Елімізде тазы және төбет күнін мерекелеу ұсынылды. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында бұйрық жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізді. Оған сәйкес, 3 қыркүйек – қазақы ит тұқымдарының күні атап өту ұсынылып отыр.
– Қазақ ит тұқымдары күнін белгілеу қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасына, тарихы мен дәстүрлеріне деген қызығушылықты арттыруда маңызды қадам бола алады. Бұл күнге арналған іс-шаралар этнография мен Қазақстан мәдениетіне қызығушылық танытатын туристердің назарын аударар еді. Сонымен қатар, кинология және оған жақын салалардың дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға және салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді, бұл экономикалық өсу мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал етеді, – делінген бұйрықта.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі. Аталған жоба 17 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.