Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Лариса Павловец, Вера Ким Қолжазбалар және сирек кітаптар Ұлттық орталығына арнайы барып, ғылыми қызметкерлермен және реставраторлармен кездесті, деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі. Ұлттық орталық директоры қызметін атқарушы Айнұр Ерікқызы, реставратор Сырым Ботабеков, басқа да мамандар депутаттарға көрме және электронды оқу залдарымен, кітаптарды қайта қалпына келтіру зертханасының жұмысымен таныстырды.
«Менің ойымша, біз тарихымыздың қасіретті жылдарын саралағанда, сонымен қатар біздің территориямызда болған мақтанышпен еске аларлық тарихи оқиғаларды ғылыми негізде насихаттау жолында бұл орталықты дамыту қажет. Өйткені, біз архивтегі деректерімізді жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Жалпы, бұл орталықта ислам мәдениетінен бөлек, біздің барлық тарихи кезеңдерімізді қамтитын архивтік көне қолжазбалар мен материалдар жинақталған. Олар реставрацияланып жатыр. Бұл тұста реставратор мамандарының аздығы мен жалақы мәселесі өзекті, сондықтан жұмыс та баяу жүріп жатыр. Бұл мәселені қолға алуымыз керек. Өйткені, кейбір кітаптар сақталмауы мүмкін. Ұлттық орталықтың статусына сәйкес оның қызметінің өзектілігіне назар аударуымыз қажет. Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ұлтық архив жобасы негізінде Ұлттық орталықтың қызметін толыққанды дамыту үлкен міндет», – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Халық қалаулысы Лариса Павловец әсіресе реставрациялық зертханада қызмет ететін мамандардың денсаулығын қорғауға байланысты нақты шаралар қолға алынуы тиіс деп санайды. Депутат бұл мәселені көтеретінін айтты. Сондай-ақ, қорда сақталған кітаптарды халықаралық стандарттарға сәйкес жасақтау мәселесіне көңіл бөлмек. Вера Ким мамандар мен ғалымдарды даярлау, олардың жұмысын одан ары дамыту мәселесіне назар аудартатын болды.
Алаш-ақпарат