[:kk]Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Германияның Мюнхен қаласына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebbok парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Берік Уәлидің мәліметінше, президент Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында өтетін панельдік пікірталасқа қатысады.
Сонымен қатар ел басшысы әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың, Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.
Конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, “Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме” тақырыбында сөз сөйлейді.
Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысу үшін 40-қа жуық мемлекет басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар барады.
Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялар проблемаларын, Таяу Шығыстағы ахуалды, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлерін, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегін, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлерін, жалған ақпаратпен күрес және басқа да мәселелерді талқылайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының 14-16 ақпан аралығында Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Мюнхен қаласына жұмыс сапарымен баратынын хабарлаған едік.
[:]