірімен көңілі де, сөзі де жарасқан жас үйленген ерлі-зайыпты Халима мен Сағынтайды көреміз:
«…(Халима төсек алдында машинамен іс тігіп отырады. Сағынтай Халиманың бас жағында төрге таман жатып, домбыра шертеді. Көңілді бір күй).
Сағынтай (жалынып). Әй ! Менің жаныма келіп отыршы біраз…
Халима (күліп). Сағынып қалдың ба ?
Сағынтай. Сағынбасам шақырам ба, назданбай келсейші !…».
Бірақ, әдемі басталған диалогқа Сағынтайдың тойға құтты болсын айта келген нағашы апасы Тәуіршенің Халиманың қолындағы алтын сақинаны сұрағаны кірігеді. Халиманың шешесі өлерінде көзімдей көр деп қолына салған алтын сақина.
Осы жерде пьесаға мистикалық бір өзек келіп араласады:
«…Халима. Нағашы апамды өр кісі дейтін. Апам да бірбет кісі, айтқан тілге еріп кетпесе жарар еді… Және бір жаман түс көрдім.
Сағынтай. Осы сенің-ақ түсің таусылмайды екен.
Халима. Түсімде сенімен бір ақ жіпті ұстап тұр екенмін, бір адам келді де, қара пышақпен қиды да жіберді, өзім шошым ояндым…».
Мистика қазақ өмірінде ерекше орын алады. Табиғаттың бел баласы болған, көшпелі тұрмысты тіршілігіне негіз қылған қазақ қоғамы оның әр түрлі тылсым күштерімен мәңгілік күресте өмір сүреді, кейде одан өзіне одақтас та іздейді. Қазақтың әр уақытта, әр шаруада ырымшыл болатынының да себебі осы.
Әр қазақтың баласы тіршілікте өзінің жалғыз еместігін, жанында толып жатқан жан иелерінің өмір сүретініне қалтқысыз сенеді. Олар бір қарағанда көзге көріне де қоймайды, бірақ адамды әр істе не жақсылыққа, не жамандыққа бастап тұрады. Түс осы күштердің хабаршысы, адамға ақпарат жеткізушісі.
Қошке Халиманың көрген түсін пьесаға енгізу арқылы көрермен рухымен жіпсіз байланыс орнатады да, оны өзіне түсінікті символдармен байытып, дамытып, шешуші сәтке, яғни трагедияға дайындайды. Бұл жерде адамдар арасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар ғана емес, адам әлемімен параллель өмір сүретін орта да белсенді әрекетке кірісіп кеткен. Пьесаның кульминациясына жақын автор сахнаға Халиманың анасының аруағын шығарады. Енді сахнада көрсетіліп жатқан қазақтың бейсана тіршілігінде үлкен орын алатын аруақ бейнесі мен бас кейіпкердің арасында диалог көрерменге қалай әсер етпейді? Әрине, мұндай драманың, бақсының алдында отырғандай өзі де трагедияға іштей дайындалып, көңілі босап, көзіне жас тығылып отырған көрерменнің есін шығаратынына сөз жоқ !
Көрерменге әсер ететін екінші бір мәселе Қошкенің «Алтын сақинаға» арқау қылып қазақтың ортасында ертеден белгілі әңгімені алғаны. Бұл Кенесары заманында он сегіз мың жылқы айдаған Сапақ байдың бәйбішесінің жасаумен бірге келген кілттеулі кебежені ашпады деп ерегеспен өз келінін өлтіртуі. Шешесі қыздың дүниесін бергенде бір кебежені жүкпен бірге салып, мұны тұңғышың туғанда ғана ашасың десе керек. Сапақтың әйелі келінге аш та аш деп, ол ашпаймын деп ақыры келінді өлтіріп тынған. Кейін ашып қараса кебеженің ішінде алтын бесік бар екен дейді.
Сапақ келінінің өлімі қазақ түсінігі бойынша бірталай трагедияға себепші болды. Енді осы мәселені Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бойынша баяндап көрейік: «… Кенесары кетісімен казак-орысы келіп, Кенесарының иесіз қалған ауылын шауып, ханымдарын, балаларын тірі ұстап алып, ауыл күзетіп, қарауылшыға қойып кеткен Найманның алпыс кісісін тірі ұстап алып, ажалдыны өлтіріп, ажалсыз қалып жүргенде, Сапақтың баласы бір жерошаққа жата қалып, үстіне түйенің бір жабуын тастатқан екен. Бір казак-орыс жабуды көтеріп қалса, астында бұғып жатқан жігітті мылтықпен бір-ақ атып жүре беріпті.
Сөйтіп казак-орыстар тірі түтқынды тірі алып, қанша дүниені олжа қылып, ханның үстіндегі ордасының бір бүлдіргісіне тимей кете беріпті. Кенесары қайтып келсе, ел де жоқ, жүрт та жоқ, тып-типыл өзге дүниеліктен нәм-нышан жоқ. Жалғыз-ақ Байсақалдың қызының отауы бұрыштай болып түгел түр. Сапақтың баласы жерошақта жатқанын коріп:
– Дәу де болса, бүл үйдің әр нәрсесіне у жағып кетті ғой,- деп,- біреуге
опа қылмаған дүние біреуге опа қылмайды екен,- деп өртеп жіберіпті.
Сапақтың баласына қатын алып бермек түгіл, өз қатын-баласына қайғы болып, «Балапан басына, түрымтай түсына» заман болды. Сапақ сол ауған бойымен Қаратауға ауып барып, барысымен жылқысын «Ақ жалау» алып, бір-ақ күнде қарақасқа кедей болды да қалды….
Байсақалдың қызы түсісімен Сапақ қыздарын ұзата бастаған екен. Бір қызды Алшынбай орнына ұзатқан екен. Оның келісімен күйеуі Ыбырай жайрап қалған соң, Алшынбай:
– Мұның дүниесінің ырымы жаман болды,- деп, бір бүлдіргесіне тимей,
Сапақтың қызын дүниесімен түгел қайта апартып тастапты.
Бір қызын Азнабай орнына ұзатқан екен. Азнабайдың Сейтен деген баласы алған екен. Тайжан атылып, Сейтен айдалыпты. Тағы басқа қыз ұзатқан жері бөліспе бүліншілікке түсіпті. Мың сөзден бір сөз, қиссадан қисса, сол Байсақалдың қызының бір маржаны барған жерін ондырмайтұғын болыпты.
Сапақ түқымы ақырында Арқаға қайтып келіп, жылу сүрап, кедейлік қылған. Хала бүл күнгіше кедейлікте қалды. Мал да жоқ, бас та жоқ. Дүниенің басы-анау, аяғы- мынау. Бұл дүние жиылған жеріне не жылан, не шаян, не у, онан басқасы жоқ. Біреуге опа қылмаған дүние ешкімге опа қылмайды. Жан сақтаймын дегендерің мүнан қашып жүріп, жан сақта!Дүниені жиған жемейді, бұйырған жейді. Бүл соттан анық сөз. Тоқа-Сапақ Байсақалдың қызын өлтірткенде: екі жігіт өлтірген екен. Бірінің аты- Жасұлан, бірінің аты- Кенжебай. Екеуі де қарақасқа кедей болып, ит жемінде қаңғып қалып өлген. Сонда өздері айтады екен: «Байсақалдың қызының ақ қаны бізді осындай қылған»,- деп» (3, 9 т, 301-302 бб. ).
«Алтын сақинада» негізгі кейіпкерлер үшеу ғана. Бірі -Халима, екіншісі- Сағынтай, үшіншісі Сағынтайдың шешесі -Жәния. Қалғандарының бәрі осы аталған үшеуінің маңындағы эпизодтық қосалқы кейіпкерлер ғана. Автор Сағындықтың көрші ағайынының Өрік деген сақау тоқалын кейіпкерлер ылғи жылай бермесін, біруақыт сақаудың сөзіне алаңдасын деп қосуы мүмкін. Сағындықтың құрдасы Бекболат да пьесада бар-жоғы білінбейтін адам, егер оны сахнаға шығармаса да автор ештеңеден ұтылмайды. Шығарғанда да ол бір маңызды қызмет атқарғаны көрінбейді, әшейін адам санын көбету үшін жүрген кейіпкерге ұқсайды. Қойшы бала драманың соңына қарай бір жылт ете қалады, сонымен ол да аса маңызды орын алып тұрған жоқ.
Тек пьесаның ортасында келіп сахнаға бұзау іздеп шығатын Бану дейтін бір жас әйелмен Халима арасындағы диалог қызық. Автор Халиманың аузымен бұл диалогта философтардың басын қатыратын бірсыпыра дүниені айтады. «Кірпік қаққандай жан рахаты болмаған соң тірліктің сәні не ? Дүниеде рахат, жаны тыныштықты әкеліп еркектің маңдайына жазып па ? Көр азабы, қиямет бәрі өтірік шығар. Бар болса әйел біздер, еркекпен бірдей жақсы-жаман, рахат-бейнетке ортақпыз. … Еркек-әйелге ұжмақ-тамұқ ортақ болса, дүниенің рахат-бейнеті де ортақ болуы керек…». Бұл гендерлік теория, яғни екі жыныс өкілдерінің теңдігіне қатысты ілімнің тұжырымдамасы деуге келетін пікірлер.
Бас кейіпкердің айтқан сөзі мен ісінде қарама-қайшылық бар, себебі Халима бұл диалогта күйеуін жамандап отырған жоқ. «Күйеуіме өзім де ешнәрсе деп үндемеймін. Жүда бір кісінің бетіне қарап сөйлесе алмаушы едім. Қорқақты көп қуса батыр болады деген, енемнен осы күнде тайынбаймын, әбден ашынып алдым» дейді. Қошкенің гендер туралы осыншама шұбалаңқы диалог жасап, оның соңын осылайша қорытуы не себеп ?
Бұл жерде әлеуметтік мәселе де кейінге шығып қалған. Халима орта дәулетті жерден келген қыз, келін болып түскен жері де кедей емес. Сағынтайдың шешесі Жәния екі сөзінің бірінде дүлейленіп «балама екі қатын алып беруге малым жетеді» дейді. Халима да Банумен болған диалогтың соңына қарай «Жалғыз атты кедейдің қызы…Жалғыз атты кедейді қатыны, сонда да менен көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын…Жағасы жайлау, төбесі қыстау…» деп өзімен құрбы Банудың тіршілігіне қызығады.
Сонымен Қошке «Алтын сақинада» не айтпақ болды ?
- Қазақ және гендер мәселесі
Бір мәселе анық сияқты. Қошкенің айтпағы «әйел теңдігі» емес. Сағынтай бұл жерде әйелдердің қолындағы қолшоқпар ғана. Халиманың өліміне себепкер үш әйел. Сақинасы мен шашбауына қызыққан Ұмсындық, оның шешесі, Сағынтайдың нағашы апасы, Тәуірше, өзінің енесі -Жәния. Автордың бұл үшеуін бір-біріне тіркеуіне қандай қажеттілік болды ? Тәуірше мен оның қызын араластырмай-ақ Халиманы өлтіруге болушы еді. Менің ойымша бұл жерде де қосымша образдарды Қошке негізгі идеясын күшейту үшін қосқан сияқты.
Сөз жоқ, «Алтын сақина» Рымғали Нұрғали ағамыз айтатын тұрмыстық трагедия концепциясына келеді, бірақ тұрмыс автор үшін негізгі ойды жеткізу құралы. Қошке тұрмыстық трагедияны мысалға алып басқа бір мәселені көтеріп отыр. Дәстүрлі қоғамдағы қазақ әйелі теңдік іздеуі мүмкін емес, себебі ол отырықшы халықтардың әйелдері сияқты бет -аузын бүркеп, бөлек бөлмеде отырған әйел емес, ол күң емес. Ресей түркологиясының негізісін салған атақты В.В.Радловтың ХІХ ғасырдың ортасында жазғаны: «Разумеется, … они принимают участие в каждом народном собрании, в играх и вместе с мужчинами поют в хоре и при состязаниях певцов. В разговоре мужчины и женщины обмениваются шутками. Более того, киргизские (қазақ-Ж.А.) женщины позволяют себе общаться с мужчинами гораздо более свободно, чем, например русские женщины и девушки» (8, с.314).
Егер қазақ әйелі еркегінің алдында күң сияқты болса атақты Бұқар жырау: «Өзі көкайыл, өзі дию-пері, Өзі долы қатын, Ер қадірін не білсін!», немесе «Жаман қатын алғаның, Төркініне бере алмай, Төсегіне жата алмай, Тең құрбыңыз келгенде, Оңды жауап қата алмай, Жалғанда қор болғаның» деп сонау ХУІІІ ғасырда таусылмас еді. Өз басында болған жағдай ғой. Тіпті алысқа бармай-ақ Абай сөзіне үңілейік. Абай «Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей көңіл берме», «Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, райыс үстіндегі үй», «Ақыл керек, ес керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек» дейді. Ақын осы күң дұрыс болмады деп отырған жоқ, еріне дос болатын әйелді айтып отыр.
Қошкенің де іздеп отрығаны еркек пен арадағы үйлесім, түсіністік, жан рахаты. Қазақи отбасы ХІХ ғасырдан ортасынан бастап бірнеше үлкен соққыны бастан кешірді. Біріншіден, әскери отарлаудың барлық қанды оқиғаларын бастан кешірді, яғни қазақ еркегінің ерлік және қазақ әйелінің еркіндік дәуірі аяқталды. Екіншіден, сауда капиталы мен өсімқорлық енді, осы екеуі қосылып қазақтың көп бөлігі кедейленді. Сауда капиталы қазақ әйелін тауарға айналдыра бастады. Қазақтың уақытында төленбеген қарызы үшін татар мен сарт саудагерлері қыздарын, қатындарын әкететін болды. Кедейлік қамытынан құтыламыз ба деп қазақ қыздарын «қалың мал» деген сылтаумен сатуға айналды. Үшіншіден, отаршылдыққа қарсы қорғаныс құралы есебінде ислам күшейді де, ол қоғамда, отбасында қазақ әйелінің орнының төмендеуіне әсер етті. Осы себептерден қазақи отбасы және неке жүйесінің дағдарысы басталды, әлеуметтік проблемалар күшейді, әйел тағдыры ауырлады.
Бұл мәселелердің түбіне бойламаған қазақтың алғашқы жазушылары «қалың малды» жау көрді. Қазақ газеттерінде жас қыздардың егде тартқан адамдарға тұрмысқа шығуы, кедей қыздарының тоқал болып басқа үйдің табалдырығынан аттағанда көрген бейнеті барынша сыналды. Әрине, отаршылдық туғызған сұрқай көріністер бар еді. Совет үкіметі болса «мә, саған керегі осы болса» деп 1920 жылы «Қалың малды жою» туралы декретті қабылдады. Ал қалың мал қазақтың от басы мен неке қарым-қатынастарының негізгі арқауы болатын. От басы мемлекеттің кішкене моделі, ол отқа ұмтылған көбелек сияқты сезімнің жетегінде құрылмайды, оның негізінде меншік пен есеп, үйлесім мен татулық. М.Красовскийдің 1868 жылғы жарияланған еңбегіне қарайық: «Этот уплачиваемый женихом капитал в вещах, деньгах, скот и прочее называется калымом. Он нужен отцу отпускаемой замуж, часто даже без ее согласия, дочери, во первых, как доказательство состоятельности жениха, другими словами-отцу невесты надобно убедиться в том, что будущий зять наделен от своего отца имуществом и следственно в состоянии содержать семейство. Во вторых, чем больше калым, тем труднее выплатить его сразу, а уплачивая по частями и притом всегда лично, жених… в период уплаты калыма, часто посещая невесту и имея достаточно времени для того, чтобы сойтись с нею, он в тоже время по обычаю должен…привозить с собою подарки для родственников невесты; таким образом, знакомство или, вернее сказать, тамырство между двумя, прежде может быть совершенно чуждыми, родами с каждым днем все более и более упрочивается. В-третьих, при помощи калыма у иных бедняков устраивается приличное приданое, которое, таким образом, нисколько и никогда не уступает калыму, а у многих даже превосходит его (отау үй де жасау құрамына кіреді-Ж.А.). Женино же приданое, по обычаю народному, священно: оно ни в каком случае не может быть отчуждено в пользу детей киргиза от другой жены, или в чью-либо пользу, но всегда составляет неотъемлемую собственность жены, за которую взято, и ее потомства, так что хотя приданое иногда делается собственно и на счет жениха, но между тем дело это в таком виде не выглядывает, и последний, при разладе с женою, никогда на ее имущество не посягает… Калым, в сущности, должно считать одною из обдуманейших мер обеспечения семейства, одним из лучших обычаев полудикого народа» (4 , с,74-75).
