Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов МӘМС қорының бизнес-процестерін трансформациялауды жеделдету қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
«Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау жүйесінің негізгі буыны саналады.
Бірақ Қордың бизнес-процестерін жаңғырту баяу жүріп жатыр. Әсіресе жоспарлау, төлем жүргізу және сатып алу бөлігінде ұзаққа созылып кетті.Сондықтан Қор жұмысты барынша жандандыруы қажет. Медициналық көмекті қолжетімді, тұрақты әрі азаматтардың талаптарына сай ету үшін денсаулық сақтау жүйесінде үйлесімді және шұғыл шаралар қабылдануы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр тапсырмасы:
«Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін Қордың бизнес-процестерін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмыстарын аяқтасын.
Сондай-ақ азаматтар мен медициналық ұйымдар үшін ыңғайлы сервистерді енгізе отырып, цифрлық платформаны толықтай қайта қараған жөн».