Әлихан
Әз Жәнібектен – Әлихан,
Ат үстінде түн қатқан!
Арғы тегі – Дештіде қалған Жошы-ды,
Толарсағына тоң қатқан,
Қорамсағына қан қатқан!
Қызыл ту көтерсе Қарақорым қосыны,
Жебесі сегіз қабат сауытты сөгетін,
Енесі егіз ұлға толғатқан!
Хан баласы – осы-ды!
Тұраннан түрегеліп ең – дұшпаның шошыды!
Ұзын оқты Ондан сұлтанға ерсе – Әлихан,
Хан баласының қазақта өтеп хақысын,
Қасымның қасқа жолымен,
Есімнің ескі жолымен,
Хақназардан қалған қайрап сапысын,
Шыңжаңнан торып Шығысын,
Мәскеуден қорып Батысын,
Жағасы жау қолында жыртылып
Жат жұртта қара
жатысын!..
Көкжал Барақтан көбелей жетсе – Әлихан,
Бабаң Барақ – жауына қырық сан еді,
Шынжыр балақ, шұбар төс,
Жеті атасынан жілік майы үзілмеген хан еді.
Бөкей бабаңды ақ киізге көтерсе,
Көтерген Туың ақ еді…
Тегің осал болсын ба,
Кегің осал болсын ба,
Жүрісің содан паң еді!
Хан Кененің соңынан ерсе – Сұлтан ием,
Оңымнан туған Айым ең,
Солымнан туған Шолпан ең!
Алашорда ұлт сайласа көсемін,
Шенділер ыққан шешенім,
Сәбидің өкшесі қазған бұрқақ ең!
Есілде қалған еліңді,
Жайықта қалған жұртыңды
Сауытыңмен сақтап ең,
Мауытыңмен қымтап ең!
Уызына жарыған,
Ат үстінде арыған,
Көбесі омыраулы,
Найзасы қоңыраулы,
Нұрдан туған ұрпақ ең!
Текті шонжар, атаулы хан нәсілім,
Салтына тартқан асылым!
Сүлдең сыпырған бұлт әлі
Түсірер Жерге жасылын!
Арланға апан жүрегің,
Атанға жілік білегің,
Кез маялы келеден
Арқада Сораң үлегім!
Лайланып ақсаң Қаратал,
Күркіретіп қанын күренің,
Қазаққа қызмет қылмай қойдың ба?
Маңдайыңды оққа тіредің…
Бақұл да бақұл, бақұл бол!
Содан да болар,
Үзеңгі бауым сегіз қабат, ат үстінде шіреніп,
Уысыма қан жұмып,
Ұлысыма хан қылып,
Тәңірі төбесіне тұтқан
Ер Шыңғыстың аруағын арқалап,
Әлі қан менің,
Әлі хан менің
Жүрегім!
Алаң да алаң, алаң жұрт
Қатыны найзаға сүйеніп толғатқан,
Батыры найзаға сүйеніп түн қатқан,
Ақыны найзағай жырымен үн қатқан,
Сайран да менің Сарыарқам!
Қыздары қылыш әперіп алдыңнан шығатын,
Ұлдары дұшпанға қасқайып тұратын,
Ақыны ер-шолпан – таң алды туатын,
Айбарлы да неткен Атырау!
Келіні қазан көтерген қадақ асынан,
Ер ұлы жауын сүңгіге қадап асырған,
Ақыны мадақ емес, садақ асынған,
Қайран да қарт тау – Алатау!
Жатыры ұлдарын арыс қып туатын,
Батыры ақырып белдігін буатын,
Ақыны елдігін еңіреп қуатын,
Ер едің неткен өр Алтай!
Аруы аузыңа зәмзәмін тамызған,
Қаруы рух артып Қашаған, Оғыздан,
Бақсысы Сырдың суын теріс ағызған,
Қайран да қайран Ақмешіт!
Шешесі ұлдарын майданға баптаған,
Кенжесі жебесін қаңғыртып атпаған,
Хандары халқының бетінен қақпаған,
Қайран да қайран Ұлытау!
Алаң да алаң, алаң жұрт!
Таусылды тозып тағаң, жұрт!
Үйір-ақ сор мен саған бұлт!
Қиын-ақ күнің, сол үшін,
Ақбас тау, көбік көл үшін,
Жазира, құмдақ, шөл үшін,
Шоқы, үстірт, ойпат, бел үшін
Сұрайды сауға алаңда ұлт!
Сұрайды сауға алаңда ұлт!
Сұрайды сауға алаңда ұлт!
Хан Кене
Саусағым – шеңгел,
Қан уыстадым,
Тәңіріден келген белгі – Бұл!
Алтын сап қан-қан қару ұстадым,
Жүректің басы – шерлі жыр!
Көк бақсы шошып оянды бүгін,
Боз айғыр бейуақ кісінеп!
– Түсімде жағын таянды ұлың,
Ордаңның түтін іші көк… –
Көк езу бақсы сұқсырдай қатып,
Сұрланып алған, көгеріп.
Түс көрді жауды тықсырмай жатып,
Сан-Таштың үсті көп өлік…
Хан Кене түсін жаман жорыды,
Ешкімге тісін жармады!..
Осымен оның тәмам жорығы,
Тоғыз ұлға обал, сол жағы…
Қинайды ханды, қасық қанына
Айырбастаған жері – Бұл!
Асылдарыңа, ақықтарыңа
Айырбастамас елі – Бұл!
Жаманат сезді Кене жүрегі…
Медет бер,
Тәңір, ісіне!
Отыз жеті сұлтан неге кіреді
Бопай ханымның түсіне?..
Жеті қара тас жерден көтеріп,
Тоғым хан кірді түсіне.
Қырғыз бен Қазақ келген көтеріп
Тоғыз хан кірді түсіне…
Іріген – іші,
Қорғаны – берен.
Кене ішкен уды кім ішті?
Түсімде Алтын Орданы көрем,
Өңімде алтын-күмісті…
Бес жебе
(Мұхтар Мағауинге)
Ұлы Ана бес жебені «Сындыр!» деді,
Ұлдардың сындыра алмай тынды үндері…
Шаңырақтан түскен нұр, сары сағымға
«Боданшар! Садағыңды ілдір!» деді…
Сол тарих көз алдыңа күнде келіп,
Иттермен арпалыстың үрген, өріп…
Әуексіз көкжал кетіп бара жатыр,
«Сұм өмір саналыға түрме болып…»
Көктасы Күлтегіннің қисайып тұр,
Отанын бұл күндері сүйсе, айыпты – ұл!..
У тамды бал таматын мына тілден,
Сілтідей сілекейім тисе ойып кіл…
Соңыма түссін, мейлі, шырақ алып,
Біз аяқ басқан жоқпыз, сірә да, нық!
Отардың Отанменен айырмасы –
Бір адам үшін қазір – бір-ақ әріп!..
Мағжан
Қара жолақ сурет құсап шеті кем,
Мен де бір күн тұяғымнан кетілем.
Ақындарға қазанама жазбаңдар,
Ақындарды қоршамаңдар, өтінем.
Тәні Жанын қамағаны жетеді,
Абақтыға қамады – өгей мекені.
Мазарға ертең тұтқындайды тағы да,
Ажал деген – қара жолақ, екі елі!
Рух тірі –
Кеше көрдім Мағжанды,
Аралап жүр Алаш дейтін вокзалды!
Оқып берді алақандай қағаздан,
Өлең емес – маңдайына жазғанды!
Иланбаңдар ақын өлді дегенге,
Айналып жүр әлі күнге төбеңде!
Мағжан – Мағжан,
маржан – маржан боп қалад,
Батып-батып кеткенімен тереңге!
Бір ақиқат айтайыншы сенгісіз,
Бір түсінер адамсыз ғой
шерді Сіз:
«Ақындардың туған жылы – белгілі,
Өлген жылы – белгісіз!»
Үш анық
Белдеуімде Берелдегі пырағым,
Маңдайымда бес бұрышты шырағым.
Түндігімде үш сан күлдіреуішім,
Көмейімде Алты Алашты ұраным!
«Қаратаудан бос келме» деп тайлағым,
Мама ағашқа ақ шүберек байладым!
Көк тұмар ат мойынына жаптырған,
Көкке қарап ұлы бөрі-байрағым!
Төбемде ұш, самға, алтын қыраным,
Көмейімнен саула әнім, ұраным!
Сені шырқап, сом жүрегімді ұстадым,
Сені көріп өксіп-өксіп жыладым!
Қанмен келген азаттығым осылар,
Жаспен келген азап күнім осы бар!..
Өксік те енді бірте-бірте басылар,
Түндік те енді түрте-түрте ашылар!
Елтаңбамды қасты ордама қақтырдым,
Елім аман болсын деп!
Байрағыма қара орманды сап қылдым!
Белім аман болсын деп!
Ұланыма сырнай, керней тарттырдым,
Көлім аман болсын деп!
Қыраныма қайта қанат қақтырдым,
Төрім аман болсын деп!
Ұмай Ананың жыры
Қан жұмып туған қолымды бермедім,
Іргеміз сөгілер еді…
Қан жұтып жатқан елімді көрмедім,
Көз жасым төгілер еді…
Ұлым уызымды тауыса алмай,
Орысқа омырауымды еміздім.
Қызым құнан қойды тауыса алмай,
Қытайға қалжамды жегіздім!
Кәріске кәрімді шашпадым,
Жөйтті жолынан тоспадым.
Қарақорымды құрақ қып төседім,
Басыма балбал жастадым!
Ала сәлдеге азан шақырттым,
Ұлымның ұйқысын күзеттім.
Қара шекпенге қазан төңкерттім,
Қызымның күлкісін күзеттім.
Алтын киген ұлдарымды оятты,
Алтынымды ал, адам қалсын дедім.
Жалын түйген жиренімді оятты,
Тұлпарымды емес, тағамды алсын дедім!
Қорымымды іздеп қырларымды оятты,
Күйеуім емес, ағам қалсын дедім.
Жорығымды іздеп жырларымды оятты,
Бірлігімді емес, баламды алсын дедім!
Далам қалсын дедім!
Сүйінбике жыры
Сүйінбике ханша!
Қазанды Қазаққа қоса алмай қапа боп…
Көк Құртқаның Алтайдан түскен ұлдары
Шашылып кетті тарыша,
Шаян, бақа боп!
Тоқтамыс пен Едіге жатқан қабірге,
Хақназар сұлтан қызыл жалқын
Күн бата кеп,
Жалынды жалғыз Тәңірге:
«Сапагерей – арманда,
Сүйінбике Керменге кетті,
Едіге, Тоқтамыс ата» деп!
Сүйінбике – шерменде,
Ұзатылып Хан-Керменге!
«Өлдің, Мамай, қор болдың»,
Өзіңнен туған Қаһарлы ұл
Сақалды жат боп келді елге!
Шоқындырып Өтеміскерейді,
Алты жасар көз жұмды ұл,
Еділден ұшқан аққулар,
Бетке алып Баян, Семейді…
Еліме барып не дейді,
Ел қыла алмай отырған
Баянөлгейдегі Керейді?..
Мұнарадан пәк перизат секірді,
Алты жасар Өтеміскерей кекілді,
Періштелермен көтеріп ұшқан секілді…
Жердегі күйкі, сұрқия, сұмдық не түрлі,
Сипады-ау аппақ етіңді!
Сапагерейге жарық қып ұшшы бетіңді!
Содан бері қисық мұнара Қазанда,
Славяннан қорғап Түркіні,
Бәйіт оқылып, күй ойнамайды таза онда!
Тек қыпшақ қаны бар адамға
көрінеді екен,
Сүйір мұнара Сүйінбике боп азанда…
Азаттық жыры
Күлтегіннің тасындағы Азаттық,
Құлтемірдің басындағы Азаттық!
Тебінгіме тер боп қатқан Азаттық,
Кегім, міне, шер боп қатқан Азаттық!
Қайрақ тасқа селебенің серт демі!
Есік-төрдей бозды теріс ерттедім…
Хан Кенекем найза үстінде…
Азалы
Тәттімбетке «Бестөрені» шерт» деді!..
Сол Кенеге үлгермеген әскердей,
Алаң толы жас түркілер өш керней!
Қайрат болып сөйлеп тұрды рупордан,
Әлиханның аруағы дес бермей!
Көк бөріге Хақ Тәңірдей жолдас жоқ,
Мағжан айтқан қыран жастар – алмас көк!
Желтоқсанда Одақтың кеп алдына
Айғайлады «Мағжан!» деп һәм «Олжас!» деп!
Алаң түгіл, шыға алмайтын көшеге,
Ел тағдырын тағы да Елтай шеше ме?!.
Құлжа қуған не айтады Ол Атаға,
Қалжа жеген не айтады Ол Шешеге?!
Қайратымның тасында тұр Азаттық!
Бәйге атымның қасында тұр Азаттық!
Ойлы ақынның жүрегінің түбінде,
Байрағымның басында тұр Азаттық!
Ақсүйек
Бүгін сегізінші қыркүйек – текті бабалары Тұраннан ту көтергенде, сулуддин сүлдесі бұлт
аршыған Жалғас сұлтанның туған мезеті.
Мынау – сонда жазылған мадақ жыр.
Жалғас сұлтан!
Бабасы – бура мінген Бұрындық,
Анасы – қоңырат Бөрте құдайлы…
Сен жеті атаңнан жерден жеміт термеген,
Қараға қолын бермеген,
Төресің – шымылдық шырайлы!
Жалғас алдияр,
Сен – бауырсыз төресің,
Әділ сында андасы,
Арқар ұран – таңбасы,
Жалмұханың жанын жұтқан қағаның!
Сағымға ілген садағын!
Сен –
Серек найза өтпес көбесің,
Сегіз қабат сауыт бұзар жебесің!
Ғайып ерен қырық шілтен қорғаған жарағын!
Жалғас баһадүр!
Сыздық төредей қаһарлы,
Алмалықтай шаһарлы,
Жошы дүрдің асыл, болат тұяғы,
Ер Шыңғыстың қанша ғасырлық қиялы,
Нәсілі хан атаулы!
Алашорданың көсемі,
Атаң – Әлихан, хан Барақ!
Ақ мылтықты толғап ат!
Тоғым хандай тоғыз бол,
Шығайдай шынжыр балақ, шұбар төс,
О, менің Жалғас бекзадам қанбалақ!
Хан әке
Уа, Тәңір Иемнің тартуы,
Бартандай батыр,
Есукейдей патша,
Шыңғыстай қағаным,
Сағымға ілген садағын!
Сен туғанда, хан әке,
Ай жағыңнан алпыс мың,
Күн жағыңнан қырық мың түмен қол тұрды!
Солар мейманаңды тасытты,
Солар ырысыңды толтырды!
Саумалды түтікпен іштің,
Салуалы ордада салтанатың жарасты.
Самалды түндікпен жұттың,
Тақымыңда тайбурыл тұлпар таң асты…
Түбі бір түркіні тұтас ел қылып ту байлап,
Он үшіңде Ордада кеңес құрғыздың!
Түгі күміс жылқыны асау суға айдап,
Сарыарқаның сәнін кіргіздің!
Есірген жауды жатқыздың,
Езілген жұртты тұрғыздың!
Жұмыр қабақ жәуміттей,
Темір қанат шәулідей,
Болмысың бекзада,
Тумысың текті Алдияр!
Ұлыжіңгір құрылтайда
Қазақ үшін қажысып
қан жұттың,
Алаш үшін алдағай шепте
ант іштің!
Сілекейін ас еткен жұртыңа
Кілегей ішкіздің,
Сірнекейін нәр еткен жұртыңа
Сары қымыз сапырттың,
Атыңды Еділге суарып,
Атағыңды Аштарханға асырттың!
Алты жасында аң атқан,
Он жасында оқ жонған,
Аға сұлтанның
Емген сүті таза,
Өнген сүйегі асыл!
Батудай хан,
Барақтай паң –
Болат төре!
Бектас сұлтан
Әз Жәнібектен әрі неше ата,
Төрт құбылалы төрім нық!
Арғы тегі ер Шыңғыс –
Тоғыз баулы төре тұқымы,
Қырымға қызын келін қып,
Үрімге жүрген үкімі!
Көк түріктің Күлтегіндей Қағаны,
Бөртеден туған бөлтірік,
Алан Қоғайдың Аланы.
Адырнасы – ақ өгіздің терісі,
Кірісі – құла айғырдың сіңірі,
Боданшардың сағымға ілген садағы ол –
Бектас сұлтан!
Нұртас сұлтан
Сүңгісі – тоғыз баулы Сұлұддын шашақты,
Жебесі – сағымға ілінген масақты!
Қылышы – Әмбағай, Боданшар,
Ұлысы – Алты Алаш, жасақты!
Бір басы – Барақтай сан қырық,
Сұлбасы – Жәңгірден жаңғырық,
Затын – бекзада,
Атын – Алла алқаған Тәңіріқұт!
Жілігі – Атанға,
Жүрегі – Арланға апан дүр,
Уәлидей көркем,
Салқам Жәңгірдей сұсты,
Қасым төредей қаһарлы ұл,
Ер Шыңғыстың маздақ сұлтаны –
Нұртас хан!
Домбыра
(Поэма-панорама)
Қазақ нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра.
Қадыр Мырза Әлі
Домбыра – күмбірлеген дәуір жыры,
Дауысы ұласқандай дауылға ұлы!
Шаттығы – қауырсынның жеңілдігі,
Қайғысы – қорғасынның ауырлығы!
Өзегін саған берген ақын жұлып,
Орынын саған берген батыр тұрып!
Қара нар көтере алмас кітап жүгі
Жұп-жұқа шанағыңда жатыр тұнып!
Қос ішек, тоғыз перне, шешен шанақ,
Кер заман сені де атқан кесел санап!..
Домбыра – көкірегі шер көне мұра,
Көк түрік төріне ілген көсем санат!
Естірткен еңкілдеп күй – ханға қаза,
Домбыра – қарсы теңеу даңғазаға!
Тербейді сендегі сөз жүрек көлін,
Бермейді сендегі саз жанға маза!
Кетбұға – күйдің пірі, шабытты ерден
Домбыра – қалған мұра, анық көмбем!
Жүрегі хан алдында шайлықпаған,
Атыңнан айналайын халық берген!
Домбыра – қазақ үшін ғұмыр мәні,
Сен төккен күймен рухым жығылмады!
Домбыра – сұңқар еді балдақтағы,
Домбыра – тұлпар еді тұғырдағы!
Шыққанда кең шанақтан гүл өріліп,
Жарқ етер көкжиектен күдер үміт!
Немесе «Қосбасары» буынды алар,
Пернесін күйші басса тым ерініп…
Қос мектеп – Тәттімбет пен Құрманғазы,
Екеуі – екі үлгінің дүр маңғазы!
Біреуі – төкпе күйдің төрешісі,
Біреуі – шертпе күйдің сырбаз мәні!
Бағзыдан жеткен мұра қыз-ұлға аман,
Домбыра – қызыл бөрі, қызыр қаған!
Бетінде қу тақтайдың қызыл арша,
Ішегі таутекенің ызыңдаған!
Қобызды Қорқыт десем қол көсемі,
Домбыра, Доспамбетсің сен кешегі!
Дина мен Аққыздайсың – дариға аққу,
Төгілген Тәттімбетсің төрде шері!
Домбыра, сен – Тұрансың қамал берік,
Ордаңа құт дарыған Қаған қонып!
Түмен бап Түркістансың көне астана,
Бастаған басты Ордасың бабам жорық!
Абылай ақ туысың – азат байрақ,
Домбыра – асыл пышақ, ғажап қайрақ!
Ешбір жау аттай алмас есігімнен,
Домбыра барда қылмас қазаққа айбат!
Құрыштан құйылғандай берік бұйым,
Қылыштан өткір сенің жорық күйің!
Мені де илеп өтті зұлмат небір,
Сені де түйреп өтті соғып құйын!
Домбыра – көкей кесіп, кісен ашқан,
Ондайда Жерге айналып түседі Аспан!
Кезекті алған кезде нақысты күй,
Өзекті өрттей қауып ішек осқан!
Домбыра – бағзы мұра Сақтан бері,
Алаштың айбоз даусы, ақтангері!
Домбыра – тылсым ағаш нұр сипатты,
Шұғыла – шанағынан соққан лебі!
Аумайсың ер Төлеген, өр Жібектен,
Ішегіңде шежіресі елдің өткен!
Пернеңді бойлауық күй балқытқанда,
Пердесін жанның аппақ желбіреткен!
Сілейген балбалымдай сал домбыра,
Сүлеймен балдағындай мән домбыра!
Арымның Ай дидарлы, Күн сипатты,
Жарымның жүзін ашқан ән домбыра!
Домбыра, сенде рухы хан Кененің,
Жеткіздің көкке тудың жан кемелін!
Қолыма алсам сені Таласбектей,
Түсімде түмен-түмен қол көремін!..
Махамбет сен деп берген қайран басын,
Намысың қайдан сосын қайралмасын!..
Шерткенде жан дыбысын қанмен теуіп,
Дерттенген көңілімде ойнар жасын!
Тартқанда үш ішектеп, теріс бұрап,
«Қоңыр қаз» ұшар бетке алыс құлап!..
Домбыра – Арқадағы Ақан сері,
Домбыра – паң Құлагер қамыс құлақ!
Шерткенде шебер саусақ биязы леп,
Көкейге құдіретін құяр ізет!
Домбыра, сен – Абайсың сөз патшасы,
Домбыра, сен – Адайсың күй әзірет!
Қашаған, Ақтан айтқан сөз – мұрағат,
Күй болып Маңғыстауды кездің абат!
Домбыра – Дариядай асау суда,
Нұртуған, Нартай – жеке, өзге ұлағат!
Басында Баянтаудың Мәшһүр Жүсіп,
Сөйлейді домбырадай тасқын қысып…
Айрылып қалдым сол бір парасаттан,
Көзіне қапияда қастың түсіп…
«Қарқаралы басында жалғыз арша»,
Тиетін әндей кім бар жанға ұзанша?!
Алты қыр астындағы сал түскен үй,
Әуені әудем жерден таңға ұзарса!
Домбыра дауысында – Алаш үні,
Көзімнің ағы да сол, қарашығы!
Тиегі – тобылғының қатты діңі,
Сүйегі – қызыл қайың, ағаш ірі!
Сен барда байтағым кең, ұлысым бай,
Қайтемін осындайда ұлысынбай!
Саңқ етіп Қазыбектің көмейіндей,
Жарқ етіп Қабанбайдың қылышындай!
Жетісу жеті жарғы мақамысың,
Мақпалды, үкілісің, оқалысың!
Кенендей Алатаудың басын бұлт қып,
Жамбылдай отқа түстің Отан үшін!
Сүгірдің Қаратауда шертісі – өрнек,
Ағады Сырды бойлап, Ертіс өрлеп!
Үстірттің үстіндегі үн түсімде
Сіңеді шағылдарға дерті шөлдеп…
Алтайдың арғы беті, бергі басы,
Қазақтың қарағайлы домбырасы!
Әміре, Әсеттердің әр әніне –
Алаштың Әлихандай жан куәсі!
Біржансың – Қояндыны әнмен ашқан,
Сәкенсің – тау ішінде сәулелі аспан!
Домбыра, Жүсіпбек пен Жәнібексің,
Қазақты қара өлеңмен әнге қосқан!
Жаралған заман ескі, жұрт көнеде,
Домбыра – төрімдегі құт дөдеге!
«Қоңыры» Әбікеннің – Алаш зары,
Өмірі Әшімтайдың – ұлтқа өнеге!
Сайдалы сары Тоқаның сарынында
Апарар сүрлеу жатыр ары Ғұнға!
Домбыра, Байжігітсің күй қағаны,
Домбыра, Көкбалақсың анығында!
Дайрабай, Қыздарбексің – күй мектебі,
Итаяқ, Сембек, Әбди – түйдектері.
Манарбек, Мағауия – қос домбыра,
Үлгі ұлтқа – үміт шамы, үйреткені!
Екі ішек, тоғыз перне, тиек кепіл,
Арбаған сиқыр сазы – жібек көкіл!..
«Көрұғлы» көкжиектен көрінгенде,
Сырқырар көрде жатқан сүйек нөпір!
Қандырар жіті құлақ шын құрышын,
Қайраттың көмейінде бір дыбысың!
Домбыра – Ақселеудің «Сарыарқасы»,
Тар екен Сарыарқа да дүлдүл үшін…
Домбыра, қойнауың құт, қоңыр өлең,
Айдалған Жаяу Мұса сеніменен!..
Атылып Мәди сері қапылыста,
Қалғансың тар қапаста темір еден…
Жыраудың жыры сенсің – Алпамыстай,
Байшұбар қос ішекте қайтеді ұшпай?!.
Домбыра шертілмесе батырына,
Қалады Гүлбаршындай жар табыспай!
Домбыра, Бейбарыссың Мысырға асқан,
Домбыра – Әмір Темір – күшің дастан!
Домбыра – Сүйінбайдың алдаспаны,
Қалшитып Қатағанның мысын басқан!
Айтыстың домбыра – алғаш ақтангері,
Шомылған сұлу сөздің мақпал көлі!
Домбыра – бабам қиыр жатқан жері,
Домбыра – қазақ қазық қаққан жері!
Домбыра – қыпша белді, алма мойын,
Хас сұлу таранғандай талғам, ойым!
Домбыра – Тұмар әже болмысындай,
Көрсетпес жатқа бетін, жауға бойын!
Домбыра – ән жауыны, күй нөсері,
Бабадан қалған мұра сый кешегі:
Домбыра – қазағымның тақиясы,
Домбыра – қазағымның кимешегі!
Домбыра, Нұрғисасың саз дүлдүлі,
Сүйектен өтеді өткір сөз күмбірі!
Қара шал қағысында қаз қаңқылдап,
Келіншек шалысында – жаз бұлбұлы!
Домбыра – «Ақ жауыны» Секен дүрдің,
Өксігі өңешімде өтер күннің!..
Толқыны көңіліңнің көлін шайқар,
Сол мәңгі, қалғаны бос, бекер… құрбым!..
Сауырлы шанақ үні неткен асқақ,
Барады гәкку дыбыс көкке бастап!..
Кім айтты сені ағаш деп саңғырлаған,
Алашқа мәңгі айналып кеткен аспап!
Домбыра, сен жусансың бұрқыраған,
Көзімнің жасын саған іркіп алам!
Сен нарға көп ұқсайсың жүк қалдырмас,
Домбыра, сен есенде – жұртым аман!
Серінің сен көзісің, сал күлігім,
Байлығым, бақыт, ырыс, мал-мүлігім.
Домбыра, сенде жатыр бар ғұмырым,
Жүрекке жеткізе бер ән дүбірін!
Домбыра, сен – қымызсың түнемелі,
Домбыра, сен – шайырдың ұлы өлеңі!
Домбыра – сертті жанның жан серігі,
Домбыра – дертті жанның жүрек емі!
Кетемін, күйің меңдеп, еміреніп,
Кетемін, сазың тербеп, тебіреніп!
Құдайдың бізді сүйген бір куәсі,
Домбыра, бұл қазаққа сені беріп:
Таңдайға Алаш рухын тамызды азат!
Домбыра, сен жайлы айтар аңыз ғажап!
Төрімде тұрғай мәңгі төл аспабым,
Төбеме тұттым сені, Нағыз Қазақ!
БҰҚАР ЖЫРАУ
Уа, Бұқар абыз – әзірет,
Алтынторы би кенжесі боз үлек,
Самайыңда ой бүрлеп,
Сарайыңда сөз үдеп:
Қарсы қолға лап қойғанда Абылай,
Оң тізесін бастың ханның қазы боп.
Тоғыз ханмен тебінгіңді қағыстың,
Жеті ханды жебедің,
Жолбарыспен жұлыстың,
Арыстанмен алыстың,
Белім талды демедің,
Шерге айналды шеменің.
Сүйір тілдің сұғын қадап дұшпанға,
Жау алдында тасып-тасып сөйлесең,
Жаудың алапасын қашырдың!
Хан алдында асып-асып сөйлесең,
Ханның аруағын асырдың!
Батыр біткеннің сардары,
Ақын біткеннің сәруары,
Адырнасы ақ өгіздің талысы,
Азынатып жақ тартқанда
кәпірдің
Аза бойын қаза ғып.
Қос тізесін бүгілтіп,
Қос білегін жүгінтіп,
Ат үстінен аунаттың.
Хан алдында Бұқар емес бұқара,
Сөз көрігін лаулаттың,
Есесесі кеткен дұшпанға,
Еліңнің дауын даулаттың.
Көкілтаста көкірек көзің ашылып,
Әнет бабадан батиқа алдың қол жайып.
Сүйегің Қаржас сүлейден,
Сүйіндіктің сүйрігі.
Көкдауыл жырдың жүйрігі.
Тамыры түрік,
Әмірі ұлық,
Тәңірі Құдай,
Маңғыстауда пірдің соңы Бекет паң,
Арқада жырдың соңы көмекей әулие – Бұқар жырау.
Мамания мектебі
(Алаштың маңдайына сыймай кеткен бір жұлдызы Мұстақым Малдыбайұлының рухына арнаймын)
Бұл ғимарат – Алаштың алтын ұя мектебі,
Қабырғаларын заманалардың опырған суық өкпегі.
Терезелерін озбыр жүйелер қиратқан,
Едендерін қилы кезеңдер таптаған өтпелі.
Бұл ғимараттың кірпіші – Семейдің қызыл кесегі,
Діңі – Алтайдың алып қарағайлары кешегі.
Шатыры – Омбының көк қаңылтыры,
Иесі – Маман құттың Есені.
Бұл ғимараттың ішінде ойлар жоқ аласарма,
Онда қазақтың ары мен ұяты ғана бар санасарға!
Бұл ғимаратта қазақы таным ғана оқытылады,
Ұстазы – Мұстақым,
Шәкірті – Жас Алаш,
Тақырыбы – Алашорда.
Бұл ғимаратқа кірсең кеудеңді азаттық рухы кернейді,
Жүрегің – кекке,
Жүйкең – ызаға шөлдейді.
Бұл ғимаратта Алашорда үкіметі құламайды,
Бұл ғимаратта Мәди – Жасановтың қолынан өлмейді.
Бұл ғимараттың қасбетінде Алаштың туы тұрады желбіреп,
Шәкірттері шетінен білімдар, шетінен ержүрек.
Бұл ғимарат оқыса «Қазақ» пен «Айқапты» оқиды,
Айтса «Екі жиренді» айтады екі көздері мөлдіреп.
Бұл ғимаратта көз жасын ғасырлар дауылы құрғатқан,
Алаштың елесі көшіп жүреді мұң қаққан.
Бұл ғимаратқа қазір барсаңыз да Мұстақым сабақ беріп отырады,
Қазақтың азабын арқалап мың батпан.
АБАЙ
(Цикл)
Хакімнің жоғалған қолжазбасын іздеу
Абайдың қолжазбасы табылды.
Кітап сөресінің қоймасынан шықты.
Жұмыс істеуге апарып, ұмытып кетіппін…
Ол да Алланың маған жіберген сынағы шығар.
Т.Жұртбайдың парақшасынан
Алланың құтылмас құл орайынан,
Қолжазба көз жаздырды, қалай ұғам?
Жоғалған ол ма менің үстелімнен,
Жоғалған мен бе оның маңайынан.
Жоғалды алтын сөздер, күміс ойлар,
Болдым да қалдым тоты – тілі сайрар.
Төбемде ойнақтайды жатсам-тұрсам,
Жалаңдап кездік күндер, қылыш айлар.
Бүйірі дәрменсіздің – таянарым,
Қиыры дәруіштің – ой алабым.
Бейуақ қалғып кетсем біз сұққандай,
Жоғалған сөзден шошып оянамын.
Түсіндім бай пәрменін, құл шыдамын,
Бөлмеме от боп кіріп, күл шығамын.
Оянсам қаріптерге тергетіліп,
Ұйықтасам парақтарға тұншығамын.
Шырылдап шыбын жаным кеудедегі,
Аулақта кімді нұсқап, деуде нені?
Тоналған қорымдардай үңірейтіп,
Жоғалған ойлар үңгіп жеуде мені.
Басымды қауақ қылдым нұқып-нұқып,
Жасымды содан іштім жұтып-жұтып.
Жанымды тулақ қылдым сүйреп-сүйреп,
Миымды ақжем қылдым шұқып-шұқып.
Алланың құтылмас құл орайынан,
Қолжазба көз жаздырды, қалай ұғам?
Жоғалған ол ма менің үстелімнен,
Жоғалған мен бе оның маңайынан?
Хакімге жүгіну
Міскіндей қарызынан құтылмаған,
Сіз десе мылқау кісі сықылданам.
Қамшының удай тілі осты арқамды,
Ұяттың төбесінде шыпылдаған.
Бұл жұрттың қарысы бар, ұрысы бар,
Сіз десе әлі сумаң тілі шұбар.
Жалғыздың үні шықпас деген қате,
Ең зор үн — қайта соның үні шығар.
Жалпақтап мансаптыға, жылқылыға,
Ұлыңның тоқ деп келгем ұрты жүдә.
Күнбасты адам емес, сөйтсем сорлы,
Күнбағыс адам екем, құлқыныма…
Сізді әлі біз басқаша үлгі етеміз,
Ұлы айдын кімге көлшік, кімге теңіз!
«Толық адам» һақында оқып-оқып,
Семіріп бара жатыр бір көкеміз.
Алға емес шегінуде заман кері,
Сіз айтқан әлі дімкәс қоғам демі.
Мүмінге айналуым зор мехнат,
Мүсінге айналу тез одан гөрі.
Бір жұққан кетпейді екен дағы кірдің,
Мен аяқ басқан жердің бәрі құрдым.
Алысқан мыңмен жалғыз сіз мықтысыз,
Алысып өз-өзіммен әлі жүрмін.
ҚАЗАҚ ДЕП АЙТ
Тудың ба ер боп – еліңді ал саяңа,
Жеткенше әлің халықты ханша аяла.
Жұртың жайлы ұрпаққа жақсы ой қалдыр,
Ұлтың жайлы жылы сөз болса аяма!
Шындық айтса дауысы қарлықпаған,
Қазақ деп айт – бақ қуып барлықпаған.
Қазақ деп айт ежелден ет жақынын,
Жетімі мен жесірін қаңғытпаған.
Азалысын көңілқос, жыр емдеген,
Туыстықты қазаққа тіреу көрем.
Қазақ деп айт – «бармын» деп шіренбеген,
Қазақ деп айт – «жоқпын» деп тіленбеген.
Қазақ екен уақытқа көнермейтін,
Қазақ екен қызыл тіл – өнер дейтін.
Ен байтақ пен ең бай тіл иеленіп,
Айтар ойын астарлап, мәнерлейтін.
Өрнектелген өмірі ән-күйменен,
Ой-санасын тән емес, жан билеген,
Жер бетінде жалғыз ұлт қазақ шығар,
Өлімді де өлеңмен әлдилеген.
Жамандыққа аяғы сараң басар,
Біздей кім бар көршіге алаңдасар?
Тал кескенді жазалап, қазақ қана,
Мал-жан сұрап бірінші амандасар.
Танысқанда шежіре тұрса ақтарып,
Қазақ дей бер ол адам – ғұн, сақ барып.
Қаһарланса ержүрек қайсар халық,
Мейірленсе елжірек жұмсақ халық.
Біз ашпаған қазақта әлі көп сыр,
Неге тойшыл, о демек жаны көпшіл.
Қара нанды бөліп жер қанағатшыл,
Қара қылды қақ жарар әділетшіл.
Қазақтықтың осындай биігін айт,
Бөтен сөзбен былғамай түйінін айт:
«Қазақ болып туудың қызығын айт,
Қазақ болып туудың қиынын айт».
Әр қазақты барынша деме, тырыс,
Ішімізде онсыз да көп өкініш…
Аспан асты, жер үсті қазақ – жалғыз,
Сол жалғызға пана бол, тек өтініш.
ОТАН
Отан десем санамдағы ой керім,
Отан десем кеудемдегі бай кенім.
О, осынау төрт әріп сөз аманда,
Төрт құбылам, төрт тарабым сай менің.
Отан десем жанардан от лапылдар,
Отан десем жүректен жыр лақылдар.
Маңырайды өрісіне қарап мал,
Бақа да өз батпағында бақылдар.
Отан үшін небір сынға төз ірі,
Отан деген, Отан деген сөз ұлы!
Қыран дағы қиясымен айбарлы,
Жыланға да Мысыр шаһар өз іні.
Отан деген сөзде ғажап сабыр бар,
Отан деген сөзде ғажап әмір бар.
Кіндік кесіп, кір жуған бұл даланың,
Әр тасында тарих, тағдыр, тамыр бар.
Отан барда ішім-сыртым тоқ, бүтін,
Отан жоқ па, менде де онда жоқ күтім.
Туған жерге махаббаттай жоқ ыстық,
Туған үйдің түтініндей жоқ түтін.
Отан десем жайдақ су да гүрілдер,
Отан десем нуға айналар құмым, көр.
Адамға ыстық атамекен деген сөз,
«Шеңгел де өз Отанында дүрілдер».
Мирас еткен ғұн, көк түрік, сақ бабам,
Бұл мекенді оттан, оқтан сақта аман!
Аспандағы Күнді өлшейтін баға жоқ,
Отанды да өлшей алар жоқ бағам!
ҰСТАЗ
Ұстаздың бағасы артық нарқы маған,
Ұстазсыз тұтас ғалам – жарты ғалам.
Мұғалім десе менің көз алдыма,
Мұнара елестейді жарқыраған.
Мұғалім елестейді мұнарадай,
Шәкірт пен ұстаз – бейне гүл-арадай.
Сол гүлдер солмаса екен мәңгі жасыл,
Сол биік еңкеймегей, құламағай.
О, ұстаз, саған менің көп қарызым,
Санамда сайрап жатыр тақталы ізің.
Артында тұрғаны анық бір мұғалім,
Саңқылдап сөз бастаса топта абызың!
Қолыма ұстатқандай жез қармақты,
Қаламды сендік тәсіл тез қарматты.
Жазғанмын сен ұстатқан сол қаламмен,
Ең алғаш Ана деген сөзді ардақты.
Шәкірті озса ұстаздың жанған бағы,
Өзіңмен терең, биік талғам мәні.
Таныдым қаріппенен сен үйреткен,
Тарихын бабалардың балбалдағы.
Ұстаздың жүрегі аппақ – асыл бесік,
Сен десе қос құшағым ашылды есік.
Қосумен сен үйреткен мектептегі,
Келемін адамзаттың басын қосып.
Сен биік тұрған жерде төмен жүрдім,
Сен берген білімменен көгерді үлгім.
Көк байрақ Туым барын сенен білдім,
Кең байтақ Жерім барын сенен білдім.
Жетелер бұйдагерсің парасатқа,
Бағбансың қай жағыңнан қарасақ та.
Қисық жол дәптерімде сайрап жатыр,
Түзу жол – сен көрсеткен болашаққа!
Жаныма қуат құяр жансың медет,
Түнекте адастырмас шамсың керек.
Үйреттің «қол көтер» деп сабақ айтсаң,
Үйреттің «қол көтерме әлсізге» деп.
Сен айтқан әрбір ақыл бағыт-үлгі,
Түсермін сынға талай әлі түрлі.
Жаныған сенсің алғаш жігерімді,
Таныған сенсің алғаш шабытымды.
Айтқансың біліп өс деп жұрт қадірін,
Өтімді болар сонда сыртқа да үнің.
Айтқансың тірек бол деп туғаныңа,
Айтқансың адал бол деп ұлтқа, күнім.
Бөлеген адамзатты арайына,
Мұнара – ұстаз шуақ маңайына.
Қолыңнан бор-бор болған жұқты ма екен,
Боз қырау түсіпті ерте самайыңа…
Тұлғаңды асқақ, биік елден дара,
Меніңше аласартар менмен ғана.
О, ұстаз, мен көремін мәңгі сені,
Мағжан отырғызған төрден ғана!
ТУ
Намысын таптатпаған текті елім ең,
Кеудеңді көрінгенге етпе кілем!
Туыңды ту-талақай қылғызба, Алаш,
Туғаның рас болса көк бөріден!
Бұл туда бүкіл менің шер-шеменім,
Бұл көк Ту — байтақ далам, еңселі елім!
Бұл көк Ту жай ғана көк мата емес,
Ол – менмін, ол – Алты Алаш, ол – сен едің!
Отанға деген сезім нәзік неткен,
Отансыз олжа алмаппын озып көптен.
Көк Туда менің бүкіл тарихым бар,
Бабалар көк семсермен жазып кеткен!
Дұшпанның сезілсе анық жан қастығы,
Қылышты суыр қыннан алмас қыры!
Көк туда Көк түріктің киесі бар,
Қорлаған оны адамның оңбас түбі.
Өлшенер өр рухымен тектілігі,
Қазақты құлатпас құл жоқ түбірі.
Туралып кетсін менің сом жүрегім,
Туымның шайқалғанша бек тұғыры!
Сезіліп тұрсын десең көпке айбарың,
Қылышқа жаны үнемі кек қайрағын!
Ту алып атына қон ар-намыстың,
Тулақ боп кетпеу үшін көк байрағың!