Ағымдағы жылдың 5 тамызында әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы әскерлерді жайластыру бас басқармасының, «Әскери Құрылыс» АҚ лауазымды тұлғаларына, авторлық, техникалық қадағалау өкілдеріне және басқа да тұлғаларға қатысты үкім шығарды, деп мәлімдейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Агенттіктің берген ақпаратына сәйкес,«Әскери Құрылыс» АҚ бұрынғы вице-президенті А.Темірбаев, АҚ-нің учаске бастығы Т. Кабултаев, компания басшысы Е. Ибрагимова, Авторлық және техникалық қадағалау өкілдері А. Дощанов және Д. Шайпранов, Қосалқы мердігерлік ұйымның басшысы Г. Газезов және оның сенімді адамы А. Омаров Алматы облысы Сарыөзек гарнизонының әскери қалашығында кәріз-тазарту құрылыстарын күрделі жөндеуге бөлінген 491,6 млн теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
“Олар мүлкін тәркілеумен және мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметпен айналысуға 7 жыл мерзімге тыйым салумен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
ӘЖББ бастығының бірінші орынбасары Б. Әбдірахманов, күрделі құрылыс басқармасының бастығы Қ. Онлабаев және осы басқарманың офицері Б. Лесбаев немқұрайлылық үшін кінәлі деп танылды.
Үкім заңды күшіне енді” – делінген баспасөз хабарламасында.