Екінші мәселе, қазақта сұраусыз қыз болмайды. Пьесаның өзінде де өлім алдында Халима «Бәрің де куә…мен…үшін құн …даулаушы болмасын. Қаным кешулі…» дейді. Бұл Қошкенің драманы күшейту үшін жасаған амалының бірі, бірақ мәселе кінәсіз өлген жағдайда әйелдің туыстарының құн даулауға хақылы екендігінде. М.Ж.Көпейұлы атақты Ұлбике ақын туралы айта келіп, оны өлтірген күйеуінің ағайындарының үш бірдей құн төлегенін (қара құн, сүйек құны, өнер құны) жазады. Қазақ әйелі тұрмысқа шыққаннан кейін отбасының шаруасын, байының және баласының, ата-енесінің күтімін мойнына алады, бірақ ол артында сұрауы жоқ, сатып алған күң емес. Бұл мәселені ХІХ ғасырдың соңында қазақтың тамаша заңгерлерінің бірі, қазақтың әдет-ғұрып заңдары туралы терең мақалалардың авторы Райымжан Марсеков ашып жазған болатын: «Әйел» деген статьяны жазған адамның қазақ әйелдері үлкен қорлықта жүреді дегеніне жауап қайырмай тұра алмаймын… Қазақ әйелінің басынан мүлде билік кетпейді. Қайта көбі байының ақылдас, серігі болып кетеді. Ері үй жамағатының бастығы. Шаруа тұрмыс-жүрісінің көбін-ақ қатынмен ақылдасып істейді. Қырда қатыны шаруа жүріс-тұрмысын билейтін үйлер көп жолығады… Ері қатынын адам сықылды көрмейді деген бекер...» (5, №6). Қазақтың қызы келін болып түскенде отауымен келеді. Жас отбасына енші бөлгенде атасы саулық қойды байлайтын қосақ басы деген арқанды ұлына емес, келініне береді. Осыдан бастап отбасына жауапты -әйел, еркек -сыртқы қорғаны деген сөз. Райымжан бұл жауап мақаланы қазақ әйелін «сен қор болдың», «сен сорлысың» деп ер азаматына қарсы тәрбиелеудің отбасы мен ұлтқа қауіптілігін ескеріп жазып отыр дейміз.
«Алтын сақина» тек қана қазақ салт-дәстүрін опақ-сопақ қылушыларға ғана емес, сонымен бірге гендер саясатына қарсы жазылған дүние. Гендер деген ұғым ер мен әйел арасындағы теңдікті насихаттайды, бірақ бұл ұғым әйел проблемасына тек еркек кінәлі дейтін бір жақты. Екіншіден, гендер Батыс елдеріне өндірістік жағынан кенже дамыған елдерді бағыныштылықта ұстаудың құралы. Батыстық феминистік ұжымдар ғана емес, ресми мекемелер, банктер, корпорациялар біз сияқты елдерден ең алдымен гейлердің (қызтеке) жағдайын сұрайды, әйелдерге жоғары қызмет беруді талап етеді т.б.
Жалпы гендер саясаты біржақты, яғни феминистік мазмұнда болғандықтан абсурдқа толы. Билікте, биік айлық алатындардың арасында әйелдердің үлес салмағы 40 пайыз болуы керек дейді, ал қара жұмыс істейтіндердің, шахтаға түсетіндердің, әскери қызметшілердің арасында қанша болуы керек? Теңдік деп ұран шақырдыңыз ба, барлық жағынан да теңдік болғаны жөн. ХУІІІ ғасырдың соңында Француз революциясына дайындық кезеңінде пайда болған «бостандық, теңдік, бауырластық» ұғымдарын қайта қарайтын уақыт жетті. Біріншіден, жауаптылық бар кезде адам баласы ешқашан толық бостандықта болмайды. Ертеңін ойламайтын ақымақ адам ғана бостандықта өмір сүреді. Екіншіден, жер бетінде қанша миллиард адам бар, сонша тек пен қабілет, сонша тағдыр, сонша мүмкіндік бар. Оларды бір-бірімен қалай теңеуге болады ? Үшіншіден, бауырластық тек әлеуметтік проблемалары жоқ қоғамда ғана болады. Дәстүрлі қазақ қоғамы туыстық ережелермен өмір сүрді, бәрі өз бауыры, өз туысы еді, қазақ жөн сұраса келе қарын бөле болып шығады. Бұл туралы Шоқан да жазған. Ол жүйені бүкіл әлем ат төбеліндей байшікештің қолында тұрғанда қайтадан қалпына келтіріп, жер бетіне қалай таратасыз ? Үшеуі де абсурд, шартты.
Феминистердің алғашқы әйел теңдігі туралы декларациясын 1791 жылы Олимпия де Гуж деген әйел жазған екен. Оның кесірінен 1793 жылдың 16 қарашасында 38 жастағы Франция ханымы Мария Антуанеттаның басы гильотинада шабылды. Адамзат тарихында бірінші рет патшамен бірге оның жұбайы өлтірілді. Теңдік деген осы деді француздар. Осыдан кейін патшаның от басын, бүлдіршіндей ұл-қызымен қосып, орыс большевиктері қырды. Кез-келген адамзат баласының мыңдаған жылдық тәжірибесіне, эволюция заңдарына қарсы әрекет жауапсыз қалмайды. «Әйел және азамат декларациясының» авторы Олимпия де Гуж Мария Антуанетта ханымның өлімінен көп ұзамай эшофотқа өзі де келді. Өзінің революционер жолдастары феминист әйелдің басын шапты.
Бірақ жын құмырадан шығап кетті. Олимпия де Гуждың жолын ағылшын жазушы әйелі Мэри Уолстонкрафт жалғастырды. Ақыры бұл қозғалыс Еуропаны түгел алды, одан 1917 жылы Советтік Ресейге келді, одан төңкеріс екпінімен қазақ даласына де жетті.
«Ақ жол» газетінің 1921 жылғы 16-шы санында мынадай мақала жүр: «Қазақ алты миллион халық десек, үш миллион күңнің тәрбиесі қандай демек керек, жауап қысқа: күңде де тәрбие бола ма? …Қазақ әйелде теңдік, адамгершілік, сүйіспеншілік болмаған соң ол кімді жақсылап тәрбиелесін… мына бостандық заманында қолға тізгін тиіп өз алдына үкімет болған соң бұл туралы алаш азаматтары қам қылып, әйел теңдігін күңдіктен құтқарып, тең көру үшін бір қолына закон күшін, екінші қолына түсіндіру құралын ұстап майданға шығып отыр. Закон күші дегеніміз, «Ақ Жол»-дың осы санда Қазақстан үкіметінің қалың малды қалдырған декрет низамы басылып отыр.
Төңкерісшіл азаматтар! Ортақшыл жастар! Әйел теңдігін қорғау, әйел тәрбиесін қолға алу, бәріңе бірдей борыш, мұны ұмытпаңдар. Қазақ әйелі! Мұнан былай біреу мал берген екен, ата-анам ренжіді екен деп сүймеген адамға барудан тоқтал! Қызғылықты өміріңді қайғы-қасіретке айырбастама! Азаттыққа өзің талпынсаң, сені еш кім зорлай алмайды, бұрынғыдай қара күш жеңе алмайды. Сенің енді қорғаушың бар, қорғаушың үкімет. «Риза емеспін» деген бір ауыз сөзді айтуға жарасаң болғаны, сүйгеніңе барасың. Өзің үндемесең, өзің күңдікке құмар болсаң, өз обалың өзіңе.
«Ақ жол»-дың осы санынан бастап «әйел теңдігі» деген айрықша бөлім ашылады. Руссияда төңкеріліс болғанына үш жыл өтіп, төртіншіге аялдаса да, қазақ әйеліне теңдік күні туған жоқ еді. Қазақстан үкіметінің бүгінгі низамын қуанышпен қарсы аламыз. Бұл, низам қағаз жүзінде қалмай ескі ғұрыпты жеңіп, әйел теңдігін шын мағынасында іске асыруына тілектеспіз. Бітсін күңдік! Көркейсін әйел теңдігі!».
Кейін осы идеологияның арқасында «Әйел теңдігі» деген журнал шыға бастады.
«Алтын сақина» пьесасы шамасы 1921-1922 жылдар аралығында жазылған, себебі зерттеушілер ол 1923 жылы Орынборда жеке кітапша болып шығып еді дейді. Ендеше Қошкенің «Алтын сақинасы» 1921 жылы басталған «Бітсін күңдік! Көркейсін әйел теңдігі!» сияқты даурықпа, ура большевиктік, қазақ отбасын одан әрі аздыруға бағытталған дүниелерге қарсы жазылған жауап десек болады.
Әдебиет:
- 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. Жаңаша бажайлау. Жауапты ред. М.Базарбаев. Алматы, 1997.
- Кемеңгеров Қ. Таңдамалы. Құрастырған Д. Қамзабекұлы. Алматы, 1996.
- Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 20 томдық. Бас ред. Е.М.Арын. Павлодар, 2013.
- Красовский М.И. Образ жизни казахов степных округов //Библиотека казахской этнографии. т.12. Павлодар,2006.
- Мәрсеков Р. «Әйел» деген статья турасында //Дала уәлаяты.1899, №6.
- Потанин Г.Н. Избранные сочинения в трех томах. т.ІІІ. Труды по истории, этнографии и фольклору. Павлодар, 2005.
- Садуақасов С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1 -том. Алматы, 2003.
- Радлов В.В. Из Сибири. М.,1989
- Шорманов М. Қазақтың халықтық әдет-ғұрыптары. Жауапты ред. Ж.Артықбаев. Қарағанды, 2000.
Жамбыл Артықбай
alash24.kz