Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
ҰЭМ басшысы атап өткендей, аталған құжатта «Институтта жұмыс атқаратын Қазақстан Республикасының азаматтары өздеріне төленетін айлық төлемдері мен сыйақыларына салық салудан босатылмайды» деген ескертпе көзделген.
«Институт 11 елдің, 7 халықаралық ұйымның қатысуымен құрылды және Бішкек қаласында өткен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 13-ші Министрлік конференциясының шешімі негізінде 2015 жылдың 15 наурызында ресми түрде ашылды. Ұйымның бас кеңсесін Қытай Халық Республикасында орналастыру туралы шешімді қатысушы елдер дауыс беру тәсілімен шығарған болатын. Оған басты себеп – ҚХР кеңсені өтеусіз негізде беріп, оның жұмысына қаржылай үлес қосты», – деп нақтылады министр.
Қазақстан өткен жылдың 21 ақпанында Институтты құру туралы келісімге қол қойып, байқаушы мәртебесіне ие болды. Аталған Келісім ратификацияланғаннан кейін Қазақстан Институттың толыққанды мүшесі болады.
Мүшелік жарнаны төлеу-төлемеу – Қазақстанның өз еркінде қалады. Бұл елдің дауыс беру құқығына әсер етпейді. Өйткені, Ұйымның Басқарушы кеңесі барлық шешімдерді мүше елдердің консенсусы негізінде қабылдайды. Сонымен қатар, Институтқа мүше ел депозитарийге жазбаша хабарлама табыстау арқылы Ұйым құрамынан кез-келген уақытта шыға алады.
Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының бағыттары:
- Экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
- Сауда
- Туризм және экономикалық байланыстар
- Инфрақұрылымды дамыту
- Ауыл шаруашылығы және су ресурстары
- Адами капиталды дамыту
Заң жобасы қабылданған жағдайда, Қазақстан Институттың толыққанды мүшесі бола алады және келесі мүмкіндіктерге ие болады: Институттың білім базасына қолжетімділік пайда болады, Институт қазақстандық зерттеу жобаларды қаржыландырады, Институттың ҚР-да филиалын құру мүмкіндігі пайда болады. Бұл жергілікті ғылыми әлеует деңгейін арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және бизнес-туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
«Келісімді ратификациялау теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық салдарға әкелмейді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді», — деп қорытындылады ведомство басшысы.