[:kk]Мерей Қарт өлеңдері[:]

[:kk]ҚАЙРАН, ӘЖЕ!

[Дәметкен апамның рухына]

Дүниенің ашқан сәтте есігін,
Ең алғашқы көргенім.
Қайран, Әже!
Алақаның – бесігім,
Ақ жүрегің – жөргегім!

Мейірімің – елжіреген Күн нұры,
Көңілімді шалқытқан.
Әлдиіңнен Мен түгілі, қыр гүлі,
Тұла-бойын балқытқан.

Тілеуіңнен аяғымды тік басып,
Ерте шыққан тілім де.
Қайран, Әже!
Қазаныңнан құт тасып,
босамайтын күбің де.

Тайға мінсем, таққа қонған патшадай,
тамсанатын, жарықтық!
Айналайын, алтын Әжем, ақ самай,
Қадіріңе қанықтық.

Қайран Әже,
Қабіріңе гүл құшақтап келемін,
Мұң арқалап аттандым.
Аруағыңа бағышталды өлеңім,
Еңіреуге шақ қалдым!

Мерей Қарт

 

ҚЫС-КӨҢІЛ

Әй, апыр-ай мына Қыс,
Көкейге үрей үрлеген.
Көктем неге тым алыс?!
Көңіл ғана бүрлеген.

Кеудемізден Күзде ұшқан
құс па әлде, елес пе?!
Мұңның бәрі, біз құшқан,
Бақ сағымы емес пе?!

Ертіс беті тоң әлі,
Мұңнан тағы дір еттім.
Жауқазыны тоңады
Мен деп соққан жүректің.

Келгісі жоқ гүл – Көктем…
Кеткісі жоқ мына Қыс!
Ақылымды жынды еткен
қобызымен бір Абыз?!

Әлегі мол әр күнім
қабағыма қарамас.
Менің шіркін – Тағдырым,
Қар-жаңбыры аралас!

15.03.2017 жыл

Мерей Қарт

 

ҚЫЗЫМНЫҢ ҚЫЛҚАЛАМЫ

Қызым алса қолына қылқаламын,
Жібереді құлпыртып Түн ғаламын!
Шалқалатып алдымен Ай салады,
Ғарыш жаққа жетелеп ой-сананы.

Бір қарасаң, таңғандай Түн есінен,
Ай ішінде қыз отыр жүресінен.
Жерден барған жан, сірә, күндіз қашып?!
Жанарынан ойнайды жұлдыз шашып.

Міне-міне, бұлт салды шөкімдей-ақ,
Аймен, Қызбен қоштасты өкінбей-ақ.
Есесіне, жауынды сіркіретті,
Жай ойнатып, Аспанды күркіретті.
Жаратпады оныда. Құс ұшырды!..
Суреті – түсініксіз, түсі сынды.

Жанарынан бір мезет жалқын атып,
Күн шығарды төбеге жарқыратып!
“Тоқта!” – дедім, сәл ғана жөткерініп.
Келе жатыр үйімде Көктем еніп!..

Мерей Қарт

 

СӘБИ ШАҚ

Мен – бұл дүниенің есігін ашқанда,
О Дүниеге де ел аттанған.
Қарашығымды қадағам сонда Аспанға,
әр тұстарынан от тамған!

Қызыл-жасыл өмірге қызыға жаутаңдап,
Бір сәт сөйлегім де келгендей.
Талпынғам сонда, өзімше жол таңдап.
Арманшыл жоқ-ты дәл мендей?!

Жылағам, шеке тамырым көгеріп кеткенше.
Анамның үрпісін тамсап уанғам.
Бүкіл әлемге жадырай салғам көктемше.
Періште түрімді көрсе ел, қуанған!

Бесігімдегі үкілі тұмарға да тесіле қараймын,
Тұла бойымды ерекше ән билеп.
Әжемді де танып алғанмын ағынан самайдың,
Жүрегімді қоса тербететін әлдилеп.

Бәсе, жадымда қалған екен ғой ескі күн,
Есіме түсе береді жаңғырып.
Сәби шағымнан алысқа ұзап кешқұрым,
Қайда кетіп қалғанмын қаңғырып..?!

Мерей Қарт

 [:]

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp