Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласы өткен ғасырдың басында қазақ даласын қансыз қасапханаға айналдырған алапат аштық туралы архив мекемелерінде сарғайып жатқан мәліметтерді жан-жақты зерттеп, зерделеу ісіне қозғау салды. Осыдан 100 жыл бұрын қазақты қынадай қырып кеткен ұлы нәубет сол кездегі Қостанай губерниясына да жойқын зардабын тигізгендігі анықталып отыр.
Қостанай облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архив басқармасына қарасты архив жұмыстары және әдіснамасы бөлімінің жетекшісі Салтанат Тасжанова 1921-1922 жылдардағы аштық туралы архив құжаттарын зерделеумен айналысып жүр екен. Маманның айтуынша, ашаршылық жылдарына қатысты жалаң құжат сол дәуірдің ақиқатын толық ашып көрсете алмайды. Сондықтан әрбір тарихи мәліметті жан-жақты қарастырған жөн.
– Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы аштыққа қатысты Қостанайдағы облыстық архив қорынан, Орталық мемлекеттік архив пен Президент архивінен, сондай-ақ өзіміздің өңірлік архивтерден біраз құжаттар табылды. Мұның сыртында, Сарыкөл, Әулиекөл, Жітіқара аудандары мен Лисаков және Арқалық қаласында өңірлік архивтер бар. Бұл мекемелерден де аштыққа байланысты көптеген құжатты табуға болады. Әсіресе Арқалық өңірлік архивінде Торғай өңірінде болған аштық туралы көп құжат жатыр. Оларды тарихшылар мен архив мамандары толық зерттей қоймаған. Өйткені Арқалық, Әулиекөл архивтерінде жатқан құжаттардың көбі латын немесе араб қарпімен жазылған. Латын қарпімен жазылған құжаттарды әупірімдеп оқуға болады, бірақ араб қарпіндегі құжаттарды зерттеу қиындық тудырып отыр. Бізде араб тілін білетіндер жоқтың қасы, – деді Салтанат Нұртасқызы.
Бөлім жетекшісінің араб қарпі деп отырғаны Ахаңның төте жазуы болса керек. Айтуынша, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы жаппай аштыққа сол кездегі ауыл шаруашылығының тоқырауы, Кеңес өкіметі 1919-1921 жылдар аралығында белгілеген азық-түлік салымы, бірнеше жыл бойы жерді қуырып жіберген қуаңшылық, байлардың және ірі шаруа қожалықтарының жойылып кетуі себеп болған.
Табиғат ана тарылып, адам баласынан ес кеткен аласапыран заманның жандайшап атқамінерлері қарапайым шаруаның астығымен қоса, алдағы жылға сақтап қойған тұқымына дейін тартып алып жатты. 1917 жылдың көктемінде енгізілген астық монополиясы мен 1918 жылдың 13 мамырындағы азық-түлік диктатурасы аясында 1919 жылдан бастап халықтан қайта алына бастаған азық-түлік салымы онсыз да сіңірі шыққан ашқұрсақ елді әбден титықтатып жіберген еді. Бұл шаралар әйгілі «әскери коммунизм» саясатымен сабақтастырыла іске асырылды. 1919-1920 жылдары азық-түлік салымына картоп пен ет қосылып, үкімет артынша халықтан ауылшаруашылық өнімдерінің барлық түрін талғаусыз тартып ала бастады.
«Степная Заря» газетінің 1922 жылдың 3 тамызындағы №75 санында жарияланған «Аштықпен күрес» атты мақалада аштықтың басты себептері атап көрсетіледі. Мақала авторы ел басына төнген зауал, біріншіден, азамат соғысының салдарынан шаруашылықтар басты жұмыс күшінен қол үзіп, егістік жұмыстары тоқтап, ауыл шаруашылығының құлдырауынан, сонымен қатар зауыт-фабрикалардың жабылып қалуынан орын алып отыр. Екіншіден, екі жыл бойғы құрғақшылық салдарынан егіс алқаптарында түк шықпай, өнімнің 50 пайызға азайғанынан, сондай-ақ соңғы жылдары көбейіп кеткен дән зиянкестерінің алқаптағы астықты жалмап-жайпап тастағанынан болды», деп жазады.
Мәселен, 1920 жылғы құрғақшылықта Федоров ауданында егін алқабының 73,6%-ы, Қостанай ауданында 71%-ы, Семиозер (Әулиекөл) ауданында
66%-ы, Боровской (Меңдіқара) мен Денисов аудандарында 50%-ы жойылып кеткен. Ал Всесвятский, Адамов және Торғай аудандарындағы егін шаруашылығына қатысты мәліметтер сақталмаған, сондықтан бұл жылы губерния алқаптарында күйіп кеткен егіннің жалпы пайыздық мөлшерін есептеп шығару мүмкін емес (1-кесте).
Облыс архивінің қорында Қостанай губерниясына қарасты төрт ауданда 1920-1921 жылдардағы мал басы туралы мәлімет сақталып қалған. Құжатта берілген кестеден губернияда мал басы бір жыл ішінде күрт кеміп кеткенін көруге болады. Мысалы, Қостанай ауданында 1920 жылы 42491 бас ірі қара болған. Ал 1921 жылы соның тең жартысынан астамы жойылып, 14 399-ы ғана қалған (2-кесте).
Өңірдегі ауыр жағдайға қарамастан, жергілікті билік халықтан азық-түлік салымын жинауды аса қатыгездікпен жүзеге асырды. Мысалы, Салтанат Нұртасқызынан алынған архив құжаттары атқарушы биліктің «Кімде-кім азық-түлік салымы жұмыстарына кедергі жасаса, оларды аяусыз жоямыз» деген қатал талап қойғанын айғақтайды. Салым жинаушылар көп жағдайда кедей шаруаның жеп отырған нанына дейін тартып алып отырған. Осылайша, губернияда жыл сайын ашыққандар саны көбейе бастайды. Мәселен, Қостанай өңірі бойынша 1921 жылғы қараша айында аш адамдар саны 192 340, ал Қостанай қаласы бойынша 7436-ға жеткен. Әр есеп беретін мерзім сайын ашыққандар саны 25 пайызға артып отырған.
Всесвятск ауданына (қазіргі Сарыкөл ауданы) қарасты Қарасұлы болысының салық инспекторы А.С.Поручиков 1921 жылдың 12 тамызындағы баяндау хатында: «Тұрғындарың азық-түлігі жоқ. Қарасұлы болысындағы егіннің күйі өте нашар. Ешбір үміт жоқ, тіпті жерге сепкен тұқымның өзін қайтарып алу мүмкіндігі болмай тұр», дей келіп, халықтан азық-түлік салымына белгіленген жоспарды орындаудың аса қиынға соғып жатқанын, көп жағдайда салықты күштеп жинауға мәжбүр екенін жазады. Губерния аумағында азық-түлік салымының қуғын-сүргін әдісімен күштеп жиналғанын 1921 жылдың 5 ақпанында өткен азық-түлік басқармасы отырысының №7 хаттамасынан да көруге болады.
Губерния халқының жаппай аштыққа ұшырағанына қарамастан, жергілікті атқарушы билік қысқа мерзім ішінде тұрғындардан астық жинап, мемлекеттік тарату пункттеріне апаруға міндеттелді. Салымнан жалтарған азаматтар жазаның ең қатаң түріне тартылып, тұтқынға алынды, сондай-ақ концлагерьлерге қамауға немесе мәжбүрлі түрде еңбек етуге кесіліп, Орынборға айдалған. Большевиктер өкіметінің дұшпаны деп танылғандар әскери революциялық трибунал арқылы сотталды. Азық-түлік салымын орындай алмаған болыстар мен ауылдар өкімет тағайындаған өздеріне тиесілі тауардан қағылып, оларға диірмен бойкоты жарияланды. Қара тізімге іліккен мұндай ауылдар мен болыстарға қарулы азық-түлік жасақтары тінту жүргізіп, сіңірі шыққан кедей халықтың тапқан-таянғаны мен соңғы нәпақасына дейін тартып алып жатты.
1921 жылдың наурыз айында Қостанай мен Ақтөбе өңірлерінде жұмыс сапарымен болып, ел ішін жайлаған жоқшылық пен ашаршылықты өз көзімен көрген Орталық атқару комитетінің мүшесі Ашмарин халықтың мүшкіл халін Қазақстан ОАК төрағасы Сейітқали Меңдешовке жеткізеді. Ашмарин өз баянхатында: «…Халық азық-түлікке аса мұқтаж. 1920 жылы егін шықпай қалғандықтан, ел іші нансыз отыр. Қысқы жемшөп жетіспейді. Мал жаппай қырылып жатыр. Алдағы жылы себетін тұқым жоқ. Жемшөптің жоқтығынан ыңыршағы шыққан арық-тұрық, жұмысқа жегілетін мал көктемгі жұмыстарға жарамсыз», деген мазмұндағы дерек келтіреді.
Аудандар мен болыстардан орталыққа келіп түскен мәліметтер елдің тамыр мен шөп жапырақтарын талғажау етіп отырғанын баяндайды. Кейбір болыстарда ашыққан жұрттың ит пен мысық сойып жегені, кепкен теріні қайнатып сорпа ғып ішкені, тіпті адам жегені туралы деректер бар. Архивтегі құжаттарда қоймалардың тоналып, ел арасында қарақшылық жасау, адам өлтіру қылмысының белең алғаны айтылады.
1922 жылғы 28 қыркүйекте Қостанай губерниясына қарасты елді мекендердегі аштар мен жедел көмекке мұқтаждардың тізімі алынып, оларға көмек көрсету туралы шешім қабылданады (3-кесте).
Осылайша, Қостанай губерниясының жоғарыдағы кестеге енген 4 ауданының өзінде ғана аш адамдардың саны 59 494-ке жеткенін, оның 30 347-сі қазақ, 29 147-сі орыс екеніне көз жеткізуге болады. Кестеде Торғай, Всесвятск (Сарыкөл), Боровской (Меңдіқара) аудандарындағы аштар мен жоқ-жітіктерге қатысты мәлімет мүлде жоқ.
Алайда Всесвятск аудандық азық-түлік комитеті, Қостанай губерниялық азық-түлік комитеті мен Торғай аудандық азық-түлік комитетіне қатысты архив құжаттарында аталған аудандардағы аштыққа ұшырағандар мен аштан өлгендер туралы мәліметтер кездеседі. Мысалы, аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету жөніндегі ауылдық болыстық комиссиялар 1922 жылдың 12 мамырындағы ахуал бойынша берген есептерде Всесвятск ауданына қарасты Севастополь болысының Ермаков, Крылов, Некрасов, Екатеринополь, Мелитополь, Золоторев, Златоустов, Сорочин, Кольцов ауылдық кеңестерінде аштықтан өлген балалар мен ересектер туралы деректер бар. Оларда аш адамдар мен аштан өлгендердің санына дейін көрсетілген. Мұндай статистикалық есептердің біреуін ғана мысал етейік: 1922 жылдың 12 мамырындағы жағдай бойынша бір ғана Сорочин ауылдық кеңесінің өзінде 80 адам аштан өлген. Оның ішінде 45 бала, 35 ересек адам бар. Ал бұл елді мекендегі ашаршылыққа ұшырағандардың жалпы саны – 1242. Оның 602-сі – балалар, ересектер – 640. Енді сол жылғы 16 тамыз айындағы статистикалық есепте Сорочин ауылында 244 адамның аштықтан көз жұмғаны, оның ішінде 112 бала, 132 ересек бар екені туралы айтылады. Сонда айналасы бес айдың ішінде 164 адам аштықтан көз жұмған. Осы уақыт ішінде аталған ауылдық кеңесте аштыққа ұшыраған тұрғындардың саны 4886-ға дейін шарықтап кеткен. Аштардың 1602-сі – 14 жасқа толмаған балалар, 3848-і – ересектер.
Шамамен 1922 жылдың наурыз айында Қостанай губерниясындағы аштарға көмек көрсету туралы жоспар құрылып, жалпы тұрғындардың және аштардың саны алынады (4-кесте).
Кестедегі 1-топқа енгізілген аудандарға ең бірінші кезекте, ал қалған аудандарға әрі қарай мұқтаждық деңгейін ескере отырып, рет-ретімен көмек беру көзделген. 1922 жылы жасалған жоғарыдағы кестеге сенсек, губерния тұрғындарының 46,5%-ы аштыққа ұшыраған. Ал аудандардағы аштықтың пайыздық деңгейі бұдан әлдеқайда жоғары. Мәселен, Семиозер ауданы тұрғындарының 81,2%-ы, Торғай ауданы халқының 80,5%-ы, Боровской тұрғындарының 68,6%-ы, Денисов ауданы тұрғындарының 42,7%-ы, Адамов ауданында халықтың 41,3%-ы, Қостанай ауданында 37,3 %-ы, Урицкий ауданында 29,9 %-ы, Федоров ауданында 18,4%-ы аштыққа ұшыраған.
– Губерния халқының жаппай аштыққа ұшырауы жергілікті тұрғындар санының азаюына алып келді. Архив қорындағы деректерді қарап отырсақ, 1920 жылғы санақ есебі бойынша анықталған 577 477 адамнан 411 572 адам ғана қалып, губерния тұрғындарының 60%-ы, яғни 246 311 адам ашыққан. 1922 жылдың 1 қаңтарында губерния бойынша аштыққа ұшыраған 283 749 адам тіркелді, ал сол жылдың 1 мамырында бұл көрсеткіш 347 497 адамға дейін жеткен, –дейді Салтанат Нұртасқызы.
Халық даналығында «Жұт жеті ағайынды» деп бекер айтылмаған, ашаршылық жылдары ел ішін жайлаған жұқпалы тырысқақ ауруының етек алуына байланысты губерниялық атқару комитеті 1921 жылғы 2 шілдеде індетке қарсы күресу мақсатында төтенше санитарлық комиссия құрады. Барлық мекемеге комиссия талаптарын бұлжытпай орындау міндеттеледі. Губерниялық төтенше комиссия аудандық, болыстық, ауылдық деңгейде осындай комиссия ұйымдастырып, індетке ұшырағандардың санын анықтауға кіріседі.
1922 жылы 26 қаңтарда Қостанай губерниялық атқару комитеті кеңесінің міндетті қаулысы жарық көріп, жұқпалы сүзек ауруының ұлғаюына жол бермеу үшін тез арада көшелерді, үй алаңдарын қоқыстан тазалау, сүзекпен ауырғандар анықталған бойда жедел жәрдем бюросына хабарлау, көше бойындағы өліктерді жинау, барлық жерде тазалық шараларын жүргізуді бұйырады.
1920-1922 жылдары Қостанай өңірінде болған нәубет туралы архив деректерімен қатар, ел аузында сақталып қалған мәлімет де көп. Мәселен, жергілікті тарихшы-ғалым Айбек Шалғынбеков: «Аталарым Қостанайға аштық жылдары Қызбелден ауып келген. Әулиекөлге айлап жол жүріп, табаны күлдіреп, әупірімдеп жеткен аш-жалаңаштар ауылды аралап нан сұрап, есік қағады екен. Алайда аштықтың үстіне індет жайлап алған кез болса керек, жергілікті мұжықтар қорқып, есігін ашпапты. Көнекөз қариялар Әулиекөлдегі вокзалдың маңайы аштан өлген адамдардың сүйегіне толып кетті деп отыратын», дейді.
Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ
Қостанай облысы