Ұлттық құрама боксшысы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының жартылай финалында Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы қытайлық У Юдан жеңіліп қалды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қазақстандық боксшыны рингте көрсеткен тамаша жекпе-жегімен және Олимпия ойындарының қола жүлдесімен шын жүректен құттықтаймын! Жекпе-жекте төрешілер Назымның қолын көтермесе де, отандасымыз шаршы алаңда жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Рингте өз шеберлігін, жеңіске деген ерік-жігерін көрсете білді. Қазақстан бокс әлеміндегі ең үздік құрамалардың бірі екенін дәлелдеді. Бұл жүлдеде жаттықтырушылардың да еңбегі зор. Осылайша, Қазақстан қоржыны тағы бір медальмен толығып отыр. Біз спортшыларымызбен мақтанамыз. Тек алға!», – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.