[:kk]Қазақстан мен Қытай арасында мəдени-гуманитарлық байланыс нығаяды[:]

[:kk]

Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комитеттің мəдени-гуманитарлық əріптестік бойынша кіші комитетінің XIV отырысы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды Alash24.kz.

Қазақстан делегациясы тарапынан Мəдениет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов бастаған Министрлік өкілдері, Сыртқы істер министрлігі Азия және Тынық мұхиты өңірі департаменті Қытай Халық Республикасы басқармасының жетекшісі Алмас Сейтақынов, Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) Ақпарат комитетінің төрағасы Лəззат Сүйіндік, АҚДМ Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Қайрат Баймолдинов, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігіндегі үшінші хатшы Қымбат Қабашева, ал Қытай делегациясынан ҚХР Мəдениет жəне туризм вице-министрі Чжан Сюй бастаған Министрлік өкілдері қатысты.

Қатысушы тараптар өткен жылы 3 қарашада Бейжіңде өткен мəдени-гуманитарлық əріптестік бойынша кіші комитеттің XIII отырысында қабылданған шешімдердің орындалуын, мəдениет, өнер, білім беру, ғылым, радио, кино, телевизия, баспа ісі, архив ісі, жастар саясаты, туризм, мəдени мұраларды қорғау, сақтау, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында мəдениет және туризм саласындағы əріптестік пен кіші комитеттің XV отырысын ұйымдастыру жайлы талқылады.

Екі тарап бір-бірін өткен жылғы отырыста қабылданған шешімдер Хаттамасының орындалу барысымен таныстырып, жүзеге асу қарқынын жоғары бағалады.

Əріптестікті жандандыру жайлы пікір алмасқан делегаттар 2015 жылы 31 тамызда Бейжіңде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы мəдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жайлы қол қойылған келісімді негізге ала отырып, халықтар достығын нығайтуды, түрлі мəдени байланысты арттыруға атсалысатын болып келісті.

Нұрғиса Дəуешов екі мемлекет арасындағы байланыстың тамыры тереңде жатқанын, сан саладағы қарым қатынас қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

«Өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми іс-сапары аясында бірқатар келісімге қол қойылып, əріптестікке серпін берген еді. Мəдени-гуманитарлық байланыс əрқашан халықтар достығын нығайтатын негізгі күш екені мəлім. Кейінгі жылдары қазақ тілі, мəдениеті мен тарихына қытай азаматтарының қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады.

Биыл 25 қарашада ұлы ақын, əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының елшілігінде «Абай мұрасы» залының ашылуы өтті. Келушілер залдан хакім мұрасы жайлы толық мәлімет алып, қытай тіліне аударылған шығармаларымен таныса алады. Осы орайда Мемлекет басшысының Қаулысымен Абай мұрасын насихаттауға үлес қосқаны үшін қос қытай азаматы ҚХР аудармашылар ассоциациясының мүшесі Ха Хуанчжан мен жазушы Акбар Мəжит II дəрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Ал 2017 жылы 8 маусымда ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары кезінде екі ел арасындағы кинематография саласында əріптестікке қол қойылған. Аталған келісім шарт аясында «Композитор» фильмі көрерменге жол тартты.

Мəдени-гуманитарлық əріптестік бойынша кіші комитет екі жақты əріптестікті жаңа деңгейге шығаратын бірлескен механизм. Қазіргі коронавирус пандемиясына байланысты кезеңде тəжірибе алмасу арқылы жұмысымызды тиімді жалғастыра береміз деп сенемін»,-деді Нұрғиса Дəуешов.

Отырыс кезінде тараптар туризм саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.

Қытай Қазақстанның туризм саласын дамыту бойынша негізгі серіктесінің бірі. Бүгінде туристерді қызықтыру үшін тартымды ұсыныс жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар Нұрғиса Дəуешов туризм саласындағы уәкілетті органдардың құрылымдық қайта құрылуын және екі елдің визалық және көші-қон саясатын дәйекті ырықтандыруды атап өтіп, кейбір ережелерді өзектендіру және топтық туристік визаларды тепе-тең негізде ресімдеу тетігін жетілдіру мақсатында қытай тарапынан 2015 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Туризм істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы Қытай азаматтарының Қазақстан Республикасына топтық туристік сапарларын жеңілдету туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға тиісті түзетулер енгізу мәселесін қарауды сұрады.

Өз кезегінде Қытай тарапы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан айтарлықтай жетістіктерді, оның ішінде өзара туристік ағындардың өсуін атап өтіп, ҚР-ның енгізген ұсыныстарын қарауға келісті.

[:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp