Ресейлік ғалым: Әлихан – жалпыұлттық деңгейдегі саясаткер

Ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Козодой қазақтың біртуар ұлы туралы «Әлихан Бөкейхан. Дәуір аясындағы саяси портрет» (түпнұсқа атауы – «Алихан Букейханов. Политический портрет на фоне эпохи») атты кітап жазып жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі шетелдік ғалымды сөзге тартқан екен. Сұхбаттың толық мәтіні төменде.

– Әлиханға қалай келдіңіз? Неге дәл осы тұлғаны таңдадыңыз?

– Шынында, мен тарихшы ретінде тарихтағы төңкеріс, қайта құру сияқты бетбұрыс кезеңдерді ширек ғасырдан аса уақыт бойы зерттеп келемін. Соңғы бірнеше жыл ішінде Сібірдегі революция және Азамат соғысы, Сібір автономиясы, Уақытша Сібір үкіметі, 1917-1920 жылдардағы жағдай тақырыбын зерттеумен айналысамын. Бір кезде Алаш, Алашорда сияқты маңызды құ­былыстарды зерттеп түсінбей, жоға­рыда аталған тақырыпты ашуға бол­майтынын ұғындым. Алаш пен Алашорда болған­дықтан, әрине көсем Ә.Бөкей­ханның рөлін түсінбей болмайды. 2019 жылы қажетті материалдарды жинай бас­тадым, бұған халықаралық білім алмасу бағ­­дарламасымен Павлодарға баруым себепші болды. Студенттерге дәріс оқыдым, облыстық кітапханада жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Кітапханада көп­теген мәліметтермен қанықтым, со­ңында маған Ә.Бөкейханның өмір­баяны туралы кітап жазу идеясы ойға келді. Оның үстіне Ресейде Әлихан туралы бірде-бір кітап, монография жарық көрмеген, сон­дықтан менің жұмысым белгілі бір деңгейде осы ол­қылықтың орнын толтыра алады. Сол уақыт аралығында Алматы, Семей, Павлодар, Томск, Омбы, Самара, Орын­бор, Новосібір архивтерінде жұмыс істедім. Әлихан – ең алдымен Қазақ­стан­ның көрнекті саяси қайраткері, бірақ өз жұмысымда оның бір елдің ғана емес, сол дәуірдегі жалпы империялық, жал­пыұлттық деңгейдегі саясаткер еке­нін көрсетемін.

ы

Тағы бір қызықтыратын дүние, Ресей империясының тұсында қаншама жүз­деген халық тұрып жатты. Бірақ революция болған кезде барлық халық бірдей автономия құрып кете алған жоқ. Қазақ халқының қолынан келді. «Бұл қалай болды? Оған не әсер етті?», деген сұрақтар зерттеуге итермеледі. Ал мұны білу үшін әлбетте «Алаш» авто­­номиясының ба­сындағы Әлиханды толық тану керек.

– Әлиханның өмірін зерттеуде жо­­лыңыздың болғанын жеткізіпсіз. Ашып айтыңызшы?

– Иә, менің ойымша, Әлихан Бөкейхан сияқты ірі, көрнекті саяси қайраткердің өмірбаянын оқып, зерттеу мүмкіндігіне ие болғаным үшін өзімді бақытты адам деп санаймын. Ә.Бөкейханның өмір тарихы – қазақ даласындағы қарапайым ауылдан шыққан ұлдың текті тұқымнан, Шыңғыс ханның ұрпағы болғанымен, асып-тасқан бай отбасынан емес, талмай еңбектеніп, тарихтағы терең із және үлкен идеялық мұра қалдырып, халқы мойындаған ұлт көшбасшысына айналуы туралы әңгіме. Оның тарихтағы рөлі әлі лайықты деңгейде толық ба­ғаланған жоқ. Кейіпкерімнің маңызды жетістіктерінің бірі, Әлихан 1917 жылы желтоқсандағы конгресстің құрылуы туралы шешімдерге кейін нақты арқау болған Қазақстанның тұтастығын ай­қындау сияқты маңызды мәселеде ғы­лыми-теориялық негіз жасады. Бұл идеялар үлкен идеологиялық ықпалға ие болды, содан кейін 1920 жылы Кеңес автономиясының құрылуымен 1936 жылы одақтас республиканың құры­луына және 1991 жылы тәуелсіз­дікке қол жеткізуге негіз болды. Тұтас­тық мәсе­лесі – басты мәселе, онсыз автономия мәселесін шешу мүмкін емес еді. Өйт­кені бұл – қазақ мемлекеттілігінің дәстүрін қалпына келтірудің алғашқы кезеңі.

– Кейіпкеріңіздің өміріне байланыс­ты қандай тың деректер таптыңыз?

– Әлихан туралы кітап жазу барысында Ресейдегі және Қазақстандағы архивтерді ақтардым. Қазақстанның орталық архивінен қайталанбас құжат­тар, анығырақ айтқанда, Әлиханның Жер ісі коммисариатындағы қызметі туралы түпнұсқаларды таптым. Бұл анке­таларда оның қызметіне кіріскен уақыты, атқарған қызметі, қызмет бойын­ша ауысуы, отырыстардағы сөйлеген сөз­дері бар. Сондағы анкеталардың бі­рінде Әлихан өз қолымен Азамат со­ғысы кезінде Кеңес өкіметіне қарсы болғанын жазып түсініктеме қалдырған. Бұл – кейіпкерімнің өмірбаянындағы ең маңызды сәт. Жоғарыда аталған құжаттар 1920-1922 жылдарға қатысты. Ал Ресейдегі Томск облысының Мем­­ле­кеттік архивінде Әлиханның өзі жасап, қол қойған жеке карточкасы сақ­таулы тұр. 1917 жылы қазанда толты­рылған осы құжатта Кадеттер партия­сының мүшесі екенін өз қолымен жазып көрсеткен. Орынбор облысының ар­хивінде Ә.Бөкейханның Жер бан­кін­дегі қызметі жөнінде құ­жаттар бірінші рет жарыққа шық­ты. Бұл – түпнұсқа. Осыған дейін атал­ған құжаттарға әлі ешбір зерт­теу­ші­нің қолы тимеген.

в

Өздеріңіз білетіндей, Ә.Бөкей­хан Выборг үндеуіне қатысып, қол қоюшылардың қатарында болды. Бірақ оның нешінші бо­лып қол қойғанын көбіміз біл­мейміз. Жақында бұл туралы тың дерек таптым. Кішкене кейінге шегінсек, 1905 жылы Ресей империясында алғаш­қы рево­люция бас­талды, әр түрлі саяси күштердің, оппозиция мен революционерлердің қысымымен патша өкіметі же­ңіл­діктер жасады. Соның бір кө­рінісі, Бірінші орыс төңкерісінің нә­тижесінде демо­кратиялық даму жо­лындағы өзге­ріс­терді енгізуге мәжбүр болған Ресей патшасының 1905 жылы 17 қазан­да жариялаған манифесі негізінде Мем­лекеттік дума құрылды. Оған біраз тұл­ғалар шақыртылды. Бірақ Дума ұзақ жұмыс істемеді, оны Николай ІІ небәрі 72 күннен кейін (көп фракция кадеттер, яғни Ә.Бөкейханның партияластары болса да) тым революцияшыл деп таратты. Депутаттар бұл шешіммен келіспеді және олардың көпшілігі (тек курсанттар мен социалистер) жағдайды талқылау үшін Выборгқа (Финляндия) барды. Содан соң 167 адамнан құралған депутаттар Выборг үндеуіне (1906 жылы 9-10 шілдеде) қол қойып, халықты азаматтық бағынбауға шақырды. Осылайша, бұл өкілді орган – Дума мен патша өкіметі ара­сындағы саяси қарсыластықтағы алғашқы (!) Заң болды. Ақырында Дума төңкерісінен соң революция жеңіп, Николай ІІ тағына отырмаған інісі Михаилдің пайдасына тақтан бас тартты. Міне, осындай патшалықтың құлауына арқау болған бастаманың басында Ә.Бөкейхан болды. Ол Выборг үндеуіне бірінші болып қол қойған.

Ал Самара архивіндегі құжатта Әли­­ханның сыртқы келбеті суреттелген. Себебі ол қадағалау агенттерінің ба­қы­лауында болды. Агенттердің де­рек­терінде оның құндыз шляпасы, тоны, пальтосы бар деп жазылған. Әли­хан өте жақсы, қазіргі тілмен айт­қанда сәнді және стильді киінген. Осы­дан Са­марада қызмет еткен кезде оның табысы оған жайлы өмір сүруге мүм­кіндік бергенін білуге болады. Әлихан Самараға Семей түрмесінен шығып, жан сауғалап келді. Анығында, түрмеден кейін өзінің жағдайын қалпына келтіру үшін осындай орынды іздеп, Кадет партиясындағы достарынан көмек сұрады. Осылайша ол 1909 жылы Са­марадағы банкке жұ­мысқа тұрды (Әлиханның банкке ор­наласатындай білімі болған, ол Ресей им­периясының ордасы Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде оқыды – А.Ш.). Банк қызметкері ретінде Әлихан қала­ның басты көшесінде, банкке жақын жердегі досының үйінде тұрған. Сол досының үйіне жақын жерде банк болды. Естеріңізге сала кетейін, сол кездегі Самара – көрнекті қалалардың бірі, көп­теген тұлға қоныстанған сауданың, көпестердің шаһары.

Томскіде 1917 жылы қазанда Жал­пысібір съезі болды. Оған Әлихан да қатысты. «Сибирский областной съезд. Октябрь 1917 года» Қорында кейіп­керімнің съезге қатысушы ретінде өз қолымен толтырған сауалдамасы сақ­тау­лы тұр. Сауалдамада Ә.Бөкейхан өзі­нің жасын 48-де деп жазған. Демек, ол 1870 жылы туған. Қазіргі көп деректе «1866 жылы дүниеге келген» деп көрсетілген.

– Сібір демекші, сіздің зерттеу бо­йын­ша Сібір автономиясы мен Әлихан Бөкейханның арасында қан­дай байланыс бар?

Бұл – менің жұмысымдағы ең ма­ңызды мәселе, ең басты тақырып. Сон­дықтан мұны түсіну үшін тереңнен тара­туға тура келеді. Императорлық Орыс Географиялық қоғамы сол кездегі ең ық­­палды ұйым болды. Аталған ұйым­ның Батыс Сібір бөлімшесіне оның басы-қасында жүрген Григорий Пота­нинмен қатар Әлихан да мүше болды. Башқұрттың ірі саяси қайраткері Ахмет Заки Уалидов өзінің естеліктерінде Әлихан Бөкейханның оны Г.Потанинмен таныстырғанын және Сібір автономиясы идеяларын бойына сіңіргенін атап өткен. Міне, осылайша ол Г.Потанин және басқа да Сібірдегі тұлғалармен таныса бастады. Олардың серіктестігі дәл осы ХІХ ғасырдың 90-жылдарына сай келеді. Сібір автономиясын құру туралы ой осы уақытта айтылған еді. Ал бұл, меніңше, Ә.Бөкейханның Алаш­орда автономиясын құру туралы идея­сына арқау болды. Осыған қарап, біз Алаш­орданың тарихы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастау алған дей аламыз.

а

1918 жылы сәуірде Ә.Бөкейханның Алашорда автономиясын құру туралы Сталинмен келіссөзі сәтсіз болды. Осы сәтте генерал Алексей Гришин-Алмаздың басшылығымен Сібірде құ­рылған большевизмге қарсы астыртын әрекеттер, келісімдер, қарым-қатынас пайда бола бастады. Бұл жасырын ұйымдардың большевиктерге, большевиктер лагеріне қарсы арнайы желісі болған. Бірақ кейін 1918 жылдың мамыр-маусым айларында Ә.Бөкейхан мен уақытша құрылған Сібір үкіметі арасында тікелей қарым-қатынас орнады.

1917 жылы Әлихан Бөкейхан Сібір облысындағылармен тығыз араласқан. Әлихан Бөкейхан съездер мен конферен­цияларға белсене қатысты. Айта кетер­лігі, сауалдамада «Сібірде қанша жыл тұрдыңыз?» деген сұрақ болған. Ол «38 жыл» деп жазған. Яғни 48 жылдың 38-інде Сібірде тұрдым деп көрсеткен, оның ішінде 4 жыл Санкт-Петербург пен Самарада тұрып, жұмыс істеді. Сол уақытта Әлихан өзін «сібірлікпін» деп санаған. Бұл жерде «сібірлік» ұлтына емес, аумақтық байланыстылығына қатысты айтылған.

1918 жылы көтеріліс барысында большевиктер биліктен айрылып, Уақытша Сібір үкіметінің билігі орнатылды, Семейде Алашорда жұмыс істей бастайды. Жазда Алашорда көшбасшылары Уақытша Сібір Үкіметіне өзара іс-қимыл жолдары туралы хат жолдайды, онда Әлихан Бөкейханның қолы қойылған. Сол хаттың 6-тармағында «Тез арада Ресей империясының барлық шет аймақтары депутаттарының конгресін өткізу және Башқұртстан, Түркістан, Алаш және Сібір кіруі мүмкін федерация­ны ұйымдастыру қажет» деп жазылған. Мен мұның тек қана мұсылмандар кірген діни ұйым болмағанына, Түркі республикасы еместігіне, атап айтқанда нағыз территориялық ұйым екеніне назар аударуға тырыстым. Әлихан Бөкейханның бұл идеясынан федерация түріндегі еуразиялық интеграцияның бастау белгілерін байқауға болады. Бұл идеялық ағым кейінірек рәсімделгенімен, шартты түрде Әлихан Бөкейханды тұң­ғыш еуразиялық деп айтуға болады. Бір өкініштісі, реформатордың идеясы әрі қарай жалғасын таппады.

– Ресейлік депутаттардың «Қазақ­тарда мемлекет болмаған» деген сө­зіне сіз жауап беріп едіңіз. Сондағы дәйек­ті дәлелдеріңізді айтып берсеңіз.

– Иә, өкінішке қарай, біздің депутаттар «Ешқашан (Кеңес өкіметіне дейін) қазақ мемлекеті болмаған» деп мәлімдеме жасады. Мұндай «көш­бас­шылар» көбіне Кеңес заманына сілтеме жасағанды жақсы көреді. Жарайды, онда Кеңес кезеңіндегі әдебиеттерді қарайық. 1943 жылы «Қазақ КСР та­рихының» алғаш­қы басылымы М.Әб­діқалықов пен А.Панкратованың (КСРО Ғы­лым ака­демиясының ака­де­мигі, олар­дың ғылыми беделі кү­мән­сіз) редакторлығымен жа­рық көрді. Сонымен, аталған кітаптың 94-бетіндегі 9-параграф «Қазақ хан­дығының білімі мен дамуы» деп аталады, онда «Қазақ хандығының негізін қалаған жаңа мемлекет пайда болды» делінген. Әрі қарай, 95-бетте: «Жас мемлекеттің халқы көбейді. XV ғасырдың 60-жылдары халықтың саны 200 мың адамды құрады. Қазақ хандығының басшысы Жәнібек болды», деп жазылған. 1949 жылы екінші басылым жарық көрді (редакторлары И.Омаров пен А.Пан­кратова). Бұл сондай «кеңестік тарихнама». Қазақ хандығының құрылған жылы 1465 жыл деп белгіленді (еске салайын: Ресей мемлекетінің «тәуелсіздік алған жылы» Уградағы ұлы тұрыстан кейін 1480 жыл, ал оның 15 жылдан кейін болғаны жақсы да, жаман да емес, жай ғана объективті шындық). Тарихты тек комедиялардан ғана емес, ғылыми еңбектерден, әсіресе Кеңес заманында расталған және теріске шығарылмаған фактілерден зерттеу керек.

– Тарихи зерттеу жүргізудегі ға­лым­дар жиі жіберетін қателіктер қан­дай? Және қалай қателеспеуге бо­лады?

– Тарихи оқиғаларды бүгінгі білім мен көзқарас тұрғысында бағалауға болмайды. 100 жыл бұрынғы жағдайға қазіргі ойды телуге келмейді. Бұл тарихты тығырыққа тірейді. Екіншіден, тарих – нақты ғылым. Сондықтан ондағы әрбір тұжырым белгілі бір тарихи деректерге, дәлелдемелерге сүйеніп жазылуы тиіс. Сол себепті де тарихта салмақты дәлелдерсіз аңыздарға негіздеу – кешірілмейтін қателік. Содан соң тари­хи зерттеу жүргізетін ғалым тарихи деректердің ішкі және сыртқы сын-пікірлерімен жұмыс істей алуы керек, яғни әдісін білуі қажет. Өзі тапқан дереккөз қаншалықты дұрыс, қайдан алынған, кім қалдырған – осының бәріне көз жеткізуі тиіс. Әр деректі дәлел тұрғысынан қайта тексерістен өткізіп отыруға тура келеді. Үшіншіден, тарихи оқиғаны жалпы тануда, ғылыми жағынан баға беруде оның мәнмәтінінен қандай да бір сөзді немесе ойды ұрлауға болмайды. Мұндайда міндетті түрде сол уақытта әлемде және басқа мемлекеттерде аталған оқиғаға ықпал еткен жағдайларға салыс­тыру жүргізілуі тиіс. Осы жерде бір нәр­сені қоса кетейін, тарихшылар өз елінің тарихын өз еліндегі дереккөздердің шеңберінде ғана зерттемеуі керек. Ал аталған мәселелерді шешудің жолдарына келсек, ғалымдарға отандық және шетелдік зерттеушілермен тәжірибе алмасуды жақсартқан жөн. Ақпараттар, монографиялар, деректерді де өзара талқылау үлкен рөл ойнайды. Өйткені шетелдік немесе бір өңірлік ғалымның деректерін, еңбектерін қолданғанда сол елдің яки өңірдің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін терең түсінуге тура келеді. Ал сол елдің, болмаса өңірдің болмыс-бітімін оны зерттеп жүрген ғалым жақсы және жылдам ұғынуға жәрдемдеседі.

– Кітабыңыз қашан жарыққа шығады?

– Жұмыс бітуге жақын. Кітаптың мәтіні жазылып бітті деуге болады. Алда ірі техникалық жұмыс күтіп тұр. Осы жылдың ортасына қарай аталған жұ­мыстарды аяқтап қалармын. Сібірде кітаптың тұсаукесерін өткіземін. Сөзім­нің соңында өз ойымды, жанашыр тілегімді, ұсынысымды айтқым келеді. Қазақстандағы бір архивтің жанынан Әлихан Бөкейханның қорын құру керек. Мәселен, Орталық мемлекеттік архивтің жанынан құруға болады. Бұл архивтің базасы өте құнды құжаттарға толы. Осы жерде құрылған қорда Әли­ханға қатысты жан-жақта (Ресейде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде) шашырап жүрген деректер жинақталуы қажет. Қор екі үлкен мәселенің шешімі бола алар еді. Біріншіден, Әлихандай алып тұлғаның мұрасы сақталады. Екін­шіден, жас зерттеушілерге құнды құжаттар қолжетімді болады.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp