ХХ ғасырдың басынан қазақ тарихында қоғамымыздың ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосқан Алаш қозғалысының басты теоретигі, негізгі идеологы және шебер ұйымдастырушысы, Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның рөлі айрықша мәнді, ерекше маңызды. Ол тіпті Ресейдің күллі мұсылман зиялыларының арасында ерекше беделге ие болса, өзімен үзеңгілес болған қазақ зиялы қауымының өріс бағытын айқындап, тұстасына да, өзінен кейінгілерге де ұстаздық ете білген еді…
Әлихан Бөкейханды Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқып жүргенде-ақ таныған сияқты. 1939 жылы сонау Францияда жүріп: «Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», – деп ұстаз сөзін еске алған болатын [1, 369-370]. Және осы кеңестен кейін сол кездегі орыс пен жадит мектептерінде оқығандар бар ынта-ықыластарымен «мұғажыр мәселесін» үйренуге кірісіп, мұның түпкі мақсаты қазақ жерін этностық отарлау деген тұжырымға келуге мәжбүр болып, қазақ мемлекеті үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінген көрінеді.
Мұстафа Шоқайдың Петербургте университеттің заң факультетіндегі оқуы, араларында үзілістері бар 6-7 жыл болғанда да Әлихан Бөкейханмен осында тұрып жатқан түркістандық адвокат Серәлі Лапиннің үйіндегі жиындарда кездесіп тұрған. Осы кезде М.Шоқай т.б. жастардың түрікшілдік бағытты ұстауын байқаған ол бұлардың «өздерін ешқандай сағыммен алдамауларын» ескертіп, ұлттық қозғалыста саяси бостандықтан гөрі діни және жер мәселесіне көңіл аударуды ұсыныпты [2, 51б.].
Сонау Ташкенттен таныған Мұстафаның 1905 жылдан Ұлы даланың саяси сахнасында мәлім болған Әлихан Бөкейханның «Иртишъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріндегі редакторлық қызметінен хабардар болмауы мүмкін емес. Ал арасында Мұстафа да бар Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студент 1913 жылы Орынбордан шыққалы жатқан тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетіне құттықтау хат жолдаған еді. Онда жастар қуаныштары қойындарына сыймай, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген болатын. Сонымен қатар хат иелері маңызды екі мәселені көтерген еді. Оның бірі – «Қазақ» газетінің «…біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді деген ой. Екіншісі, «қаламменен жәрдем беретұғын мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазуды» бас редактордың әр қашан назарында алып жүруіне тілек еді [3, 15-16]. Бұл материалдың түркі тектес халықтың ой-пікір алаңын жіті бақылауға алған «Қазақ» газетінің басты ұйымдастырушысы Әлихан Бөкейханға да мәлім болуы керек.
Мұстафа Шоқай Ресей орталығындағы кезеңде ең алдымен Петербург университетінде жүйелі білім алды, Еуропа мәдениеті мен ғылымының тәтті дәмін татты, сонан соң сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оның саяси көзқарасының шыңдала түсуіне сол кездегі Петербургте өтіп жатқан түркі-мұсылман халықтары жиындарына қатысып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап отыруы ерекше маңызды болды. Әсіресе, 1916 жылғы 10 тамызда Әлихан Бөкейханның ұсынысымен аудармашы, хатшы және маман-зерттеуші ретінде Түркістан өлкесіне барған Мемлекеттік Думаның жанындағы фракциясының Құтлық Мұхаммет Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Шәкір Мұхамедияров және депутат Александр Керенскийлер бар делегациямен Самарқан, Ферғана және Сырдария облыстарындағы 1916 жылғы халық көтерілісінен кейінгі жағдайды көзімен көріп, жүрегімен сезгені ерекше маңызды болды. Бұл Мұстафа Шоқайдың келешегіне өлшеусіз үлес қосты, оның Мемлекеттік Думаның жанындағы Мұсылман фракциясының кеңесші бюросына қызметке келуіне игі ықпал етті. Егер 1917 жылғы Ақпан төңкерісі болмағанда Мұстафа Шоқай Мемлекеттік Думаға мүшелікке сайлануы да мүмкін болатын. Патша жарлығына сәйкес Түркістанның Думаға өкіл жіберуге рұқсаты жоқтығынан Мұстафаға Уфа уәлаятында тұратын қазақ сұлтандарының бірі С. Жантөрин (Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, белгілі саяси қайраткер – Ә.Б.) оған өз иелігіндегі жерін сыйлап, Дума мүшелігіне кандидатурасын осы өлкеден ұсынуға келісім берген еді [4, 218б.].
Ресейдегі күрделі саяси өзгерістен кейін туған автономия құру ортақ түсінігіне айналған Алаш ұлт-азаттық қозғалысы мен оның оңтүстік қанатының сан салалы саяси-ұйымдастырушылық жұмыстарының нақты нәтижелері – Алашорда мен Түркістан Мұқтарияты болды. Бұл Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың өздері басшылық жасаған, ерен қажыр-қайраттарын танытқан қызметтерінің сол кездегі шынайы болмысы, шыққан биігі, алған асуы болатын. Содан бірі Алашорда үкіметін басқарса, екіншісі оның Ұлт Кеңесінің және үкіметінің құрамына кіріп, Сыртқы Істер министрі етіп сайлануы, бір жағынан, Алашорда мен Түркістан Үкіметінің тұтастығын көрсетсе, екінші жағынан отызға тола қоймаған Мұстафаға көрсеткен үлкен құрмет те болатын.
Мұстафа Шоқай Екінші жалпықазақ құрылтайы делегаттарын Түркістанмен бірге болуға шақырғаны белгілі. Бұл мəселе Құрылтайдан кейін өткен алғашқы жиналыста арнайы қаралады. Жиналыс қайсы автономияға қосылу туралы мəселені Сырдария қазақтарының өздері шешсін деп тапты. Өзі барынша сыйлайтын Əлихан Бөкейхан жанжақты түсіндіріп, мəселені асықпай бірте-бірте шешудің қажеттігін байыптап айтқаннан соң Мұстафа Шоқай ұстазының аталы сөзіне тоқтады. Содан Əлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай Сырдария облысы қазақтарының құрылтайын шақыру туралы жеделхатқа бірге қол қойып, қалың қазақтың тұтастығын сақтауды ойлағандары белгілі. Ондай құрылтай 6-9 қаңтарда Түркістан шаһарында өткен де болатын. Алайда сол кезде қалыптасқан əртүрлі саяси жағдайды ескеріп, əзірше Сырдария облысы Түркістан автономиясы құрамында қалсын деген шешім қабылдаған болатын.
Алашорда екі жарым жыл, Түркістан Мұқтарияты алпыс төрт күн ғана өмір сүрді. Кеңес үкіметі бірін күшпен таратса, екіншісінің орталығы Қоқанды қырғынға ұшыратты. Екі алыпқа екі тағдыр бұйырды. Әлихан Бөкейхан 1922 жылдан он бес жыл ырқынан тыс Мәскеуде ұсталып, 1937 жылы атылды. Елде тұруы заңсыз деп жарияланған Мұстафа Шоқай Еуропаға кетуге мәжбұр болды. Алайда 1941 жылы құпия жағдайда қайтыс болғанша бір сәт толастамай, Түркістанның азаттығы үшін барын салды, парасат пайымын, күш-жігерін аямады. Сондай-ақ Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшылары алдында қарыз болып қалмай, оларды сан рет еске алып, ардақтап, кұрмет көрсетті. 1931 жылы жазылған «Ұлттық зиялы жөнінде» деген мақаласында Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлын – «атамекенімізді қара түнектен жарық дүниеге алып шығу жолында ұмытылмас қызметтер көрсеткен …қоғам қайраткерлері» деп жазды [5,180б.]. Ал олар құрған саяси демократиялық Алаш партиясын «Ресей қол астындағы түріктер ішінен шыққан саяси партиялардың ең радикалы еді» деп бағалады.
Әлихан Бөкейхан да, Мұстафа Шоқай да кеңестік жүйе «сыйлаған» қандай тағдыр болса да, өз мұраттарынан еш бас тартқан емес. Бірі өмірінің соңғы сәттерінде тергеушіге «Мен Совет өкіметіне қарсымын» деп [6, 101б.] тайсалмай мәлімдесе, екіншісі Гитлердің тұтқындар лагерлерін аралағаннан соң қасындағы неміс офицеріне сіздер – немістер, өздеріңізді Еуропадағы ең мəдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мəдениеттеріңіз менің көріп жүргенімдей болса, онда мен сендерге де тұтқындағылардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін деген мазмұнда хатты тапсырғанда, ол оның мазмұнын біліп, «Пікірлеріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде, Мұстафа: «Осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де разымын. Мұндай мəдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» деп жауап берген [4, 315б.]. Тағдыры солай болды да.
Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан бір шындық бар. Адамзат тарихы халық үшін еңбек еткен, қажет болса ғұмырларын да қиған адал да ардақты перзенттерінің есімін мәңгі сақтайды, әркез жаңа ұрпақ қастерлеп отырады. Ал өзі мен маңайы үшін ғана қызмет еткендердің есімі өздерімен бірге өшеді.
Әңгіме арқауы болып отырған энциклопедиялық білімдар, берісі қазақ ұлтының, арысы Ресей отарлығының азабын шегіп отырған түркі тектес халықтардың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, осы жолда бар ақыл-парасатын, қажыр-қайратын еш аямаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан мен осы қозғалыстың оңтүстік қанатының басшысы Мұстафа Шоқай жер бетінде қазақ барда мәңгі қызмет ететін, тәуелсіз мемлекетімізді байыта, кемелдендіре түсетін теңдесі жоқ идеялар мен ой-тұжырымдарға толы мол мұра қалдырды. Ал азаттық күрес кеңістігінде бұл қайсар қайраткерлер кімге болса да ерекше әсер ететін бір-бірін қастерлеудің үлгісін, айрықша адами қарым-қатынастың өшпес өнегесін көрсетті.
Әдебиеттер:
- Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 2-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007. – 392бет.
- Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12 том, 1-том. – Алматы: Дайк –Пресс, 2012. – 544 б.
- Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. II-том. – Алматы: Дайк –Пресс, 2012. – 640 бет.
- Шоқай М. Таңдамалы шығармалары: Үш томдық. 3-т. – Алматы: Қайнар. – 2007. – 384 бет.
- Шоқай М. Таңдамалы шығармалары: Үш томдық. I-т. – Алматы: Қайнар. – 2007. – 352 бет.
- Бөкейхан Әлихан. Шығармалары-Сочинения./Әлихан Бөкейхан. – Толықт. екінші бас. –Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. Т. 12. – 568 бет.
Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдарының докторы, профессор
1 сәуір 2021 жыл.