Жастар өзінің ұлтының артықшылықтарын, Еуразияны билеп-төстеген қаншама империя құрған көшпелі түркілердің ұрпағы екенін білгені, мақтан тұтқаны абзал. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдарда, мектептерде де мұражай-киіз үйлер пайда бола бастағаны есімізде. Балғын буын өткен тарихын тануға бұл да септесін деп, ішіміз жылитын. Азаттықтың айтып жеткізгісіз қуанышымен билік те сол бағытта қарекет жасады. Үйағашшылары (киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберлері) бар Монғолия, Қытай, Қарақалпақстан қазақтарына тапсырыс беріп, киіз үй жасаттырып, алдыртқанын білеміз.
Тәуелсіздік таңы енді атқан 1991 жылы шетелдерден ағылған бауырларымыз, көшпелі бабаның көзіндей киіз үйлерін көлігіне тией келді. ЮНЕСКО көлемінде тойланған ұлы тойларда тігілген жүздеген ақ шаңқан киіз үйлер – баяғы хан ордаларындай көз қуантты.
Иә, ол енді ғана бостан болған ұлттың балалық қуанышы десек, одан бері отыз жыл өтті. Есейіп қалған секілдіміз. Дегенмен, қазақ қазақ болғалы баспана етіп тұтынған киіз үйдің қадір-қасиетін қаншалықты ұғындық? Нельсон Мандела айтқандай тілің мен мәдениетің құрыса өзгенің қажеті не? Ең соңғы қамал тіл мен мәдениет, олардан айырылсаң, расында неңді қорғайсың? Қазақ мәдениеті дегеніміз – киіз үй. Киіз үйдің ішіне қазақ тұтынған бүкіл зат, ұлттық өнеріміздің түр-түрі түгел сыйып кетеді.
Кім де болса көргенін айтады. Екі мысал келтірейін. 1980 жылдары, бір топ студент Байкал көлінің жағасында демалдық. Кәдімгі шатыр тігіп, асыр салып жүргенбіз. Орманшымын деп, қысықкөз якут шал келді. Отты абайлауымызды ескертті. Мен шатырға кіріп, дәм ауыз тиіңіз дедім. Бетіме жалт қарады да: «Қазақсың ба?» деді. «Иә» дедім таңырқап (Әрине, әңгімеміз орысша). «Шіркін, қазақтың киіз үйі… Мен де қазақпын…» деді. Оны айтқанда көкірегі қарс айырылып күрсінгендей болды. «Көке, Қиыр Шығыста қайдан жүрген қазақсыз?» деп жабыса бастап ем, ыңғай бермей, мұңайып, сырт айналып жүре берді. Бәлкім ары қарай ашылғысы келмеді.
Екінші, бертін 2001 жылы осы газеттің қызметкері ретінде, бір топ әнші-күйшілермен Ресейдің Омбы облысындағы қазақтарды араладық. Омбы қаласында концерт болды. Үлкен сарайға жиналған қаптаған қазақ. Бір қарағанда Қазақстанда жүргендейміз. Бірақ көбі орысша сөйлейді. Қазақша бірдеңе айтқысы келсе де тілі жетпей қиналған балаларды көріп, жүрегіміз езілді. Басында жергілікті депутаттар сөз алды. Әншілері өнер көрсетті. Жайбарақат отырған зал, қазақ әншілері сахнаға көтерілгенде дүрлігіп кетті. Астаналық әнші Гүлзира Бөкейхан «Ағажай Алтайдай жер қайда…» деп шырқағанда, бүкіл зал көзіне жас алып отырғанын көрдік. Біздің де тамағымызға ыстық жас кептеліп тұрғанда, бір кішкентай бала келіп жеңімнен тартты. «Аға, юрта көргім келеді» деді. Тілін бұрап әрең сөйлесе де періштелік тазалықпен айтып тұр… Ұлтын сүю, бағалау, сағыныш деген сезімдер сондайда оянатын секілді.
Сонымен, қазақ өзін бостан сезінгелі, ажырап қалып әрең табысқан киіз үйінің (мәдениетінің) қадірін қаншалықты білді? Бағалады? Әлгі мектептердегі мұражай-киіз үйлер біреулерінде жоғалып, енді біреулерінде жаңарған шығар. Алайда ұстаздары киіз үйдің сүйегін, мынау уығы, мынау керегесі деп қанша жас өренге ұқтырды екен? Жоқ, әлде сырттан қонақтар, дәлірегі – әкім-қаралар мектепке келгенде көрсететін мұражай қалпы тұр ма? Уықты былай байлайды, керегені осылай таңады деп түгел білдіріп жібермесе де, хал-қадерінше үйретіп жүрген ұстаздар бар шығар. Көпке топырақ шашпайық. Десе де жалпы айтқанда бұл бағытта ілгерлеу байқалмайды. Рас, үлкен қалалардың маңында бие байлап, киіз үй тіккен кәсіпкерлер пайда болды. Оларды мемлекет тарапынан қолдау да жоқ емес. Негізі отыз жылда жеткен жетістігіміз осы өреде ғана. Қоғам болып төңкеріліп қомақты қадам жасадық дей алмасақ керек. Мұны айтып отырғаным, Алматы облысы Талғар ауданындағы бір ауылға жолымыз түскенде, әлгі ауылдың әкімі екі қабатты үйінің қасына киіз үй тігіп қойыпты. Қонақтарды сонда қабылдайды екен. Қасымда еріп барған досым, таңертең жеп-жеңіл оянып, ұйқысының қанғанын, көңілінің сонша көтерілгенін әлі айтады. «Өйткені сен қазақсың ғой» деймін оған. Әрине, көп қабатты үйде тұратындарды түсінеміз. Көп қабатты демекші, бір жылдары Алматыда сол көп қабатты үйдің үстіне киіз үй тігіп, бір ағамыз айды аспанға шығарғаны бар. Ол үйге қолы жетпегесін шарасыздан жасалған әрекет екенін естігенбіз.
Айтпағым, жер үйде тұратын әр отбасы ауласына киіз үй тігіп қойса, қонақтарын, туристерді сонда қабылдаса. Сонда шетелдіктер қазақтың киіз үйіне демалу үшін ағылмас па? Қазақтың киіз үйімен аты шықпас па, әлемге? Ақиқатын айтқанда, бөтен ұлт, бөгде жұртқа «мынау менікі» деп көрсететін құнды дүниелеріміздің бірі әрі бірегейі киіз үйіміз емес пе еді?!
Дағжан Белдеубай
Дереккөз: Ana tili