Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларындағы елдік идея

          Қазақ тарихы тарихи уақыт кеңістігінде орын алып отырған оқиғалармен, соның ішінде ұлттың тағдырына ара түсіп, елдің мүддесіне қызмет етіп отырған тұлғалардың болмысын, тағылымын кейінгі ұрпаққа ұсынып отыратын халықтың тағылымымен (танымымен) ерекше көзге түседі. Тарихты туғызатын уақыт, уақыт орамында орын алатын нәрселер. Атап айтсақ, бір елдің басқа бір елдің мүддесіне, болашағына қарсы жүргізетін саясаты, содан туындап, көрініп отыратын әділетсіздік, қоғам тарапынан жіберілетін кемшіліктер көп жағдайда тарихи оқиғалардың туындауына себеп болып отырған. Тарих, соның ішінде ұлттың тарихы әділетсіздікпен күресуден, оған қарсы тұрудан туындайды. Бұл көнеден бері белгілі нәрсе, қайталанып отырған шындық. Егер бұлай болмаса, адамзат әлемі (адамның өзі ойлағанындай) өз жолымен жүрсе, әр ел өз жөнімен болса тарихи санаға қатысты мәселелер, даналық, кемеңгер адамдардың дәстүрі қалыптаспас еді, бұны уақыт та, қоғам да қажет етпес еді. Яғни тарихи уақыт оқиғаларды туғызып қана қоймай, оған қарсы тұратын, сол оқиғалардың ішінде ұлттық мүддесін қорғайтын зиялыларды да қоғам алдына шығарады. Зиялыларға жүктелетін міндет (елдің мүддесіне, әсіресе оның тағдырына ара түсумен қатар) өткен дәуірлерде ұлттың болашағына қатысты орын алған оқиғалардың ақ-қарасын ажыратып, қоғамға оның дұрысын тануды үйрету. Зиялыларды қажет ететін, интеллектуалдар қатарын қалыптастыруды қоғамына жүктеп отыратын да осы нәрсе.

Қазақ мәдениетінде ұлттың болмысын барлық кезеңде нығайтып, ұрпақтың тұлғалануына ықпал ететін идеяның өмір сүргендігі бәрімізге белгілі. Бұны елдік идея дейміз. Ел ұлттың танымында терең мағынаға ие ұғым. Қазақ ұлтының мемлекеті мен оның мүддесін қалыптастырудағы тәжірибелер, тарих, ұлттың мәдениеті осы елдік идеямен тығыз байланысты, осы идеяның өрісінде тұлғалық сипатқа ие. Мәселенің мәнін зерделеуде әріге бармай ақ, қазақ жырауларының рухани мұраларын алып қарайтын болсақ, олардың дәстүрі бір ғана ұлт болмысының рухани ұйытқысына айналған осы елдік сананың негізінде қалыптасып отырғандығы белгілі.

Арғымаққа міндім деп,

Артқы топтан адаспа.

Күнінде өзім болдым деп,

Кең пейілге таласпа.

Артық үшін айтысып,

Достарыңмен санаспа.

Ғылымым жұрттан асты деп,

Кеңессіз сөз бастама.

Жеңемін деп біреуді,

Өтірік сөзбен қостама – деп айтып кеткен Асанқайғы[1, 16-б.]. Осы жырауларымыздың даналығындағы ойдың түйініне қарап, оның тек қана қазақ ұлтына ғана емес, адамзат игілігіне жарайтын тұстарын да көреміз.

Барлық мәселе қашанда санаға келіп тіреледі, ақпараттық технология өзінің үстемдігін құрып жатқан бүгінгі дәуірде де солай. Сана дұрыс болмаса, ол (адамның санасы) қоғам тарапынан дұрыс тәрбиеленбесе, мемлекет тарапынан бұған көңіл бөлінбесе кез келген адам жалпыға ортақ істі атқаруға дағдыланбайды. Сол себептен қазақтың көне тарихында, кешегі хандар дәуірінде болсын барлық мәселенің түйіні осы елдік идеяға, ұлттық тәрбиеге келіп тіреліп отырған. «Ақыл-естің тілегенін [жасауға] парасаты және батылдығы жететін есті адамдар болады. Мұндайларды біз әдетте, өзінің лайығынша, ерікті адам деп атаймыз, ал енді өз бойында осы екі қасиет жоқ адамдарды хайуан тәріздес адамдар деп атаймыз, ал тек ақыл-есі ғана жетіп, батылы бармайтындарды жаратылысынан құл адамдар дейміз» – деп әл-Фараби де айтып кеткен өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде[2, 226-б.].

Ел дегеніміз ұлттың өмір сүретін ортақ үйі. Түркілердің заманынан қалыптасып отырған ұлттық идеямыздың негізгі тұғыры да, осы Ел болу идеясымен тығыз байланысты. Ел болу үшін ұлттың территориясы, болмысы, тұрмысы мен шаруашылығы бір-біріне сай қалыптасуы тиіс. Бұл мемлекетке ғана емес оның адамына да, әсіресе ұрпаққа тиесілі нәрсе. Ел басқарған тұлғалардың міндеті уақыттың талабына, соның ішінде ұлттық мүддеге сәйкес оған қызмет етуді дұрыс үйлестіру, іске асырып отырумен тығыз байланысты. Бұның барлығы дұрыс жүзеге асырылмаған болса атамекен, туған жер ұғымдары да ұлттың тарихи жадында орын алмаған болар еді. Сұлтанмахмұт Торайғыров сомдап кеткендей, қазақтың тарихи уақыттың талабына, атамекен жағдайына байланысты (оған бейімделген) болмысы, мәдениетінің өз жолы қалыптасқан. Осы жолдың (ұлттың тарихы мен мәдениетінің) негізінде ұлт зиялыларының дәстүрін жалғайтын сана, ізгі қасиеттер жатыр. Олар ұлттық намыс, бірлік және көркем мінез.

Кешегі ортаршылдық заманда қазақ қоғамына жүргізілген саясат алдыменен елдің болмысын өзгертуге, бағытын жолғалтып жіберуге күш салды. Қоғамдық сананы өзгерту үшін қазақ қоғамының ішкі құрылымын жоюға ұмтылды. Қазақ қоғамының ішкі құрылымын сақтап отырған негізінен ұлт зиялыларының дәстүрі, соның негізінде қалыптасқан институттар. Атап айтсақ отбасындағы тәрбие, батырлар, билер мен жыраулардың, діни тұлғалардың, байлардың дәстүрі. Бұларды жою үшін жүргізілген саясат қазақ қоғамында ауыр оқиғалардың орын алуына әкеліп соқты. Адам шығыны көп болды, ұлттың тағдыры үлкен әділетсіздікке, қатыгездікке ұшырады.

Ұлттық сананы жою үшін тарихи сананы қолдап өшіреді. Тарихты қоғам тегістей білген жерде, ұлт тұлғаларының тағылымы ұрпаққа насихатталған кезде ғана тарихи сана жойылмаған. Яғни ұлттың рухани (мәдени) болмысының негізінде қоғамның ішкі құрылымын құрайтын құндылықтар бір-бірімен тығыз байланысты. Біреуін өшірсе немесе өзгерсе басқаларына да кері әсерін тигізеді. Барлығын біріктіріп отыратын тарихи сана. Тарихты бұрмалап, оның білімін санадан өшірсе қалғанын әлсірету оңай.  Кешегі отаршылдық замандағы және кеңес қоғамы тұсындағы (сыртан жүргізіліп отырған саясаттың зардабына қарамастан) зиялыларды шығарған халықтың рухы осыдан көрінеді. Сол себепті Сұлтанмахмұт Торайғыровты тарихтың қиын-қыстау кезеңінде  ұлттық рух серпілісінің бірі және бірегей тұлғалары алаш зиялыларының ізін қуған қазақ жастарының бірі деп айтумызға болады.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тарих бетінде қалған ойларына қарап тұлғалықтың, ұлтжандылықтың көптеген қырларын түсінуге, одан ой түюге болады. Мемлекетті қалыптастыратын да, сақтап отыратын да тұлғалық, осы тұлғалықтың негізінде көзге түсетін рухани қасиеттер, әсіресе жасампаздық қасиет. Осы игі қасиеттер қашанда қадірлі, әрі бағалы болып отырған. Бұны құндылыққа айналдырып отыратын уақыттың өзі, уақыттың ұрпаққа, мемлекетке қоятын талабы. Мемлекеттің, әсіресе оны басқаратын адамның, халықтың ақыл-парасаты тұлғалықты дәріптеп, оның дәстүрін сақтай алуында. Біз алаш зиялыларына, соның ішінде оның арғы жағында ел мүддесіне қызмет етіп отырған тұлғаларымызға қарап, халқымыздың ұлттық зердесін көреміз. Осы ұлттық зерде негізінде өмір сүретін ұлттың идеясы мен ұлттық мүддені қорғау жолындағы ұрпақтың (зиялылардың) интеллектуалдық қызметін елдік дейміз. Алаш зиялылары осы елдіктің рухын ғана емес, оның мәнін де ұрпақққа түсіндіре білген.

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың көгіне,

Күн болмағанда, кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,

Жылытуға мен кірермін.

Еңбек, бейнет тарауы,

Рахатқа сарқылар.

Қыздырып күннің қарауы,

Надандық теңізі тартылар [3,121-б.]. Қарапайым халықта жазық жоқ. Халықты қалай тәрбиелесең, оның болмысының қалыптасуы да соған байланысты. Уақытылы қоғамға көңіл бөлінбесе әлеуметтік болмысқа қатысты күрделі мәселелер туындайды. Мемлекет пен халықты біріктіретін, оған кемектесіп отыратын, бағыт беруші, екеуінің арасында рухани көпірді сақтап отыратын немесе жаңа уақыт жағдайында орын алатын нәрселерді ескере отырып кемшілікті жойып, сананы қайта қалыпына келтіруге жұмылатын зиялылар. Сондықтан елдік идеяның өмір сүруі, бірінші кезекте нағыз ұлт зиялыларының дәстүрінің өмір сүруінде. Бұны толыққанды жүзеге асыру мемлекетке тиесілі нәрсе.

Алаш зиялыларының тұсында қазақ қоғамында орын алған қараңқылыққа қазақ халқының еш қатысы жоқ. Қолдан жасалған, елге күштеп жүргізіліп отырған саясат қоғамды осындай күйге түсірді. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қараңғылық деп отырғаны осы, яғни әділетсіздіктің, қатыгездіктің, құйтырқы саясаттың зардабын тартып отырған қоғамның жағдайы. Қолдан жасалып, күшпен жүргізіліп отырған саясаттың ұлттың болашағына кері әсерін тигізіп жатқан жағдай. Бұдан соң қазақ қоғамының қандай күйге түсетіні белгісіз. Зиялылар бағытынан таймауы тиіс, егер алаш зиялылары болмаса қоғам бағытынан көз жазып қалады. Сананы, тарихи жадыны жоғалтпау керек. Ең болмаса қоғамның санасына сәуле беретін дүниелер жазылып қалуы тиіс, халықтың жадында қалуы тиіс.Алаш зиялыларының сол үшін де жан-жақты болғандығы белгілі.

Тарихи уақыттың ұрпаққа қояр талабы әр адам қиындықпен күресуде, оған парасаттылық танытуы тиіс. Зиялылар, ел басқарған адамдар мықты, бірлігі күшті болуы тиіс деген ой жатыр Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерінде. Ол Әлихан Бөкейханов және өзге де алаш зиялылары туралы шығармаларын осы мақсатта жазған.

Ешкімнің Әлиханға барма сөзі,

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын, жеті облыс  бар қазақтан,

Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі.

Елі үшін құрбандыққа жанын берген,

Бит, бүрге, қандалаға қанын берген.

Ұрыдай сасық ауа, темірлі үйде,

Зарығып алаш үшін бейнет көрген.

Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір бас үшін жалданбаған.

Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,

Басқа ойды өмірінде малданбаған.

Заманда басқан аяқ кейін кеткен,

Жасымай алашына қызмет еткен.

Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен [3,146-б.].Шынымен де алаш зиялыларының тағдыры осылай болды. Заманның аумалы төкпелі сәттерінде олар кісіліктен тайған жоқ.

Ұлтының күш-жігеріне айналған алаш зиялылары, яғни Әлихан Бөкейханов бастаған тұлғаларымыз, олардың ерлігі уақыт өткен сайын тереңдей түспек. Олардың білімі ғана емес, мінезі де терең болды. Рухани тереңдіктің, діні мен діліне беріктіктің адамнан өзі ойлағандай нәрселермен келе қоймайтындығын уақыттың өзі ұғындырады. Сұлтанмахмұт Торайғыров елдіктің мәселесін әр ұрпақ зерделеуде, осы Әлихан Бөкейхановтардың өнегесі ескерілуі керек деп айтып кеткен

Алаш зиялыларынан алшақ кетіп елдіктің, зиялылықтың рухын зерделеу мүмкін емес. Олардың тағылымы қашанда ұлттың мәдениетінің биігінде. Зиялыларымыздың танымы ел тарихында ұлттық болмыстың рухани белдеуі болып қалары даусыз. Бұны көзі тірісінде Сұлтанмахмұт Торайғыровта тегістей көрсетіп, жазып кеткен.

Әдебиет:

  1. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. – 400 бет.
  2. ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ. «ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА» – Алматы, RS: Халықаралық Абай клубы, 2015. – 284 б.
  3. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Ғылым, 1993.- 280 б.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы, философия ғылымдарының кандидаты

 

 

 

 

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp