Құндақбай мерген

Қазақтың туған топырақ үшін қолға қару алғаны ақ патша кезеңімен келте қайырылып жүр. Сондықтан Кеңес өкіметіне қарсы шыққан ерлер жайлы аз білеміз. Себебі тарихшыларымыз көтерілістерді жалпылама зерттеп, жазып жүр. Ал сол көтерілістердің басында тұрған, қызыл саясаттың диірменіне түсіп кетіп, жаны қысылған қазағы үшін арпалысқан азаматтардың жеке тарихы елеусіз қалып келеді. Солардың бірі – жетісулық Құндақбай Төлендіұлы.

Құндақбай мерген осы кезде қара жұмысқа бармау үшін жандарммен жағаласып, қашқын атанған. Ол Ұзақ батыр бастаған албан көтерілісіне де қатысты. Қаш-қаш кезінде Демікпе, Сатылы асуларын жағалай босқан халықты арғы бетке асырды. Алайда 1916 жылдың күзінде шекара асқан қазақты Қытай мемлекеті де құшақ жайып қарсы ала қоймады. Тонап, бездіріп жіберді. Тозған халық қайта бері лықсыған кезде Алаш қайраткерлері қамқор болды.

Маусым жарлығы туғызған үркіншілікте босып жүріп, атақоныстан айырылып қалған халыққа азамат соғысының салығы қосымша соққы болды. Бұл 1919-1921 жылдардағы жұт пен аштыққа ұласты. Ашаршылықта елді аман сақтау үшін Құндақбай сынды ерлер атқа қонды. Күреңбелдің тау-тасын кезіп, аң-құс аулап асырады. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. 1920 жылдың 26 тамызында Жетісу облысына арналған №76 бұйрық шықты. Соған сәйкес жазылған Ереже бойынша аңшылардың облыстық қоғамына мүше адамдар ғана аң атуға рұқсат алды. Ол аң-құстың еті мен терісі орталыққа жөнелтілді. Ереженің 2-тармағында: «Аң мен құстың барлық түрін тұзақпен, тормен, аранмен, ілмекпен, қақпанмен де ұстауға рұқсат жоқ, аңдарды қуып, соғып алуға да тыйым салынады», деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Жаңа билік шиті мылтығына дейін сыпырып алған қазақтар тұзақ құру хақысынан да айырылды. Бұндай талапқа көнбеген Құндақбай бастаған жігіттер қашқын, контра атанды. Қызыл әскер олардың адымын аштырмауға күш салды.

1924 жылы Компартияның ХIV съезінде елді индустрияландыру туралы шешім қабылданды. Ел дегенде зауыт-фабрикалардың барлығын Ресейдің ортасына салып, басқа республикаларды соларды шикізатпен қамтамасыз етуші етті. Ол кәсіпорындарда жұмыс істейтін миллиондаған жұмысшыны асырау тағы да отардағы елдердің міндеті. Қазақтың қолында қанша мал, қамбасында қанша астық барын білу үшін ұжымдастыру жұмыстары жедел қолға алынды. Ол жұмыс Романовтар әулетін баласына дейін атып, қанішерлігімен аты шыққан Голощекиннің билігі тұсына дөп келді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп аттандап жүріп, қазақ даласының бар аумағында 40 миллион бас мал барын санап шықты. 1928 жылдан бастап Мәскеу, Ленинград ет комбинаттарының бөлімшелері Ресейге тонна-тонна ет жөнелтіп жатты. Кәмпескеге ұшыраған байлардың малы түгел етке кетті. Аз уақыттың ішінде 40 миллион бас малдың 4,5 миллионы ғана қалды. Қамбадағы дәнді тұқымдығына дейін қоймай сыпырып әкетті. Міне, осыдан тағы аштық басталды. Құндақбай Төлендіұлы секілді азаматтардың тарих сахнасына қайта шығуы осы тұс. Олар қасапқа түсіп жатқан малды айдап әкетіп, елге үлестірген. Осыдан бастап құжаттарда «банды» атана бастайды. «Барлық елдің пролетарлары, бірігіңдер» деп кедейге қорған, шонжарға тажал көрінгісі келген Кеңес өкіметінің де түп пиғылында империялық амбиция жатқанын қазақ ерлері бар болмысымен сезінді. Елдің түкпір-түкпірінде сарбаз жиып майдан салды, аштан бұралған ауылдарды құтқаруға кірісіп кетті.

Күреңбелдің бойындағы жігіттердің барлығы дерлік Құндақбай мергеннің маңына топтасты. Жас өкіметтің астамшылығына бар қазақ ызалы еді. Талдықорғанның түбіндегі Шұбар ауылында көтерілістің алғашқы ошағы бұрқ етті, «Біз кеңес өкіметін құлаттық, көтеріліңдер!» деп жан-жаққа шабарман жіберді. Дәл осы кезде Құндақбай мерген бастаған жігіттер Қоғалыдағы большевиктерді қуып шығады. Талдықорғанның ОГПУ бастығы Липень Семейден атқыштар бригадасын шақырып, олар Айнабұлақ стансасынан бастап, көтерілісшілерді жазалай бастайды.

Шұбардан басталған толқын, Қаратал, Ақсу-Бүйен, Ақкөл көтерілістеріне ұласты. Бұл 1930 жыл еді. Бас-аяғы 2 ай ішінде көтерілісшілер жеңілді. Шұбардан ұсталған жиырмадан аса адамның аты-жөні тарихшы Талас Омарбековтің «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері» атты кітабына енген. Ал сытылып кеткен сарбаздар қарсылықты жалғастыра берді. «Алматы секторы. Талдықорған ауданы. 1931 жылдың 26 қазанындағы мәлімет бойынша Шолақ тауларында 30 жігіттен құралған қарулы банды жасырынып жүргені белгілі болды. Оларды қашқын Құндақбай Төлендинов жинаған екен. Бандыға Ноғайбаев Молданазар деген де жетекшілік етіп жүр (бұл бірінші рет аталып отыр). Екінші қараша күні белгісіз банды тобы (Төлендиновтің жігіттері болса керек), қаруланған 10 жігіт Талдықорған ауданының 12-ауылына шабуыл жасады. Ауылдық кеңес өкілі Әбділдаев Баймұратты, бірнеше колхозшыны сабап, 45 бас ірі қараны (оның 15-і  жылқы) айдап әкетті. Аудандық ОГПУ-дың төтенше өкілінің көмекшісі Оңалбаев 4 қараша күні Шолақ тауларынан винтовкасы бар бандит Дүйсенов Ишанды ұстады. 8 қараша күні Оңалбаев отряды 9 бандитті тұтқындап, оқшантайына тоғыз оқ сыятын бір жапон мылтығын, 16 оқ, бір құсмылтық тартып алды. Бандының қалғаны Октябрь ауданына қарай қашып кетті» (ҚР Президенті архиві, 141-қор, тіркеу 1, іс 5052).

Құндақбай мерген туралы тек архивтен емес, сол заманда операцияны жүзеге асырған чекистер жазған «Незримый фронт», «Мы из ЧК» секілді кітаптардан да оқуға болады. Бірақ ол жерде Құндақбай – құбыжық, ал чекистердің барлығы ел үшін егілген ерлер болып сипатталған.

Жоғарыдағы мәліметте аталатын, мергеннің серігі Молданазар Ноғайбаевтың ұрпағы қазір Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұрады. Молданазарды жары мен баласы 1930 жылдан кейін көрмепті. Ұлы Қойшыман ол кезде 4 жаста екен. Анасымен туған елге оралып, 67 жасында көз жұмған Қойшекеңнің кеудесінде «Әкемнің дидарын бір көрсем-ай» деген жалғыз арман кетіпті. Молданазар «бандының» есім-сойы 1931-1932 жылдардағы құжаттарда да кездеседі. 2020 жылдың 25 қыркүйегінде «Egemen Qazaqstan» газетіне «Қарақшылық» қарекеті» деген мақала жазған Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы Айнаш Сейсенбаева: «Дүйсенбаев Ишанмен бірге Молданазар да тұтқындалды», деп жазыпты. Өзіме ол мәлімет кезікпеді. Рас болса, онда екеуі де атылған.

Тағы дәйекке жүгінейік: «Талдықорған ауданы: Қытайдан бері асқан Төлендинов Құндақбай мен Мұқашев Қанапияның бандысының қолынан 6-ауылда колхоз басқармасының төрағасы Джунчибаев қаза тапты. 17 қыркүйек күні үшінші ауылдың колхозына шабуыл жасап, 60 жылқыны айдап әкетті. 254 түтінді көтере көшіп, «Қара» аталатын жерге қарай тартып, жасырынып үлгерді», делінген Президент архивіндегі деректерде (қор 141, тіркеу 1, іс 5052). Яғни Құндақбай мерген бір көшіргенде осылай екі жүз-үш жүз түтіннен бір-ақ әкетіп отырған.

1929-1932 жыл аралығында талай ауыл Құндақбайдың арқасында аштықтан құтылып, аман қалды. Айдап әкеткен жылқыларды аш қазаққа сойып беріп, одан артылғанын шекара асқаннан кейін Гоминьдан өкіліне беріп, ауылдарға қоныс сұраған. Байлардан алған алтынды да босқын қазаққа жемтіктей қарағандардың көмейіне тыққан. Сөйтіп арғы бетке көптеген ауылды қоныстандырған, Құлжа маңындағы Дүңгенмәлі, Қытаймәлі ауылдары, Бесағаш жайлауы қашқан қазақтың қонысына айналған.

Құндақбай Төлендіұлының сарбаздарын жою үшін Талдықорған ерікті милициясының қаруланған жүз қызметкері 2 жыл бойы із кеседі. Басшылары Беляев деген. Сатқындардың кесірінен мерген 1932 жылы тұзаққа түседі. Албан, жалайыр, қаңлы ауылдарын Түлкілі тауының басына жиған мергенге аран құрылады. Беляев түнде көш жолына екі тұстан пулемет құрғызып, таң ата қозғалған халықты қырып салған. Құндақбай мерген пулеметшілерді қағып тастағаннан кейін ғана ауыл жұрнағын аман алып кету мүмкін болған. Ол жер қазір Кісіқырылған деп аталады.

«Қапалдан жеткен Мальцевтің 15 адамдық комотряды 18 қыркүйек күні Емел асуында бандымен соғысады, 70 банды қаза тапты. Ал біз жақтан 1 комотряд сарбазы қаза тапты, тағы бірі жараланды. 21 қыркүйекте Дукарский бастаған жасақ Төлендинов пен Мұқашевтың қалған сарбаздарына тап болып, тағы 10 адамның көзін жойды. 4 адам тұтқындалған, олардың екеуі әйел… Құндақбай Төлендинов бандысының жұрнағын қазан айында Октябрь ауданының еріктілер жасағы тағы талқандады, 8 бандиттің көзі жойылды. Банды басшысы Құндақбай 4 сарбазымен Қытай асып кетті», делінген архив деректерінде (ҚР Президенті архиві, қор 141, тіркеу 1, іс 5052. 20-бет). Бұл деректен Құндақбай Төлендіұлының кеңеске қарсы күресінің ықпалы қаншалықты зор болғанын байқауға болады. Беляев, Мальцев, Дукарский, Оңалбаев деген комотряд жетекшілерінің негізгі мақсаты мергеннің көзін жою болған. Бірақ ол қолдарынан келмеген.

…Қарттар Кісіқырылған оқиғасынан кейін мерген елге оралмады дейді. Ол Күреңбелден ауа көшкен халықты Құлжадан 70 шақырым жердегі Бесағаш жайлауына апарып орнықтырып, қызылдарға қарсы күрестің жаңа амалдарын қарастырған.

Шан Хай ши мен Мао билікке таласып, қытай екіге жарылып тұрған тұс қазаққа ауыр тиеді. Босқан жұртты тезірек тонап алу үшін қытай билігі азық-түлік бағасын тым қымбаттатып жібереді. Ірі қараға бір қап бидай алып, жүдеген жұрттың бас көтерер азаматтары өз мемлекетін құру үшін айқасады. Оспан батыр көтерілісі бұрқ еткен кезде, Құндақбай өз жігіттерін ертіп партизандық соғысқа кіріседі. Шығыс Түркістан мемлекеті құрылғанда кеудесіне медаль да тағыпты. Ал содан кейін қытай билігі қазақтың ішіндегі бас көтерер азаматтарды жоя бастайды. Қыспаққа қалған халқының малын базарға айдап апарып, жақсылау бағаға өткізіп беріп жүрген өр Құндақбай осы кезде «Ұры» деген жалаға қалады. Бұған дейін де бірнеше сылтаумен абақтыға қамалып, қыспақ көрген мергеннің соңғы сәттеріне Қыдырбек Омаров ақсақал куә болған екен. Ол кісінің әкесі Сәми базарда қызмет еткен. Құндақбай сататын жылқыларын соның қорасына қамапты. Бір адам менің малым деген соң мергенді қамауға алады. Шалғайдағы Бесағашқа кісі жіберіп, малдың нақ иелері келгенше бір аптадай уақыт өтеді. Ақ екені дәлелденіп, абақтыдан шыққан Құндақбай Сәмидің үйіне сырқаттанып келеді. Ас ішсе, бұратылып ауырған соң, ағайындар арбаға салып, ауылына жеткізіпті. Екі-үш күн дөңбекшіген мерген көз жұмады. Қайтыс болған жылын нақтылап, 1947 деу керек. Оған дәлел де жоқ емес. Құндақбайдың соңымда бір тұяқ қалса деген ұлы арманы бар еді, жары Ақтолқынның туғаны тұрмай, екі мұңлықтың жүрегі жаралы болатын. Сен төккен қанның сорына осы азапқа ұрындық па деп Ақтолқыны сан мәрте жылаған екен. Інісі Мырзақбайдың да баласы көп шетінеп, ағайындылар перзентке зар болады. Көз жұмарынан аз уақыт бұрын Құндақбай келін босанса, бір перзентіңді маған қи деп Қожахмет деген ағайынына қолқа салған екен. «Ұлға не жетсін, қыз да болса ұлымдай көріп, есімін Ұлтай қоярмын!» деп езіліпті қайран ер. Қол бастаған ағасының қолқасына Қожахмет қарсы шыға алмайды, құрсақта жатқан перзентін батырға қияды. Бірақ Ұлтайын иіскеу мергеннің пешенесіне жазылмапты, Қожахметтің келіншегі ол көз жұмған соң босанады. Бірақ Құндақбай қайтыс болғаннан кейін де сарбазы сертінен айнымаған. Перзентін Ақтолқын жеңгесінің бауырына салып беріпті. Үш жас үлкен туған әпкесі Кәмила Қожахметқызы: «Ұлтай сұсты болды, мергеннің қызы деген соң ба, мінезі Құндақбай атаға тартып кетті. Бізді мойындамады. Тек қайтыс болғанда құлпытасына Ұлтай Қожахметқызы –Құндақбайқызы деп жазылды», дейді.

1954-1955 жылдары Қытайдағы қазақ қайта бері қозғалады. Құлжа маңынан 1000 түтін өтіпті. Кәмила апаның әке-шешесі де сол кезде көшіп келген. Ал Ақтолқын батырдың зиратын қалдырмаймын деп, Ұлдайымен сол жақта қалып қояды. Тек 1962 жылы бері өтеді.

Атақты Құндақбай мерген мен отбасының қысқа тарихы осындай. Қазағы үшін большевикпен алысып, Гоминьданмен шабысып, бордай тозған халқының қонысы үшін күрескен ер Құндақбайдың денесі жат жұртта жатыр. Ол зират қазір бар ма, әлде, қарқынды дамып жатқан көрші мемлекет жойып, құрылыс астында қалды ма? Ол жағы белгісіз.

Жалпы, Жетісу халқын озбырлықтан құтқарамын деп кеңеске қарсы соғысқан Құндақбай Төлендіұлы, Омар Мұртазин, Құдияр Тезекұлы, Омарбек мерген Еркінбекұлы секілді тұлғалардың тағдыры аз зерттелген. Қалың қазақ тығылған Қараңғысайдағы қырғын, әкемнің аузынан естіген Сатылы маңындағы атыс туралы архив құжаттары әлі қолға түскен жоқ. Саяси қуғын-сүргін дегенде осындай ерлердің де есімі аталса, олардың шейіт болған сарбаздарының, қуғыншылар оғына ұшқан, аштан қырылып, тау-таста сүйегі қалған адамдардың есім-сойы түгенделсе дейміз. Ол үшін 1993 жылы қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» заңның 6-бабы «в» тармағында «қарулы бандыларды ұйымдастырған адамдарды ақтауға болмайды» деген талапты алып тастау керек. Дәл осы заңның кесірінен жері, елі үшін қару алып соғысқан азаматтардың ешбірі ақталмай келді. Ерлікке қиянат, елдікке сын болып тұрған бұл кемдіктен құтылар кез баяғыда келген.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

журналист

(Құндақбай Төлендіұлының суреті автордың жеке архивінен алынды. Суретті мергеннің туысы Дүйсен Жексембайұлы салдырған екен).

© egemen.kz

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp