Премьер-Министр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өнеркәсіптік бірқатар кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысып, олардың мысалында отандық бизнесті қолдау шараларының тиімділігін және Жолдауда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды РrimeМinister.kz сайты.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика саласы мен АӨК назарға алынды.
Олжас Бектенов Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын жылына 430 мың тоннаға дейін: темір жол рельстері мен пішінді илек өнімдерінің кең номенклатурасы мен арнайы профильдер және басқа да өнімдер шығарады. Зауытта рельстерді термоберіктеудің жоғары сапасын қамтамасыз ететін инновациялық технология қолданылады. Өндірілген өнім еліміздің темір жол құрылысында пайдаланылады, сондай-ақ Түркия, ТМД елдері, Эстония, Латвияға экспортталады.
Мұнда Ақтөбе облысындағы өнеркәсіптің дамуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Жалпы, биылғы 8 айда өңірдің өнеркәсіп көлемі 6,9%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеге дейін; өңдеу өнеркәсібі – 15%-ға, 699,2 млрд теңгеге дейін өсті. Өңірлік пулға бүгінде ТКМ, құрылыс индустриясы, энергетика, мұнай-газ химиясы сияқты және басқа да салаларда құны 3,9 трлн теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба кіреді. Оларды іске қосу 15 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Олжас Бектенов отандық кәсіпорындарды қолдау – Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті. Қолдау шаралары көрсетіледі, сонымен бірге импортты алмастыруға әсер ететін сапалы әрі қолжетімді тауарлар түріндегі нәтижелер қажет.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытын аралау кезінде Премьер-Министр өндіріс барысымен танысты. Жобалық қуаты жылына 740 мың тоннадан асатын зауытта қож өңдеу цехы, тау-кен байыту және басқа да қосалқы нысандар жұмыс істейді. Өндірілетін феррохром, ферросилиций және басқа қорытпалар аса берік болат өндіруде, шойынды легирлеуде, сондай-ақ металлургияның басқа да бағыттарында пайдаланылады. Зауытта 4060 жұмыс орны ашылды. Көлемді одан әрі ұлғайту мақсатында балқыту пештерінің қуаты 300 мыңнан 700 мың тоннаға дейін арттырылды.
Олжас Бектенов инновациялық технологияларды енгізудің маңызды екенін атап өтті, бұл жоғары деңгейде өңделген өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық бизнеске қажетті қолдау көрсетілуде. Алып кәсіпорындардың өндіріс көлемінің өсуі өз кезегінде аралас салалардың дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, адамдардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға серпін береді.
«Акватория-Ақтөбе» ЖШС өндірістік алаңдарын аралау кезінде ТКШ саласын сапалы жаңарту шараларына назар аударылды. Мұнда кәріз-сорғы стансалары, автоматтандырылған жылу пункттері, блок-модульдік қазандықтар, энергетикалық ресурстар мен сумен жабдықтауды есепке алу жүйелері жасалады. Кәсіпорынға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдігі бар қарыз түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді, бүгінде мұнда 100-ге жуық маман жұмыс істейді. Олжас Бектенов нарық сұраныстарына баса назар аудара отырып, шығарылатын тауарлар желісін одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді тапсырған болатын, осыған байланысты мұндай отандық кәсіпорындар Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру үшін аса маңызды.
Сондай-ақ Ақтөбеде «Dina Market» ЖШС сауда-логистикалық орталығына барды. Кәсіпорынға мемлекет тарапынан 1 млрд теңгеден астам сомаға кредит мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау көрсетілді. 130 адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Бұл еліміздің батысындағы барлық инфрақұрылыммен жабдықталған алғашқы «А» класты сату қоймасы. Нысанның тауарларды тиеу және түсіру үшін пайдаланылатын жеке теміржол желісі бар. Логистикалық орталықтың қуаты 70 мың тонна жүкті құрайды.
СЛО алаңын тексеру барысында Премьер-Министр өсіп келе жатқан қажеттілікті ескере отырып, өңірдің логистикалық әлеуетін одан әрі дамытуға назар аударды. Қытай бағытындағы автомобиль тасымалы жыл сайын 2 еседен астам өсім көрсетіп отырғаны, контейнерлік тасымалдар 2011 жылғы 1 мың ЖФБ-дан (жиырма футтық баламасы) 2023 жылы 1 млн ЖФБ-ға дейін өскені атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын дамытудың стратегиялық басымдығын атап өтті. Біз өзімізді «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарындағы ағындарды қамтамасыз ететін Еуразия орталығындағы көлік хабы ретінде дамытып келеміз. Халықаралық жүк ағындарына қосылу арқылы біз өз аумағымызда жүктерді өңдеуді қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін тиісті терминалдық қуаттар құрылуы тиіс. Қолданыстағы сауда-логистикалық кешендерді кеңейтуді және іске қосуды жандандыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Ақтөбе облысындағы «Айс-плюс» ЖШС-ға барып, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен танысты. Кәсіпорынның тауарлы-сүт фермасы секілді өзіндік шикізат базасы бар. Жыл сайын өңірде және одан тыс жерлерде сұранысқа ие 40 мың тоннадан астам сүт өнімдері шығарылады. Өндірісте 400-ден астам адам еңбек етеді.
«Айс-плюс» ЖШС басшысы Қуаныш Ищанов өздеріндегі шикізат көлемін ұлғайту үшін ферманы 1,6 мың басқа кеңейту жоспарлары туралы хабарлады. Ол үшін кәсіпкер жеңілдігі бар несие түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды жоспарлап отыр.
«Отандық сүт өнімдерімен толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшу – Президенттің тапсырмасы. Оны іске асыру үшін бізде қажетті шикізат, ресурстар, кадрлар, технологиялар барлығы бар. Үкімет тауарлы-сүт фермаларын іске қосуды белсенді қолдайды және ынталандырады. Инвестициялық салымдар, аналық мал басын сатып алу, сүт өндіру құнын арзандату, сондай-ақ жемшөп сатып алу шығындары субсидияланады. Мұндай жобалар бірден екі негізгі мәселені шешуі тиіс – елімізді сапалы және арзан отандық өніммен қамтамасыз ету және ауылдық жерлердің тұрғындары үшін жыл бойы жұмыс орындарын құру», — деп атап өтті Премьер-Министр.