Қазіргі күні қазақ тілі жөнінде жиі сөз қозғалып жүр. Мұны түсінуге болады.
Қазақстан деген елдің мемлекеттік тілі қазақ тілі болса, алайда нақты өмірде бұл тілдің орнын басқа тіл басып отырса қалай күйінбессің, қалай намыстанбассың. «Басып отырса» дегенге туламай-ақ қойыңыз. Шындық солай болса, оны қайтіп бүркерсің. Басқа елді мекендерді қайдам, ірі қалаларымыздың орысшасы адам шошытады. Әлі де болса көп адам кеңестік психологиядан арыла алмай жүргендей көрінеді. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызды сезінбейтін сияқты. Өзге тілде бұлбұлша сайрап жүргендер өз қандастарымыз. Олардың ішінде кішісі де, үлкені де бар.
Не істемек керек? Осылай бір-бірімізге мұң-шерімізді ақтарып, қапаланып отыра береміз бе? Жоқ, іске кіріспесек болмайды. Алдымен «Тіл туралы» Заңдағы «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» деген баптан құтылғанымыз жөн. Қазір бірдеңе дейтін болсаң: «Заңда солай жазылған ғой» дейді. Ал енді бұлтарып көр. Ештеңе дей алмайсың. Заңның аты – заң. «Сіздікі жөнсіз» деп айту қиын. Сол себепті заңға түзету қажет не жаңадан заң қабылдануы тиіс. Дегенмен де, сол түзетуді, жаңадан қабылданар заңды күтіп отыруды уақыт көтермейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап көрсеткендей: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндет деп айтуға болады». Олай болса, бұл мемлекеттік маңызды істе себеп, сылтауға жол беру орынсыз. Көңілге демеу болатын жайттар да бар. Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаттары Қазыбек Исаның, Берік Әбдіғалиұлының тілге қатысты ұстанымдары көпшілік көңілінен шығып отыр.
Біздің заңымызда атаулардың екі тілде жазылатыны айтылады. Алдымен қазақша, сосын орысша дегендей. Көрмейсіз бе, көрші мемлекеттің тілі кенеше жабысып, қалмай келе жатыр. Осыдан кейін қайтіп қазақ тілінің көсегесі көгермек?!
Тілімізге төңкеріс керек. Қазір тұсаулы ат секілді. Алға жылжуы қиын.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін әр тарапты көп жұмыс істелуі керектігі әбден белгілі. Сол мың сан шаруаның біреуіне ғана тоқталсақ дейміз. Мәселен, көше, мекеме аттарын алайық. Неге осыларды бір ғана тілде – мемлекеттік тілде жазбасқа.
Негізі адамға көзбен көрген немесе құлағына естіліп тұрған нәрсенің әсері ерекше болады. Егер көше аттары тек қана қазақ тілінде: «Абай даңғылы», «Мұхтар Әуезов көшесі» деп жазылған болса қандай жақсы. Осыны көрген адам, біріншіден, өзінің Қазақ елінде тұрып жатқанын сезінсе, екіншіден, қазақ тілінің орнын түсінеді. Әрі тілді білуге деген ынтасы күшеймек. Бір қарағанда ұсақ, болмашы нәрсе. Бірақ олай ой түйсек, қателесеміз. Үлкен іс осындай шағын дүниелерден басталса керек.
Қазір елдегі жағдай қалай? Көше аттарын жазуға мән берілмейді. Бір қалада үш тілде, енді бірінде екі тілде, тағы біреуінде бір ғана тілде. Жүйе жоқ. Қадағаланбайды. Баяғы белгілі сөз: «Онда тұрған не бар?». Бір саладағы жай-күйіміздің сиқы осындай. Осыдан кейін жұрт қазақ тілін қайтіп құрметтейді? Тілді үйренуге құлшынысы қалай болмақ?
Бір іс басталды ма, соны шырайын шығарып аяқтаған дұрыс. «Даңғыл», «көше» деген сөздерді аударудың не қажеті бар. «Неге олай емес?» деп ешкім ренжи қоймас. Отыз жылда осы екі сөздің мағынасын түсінбеген адам жүз жылда да біліп жарытпайды. Ал білуге құмартқан адамға тіл үйренудің еш қиындығы жоқ.
Мекеме атауларын да бір тілде жазатын уақыт келді. Осыған көшкендер де бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы бір ғана тілде көзге ұрып тұрған: «Үкімет үйі», «Жоғарғы сот», «Бас прокуратура»… дегендерді алайық. Жұрттың көзі үйренген. «Бұл қалай?» деп шошып жатқан адам жоқ.
Қазір елдегі үлкен қалалардың көшесіне шықсаңыз, алуан жазулардан көзіңіз тұнады. Солардың дені мекеме, сауда, қонақүй, мейрамхана аттары. Өкінішке қарай, заңда атап көрсетілген атаулар екі тілде жазылсын деген талап солардың бәрінде сақталып отырған жоқ. Араларында тек қана орыс тілінде менмұндалап тұрғандар жетерлік. Екі тілде жазу керек дегенді алға тартып, нәтижесінде үйлесімсіз сөздерге жол беріп алғандар да кездеседі. Кафе маңдайшасынан мынандай жазуды ұшыраттық: «Кафесі «Кеш жарық» кафе». Міне, әлгіндей ала-құлалық, түсінбестік болмауы үшін, ең бастысы тіліміздің беделі үшін мекеме не қызмет көрсету орындарындағы атаулар бір тілде – мемлекеттік тілде көрініс тапқаны өте маңызды.
Мынаны да айтпай кетпесек болмас. Бізде Президент Жарлығымен бекітілген аса жоғары атақ-дәрежелер бар. Мәселен, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық Қаһарманы» деген сияқты. Осыларды кейбір орыстілді басылымдар «Герой Труда Казахстана», «Народный Герой» деп аударып беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Мемлекеттік тілде қалай жазылды, газет бетінде солай көріну керек. Атақтар аударылмайды.
Осының барлығын не үшін тілге тиек етіп отырмыз? Мақсат – мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру. Мемлекеттік тіл деген дардай аты болғаннан кейін оның өз елінде, өз топырағында артықшылығы, басымдығы болу керек. Біздің айтпағымыз, сол артықшылықты, басымдықты біреулерге ұсақ-түйек боп көрінер осындай істерден бастасақ. Қалай болғанмен де ел халқы мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің салмағын, құдіретін сезінуі тиіс.
Неге тілге төңкеріс керек деп отырмыз. Себебі сөз көп те, ісіміз мардымсыз. Сондықтан тұтас елдің, ұлттың тағдыры үшін білек сыбанып қарекет танытатын сәт келді.
Бізде Президент Жарлығымен бекітілген аса жоғары атақ-дәрежелер бар. Мәселен, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық қаһарманы» деген сияқты. Осыларды кейбір орыстілді басылымдар «Герой Труда Казахстана», «Народный Герой» деп аударып беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Мемлекеттік тілде қалай жазылды, газет бетінде солай көріну керек. Атақтар аударылмайды.
Нұрперзент Домбай
Дереккөз: «Ana tili»