ҰЛТ ҚАСІРЕТІ

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Филофия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің кафедра меңгерушісі

Қазақтың тарихындағы кез – келген оқиғаға үңілсек, оның арғы жағында елдің тағдырына қатысты мәселе тұрады. Ел тағдырына қатысты мәселенің қай заманда болмасын ең өткір әрі өзекті екені мәлім. Ұлттық мүддеге қатысты мәселелердің барлығы осыдан туындап отырған. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты салдарынан тұтанған ұлттың азаттығы жолындағы күрестер сөзімізге дәлел. Ұлт мүддесі бәрінен де жоғары тұрғандықтан  қызылдар билігі тұсында да озбырлыққа қарсы күрестер көп болды. Себебі жат билік қазақ қоғамында көнеден қалыптасқан дәстүрлі мәдени игіліктерді, қоғамның ішкі құрылымын күштеп, қасақана және әділетсіз түрде өзгертуге күш салды.  Бұны патшаның отарлау саясаты дендеп тұрған тұста қазақ даласында болған шетелдің тарихшылары да жазып кеткен. Поляк жазушысы Адольф Янушкевич «Қазақ даласына сапар туралы» жазбаларында сырттан қасақана жүргізіліп отырған саясаттың жергілікті халықтың өміріне қалай кері әсер етіп отырғанын айтып кеткен еді. Халықтың өміріне қысым көрсетіп отырған патша шенеуініктерінің әрекетін: «Малдың шын басын өтірік өзі жасырып жазарына да ол пара алуды әдетке айналдырған. Қазақтардың көзінше мал басын басқаша көрсетіп, адал қызмет жасап  жүрген адам болып көрініп, парасын білдіртпеу үшін  ол орталыққа келгенде басқаша деректер беретін. Ал аса бір мәртебелі сол қонақтарды сыйлап, қызмет көрсету үшін  қаншама шығын кетеді десеңізші…

Қит етсе болғаны ол қазақтың басына қамшы үйіріп, зәре құтын қашырған. Тіпті, ол қамшысын қарапайым қазаққа ғана емес, болыстар мен старшиналардың бастарына үйірген. Дәл осындай шенеуніктердің бірі тіпті «қамшы майор» деген атқа ие болған» (212-б. Адольф Янушкевич Қазақ даласына сапар туралы жазбалар. Астана: Аударма, 2003. – 264 б.),-деп көрсеткен-ді. Осындай озбырлық (патша билігі өкілдерінің-автор) әрекеттер елдің наразылығын туындатқан. Отаршылардың түрлі сорақы қылықтары, отарлау шараларына деген наразылық, ашу, ыза ақыр соңында ұлттық көтерілістерге айналып, адам шығыны көп болып, мал басы кемігендігі де белгілі.

Кеңестер билігі адам айтқысыз қасіретімен де белгілі. 1931-1933 жж. ашаршылықтың орын алу себебін табиғатпен ұштастыру қате. Ежелден бері осы табиғи ортада өмір сүріп келе жатқан халық үшін шаруашылықты сақтау қиын емес екендігі де белгілі. Ал, қазақ қоғамына сырттан қасақана жүргізіліп отырған жат саясат (үсті-үстіне қолдан ұйымдастырылған мал санағы, патша үкіметінің соғысқа деп немесе басқа да желеулермен күштеп халықтан мал жинап отыруы, кеңес үкіметі құрылысымен ақ ұлт зиялыларына, соның ішінде байлар мен діни тұлғаларға жасалған қысым түрлері, әсіресе «тап күресі», байларды (байлардың малын) қолдан жою шаралары, әділетсіздікке қарсы орын алған көтерілістердің елді шығынға ұшыратуы, оның елдің тұрмысына кері әсер етуі және т.б.) ақыр соңында ашаршылыққа әкелді. Мыңдаған жылдар бойы сол жерде өмір сүріп келе жатқан ұлттың болмысы да оның табиғатымен тығыз байланысты болатынын ескерсек, табиғат жағдайы белгілі бір тұрмыс шеңберінде шаруашылық түрлерінің қалыптасуына ықпал етіп отырады. Жерді иелену, дұрыс пайдалану және оны қорғауда да ұлттың өзіндік санасы мен тәжірибелерінің қалыптасып отыратындығы белгілі. Қазақта «түстен кейінгі өмірің болса, түске дейін мал жина» деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаған. Табиғатпен етене араласып өмір сүріп келе жатқан қоғамда өмірге, табиғаттың қатал мінезіне қамсыз отыру болмағандығын көреміз. Сондықтан да ашаршылықтың себебін табиғатта орын алатын қуаңшылықпен ұштастырудың қате екені белгілі. Ата – бабаларымыз ұрпағының қамын  ойлағандықтан да көшпелі тұрмыста болды. Байыппен зерделесек, 1905 жылы патша билігіне қазақ халқының атынан жазылған петициядан да қазақ қоғамын тығырыққа тірейтін мәселелердің орын алғанын байқаймыз. Мұндай саясаттың түбінде елді үлкен шығынға ұшырататынын қазақ зиялылары күні бұрын ескерткен.

Патша заманында орын алған саясаттағы әділетсіздік елдің тұрмысын, ата-баба тәжірибесінің пайдасын жоққа шығару, кемсітуден де көрінді десек, бұның арғы жағында үлкен саясаттың болғандығын зерделеу қажет. «Түркістандықтарды, халықтың барлық жіктерін өз қол астына бірлестірген патшалық Ресейдің жалпы саясатын айтпағанда – деп жазады Мұстафа Шоқай «1916 жылғы ұлт азаттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» атты мақаласында, – түркістандықтарды майданға қара жұмысқа шақырған бұйрықтың өзі ұлттың табиғатына, рухына жат еді. 1916.ҮІ.25 күні шыққан Патша жарлығы түркістандықтарды тапқа бөліп жатпай-ақ, майдан жұмысына шақырды. Осы алапат барлық түркістандықтарға бірдей төніп еді…

Ресейде барлық құқықтарынан айрылып, мүлде құқықсыз қалған орыс мұжығы Түркістанға келген соң қожайын болып шыға келуші еді. Олардың заты, малы жоғалса, бізді жауапқа тартатын еді. Атамекеніміздің ең шұрайлы жерлері соларға тартып әперілетін. 1916-шы жылғы «төңкерістің ұрығы» патшалық Ресейдің осы мұжық саясаты нәтижесінде өсіп-өнген еді» (217-б. Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар. – Т. 1. – 1998. – 512 бет). Сырттан жүргізіліп отырған саясаттың салдарынан әділетсіздік орын алса, кез – келген уақытта оған қарсы күрестің де туындайтындығын білген. Себебі, ұлт зиялылары үшін, қарпайым адам үшін де елдің мүддесі, тәуелсіздік қымбат. Адам еркіндігі ұлт еркіндігінен шығады. Елдің көркеюі ұлт еркіндігіне қатысты. Ал, кейбір патша генералдары үшін соғысқа барғаннан қолында қаруы жоқ (болса да қарапайым) қазақ көтерілісшілері мен олардың ауылдарын жаншып отыру тиімді әрі пайдалы көрінген. Міржақып Дулатовтың жазуы бойынша, «Абақтыдағы отырған азаматтар (Торғай қаласындағы – С.Ү.) ол кезде жігіт беру жағында болатын, ел қарсылық қылса, әскер шығып ойран қылады деп қорқатын. Әскербасылар бұған қарамай, «сары орыстың бәрі орыс» дегендей, қазақтың бәрі қазақ деп есептеген. Жоғары орындарға қазақ арасындағы көтерілісті  аса қатерлі етіп көрсеткен. Шынында көтеріліс қару-жарағы сай үкімет әскеріне қарсы тұрарлық емес еді. Мұны өздері де білетін, неміс пен екі арадағы соғыстың қызу кезі, қазақ арасы тыныш болса, бұл әскер соғыс майданына  кетуге тиіс. Сондықтан қазақтың көтерілісін күшті қылып көрсетіп, өздері елде қалып, қауіпсіз жерде жата бергісі келген» (218-б. Дулатұлы М. Алты томдық шығармалар жинағы. 3- том / Құраст.: Г.Дулатова, С. Иманбаева. – Алматы: Мектеп, 2013. – 400 б.)

Ұлттың мүддесіне қарсы түрлі құйтырқы саясатты жүргізу арқылы халықтың тоз-тозын шығарып, түрлі көтерілістердің орын алуына себепкер болу, ашаршылыққа итермелеудің негізінде де саясат жатуы мүмкін. Соғыстан және аштықтан күйзелген елде әуелі жан қайғы болады. Өкінішке орай, ұрпақ үшін халықты бұндай азапты күйге түсірудің ұмытылмайтын қасірет, үлкен қиянат екендігі ескерілмеді.

Мал-мүлкі тәркіленген қазақтың байлары мен діни адамдарының аштықтан халықты барынша аман алып қалу үшін кеңес өкіметінің қоймаларына адам жұмсап, қолға түскен астықты аш адамдарға таратқаны жөнінде де деректер көптеп кездесуде. Олар осындай әрекетке амалсыздан барған еді. Кеңес өкіметі оларды «бандит», «бандалық топ» құрды деген айыппен соттап, жер аударған. Бір сөзбен айтқанда саяси қуғын-сүргін құрбаны қылған. 1934 жылы Ақтөбеде ОГПУ-дың жабық түрде өткізген отырысының хаттамаларында мынадай деректер кездеседі. Мәселен, 1930 жылдардағы ашаршылықта қазіргі Қостанай облысының Батпаққара ауданы ауылдарында колхоздағы ауылсовет өкілдері мен қойма меңгерушілері кейбір ауыл адамдарымен бірігіп аштарға жасырын түрде көмектесіп тары бергені үшін айыпталған. Олардың қатарында: Абдрахманов Құнанбай, Ерғалиев Жармағанбет, Алмағанбетов Мұсағали, Тоқболатов, Нұрмағанбетов Омар, Ерғалиев Қабыланбек, Ғалиев Сейітбек, Қызбергенов, Байбосынов Жанқожа, Оспанов Ерғазы, Құрмалаев Құлен, Текебаев Мұхамеджан, Абылқасымов Алан, Құдаров Ерғали және тағы да басқа кісілердің есімдері кездеседі. Бұл адамдардың ішінде Арал ауданынан астық алып халыққа таратқандары да бар. Бірақ, өкінішке орай бұл кісілер сол кездегі үкімет тарапынан «бандалық топ» құрды, «колхоздан астық ұрлады», «астық ұрлауға жол берді», астықты жасырын түрде сатып пайда тапқан деген айыптауларға іліккен. Сол кездегі ауыл адамдарының аштарға көмектескен әрекетін айыптай отырып ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімі мынадай шешім шығарған: «Даны жесткие указания районам усилит репрессию к расхитителям принимая байские и групповые дела к с всему пройзводству для направления их на внесудебное рассмотрение. Ставим перед прокурором и облсудом вопрос об усилений репрессий и своевременности разбора дела расхищений фондов продпомоши.

Кроме ранее отмеченного нами привлечено за хищения фондов продпомоши по 18 делам 112 человек» (9-п. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. –  13 қор, 2 тізбе, 282 іс – 1-11 пп.). ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің шығарған шешіміндегі мәліметтерден, колхоз қоймаларында тонайтындай көп астық болмағандығын көреміз. Қойма меңгерушілері ауыл адамдарына 30-100 кг тарыны шегеріп, басқаларға жасырып бергені үшін де айыпталған.

Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрғатында ашаршылыққа қатысты қолымызға түсіп отырған материалдар негізінен 1933-34 жылдарды қамтиды. Осы материалдардан (1920 жылғы және одан кейінгі ашаршылықты айтпағанда) 1934 жылдың өзінде аштықтың салдарынан адам өлімінің азаймағанын көруге болады. ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық бөлімінің 1933 жылдың 25-наурызындағы мәліметінде, Ақтөбе облысының Ойыл, Торғай, Батбаққара, Темір, Табын, Шалқар және тағыда басқа аудандарында  аштықтан адам өлімінің азаймай отырғаны жайлы айтылған. 1933 жылдың  23 ақпанында Ойыл ауданының № 7,8,9, 10,16, 17,18 және 23 ауылдарында  353 адам аштықтан өлген. Ал 1932 жылдың желтоқсаны мен 1933 жылдың ақпаны аралығында Ойылдың өзінде 167 адам аштықтан өлген, адам өлімі тоқтамай отыр, № 7,9,10,14,16  және 18 ауылдарда 876 отбасы шұғыл түрде көмекке зәру делінген хаттамада.

1933 жылдың 10 ақпанында Батпаққара ауданының № 1,3,5,6,7 және 10 ауылдарында аштықтан 321 адам өлген, өлім әлі жалғасуда делінген хаттамада. Сонымен қатар 1932 жылдың 1 маусымында тіркелген мәлімет бойынша осы аудан бойынша 4781 адам, 1932 жылдың қазанынан 1933 жылдың наурызына дейін аштықтан 1046 адамның қайтыс болғандығы жазылған. Егер адам өлімі осылай тоқтамай тұра берсе келесі жылдың көктеміне дейін ауданда халықтың 25 % ғана тірі қалатыны айтылған.

1933 жылдың қаңтарында Темір ауданының №2 ауылында 25 өлім тіркелген. Ал ауданның №6 ауылында 10 отбасы, оның ішінде 28 адам қайтыс болған. № 6,4 және 2 ауылында 147 отбасы, оның ішінде 556 адам шұғыл көмекке мұқтаж делінген (Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. –  13 қор, 2 тізбе, 282 іс – 1-11 пп.).

Ашаршылыққа қатысты деректердің жүйелі түрде тіркелмегенін ескеру керек. Кейбір мәліметтер қағазға түспей, елеусіз қалған. Кездескен деректердің өзінде мәлімет толық берілмейді. Осының салдарынан аштықтан қаза болған кісілер туралы нақты тізім белгісіз қалуда. Біздің білетініміз ел осы аштықтың салдарынан босып кеткен, көптеген адамның жолда да өлгені белгілі. Мәселен сол кездегі Ақтөбе облысының Торғай ауданының (Қазір Қостанай облысына қарасты) адамдары Ырғыз ауданының өзенге жақын ауылдарына келген. Көбісі жолда қайтыс болған. Ырғыз, Әйтеке би аудандарында ұлт азаттық көтеріліс пен ашаршылық құрбандары жерленген бірнеше жер атаулары айтылады. Олардың көбі ауылдағы үлкен кісілер қатары азайған сайын, арнайы көңіл бөлініп зерттеліп жатпағандықтан ұмыт болуда. Ауылдағы кейбір үлкен кісілердің сөздеріне сүйенсек, бір ғана Ырғыз селосының өзінде ашаршылық құрбандары жерленген жерлердің саны шамамен төртеу. Олар Ырғыз ауданы орталығындағы Мешіт жанындағы қорым. Екінші Ырғызға кіре беріс жердегі Итмола қорымы. Сонымен қатар қазіргі осы аудан орталығындағы №1 мектептің маңы, Сабын көл жақ беткейіне жерленуі мүмкін деген болжам бар. Бұл жерде Ырғыздағы балалар үйінде аштық пен індеттен қайтыс болған балдар, үлкен адамдар да жерленуі мүмкін.Үлкен кісілердің айтуы бойынша 1960 жылдары құрылыс жұмыстары кезінде осы жерден адамдардың сүйегі шыққан. Ауыл ақсақалдарының айтуынша Сабынкөл жаққа немесе Итмолаға жерленуі мүмкін. Төртінші жер Ырғыз ауылының іргесіндегі Сабын көлдің маңайына жерленген. Сол кезде көл мен ауылдың ортасында үлкен жыра болған. Сол жыраға аштықтан және аурудан өлкен адамдар көмілген және ауылдың жанынан пеш кесек басу үшін қазылған құм жерлердегі апандарға көміліп отырған.

  Архив деректеріне сүйенсек 1934 жылдың сәуір айында Обл.Атқару комитетінің төрағасына берілген мәліметте Ырғыздағы балалар үйінің жағдайы баяндалған. 1934 жылдың өзінде Ырғызда 2 балалар үйі болған. Оның бірі қараусыз қалған жетім балаларға арналған балалар үйі. Мұнда осы жылда 470 бала жатқан. Екіншісі – мектеп интернаты. Мұнда 300 бала болған. Сонымен қатар осы жылы аудандағы аштықтан қырылып жатқан қазақ ауылдарынан ашыққан 60 бала әкелініп, ауруханаға жатқызылған. Балалар үйінде тамақ және ауруханада дәрігер болмағандықтан 1934 жылдың өзінде осы ауруханаға түскен 60 баланың 46-сы қайтыс болған. Ауруханадағы балаларға ет, сүт өнімдері жетпеген, ұн болмағандықтан аштықтан әлсіреген балаларды құтқара алмағаны, тамақ болмағандықан балалар арасында түрлі аурулар өршігені жазылған. Ал осы жылда Қарабұтақта балалар үйі мен мектеп-интернатта жүз баладан екі жүз бала болған». ( 16-17 п. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. –  13 қор, 3 тізбе, 353 іс – 1-20 пп.).

Сол жылдары аштықтан өлген балаларды қысты күні Итмоладағы үлкен шұқырға көміп, қар ерігенде олардың көрініп жатқанын Өтебей Қанахин ағамыздың естеліктерінен де кездестіреміз: «…Аштықтан әлім бітіп көзім қарауытып, есім бірде кірсе, бірде кірмей, тек кірпігім ғана қимылдап, жұртта қалған тастанды күшік сияқты шалажансар жатқан жерімнен ересек біреулердің тауып алып, сыртта тұрған шанаға апарып салғанын, үстіме киіз жауып қымтап жатқанын еміс-еміс білемін. Сөйтсем бұлар аштықтан жаппай қырылып жатқан қазақ ауыдарын аралап, ең болмаса тірі қалған бала-шағаны аман алып қалу үшін қыстау-қыстауды аралап жүрген комсомол жасақтары екен. Жолда бір жерге тоқтап, бір ұрттам ыстық ас бергенде барып есімді жидым. Бізді алып келе жатқан екі адамның әңгімесіне құлақ түрдім. Олар бір қыстаудың есігін қар басып қалғанын көріп, күрекпен аршып үйге кіріпті. Ортасынан пешпен бөлген үйдің кең зәменкесін айнала өліп жатқан балаларды көреді. Әке – шешесімен 11 баласы біреуі қалмай аштан өліпті. Осыны айтқанда делбе ұстаған жігіт еңіреп жылап келе жатты. Қалқанды шананың ішінде  менен басқа тағы бірнеше бала бар екен. Көбі басын көтере алмай әлсіз ыңырсиды. Бізді қалаға әкелгенде, шанадағы 9 баладан бесеуміз тірі жеттік.

….Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды  бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім құрпы кішкентай балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын.  Артынан біреу-міреу ішке кіргізіп тастапты…

Жазғытұрым ауруханадан шықтым. Киімді беріп жатқан орта жастағы әйел еңіреп жылады. Мен «неге жылайсыз?» дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «осында келген 50 баладан әне бір-екеуіңғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен» деді.

….Жаз шыққан соң балаларға ілесіп, қаланың түскей жақ шетінде «Итмола» деп аталатын тұстағы кірпіш басу үшін үңгіп қазған апанға бардым. Нән апандардың ішінде үйген тезекке ұқсатып, кішкентай балалардың басын жиып қойыпты. Бақсам, қыста өлген балаларды көме алмай, апандағы қардың астына тастай беріпті» (Өтебай Қанахин. Бір үйден тірі қалған жалғыз жан. Abai.kz, 26 мамыр 2021 ж.). Бұдан басқа Ырғыз ауданының Шеңбертал ауылының қасындағы Ақтоғай, Құмтоғай ауылының Сарытоғай, Ит қырылған деген жерлерінде ашаршылық құрбандары жерленген. Ырғыз өзенінің жағасындағы ауылдарға қарай ашаршылықтан босқан ел амалсыздан балпақ аулаған. Ауылдарға жете алмай жолда өлген адамдар сол маңға көмілген. Ақтөбе облысының басқа да аудандарында осындай жерлер көп кездеседі.

Патшаның жазалаушы отрядтарының, кеңес үкіметі түсында жүргізілген тәркілеу, қуғын – сүргіннің салдарынан басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған кісілерді «мал-мүлкін қорғау үшін көшті» деген түсінікті кеңес билігінің өзі қалыптастырып отырғаны анық. Шын мәнінде олай болмаған. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістің өзінде патшаның жазалаушы отрядтары қазақ ауылдарын шауып, тонап кетіп отыратындығы тарихи кітаптарда жиі айтылады. Қазақтардың қоныс аударуына осындай қысым түрлері де себеп болғандығын байқаймыз. Бас сауғалап кеткен ауылдардың көбісі көшіп бара жатып мал шығынымен қоса, адам шығынына да ұшыраған. Олардың арасында жазалаушы отрядтардың құрбаны болғандары аз емес. Кеңес билігі тұсында да солай болды. «Бай», «атқа мінер», «мулла» деп танылған адам бірден қуғынға ұшырады. Бұл қазақ қоғамының тарихи өміріндегі негізгі институттардың бірі саналған байлар мен діни адамдар тағылымын жою саясатынан туындаған еді.  Себебі, қазақ қоғамындағы тұлғалар дәстүрі жалғасса, халықтың санасы мен рухы қайта қалпына келе береді. Ұлт зиялылары болса елдің бойындағы қорқыныш тез сейіледі. Елдің бірлігі қалпына келеді. Ал, кеңес қоғамында рух пен санаға салмақ салатын, болмысты жоятын оқиғалар қоғамды жікке бөлу мен қорқытудан шығып отырған. Яғни, кеңес үкіметі қазақтың бас көтерген адамдарын қуғындау саясаты арқылы, елдің мәдениеті мен өркениеттілігінің негізі тарихи сана мен тарихи жадыны жою арқылы жат сана мен жат мінезді қалыптастыруды көздеген. Осындай күштеп жүргізіліп отырған саясаттың салдарынан ұлттың рухымен қатар болмысы да өзінің көптеген мүмкіндіктерінен қол үзіп алды. Алаш зиялыларының тұсында әдебиет пен философия, тарих, тіл мен ділдің, дініміздің тәжірибелері мен құндылықтарын біріктірген ұлттың рухани кітапханасы болса, кеңес заманында бұған шектеу қойылды. Ал, ұлттық сана мен тарихи жадыны түп тамырдан өзгерту ұрпақты көптеген кедергілерге тап келтіріп, жасандылыққа ұрындыратыны анық. Себебі, коммунистік партияның жоспарларында нәтиже бермейтін жұмыстар белгіленген болатын-ды. 1937 жылы Мұстафа Шоқай  «Сталин социализмі – тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» атты мақаласында: «Кеңес Одағынан басқа ешбір елді ешқашан халық бұқарасы дәл осындай талан-таражға түскен емес. Оған мына төмендегідей дәлелдер келтіруге болады. Большевиктер үкімет басына келместен бұрын, «жалпы халық бұқарасы пайдаланатын алуан түрлі мал-мүліктен салық алу еңбекшілердің мүддесіне қарсы келеді. Мұндай салық күшін жоюы тиіс» десетін. Ал өздері үкімет басына келген соң, «социалистік мемлекеттің қаржысы негізінен мемлекет қожалықтарынан жиналады» деп мүлде басқа әуенге басты. 1919 жылы 8-ші партия құрылтайы бекіткен бағдарламада осылай деп атап көрсетілген…

Социализм атымен халықтың талан-таражға түсіп жатқанын біле түсу үшін ресми түрдегі салықтардан басқа алуан түрлі «мемлекеттік алымдарды»  есте ұстаған жөн. Осындай алымдардың қаншама тонаушылықпен жүргізілетінін астық мәселесінен өте-мөте анық көреміз. Шаруалардан ең жоғары дегенде әр пұтын (16 кг) І сом 40- І сом 50 тиыннан сатып алған астықты жұмысшы-шаруалардың өздеріне бір килограмын бір сомнан сатады. Астықты большевиктер спекуляция товарына айналдырып алған. 1937 жылғы бюджетке астықтан кіретін кіріс 24 млрд деп көрсетілген.

Кеңестер Одағында үстемдік құрып отырған социализмді тонаушы дейтін себебіміз, міне, осыдан»(126-б. Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар. – Т.2. – 1999. – 520 бет),-деп жазған еді.

1933-34 жылдары ашаршылықта мал мүлкі тәркіленген байлар мен діни адамдарға, үкімет тарапынан азық-түлік түрінде берілетін көмекке шектеу қойған. Ауыл адамдары бір-бірін таниды, сол себептен колхоздағы азық-түлік және астық сақтайтын қоймаға жауапты адамдар, кейбір басшылар оларға да жасырын түрде көмек берген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, көмек берілмеген жерлерде адамдарды аман алып қалу үшін нан мен астық тартып алынған, қоймадан ұрланған. 1934 жылы 9 сәуірде Ақтөбе Обкомының  ВКП (б) хатшысының Мирзоянға жолдаған ақпаратында Ақтөбе облысының кейбір ауылдарында азық-түліктей беріліп отырған көмекке қатысты мынадай деректер кездеседі: «В Иргизском районе:

…в ауле №1 в списке получающих продпомощь и выдача ее производится осужденным баям, муллам, аткамнерам, аксакалам и прочим чуждим элементам. Например:

  1. Имандосов Алмагамбет – быв. крупный бай, проживающий под фамилей Байменова.
  2. Курмашев Алмагамбет – быв. мулла.
  3. Жаксалаков Нагажбай – быв. руководитель банды.
  4. Шиндавлетов Уксукбай – бандит, рецедивист, осужденный на 2 года.
  5. Кожиков Бринжар – бандит, осужденный на 2 годе.
  6. Алимкулов Дюисен – осужден на 5 лет, бай…» (7-п. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. – 13 қор, 3 тізбе, 356 іс –6-10 пп.). Кезінде ұлттың мүддесіне аянбай қызмет еткен, жер мен елді қорғаған адамдар бар малын кеңес үкіметіне амалсыздан берсе де, ашаршылық тұсында да оларды қудалау тоқтамаған. Ақыл-парасаты мен білімі, ұлттың мәдениеті мен болмысына рухани ұйытқы болған бұл кісілердің байлар мен діни тұлғалар иститутының өкілі болғандығы оларға қайта-қайта мін болып тағылып тырған. Сол себептен олардың бейнесін халықтың санасынан өшіру үшін қасақана «бандит», «бандалық топ жетекшісі» деген атаулар қолдан құрастырылғандығын тағы да айтқымыз келеді. Шын мәнінде олар бар байлығы талан таражға түссе де туған жер мен елдің киесінен әрі аспаған кісілер еді. Көбісі елден кеткісі келмеген, елді қимаған. 1928 жылдан кейін басқа облысқа жер аударылған байлар «жазасын» өтеп келгеннен кейін де ауылында жүрген. Кеңес билігі олардың беделі мен білімінен тағы қауіптенген. Архив деректерінде олардың халық ішінде жүргені, байларды халықтан бөлудің қиын болып отырғаны, көмек көрсетпеу керегі айтылады: «Из рук вон плохо организована на местах борьба с байско-кулацкими элементами, изоляция их из среды откочевников и с лишением их продпомощи. Конфискованных полуфеодалов, раскулаченных, высланных и проч.сроки высылки или судебного наказания койм истек-не мало. Зачестую они пробираются в среду откочевников и пользуясь  отсутствием у большинства откочевников документов о личности, получают также помощь. В ряде районов борьба с этим элементами не ведется сознательно, как указано выше, разложившимися предсельауылсоветов, колхозов, серктиков, и др.должностными лицами. Во многих случаях выявить их весьма трудно..» (8-п. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты. –  13 қор, 3 тізбе, 356 іс –6-10 пп.).

 Осындай ұлтты тұлғаларынан, қоғамды ауқатты адамдарынан және төл дүиелерінен күштеп ажыратып, жалған ұран, қатаң тәртіппен күнкөрісті шектеу салдарынан түрлі көтерілістер орын алып қана қоймай, ақыр соңында ел ашаршылыққа ұшырады. Кеңестер билігі құрылған күннен бастап-ақ ел мүддесіне жат саясат жүргізілгені белгілі. Қорытып айтқанда, кеңестер билігі патшалық Ресейдің отаршыл өктем саясатының заңды мұрагері болды.

Бүгінгі біздің алдымызда тұрған міндет ұлттың азатығы жолындағы күрестердің, ашаршылық құрбаны болған аталарымыздың, әжелеріміздің, аналарымыздың және барлық кісілердің, балалардың есімдерін түгелдеп, ең болмағанда жерленген жерлерін анықтау болып табылады. Жерленген жерлерін анықтап қана қоймай, белгі қойылмаған жерлерге белгі қойып, кейінгі ұрпақтың ұмытпауы үшін қам қылу керек. Олар бүгінгі күнді армандап кетті. Қолымызға түсіп отырған кейбір деректерден есті адамдардың басқа түскен азап пен қиындықтарға қарамай халықты аман алып қалуға күш салғандығын байқаймыз. Ол кезде колхоз қоймаларында ең көп дегенде 2-3 тонна астық болған. Бұл әрине адам басына шаққанда түк емес. Аштықтан жапа шеккен елге берген бар көмегі қос уыс тары мен нан болған. Соны амалсыздан тартып алып, елге берген адамдар «қарақшы» атанған. Осы тұста тарихи әділеттілік қайда деген заңды сауал туындайды?

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp