[:kk]Идея бар, нәтиже жоқ. Не істеу керек?[:]

[:kk]Тәуелсіздік алғанда қазақ тілінің қызмет аясын кеңейтеміз, кеңес заманында кеткен кемшіліктің орнын толтырамыз, дамымай қалған салаларын дамытамыз деп қуандық. Мемлекеттік тілге қамқорлық керек деп қаражат бөліп, орыстанып кеткен лексикалық қорымызды қазақшалаймыз, әсіресе ұлттық терминологияны жүйелейміз, жасаймыз деген идея көтерілді.

Идея жақсы еді. Көптеген орыс сөзі, орыс тілі термині, тіпті халықаралық қолданыстағы орыстанған сөздер де қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінің терминжасамы қалпына келіп, жүйленуге бағыт ала бастап еді. Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. Қырауар сөздіктер шықты. Бірақ артынан айтыс-тартыс басталды да, әркім өз терминін енгізуге тырысып, басталған жұмыс ырду-дырду болып, аяқсыз қалды. Мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаражат желге ұшты. Тіл дамымады, қолданыс аясы кеңімеді. Тіпті сол 90-жылдардағы қарқыны кеміп, баяғы таз қалпына қайта түсті. Идея болғанмен нәтиже болмады. Енді не істеу керек?

Қазақ халқының санасын ояту қажет, құлдық санадан арылу керек, бұрынғы ата-бабамыздың жолына түсеміз деп рухани жаңғыру идеясы басталды. Бұл идея ә дегеннен  жалпыхалықтық сипат алып, қолдау тауып, қарқын ала бастады. Әсіресе рухани жаңғырудың тілден басталатыны қатты қуантты. Орыстанып кеткен фонетикалық жүйемізді қайта қалпына келтіру үшін кірме дыбыстардан құтылып, төл дыбыстарымыздан тұратын әліпби жасаймыз деп талпындық. Оның да басы жақсы басталды да, артының берекесі кетті, айтыс-тартысқа ұласты. Енді мене, әркім бір әліпби ұсынып, түкке тұрмайтын әліпбиді талқылап, басымзды тасқа соғып жүрміз. Жаңғыру қаңғыруға айналып барады. Идея жақсы, нәтиже қайда? Енді не істеу керек?

Біріншіден, осы жақсы басталған істерді аяқсыз қалдыратын факторларды (жауды) анықтауымыз керек. Факторды тапсақ, нәтиже де болады.

Екіншіден, қазақ тілі ұлт ретінде сақталуымыздың, мемлекет болып дамуымыздың негізгі тірегі екенін санамызға сіңіру керек. Мемлекеттік  тілді білуді мендеттеп, қазақ тілін білмейтін адамды жұмысқа алмау керек.

Үшіншіден, қазақ тілінің дамуын жоспарлайтын, жүзеге асыратын  ғылыми орталық (академия немесе ҚР Призиденті жанындағы ғылыми кеңес) құрып, оның мәртебесін заңмен бекіту керек. Ол тек халыққа және Президентке ғана есеп беруі тиіс. Оның жұмысы ашық болып, нәтижесі бақыланып, жауапкершілігі сұралуы керек.

Мүмкін сонда тіл дамытуды саналы түрде қолға алатын боламыз.  Сонда біз қазақ тілінің даму нәтижесін және оған бөлінген қаражатты нақты біреуден сұрай алатын боламыз. Сонда ғана жағымсыз факторлардың алдын аламыз.

Төртіншіден, әліпби бұл көпшілік болып  дауысқа салып шешетін мәселе емес. Шымшық сойса да қасапшы сойсын деген тәмсілмен мұны нақты мамандарға (фонетист, морфолог, педагог, IT-информатик) беру керек.  Олай болмаған күнде бұл қазақ тілін дамытпау үшін, жап-жақсы басталған әліпби жасау жобасын тас-талқан етуге арналған  шара болып саналады. Мұндай талқылаудан ешнәрсе өнбейді. Мәселені сағызша созып, алға жылжымай отыра береміз. Ал ол кімге керек. Ол қазақ тілінің жауларына керек!

Мен тіл маманы ретінде осы ұсынылған жобаларға байланысты мынадай ұсыныс айтамын:

1.Біз қай тілдің әліпбиін жасап жатырмыз деген мәселенің басы ашылуы керек. Егер қазақ тілінің әліпбиі болса, онда ешкімге жалтақтамай тек қазақ тілі дыбыстарын белгілейтін әліпби жасауымыз керек. Түпнұсқа тілдегі сөздерді жазу үшін ана дыбысты алайық, мына дыбысты алайық деген құлдық психологиядан айырылуымыз керек. Әрбір тіл өз тұтынушылары үшін түпнұсқа тіл болып табылады. Бір тіл немесе бір тілдің сөзі екінші тілге түпнұсқа бола алмайды. Барлық тіл бір-бірімен тең. Өзгені түпнұсқа етіп жүген  қазақ тілі  емес, сол тілдің құлдық психологиядағы сөйлеушілері. Сондықтан қазір қазақ тілін емес, оның орыстанып кеткен әліпбимен бірге құлдық қамытын әлі шешпегендерді де қоса құтқару керек.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ бір тілден екінші тілге сөз  ауысқанымен, дыбыс ауыспайтынын көреміз. Бір тіл екінші тілдің сөзін өз дыбысымен жазады. Ағылшын француз тілінің сөзін жазу үшін француз дыбысын алмайды, ағылшын сөзін неміс өз дыбысымен жазады, орыс қазақтың «Қазақстан», «әкім», «мәжіліс» деген сөздерін жазу үшін қазақ тіліндегі «Ә», «І», «Қ» дыбыстарын ала ма? Алмайтынына көзіміз жетіп отырып, олардың дыбысын біз неге алуымыз керек.

2.«Ы» және «І» дыбыстары бір таңбамен (I – ы,  i- і болып) берілуі керек. Өйткені барлық өзге дауыстылар пар-парымен бір таңбамен белгіленіп тұрғанда, бұларды неге жетімсіретеміз.

3.«И» мен «У» дыбыстарының дауысты не дауыссыз болу мәселесі шешілуі тиіс.

4.«У» дыбысы «W» таңбасымен берілуі керек.

5, «Й» дыбысы «Y» таңбасымен берілуі керек.

6, Әліпбиден «Х», «Һ», «В» дыбыстарын алып тастау керек. Меніңше, «Х», «Һ» дыбыстарын қазақтың «Қ» дыбысы игере алады. Сондай-ақ «В» дыбысын қазақтың «У» дыбысы игереді. Бұлардың игерілуін емле ережесі арқылы реттеуге болады.

Сонда әліпбидегі әріп саны – 29 болады. Кірме «Ә «және «Ф» дыбыстары барлық түркі тілдеріне, соның ішінде біздің тілімізге арап-парсы тілінен дініміз арқылы сіңгендіктен олар «адал» дыбыс ретінде жатырқамай алуымызға болтын сияқты.

Жалпы, әліпбиді жалпыхалықтық болып талқылау дегенді меніңше, былайша жүргізу керек сияқты. Жоғарыда айтқанымыздай, осы әліпби мәселесімен шынымен айналысып жүрген тіл мамандарын жинап (15 пе, 20 ма, мүмкін отыз адам болар), екі-үш күн талқылау өткізу керек, оны елдің барлық бұхаралық ақпарат құралдары тікелей эфир арқылы жұртшылыққа таратып отыруы қажет. Сонда кімнің не айтқаны, қандай нұсқа ұсынғаны, дәлелдемелері, негіздемелері анық көрініп, жауапкершіліктері айқындалады. Міне, осындай талқылау ұлтқа керек әліпби жобасын жасайды.[:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp