Ахмет Байтұрсынұлы «әліппесінің» алтын белдеуі – дыбыстық әдіс

Ахмет Байтұрсынұлы туралы сөз айту үшін Биік Сенім тұрғысынан, адами тұрғыдан, ғалымдық тұрғыдан, ұлтсүйгіштік тұрғыдан, шәкіртін адалдықпен құрмет тұтатын ұстаздық тұрғыдан ерекше дайындық болуы керек екен. 1993 жылы Алматыда аспирантурада оқып жүргенде, Рабиға апай Сыздықовадан бата алып, «Ахметтану» деген арнаулы курсын Құрман Несібелі және Жұмабаева Әзия бірге құрастырып оқыған едік. Содан ол курсты қазақстандық жоғары оқу орындарындағы алғашқылардың бірі ретінде Ақтөбе педагогика институтында қазақ филологиясы студенттеріне арнап оқыған едік. Ректор Мұхтар ағай Арынов «қазақ тілі кафедрасының білім мазмұнының қоры «Ахметтану», «Жұбановтану» болып қалыптасып жинақталуына соншалықты қуана сенім білдіріп қолдағаны да бастаған ісімізге қанат бітірген еді. Сол 1993 жылғы оқу жылының аяғында «Ақтөбе» газетіне «Адамшылық диқаншысы» атты мақала жазып, есеп бергендей болған едік. Содан бастап, жыл сайын, Ахмет Байтұрсынұлы туралы конференцияларға қатысу, мақала жазу қалыпты дәстүрімізге айналды. Бірақ, дана адамдардың әр сөзі жақұт (бізше айтсақ, бриллиант) сияқты. Жарық қалай түссе, соншалықты жаңа, бай түстермен жарқырай түседі. Ахмет Байтұрсынұлы туралы тек конференцияларда, аудиторияларда сілтеп айтып, шыға бере, әлі де айту мен мақтаудан аспай, нақты бір іс жасалмайтыны да өзекке түскен оттай болатын.

Білім және ғылым министрі Асхат мырза Аймағамбетовтың Ахмет Байтұрсынұлының логикасымен «Әліппе» жазуды ұсынуын естігенде, «Ахметтанудың» жаңа деңгейі басталғанын түсіндік. Ахмет Байтұрсынұлының «Бақ» деген өлеңінде бақытын іздеп шаршағанда айтқан:

Қашан жанып шамшырақ,
Сәуле беріп жарқырап,
Болар жарық төрт тарап?
Қашан маған іздеген
Келіп жылы жүзбенен,
Болар серік бақ қарап?!

деген  өлеңінің жолдары әрдайым Ахмет Байтұрсынұлының алдында бір нәрсені жеріне жеткізбей жатқанымызды айтқандай болып тұратын.

 Заманында өзі қараңғыда жүрсе де, халқын алға, түптен көрінген сәулеге қарай сүйреген Ер болған Ахмет Байтұрсынұлының атын «Әліппесін» шамшырақтай жаңғырту арқылы шығарып, сол арқылы ұлттық сананы қайта жаңғырту – тарихта сақталатын ерлік те, алғыс та, халықты ағарту үшін жанын қиған Ахмет Байтұрсынұлының алдындағы орындалған парыз да. Негізі, жүрегінің сезімталдығы аса нәзік, жанының құлағы ашық адамдар ғана алыс-алыс замандарда қалған адамдардың арманын ести алады дегенге сенген дұрыс. Министріміздің бұл бастамасы – Ахмет Байтұрсынұлының рухын қайта жарқыратуы, ұлттық табиғи логикамен жазылған Әліппенің де рухани жаңғыруы.

 Бұл – жақсы іс. Жақсы болғанда да, ғылымға кіргеннен бастап, Ахмет Байтұрсынұлының атын атап, еңбегін талдап жүрдік. Сол үшін үлкен кейбір ағалар жұмысымызда қиындықтар тудырған да болатын. Сол қиындықтың барлығын елемей, бағытымыздан таймай, жақсылық жолын салушы, адамшылықтың дәнін еккен диқаншысы Ахмет Байтұрсынұлын еңбегін ертегідей тек баяндап емес, нақты қазақ мектебінің оқу бағдарламасы мен оқулығы етіп, тамырына қан жүгіртіп тірілту ісіне қалай араласпаймыз деген ой туындатқан жақсы іс болды.

Осы мақаламызда Ахмет Байтұрсынұлының данышпандығы психологиясына байланысты,  Әліпбиге байланысты,  Әліппе мен әдістемелік  пайымдауларына байланысты сөз етуді мақсат етіп қойып отырмыз.  Және осы шартты бөлімдердің ішкі логикасын бірімен екіншісін байланыстырып отыратын «алтын белдеуді» (золотое сечение) тануға ұмтыламыз.

Ахмет Байтұрсынұлының заманының озық данышпан ойлы болғаны соншалық, біздіңше, ол Фибоначчидің алтын белдеуі туралы өте жақсы білген және қолданған. Ол алтын белдеудің керемет сәнді де әсем, берік те сенімді алтын қазықтардан құралғанын зерттеу арқылы танып-білу – рухани дүниеңді байытатын нәтижелерге қол жеткізу.

«Әліппе» білім берудің, білім алудың ең алғашқы оқыту жүйесі, алғашқы сатысы екені белгілі. Жазу пайда болғаннан бастап, оқыту, үйрету басталса, оның бастау тұмасы  да Әліппе болғаны анық.

Біздің қолымызда Күлтегін ескерткішінің мәтіні болғанымен, соған дейін жеткізген өркениеттің әріптерді үйрету жүйесі жоғы терең өкініш сезімін тудыратыны рас. Ол туралы тіпті де айтылмағандықтан, «Күлтегінге дейін алып келген білім берудің, соның бастауы болған әріптерді оқытудың әдістері қандай болды екен?» деген сұрақ қоюдың өзі «қалыптан тыс» сияқты  көрінуі де анық. Өкініштісі де осы. Әбден үйреніп алдық гештальт тұрғыдан дайын ескерткішті қабылдауға. Ал оған жеткізген білім беру жүйесі  – өркениеттің керемет таным деңгейі болғаны туралы айтылмайтыны қиын. Сабақтастық сақталмаса, үзіп-жұлып таныған таным нысандарының қай жерінен логикалық шешім іздеуге болады?  Күлтегін ескерткішіне дейінгі өркениеттік жетістігіміз айтылмаған соң, ол жастарға бір тас ескерткіш болады да қалады. Сосын амал жоқ, барлығын формалдық болса да жүйесі сақталып отырған орыстың немесе еуропаның жүйесімен салыстырып, өзімізді-өзіміз басқа келбетте тани бастаймыз. Сөйтіп, өзіміздің болмысымыздан алыстап кете барамыз.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» де бірден жазыла салынған кітап емес еді. Ол да Ахмет Байтұрсынұлына жеткен өзіне дейінгі өркениеттердің белгілі бір квинтэссенциясы және соның даму желісі ретінде жасаған ағартушылық жолы, шыққан белгілі бір таным сатысы еді. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы сонда, ол бір кітапта қазіргі үш түрлі болып сараланып танылып отырған ұғымдарды бір аяда қарастырды. Ол үш ұғым мыналар:

  • әліпби (орысшасы – алфавит);
  • әліпбидің есте сақтаудың, сауат ашудың алғашқы қадамдары, әдістері берілген түрі (орысшасы –азбука);
  • әліппе – әріптерді дыбыстық және буындап, сөз түрінде қосып оқу дағдыларын меңгертуге арналған оқу құралы (орысшасы – букварь).

Ахмет Байтұрсынұлы осы үш ұғымды кезек қолданып, бірақ оларды араластырмай, саралау жолымен қазіргі біз қолданып жүрген әліпбиді (алфавит), суретті әліппені (азбука), «Әліппені» (букварь) аса терең ойшылдығының, дидактикалық заңдылықтарды шебер қолдана білуінің арқасында бір аяға сыйғыздырды.

«Қазақ тілін оқыту әдістемесінің» кенжелеп қалғаны себепті, «Әліппені оқыту әдістемесінің» тарихын жүйелеу, зерделеу ісі де осы кезге дейін қолға алынбай келді. Сондықтан да қазіргі латын жазуына ауысуға байланысты туындап жатқан пікірталастардан белгілі деген ғалымдардың пікірлерінде «Әліпби» (алфавит) мен «Әліппені» шатастыру, тіпті екеуін бір ұғым ретінде қарауы, тіл жүйесі мен дидактиканы ығы-жығы мидай араластыруы байқалып отыр. («Әліппені неге алфавит бойынша оқытпаймыз?» деген сұрақты қойған ғалымдарды көргенде, адами шошу да пайда болғанын жасырғымыз келмейді.) Кеңес үкіметінің сұрқия саясаты тарих сахнасынан формалды түрде кетсе де, санада еккен уының зәрі қалғаны осындай келеңсіз пікірлер туғызып жатқанынан танылып қалды.

Соншалықты бай да қазыналы Тіл білімі институтының да осы кезге дейін «Әліпбитану» (алфавитоведение) сияқты іргелі бір зерттеу жүргізбегені де, өкінішке орай, байқалып қалды. «Жазу тарихы», «қазақ жазулары» деген саланы әліпбитанумен шатастыру бар. Орфография, әрине, әліпбимен тікелей байланысты, дегенмен Әліпбидің тарихын жеке қарастыру – аса маңызды мәселе.

Латын графикасына көшуге байланысты мәселелер талқылану барысында Әліпби түзуші ғалымдардың «балаға қиын, балаға оңай» деген сөздерді айтуы  олардың әліпби мәселесін Әліппені оқытумен  шатастырып отырғанын, лингвистикалық проблема мен дидактикалық мәселенің ара жігін айырмай отырғанын, сонау Ахмет Байтұрсынұлының айтқан кезеңінен алыстамағанын нақты аңғартты. Әрине, тағы да өкінішті тұсы – теориялық та, практикалық та жағынан Әліпби түзіп, тұтас бір ұлттың жазу жүйесін құрастырудың заңдылықтарын толыққанды игермей іске кірісетін адамдардың көбейіп кеткендігі.

Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми таным тұмасы толық анықталмағандықтан, кешенді зерттеулер жүргізілмей, бөлек-бөлек тұжырымдар жасалып жатқандықтан,  ғұламаның «Қазақ әліпбиін түзудегі білімінің бастау көздерінде нақты қандай ғылым мен ілімдер орын алды?» деген сұраққа жауап беру өте қиын.

Кирилицаны жасаған Кирилл мен Мефодийдің кирилицаны жасау ерекшеліктерінің осы кезге дейін үздіксіз зерттеліп, онда да түрлі қырдан болжамдар айтылып жатқанын ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлының өзі қандай алыптардың барлығының жұмысын жалғыз атқарғанын түсінеміз. Сонша еңбекті ол  тек санасына берілген нұрлы да саф сәулесі арқылы ғана жасап шыққан деп түсініп бағалау керек. Басқаша мүмкін емес.

Өйткені,  Ахмет Байтұрсынұлы Әліпбиді түзіп, Әліппені жазып, Қазақ тілінің 300-ден астам терминін жасап, тілімізді жүйелеп сипаттап, Әдебиетімізді терминмен байытып, жүйелі ғылым курсына айналдырып, одан басқа педагогика, дидактика, әдістеме ғылымдарын орны-орнына қойып, кеңестік жүйенің қанша шыр айналдырғанына шыдап беріп бағатын, сөйтіп Ана тілімізді сақтайтын Темірқазықты қағып кеткен еді.

Біз өз тарапымыздан Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын дарындылық, таланттылық деңгейлерінен де жоғары тұратын «данышпандық кодтарды шешу» деңгейінен қарастыру керек деп ұсынамыз. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлының бір ғана қазақ тілі бойынша,  әліпби түзуден бастап, тілдің фонетика, морфология, синтаксис саласын түгел зерттеп, 300-ден астам термин жасап кетуі, тұтас тілдің барлық ішкі жүйелерін бір болмысқа түсіріп, ұлттық келбет беріп үлгіруі – жалғыз адам жасайтын іс емес. Қазіргі дамыған психологиялық-тарихи аспектіден талдау арқылы Ахмет Байтұрсынұлының данышпандық қызметінің шығу көзі мен күш-қуатының тек күткен нәтижеге қарай бағытталып, бірден көздеген жетістікке жеткізетін ерекше мүмкіндіктерді қолдану жолы болғанын тануға болады.

Ерекше тілмен айтсақ, бұл  – қоғамның зырылдауығы қатты айналғанда, кейбір мемлекеттер, елдер, ұлттар, тарих айналымынан түсіп қалмауы үшін, Құдыретті Күш Иесі өзі таңдаған асылтекті адамдарды өз ұлтының аман қалуына Қазық етіп қоятынын мойындататын ерекше құбылыс.  Бабаларымыздың:

Бөрі тоғыз бөлтірік табады, –

Біреуі ғана абаданы болады.

Итала қаз тоғыз жұмыртқа салады –

Біреуі ғана құмай тазы болады, – дегеніндей. Немесе көкте бірнеше ғаламшар жүзіп жүрсе де Күнді алтын қазық етіп, Күн жүйесін құрап, барлығы әсем де гармониялық тірлігін бұйрық келгенше жалғастырады деп салыстыруға болады. Күннің де данышпан бейнесінде танылып, сол таңғалыстан табыну нысанына айналып, оған табыну да сол ерекше қызығудан туындаған болуы мүмкін…

Ахмет Байтұрсынұлының данышпандық кодының бағыты соншама ауыр жүкті жалғыз өзі арқалап, уақытында қалыпқа түсіріп, еліне, ұрпағына аманат етіп тапсырып үлгіру болған еді. Ахмет Байтұрсынұлының данышпандығын мойындататын оның істері – кодтары десек, оны танып-талдайтын да өзіндік жолдары бар.

Данышпандық ойлау механизмдері (тетіктері) тұтас бір өркениет мойындап, қабылдайтын ерекше  туындыларды жасауға негіз болады. Данышпандықтың келесі қыры – иррационалдық шабыт және оның Құдыретті Күш Иесінің ғана берген сыйы екендігі түсініледі. Данышпанды әлеуметтік-мәдени контекст тудырады.

Әрине, данышпандық психологиясы тұрғысынан қарайтын болсақ,  Ахмет Байтұрсынұлының универсалдық таным иесі екенін мойындаймыз. Гегельдің: «Талант ерекше қабілетті болса, данышпан жалпы қабілетті болады», – деп айтқанындай, Ахмет Байтұрсынұлының тұтас болмыстың сандаған қырын біртұтастықта және өзара байланыста көре білуге және сол танығанын бай біліммен және қазыналы тілімен жеткізе білуі көкірек көзінің және таным қуатының «адам – табиғат – қоғам» жүйесін бірден көріп-білуге қабілетті болғанын айқын көрсетеді.

 Данышпанның дүниетанымы өмірдің сандаған қырын бөлшектеп емес, өзара тығыз байланыста және олардың барлығын даму үстінде, динамикалық қозғалыс үстінде тани алатындай ерекше қабілетті болып келеді.

 Данышпандықтың психологиясын зерттеуші ғалымдардың айтуынша, данышпандардың универсализмі негізгі екі өлшемге ие болады.

 Бірінші өлшемі – ол сан қырлы саланы аса тереңдей  тануға  ерекше қабілеттті болуы. Ахмет Байтұрсынұлының қоғам қайраткері болуы, газет шығаруы, мұғалім болуы, тілді және әдебиетті тамырына дейін жете зерттеуі, дидактика мен әдістеменің заңдылықтарын ұлттық дүиетаным болмысына бейімдей келе, жалпыадамзаттық құндылықтарға жеткізуі, арабтың тек арабтарға ғана арналған графикасын қазақ дыбыстарын еркін сөйлеуге  мүмкіндік беретін етіп реформалауы осыны айқын көрсетеді.  Араб жазуын басқа ешбір ел өзінің жазуы етіп төл дыбыстарын таңбалау үшін реформалауға, өзгертуге, араб әріптерін тек таңба үшін ғана алуға  батылы да, зерттеу қуаты да жетпеген деп ойлаймын. Патшалық ресейлік мәдени жүйенің қазаққа қарай бет алған алапат арынын терең көк тамырының лүпілінен-ақ сезген Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқын аман алып қалудың бір жолы осы жадид жазуын жасау деп түсінгені анық.

Араб тілі – АЛЛАХ СУБХАНАКАТАҒАЛАМЫЗ ТҮСІРГЕН ҚҰРАННЫҢ ТІЛІ. Қазақтың есінен АЛЛАХ ТАҒАЛАНЫ шығармайтындай алтын қазық керек еді. Біздің ойымызша, Ахмет Байтұрсынұлы жазулардың Көктен келген Кітаптарға қатысты ТАЗА БОЛУЫН аңасаған сияқты. Кейбір жазулар, негізі Көктен келген Таурат пен Інжілді, Забурды адам қолымен қайта көшіргенде қолданған жазулар болғаны да шындық қой… Ахмет Байтұрсынұлының жанұшыра айтқан мына сөзінің астарында Қазақты қорғаудың небір қат-қабат түсінігі жатқандай: «Өзге жұрттың әліппелерін қазақ қабылдай алмайды. Араб әліппесі қазақ арасына дінменен бірге таралған, сіңген. Дінменен бірге байласқан әліппені алып тастап, басқа әліппені алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң араб харіфлерін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек», – деген сөзінен  Ахмет Байтұрсынұлының дүниетанымдық өлшемдерінің ислам діні деген аса мықты да қасиетті қазыққа өріле дамығанын айқын көруге болады.

Бірақ, арабтың ұлттық сөйлеу тіліне бейімделіп, оның ішіне еніп, одан  еріп кетпеуі үшін, қазақы әр дыбысқа, араб сияқты тек дауыссызға ғана емес, қазақтың барлық дыбысына – дауыссызына да, дауыстысына да амалын тауып, таңбаларын  белгілеп, еркінше кең арналы әліпби жүйесін жасап үлгірген еді.

 «Шаһзаман мырзаға» қарап айтқан мақаласындағы: «Дыбыс пен хәріп екеуін бір затқа санайсыз. Мен қазақ тіліндегі дыбыстарды айтамын, сіз арабтардың хәріптерін алып келіп көрсетесіз. Сіздің қарауыңызша, араб хәріптеріне дұрыс келетін дыбыстар қазақ тілінде бар болмақшы, дұрыс келмейтін дыбыстар, тіпті, жоқ болмақшы. Олай болғанда, арабтың хәріптері қазаққа келмей тұрған уақытта, қазақта Һешбір дыбыс болмасқа керек қой. Араб хәрпінен бұрын қазақ сөйлемеді дейсіз бе? Біз ойлаймыз, қазақ араб хәрпінен бұрын да сөйледі деп, сөйлеген соң дыбыстары да болады деп. Ол дыбыстардың араб хәріптеріне тура келетіні де бар, келмейтіні де бар деп. Бары, тегіс келмейтін  себебі: араб әліппесі қазаққа деп арнап шығарған әліппе емес, араб тіліне арнап шығарған, һәр халықтың тіліндегі дыбыстардың ішінде бөлектік болады. Бірінде бар дыбыс, бірінде жоқ болуға ықтимал», – деген сөзінде сол замандағы Шаһзаман сияқты «оқыған» деген адамдарға да  қазақы дыбысты сақтау маңыздының маңыздысы екенін түсіндіру керек болғанын көреміз. Ал оқымаған, не шала сауаттылар не істемейді сонда?

Ахмет Байтұрсынұлы әліпби түзуде ұстанған принципі туралы: «Хасыл кәләм, менің ойым: сөз жазылу керек айтылатұғын түрінше, яғни сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың әріпін жазу, естілген дыбыстың әріпі жазылмай, басқа әріп жазу керек болса, не үшін ол керекті… ғылым сарф жолыменен ыспат етілсін», – деп, әр дыбыстың әр таңбасының неліктен солайша алынғанына ғылыми түсініктеме және практикалық тиімділігін дәлелдеп баяндап береді.

Данышпандық универсализмінің екінші өлшемі – ол данышпандардың әлем құрылымы мен тынысын дөп басып тани білуі, келе жатқан жаңа заман ырғағының, қарқынының, арынының қуатын өз ақылы мен сезім қуатымен  үйлестіре отырып тани білуі.  Ұлы Абайдың:

 «Көк тұман — алдыңдағы келер заман, 
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған
», –

деген өлең жолдарындағы көп жылдар мен көп күндерді бірден тұтас көре алатын психологиялық күйі – данышпандықтың бір қабілеті.

Әрине, бұл ретте Нострадамустың болжағаны сияқты, қазақтың барлық көреген әулиелерінің айтып кеткен болжамдары бар екені белгілі. Ғалымдардың да ғылым мен білім берудің, қоғам мәдениетінің даму барысына қарай отырып, келешек заман келбетін сипаттауы – данышпандық қуаттың көрініс беруі. Ал Ахмет Байтұрсынұлының данышпандық қуаты неден нақты танылады және қалай айрықша болып тұрады?

Ахмет Байтұрсынұлы патшалық ресейлік жүйенің ғана емес, оның арғы жағында орналасқан америкалық, ағылшындық, арабтық, парсылық саяси діңгектерінің қазаққа, қазақ жеріне қатысты нендей ұстанымнан тұратынын саясаткер ретінде өте-өте жақсы түсінді. Ол қазақ халқының нақ сол кездегі саяси-әлеуметтік жүйесі мен тұралап қалған көшпелі ұлттық экономикалық жүйесі болса қасиетті елдің шыңын да, шыңырауын да қопаруға келе жатқан капиталистердің дайындығына еш төтеп бере алмасын да жақсы түсінді.

Қазақ халқының тарих сахнасында қайта-қайта жоқтан пайда болатындай ерекше болмысын атақты нейропсихолог Лурия бастаған сталиндік психологтердің 10-15 жыл зерттеп, қазіргі күнге дейін сол бағытта қазақтардың ұлттық қасиетінің, болмыс табиғатының ерекшелігін таңғалыспен сөз етіп келе жатқанын біріміз білерміз, біріміз білмеспіз. Тарих үшін өте жас Қазақ хандығының және өмірлік өте таза ұстанымдардан құралған Қазақ ұлтының ұрпағы болғандықтан, еуропалық және шығыстық мемлекеттердің бас шайқай тамсана танығысы келетін, әлі келсе, тек екі шайнап бір жұтқысы келетін «аппетитпен» қарап отырған барлық көрші мемлекеттердің саяси көзқарастарын Ахмет Байтұрсынұлы әбден білгені де анық. Жер туралы толғаныстарға баруы да сол себепті еді. (Ол енді басқа арнадағы әңгіме болар.)

Жас ұлт болғандықтан және отырықшы елдің өрмегі мен шырмауығынан ада, көшпелі өмір сүрген,  жас баланың, пәк сәбидің қылығындай, жастық шақтың тамаша батырлығы мен тазалығынан тұратын өмірлік көзқарастары қай елдің болмасын көзін қызықтырып келгені рас еді. Бірақ, екі шайнап бір жұтқысы келетін ашкөздер бір нәрсені елемей келе жатқанын да Ахмет Байтұрсынұлы білген деп ойлаймыз. Ол –  жас қазақ мемлекет ұрпақтарының аталары мен аналарының басынып келген жаудың басын шауып, қолына бергені, сол ерліктің әлемде әлі күнге дейін сыбырлап қана айтылып, бәрін шошытатыны, ол – АЛЛАХ СУБХАНАКАТАҒАЛАМЫЗ  Мұхаммед с.ғ.с. Пайғамбарымызға түсірген ҚҰРАН-КАРИМНІҢ  тек Қазақ Елінде ғана Қожа Ахмет Ясауи сияқты киелі адамның қолымен жырға айналдырылғаны, ол – ҚҰРАН-КАРИМНІҢ  философиялық деңгейде тек Әбу Насыр Әл Фарабидің трактатында ғана  ғылыми дәлелденгені, ол – ҚАЗАҚ деген ұлттың ананың ішіне перзент біткен күннен бастап Ар мен Намыс, Рух тазалығына ұмтылатыны. Бұл айтылғандар – метафора емес, нағыз шындық. Сол шындықтардың, сырт қарасаң, босбелбеу сияқты жүрген қазақтың әрқайсысының, ұлының да, қызының да ішкі жан-дүниесінен гауҺардай қуат беріп жатқанын шетелдіктердің білмейтіні еді. Мұны Ахмет Байтұрсынұлы жақсы түсінді. Өйткені ол мектеп мұғалімі ғана емес, тұтас ұлттың ұстазы еді. Өз ұлтының ерлігінің де, өкінішінің де, мақтаншақтығының да, шешендігінің де, бөспе-мылжыңдығының да, байлығының да, кедейлігінің де – барлығының тетігін ұлттық философиялық-психологиялық тұрғыдан және жақсы көре отырып танып алған еді. Елінің жанашыры болған Ахмет Байтұрсынұлы нұрлы да биік санасының өзіне Жоғарыдан берілген сый екенін түсінгендіктен, жеке басының өмірін Халық үшін арнаған еді. Бұл деңгейге жеткен де бар, жетпеген де бар. Жеткен де арманда, жетпеген тіпті арманда…

Ал, Ахмет Байтұрсынұлы осындай ерекше болмыстағы қазақ деген ұлттың алдау мен арбауға емес, ескішілдік шапанын киіп жайбарақат жүргенде басқа елдің мәдениеті қазақты жолбарысты ұстағандай үстіне тор лақтырып ұсталып қалмауын ойлаған еді. Сондықтан түркі тілдес елдердің ішіндегі өз баласының қолымен жазылған әліпби де, әліппе де, грамматика да, әдебиет теориясы да жалғыз қазақтан шыққан еді. Ал барлық басқа түркі тілдес елдің грамматикалары мәскеулік не ленинградтық басқа ұлт өкілдерінің жазып берген сипаттама немесе формалдық грамматикалары еді. Түркістан республикасы құрылып, секторлар жұмыс жасағанда, тек «Қазақ» секторының ғана барлық пән бойынша оқулықтар жазып, ерен еңбек жасағанын орыс ғалымдары атап жазып кеткені бізге 1918 жылғы журналдан белгілі.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ рухани әлемінің (мүмкін тұтас түркі әлемінің де?) тізгіні болған Ана тілімізді зерттеп, тіл қазынасындағы қыруар кен орындарын аударып, тапқанының барлығына ғылыми тілдік жүйеден орын беріп, таныған тілдік құбылыстың барлығына атау беріп, ғылыми атау –термин етіп қалыптастырып, бұзылмас ғылыми жүйе жасап кеткенін қалай бағалаудың орнын ашық айта алуымыз үшін, ғұламаның білім алған тұма көздерін тануымыз керек. Ол үшін «Ахметтанудың» жаңа арнасын бастау керек.

«Ахметтанудың» бастауы – әліпбитану мен әліппетану.

Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиінің құрылымдық-мазмұндық жүйесіне заманауи көзқарас тұрғысынан  қарайтын болсақ, ғұлама бабамыз өз кезінде-ақ көптеген теріс лағып кеткен пікірлерге тойтарыс беріп отырған. Өзінің оппоненттеріне: «Араб әліппесі өз дыбыстарына арнап шығарылған. Олардың дыбыстарының арасында «о», «ы», «э»پ (  (п) дыбыстар болмаса, бұл дыбыстарға тура келетін хәріптері де болмасқа керек. Сіз қалай ойлайсыз? Араб әліппесіне тура келетін хәріпі жоқ дыбыстарымызды тіпті жоқ қылу керек пе? Негізінен, ойлаңызшы, тіл хәріп үшін шығарылған нәрсе ме? Болмаса хәріп тіл үшін шығарылған нәрсе ме? Әлбетте, хәріп  – тіл үшін шығарылған нәрсе. Олай болса, хәріпі жоқ деп, тілдегі дыбысты жоғалту емес, ол дыбысқа жоқ хәріпті іздеп табарға керек», – деген ұстанымдық пікірінен қазақ әліпбиін түзуде біржақты арабшылдық еш байқалмайтынын да анық байқамыз. Басты мақсат – қазақ тіліндегі бар ұлттық дыбыстарымызды жоғалтып алмауды ойлау.  Ахмет Байтұрсынұлы жасаған Әліпбидің (алфавит) түзілімі.

1-сурет. Ахмет Байтұрсынұлы түзген Әліпби – алфавит.

(Бұл кестені біз Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйінің директоры Райхан ханым Имаханбеттің мақаласынан көшіріп алып отырмыз).

Ахмет Байтұрсынұлы Әліпбидің болмысы туралы мынадай өзінің пікірін айтады: «Әліп-би деген асылына адам арқылы жетпейтін нәрсе емес. Әліп-биде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін, адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс. Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым Әліп-би жақсы болмақшы. Олай болса, Әліп-би сынға түсіп, жақсы-жаман тексеруге әбден келетін нәрсе болып шығады».

Барлап қарағанға, Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөздерінің мағынасы дәл бүгінгі күнгі латын жазуына ауысуға байланысты науқанды да ескергендей, соған қатысты көп даурықпай, не істеу керектігін айтып кеткендей танылады.

Осындай Әліпби түзумен қатар,  Ахмет Байтұрсынұлының ересен еңбегі қазақ фонетикалық жүйесінің ішкі терең тұңғиықтарына дейін қарастырып кеткендігімен бағаланады. Ахмет Байтұрсынұлы әрбір қазақ дыбысын таңбалар алдында олардың қыр-сырын рентген сәулесінен бетер талдап сипаттаған. Сонда ешбір заманауи рентгенологиялық құралдарсыз, тіл дыбыстарының сипатын сонша қырдан қалай сипаттаған? Діни таным бойынша, біз ештеңеге таңғалмауымыз керек. Өйткені «жаратылған» болғандықтан, сансыз қыр-сыры беймәлім бұл дүниеде нешеме ғажайыптар бар екеніне біздің шектеулі санамыз жетпейді, таңғаламыз деп күпірлік жасап алуымыз мүмкін. Шүкір мен тәуба дей отырып, танымның алтын жолына түсуге ұмтыла беруіміз керек.

Айға барып келсе де,

Алтын үйді көрсе де,

Қызыққа тоймас адамзат, – деп бабаларымыз айтқанындай, таным мен тануға деген қызығушылық қана айналаңдағы дүниеге, өзіңе, өзіңдегі сансыз қасиеттерге қызыға тануға ұмтылдыруы керек. Бұлай айтуға бір себеп ғұлама ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақаласында қазіргі фонетикалық ойлауға мүлде дерлік ақылға сыймастай болған керемет ой түйіндерін жинақтаған. Бұл мақаласы, шындығында, Н.Трубецкойдың фонология туралы теориясынан асып түспесе, кем емес. Иә, асып түспесе, еш кем емес. Өйткені Н.Трубецкойдың үндіевропалық тілдердің фонологиялық түптамырын зерттеу әдісі қазақтың дыбыстық жүйесін зерттеуге құрал бола алмайды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған «дыбыстық әдіс» жолы  Н.Трубецкойдың орыс тілінің фонологиялық теориясы сияқты қазақ тілінің табиғатын толыққанды танытатын теориялық бағыт болып табылады.

Бұл ретте құрметті ғалым Әлімхан аға Жүнісбековтің «Надо полагать, что, как бы это не выглядело дерзко, необходимость по новому осмыслить как теорию, так и практику анализа тюркской фонетики назрела. И начинать это надо с казахской фонетики... Тюркские языки, как сингармослоговая языковая семья, таит в себе ещё много нерешённых лингвистической (только, не фонологической) теорией вопросов, для решения которых необходим специальный (только, не европоцетристкий) теоретический аппарат. В результате сингармологических исследований устройство казахского (тюркских) языка предстанет в совершенно новом виде. Это будет реальная фонетическая картина органично присущая звуковому строю казахского (тюркских языков) языка», деген пікіріне келісе отырып, біз де қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен оны оқыту жүйесін үндестік заңын тірек етіп негіздеуге бетбұрыс жасауымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуын реформалау арқылы, әліппе мен қазақ тілі, қазақ әдебиеті оқу құралдарын жазу арқылы қазақы ұлттық мәдени болмысты жаңа заманға аз уақытта қайта бейімдей алған феномен.

Ахмет Байтұрсынұлы – мәдени-ағартушылық процестің бел ортасына алтын қазықтай орналасып, өзінің рухының айналасына маңызды терең тамырлы қазақы әлеуметтік-мәдени иірімдерді «айналдырып», өз заманына сай және келешек заманның тегеуріндеріне төтеп бере алатын, жаңа симметриялық формалы жүйе түзуге менталдық қуаты жеткен тұлға. Осындай, яғни ғаламат ғарыштың бір оське байланып  айналуынан бастап, қол ұршықтың иірілуіне дейінгі аралықтағы даму процесіне тән болатын ерекшелікті Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың рухани әлеміне ену үшін танып, біліп, мойнына алып, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, жүрек қуатымен, ақыл еркімен жасаған ерлігі, сөз жоқ, ерекше рухани феномен екендігін танытады. Ахмет Байтұрсынұылының бұл қызметін Әбу Насыр Әл Фарабидің: «Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет – тамаша әрекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз –  оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық», – деген философиялық пайымы  арқылы түсінуге және бағалауға болады деп ойлаймыз.

Ахмет Байтұрсынұлының рухының ерекше менталдық болмысын азды-көпті тануға мүмкіндік беретін құндылықтар жүйесі, ғұламаның білімімен, наным-сенімімен, қазақы таза қалпымен, өмір сүрген ортасымен, атқарған қызметімен бірге оның қоғамдық үдерістерге араласуына ықпал етті. Ахмет Байтұрсынұлының қызмет еткен жүйесінің қай компонентін қарасақ та, ұлттық аксиологиялық кодтар алтын қазықтай болып,  қадау-қадау айқын көрініп тұрғанын көреміз.

Сол көзіміз жеткен жерге дейінгі керемет те әсем пропорция құрып қадалып тұрған  алтын қазықтарды Ахмет Байтұрсынұлының «алтын белдеуі» деп атар едік. Сол алтын белдеу қазақ халқының асыл тілі мен ділін айналасына үйіріп сақтап қалған еді. Осындай алтын белдеу арқылы ғұлама бабамыздың ойлауының деңгейі қаншалықты биік те терең кең құлашты екендігін танимыз. Ал ұстаздың біз танымай жатқан басқа салалар бойынша қалдырған қаншама жәдігерлері бар? Мемлекетіміз ұстанып отырған бағыт пен соның нәтижесінде болып жатқан, болады деп күтілетін қоғамдағы өзгерістер Ахмет Байтұрсынұлының алтын белдеулерін қайта жарыққа шығаруға әсер етіп жатса, Биік Нұрдан үмітті адамбыз ғой, заманның қазақ үшін жақсылықтар мен игіліктер болып орнауының басы деп қабылдайық, сол жақсылықтарды қабылдауға өзімізді де, жас ұрпағымызды да бейімдейік.  Ол жақсылықтың ізіне бізді түсіру үшін Білім және ғылым министрі бір қадам жасаса, қалғанымыз қолдап, бар қолдан келген игі ісімізді үлес етіп қосайық.

Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық болмысын жаңа деңгейде, жаңа әдістер арқылы зерттеп, жаңа деректерді ашып қана қоймай, ол деректердің себебін ғана емес, жетелеп апаратын салдарының да  болмысын зерттеу керек. Соның бірін «Әліппе» оқулығының құрылымын Ахмет Байтұрсынұлы тәжірибесімен  жаңалау және соған сай «Әліппені» оқытудың жаңа технологиясын жасау дер едік. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі бойынша осы кезге дейінгі зерттеулер құнды болғанымен, біріншіден олар – өзара байланыссыз, шашыраңқы зерттеулер, екіншіден, қолда  бар деректерді эмпирикалық тұрғыдан жинақтау мен бағалаулардан аспай келеді. Ал ендігі кезектегі қолға алынуы тиіс маңызды шаруа – қолданыс дәуірі қысқа ғана болған Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпби мен әліппенің теориялық деңгейдегі табиғатын зерттеу және орнықтыру. Содан соң, «Ахметтану» жүйесінде маңызды компонент ашу – «Әліппені» оқытудың Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған дыбыстық технологиясы» тақырыбын зерттеу.

Ғалымдардың айтуынша, тілі білімі тұрғысынан қарайтын болсақ, әліпби/алфавит дегеніміз артикуляциямен шартталған, акустикалық парметрлерге ие яғни сөйлеу органдары арқылы айтылатын немесе сөйленетін тіл дыбыстарының фонетикалық диапазонын құрайтын фонемдердің таңбалануы болып табылады. Түптеп келгенде, адамның сөйлеу тілінің фонемдері физика зерттейтін дыбыстық толқын болып табылады.  Сондықтан да олар физикалық сипатқа ие болып, математикалық заңдылықтарға бағынады. Осыдан келіп, әріптердің болмысын тек тілдік деп жеке-дара бөліп қарастырмай, дыбыстық толқынды таңбалайтын математикалық таңба деп те қарастыруға болатыны танылады.

 Бұл сөз неліктен қозғалып отыр? Ахмет Байтұрсынұлының Әліпбиі де, Әліппесі де уақыт дөңгелегі айналған сайын спираль бойымен қайта айналып келуінің себебі неде?

Біздің ойымызша, «Әліпбиді» де, «Әліппені» де Ахмет Байтұрсынұлы тек қазақ ұлттық дыбыстық жүйесін сақтау үшін, артикуляциялық  (дыбысталу) жүйенің ұлттық кодтары бұзылмауы үшін жасағанын, сол үшін өмірін де қиғанын ашық айта алуымыз керек. Өйткені сталиндік-кеңестік жүйеде Байтұрсынұлы ұсынған қазақша сөйлеуге орын болмағаны анық. Тіпті десеңіз, (сал, бер, йон, рош деген) 4 сөз арқылы әлемдік тілдердің түп атасы біреу  дегенді  дәлелдемек болған атақты Маррдың өзінің ашқан жаңалығын «тілдердің түп атасы  – картвель, немесе грузин тілі болсын» деп, жалған теорияға бұрғысы келген заманында,  қазақ тілінің араб жазуымен жүруі қаншалықты дұрыс болар еді? Әрине, араб жазуы сияқты адамзаттық сакралдылыққа кеңестік жүйеде орын жоқ еді. (Себебі «дін – апиын» деп танылды.)

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін, қазақы сөйлеудің үндестік заңын бұздырмау үшін жасаған барлық күресі, тартысы – қазақтың тарихи ерекше келбетін тарих сахнасында бұзбай алып қалудың қамы. Осының барлығы сол кездегі өз айналасымен, күнкөрісімен, саяси күреспен, жүрегіндегі ұлтының жоғалып кетуін сездірген Құдыретті Күш Иесінің алдындағы жауапкершілігімен астарласып, қаншалықты ауыр жүк көтергенін көрсетеді. Осыдан келіп, таңғалыс емес, тәуба мен шүкірлікке негізделген  бағалау туындайды.

Ахмет Байтұрсынұлы әліпби жасауда дыбыстардың айтылуы мен артикуляциялық аппарат мүшелері қатысуына қарай жіктей келе, былай дейді: «Қазақ тіліндегі дыбыстарды жаңадан жіктейтін болсақ, әрі айтуына қарай, әрі сөз жүзінде білінетін қасиеттеріне қарай жіктеу керек. Қазақтікі сияқты заңы азбаған тілдің айтылуы жүзіндегі дыбыс жіктері сөз жүзінде білінетін дыбыс қасиеттерінің жіктерімен түйісетіні көрінеді». Осы ұстаныммен Ахмет Байтұрсынұлы қазақ дыбыстарын жүйелеуде өз кезі үшін теңдесі жоқ жіктеме жасайды.

2-сурет. Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстарды жіктеуі 

Дыбыстық жіктеме жасаудағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі –алыптың, титанның жұмысы деп бағалаймыз. Өйткені қазіргі заманның тұтас бір эксперименталдық фонетикалық лабораториясының қызметін бір өзі атқарған. Қолданған терминдері – «өткелді», «өткелсіз», «еркін өту», «қақтыға өту», «толық», «шала», «аңғал», «қымқырулы», «босаң», «қысаң», «ашық», тұйықтау, «тұйық», «қамалатындар», «ерінге қамалу», «тіске қамалу», «тамаққа қамалу», «қымқырынды», «именішті», «қақтықпалы», «бөгелісті», «бөгеттісі», «сүзілулер» т.б.

Қандай әдемі, ең бастысы, табиғи ұлттық қалпымызды бұзбайтын, айту жағынан да қандай әсем эстетикалық әрі ұғынықты терминдер! Қазіргі қазақ филолог-студенттеріне  «лабиаль», «альвеол», «билабиаль» т.б. деп  зорлап айтқызатын терминдерден мың есе таныс әрі айтуға  оңай және түсінікті.

Сондықтан, біздің ойымызша, «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасын» жазудың міндеті де айқындалып отыр деп ойлаймыз. Ондағы маңызды міндеттердің бірі – фонетикалық терминдерді Ахмет Байтұрсынұлының жасап берген анықтамасымен үйлестіре отырып толық қазақыландыру. Дыбыстарды дұрыс айту, ұлттық артикуляциялық базаны сақтау болып табылады. Біздің ойымызша, бұл мәселе жөнінде Әлімхан аға Жүнісбеков мынадай пікір айтады: «Важно, что идет возрождение артикуляционной фонетики как основы для объяснения природы сегментных и просодических явлений в казахском языке. В основе образования любого фонетического сегмента (звук, слог, словосочетание, фраза, текст) или процесса (коартикуляция, сингармонизм, пограничные сигналы, логико-эмоциональные и коммуникативно-фразовые интонации) лежит артикуляция, т.е. каждый фонетический сегмент или фонетический процесс имеет свою артикуляцию. Описание любого фонетического сегмента или объяснение любого фонетического процесса в языке, это – анализ его артикуляции. А реальным или осязаемым результатом артикуляции является перцепция. Следовательно, основным способом фонетического анализа языка является артикуляционно-перцептивный метод (акустический метод является лишь способом количественно-наглядного представления результатов артикуляционно-перцептивного анализа). [А.Жунисбеков]

Ахмет Байтұрсынұлынан басталған қазақ дыбыстық жүйесін тану мен оқытуды фонологизациясыз және тұтас сөзді  оқыту әдісінен бөлек, сингармонизм заңына лайықтаудың жолын, жаңа лингвистикалық, лингводидактикалық әдіснамалық жүйе құраудың жолына түсу керек. Мақсат – әліппені меңгерту жолында дыбыстық әдісті басымдық орында ұстану. Осыны ұмытпау керек.

Егер дыбыстық әдісті негізгі қылмасақ, жаңа әліппенің жаңалығы да, Ахмет Байтұрсынұлының негізгі ұстанымы да бос қалады.  Бұған көпе-көрінеу жол беруге болмайды. Жаңа әліппеде дыбыстық әдістің технологиялық деңгейге көтерілуі осы мақсаттан келіп туындап отыр.

Төменде Ахмет Байтұрсынұлының Әліппедегі әріптерді ұсыну логикасын кестемен, әріптерді әдейі кирилицамен таңбалап беріп отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – Ахмет Байтұрсынұлының әріптерді оқушыға ұсыну логикасын түсіну.

Кесте № 1 

Ахмет Байтұрсынұлының Әліппесіндегі әріптердің ұсынылу жолы

Әліпбидегідей «А» дыбысының жалғыз өзін емес, «З», «Р», «А» деп, бірден үш дыбысты ұсынуында Ахмет Байтұрсынұлының суретті әліппенің (азбуканың) рөлінен бірден жоғары яғни Әліппеге өтіп  кететінін көреміз.  Ахмет Байтұрсынұлының заманында сауат ашу мен оқуға деген талаптар күн сайын күшейе түскені белгілі. Ұстаз ретінде, кітап құрастырушы ретінде ол «Әліппедегі» алғашқы дыбыстарының орналасу ретін сөйлеудің психологиялық негізі ретінде қалауды ұсынады. Яғни өзінің жіктемесінде көрсеткеніндей,

айтылуына қарай:

«З»дауыссыз – босаң жолды – ашығы.

«Р» – дауысты  – шаласы – ауыз шығысты – босаң жолды.

«А» – дауысты – толық –  кең шығысты – аңғал.

 

дыбыстау мүшелерінің қатысу түріне қарай:

«З» –  өткелсіз, сүзілулі: тіл ұшы мен таңдайдан сүзіліп шығады.

«Р» – өткелді, ауыз арқылы өтеді, тілге қақтығып өтеді.

«А»  –   өткелді, ауыз арқылы өтеді, еркін өтеді.                                                                                              

 

Біздіңше, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппені» бастауда осы үш әріпті бірден үйретуге алуы оның  бірнеше оқу мақсатына жетуді көздегенін анық көрсетеді.

Біріншіден, бұл үш дыбыстың артикуляциялық сипатынан көріп отырғанымыздай,  балаларға айтуға оңай әрі жеңіл. Осылайша, балаларды ана тілінде  сауатты сөйлеуге үйретудің алғашқы физиологиялық базасын қалыптастыру мүмкін болады.

Екіншіден, баланың өзі де сөздерді қайталап айту кезінде оларды қызықтыратын амалдары өте көптігінен әрі қарай үйренуге ынталана түседі, сөйтіп  саналы түрде күнде өзі айтып жүрген сөздерден іштей осы дыбыстарды іздеуге қарай бұруға болады.

Үшіншіден, балалардың қайталап айтатын амалымен жаңылтпаш сияқты ойнап отырып, есте сақтау қабілеті қалыптаса бастайды. Осылайша фонематикалық қабылдау, дыбыстық талдау әдістерін меңгере бастайды.

Төртіншіден, мысал сөздер мен арнайы тапсырмаларды үзбей орындауы арқылы, сөздік қоры дамытылып, тілі мен ойлауы дами бастайды.

Ахмет Байтұрсынұлы дыбыстық әдіске аса маңыздылықпен мән бере қарайды. Өйткені дыбыстық әдісті қолдану негізінде, оқушылар ана тіліндегі әрбір дыбысты дұрыс айтып-білуге, сөздер мен сөз тіркесі, сөйлемдерді дұрыс және нақты айта білуге, біртіндеп-біртіндеп қазақы сөйлеудің бірқалыпты ырғағын игеруге, содан барып ойын білдірудің интонациялық мәнерлілігіне назар аудара алатын болады.

Дыбыстық әдісті қолдану сонымен бірге, оқушыларды алғашқы күннен бастап сауат ашудың қарқынмен даму жолына түсіреді. Сөйлеу барысында дұрыс тыныс алуға жаттықтырады, артикуляциялық және дыбыс жасау аппараттарының жұмысын жақсартады. Дыбыстық әдісті қолданудың ізі біртіндеп сөйлеудің дыбысталу мәдениеті қалыптасуына алып келетіні белгілі. Осылай, Ахмет Байтұрсынұлының қолданған «дыбысты әдіс» жүйесі тек қазақ тіліндегі дыбыстарды дұрыс, сауатты айтуға ғана үйретпейді, есесіне, дыбыстық сөйлеу тілін тұтастай жақсы да мәнерлі, мағыналы да, мәнді болуына іргетас болып қаланады.

Ахмет Байтұрсынұлы өзі де былай деп атап көрсетіп өтеді: «Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені. Сөз айту – дыбысты ауызбен тізу. Сөз жазу  – дыбыстардың белгісін қағаз бетіне тізу. Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп, сөз шығаруды білмейді. Себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді. Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді, ал онан келетін пайда көп. Өйткені, дыбыстарды тізіп үйренсе, хәріптерді тізіп үйрену қиын болмайды. Сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыс барын білспе, орнына хәріптерін қою қиын болмайды».

Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстық әдісті қолдану логикасы келесідей алгоритмдерден құралатынын байқауға болады:

  • мұғалім бір дыбысты созып айтады, балалардан қандай дыбыс деп сұрайды;
  • балалардың жауабынан соң, мұғалім тағы бір дыбысты айтады да, ал мұнда қанда дыбыс естілді? деп сұрайды. осы ретпен бірнеше әріп сұралады.
  • балалар дыбыстардың әртүрлі екенін түсініп білген соң, мұғалім енді бір буынды сөздерді алып құрамындағы дыбыстарды ажыратқызады;
  • одан соң екі буынды сөздерге сондай талдау жасайды;
  • одан соң үш буынды сөзге дыбыстық талдау жасатады, буынға бөліп, әр буында неше дыбыс бар екендігі сұралады, оқушыларды дағдыландырады;
  • осы дыбыстық талдауға сүйене отырып, енді мұғалім сол дыбыстардың таңбасын жазуға үйретуге кіріседі;
  • содан кейін барлық балаға «а», «р», «з» деп хормен айтқыздырады:
  • осыдан соң Ахмет Байтұрсынұлы комбинаторика әдісін қолдана отырып, «З», «Р», «А» дыбыстарын орын алмастырып, олардан түрлі сөздер құратып, оларды оқуға үйретеді;
  • соңында үйренген сөздерін оқушыға өзіне жаздырады;
  • соңынан кеспе әліппемен жұмыс жасатады; яғни әр жаңа хәріпті өткен сайын сол хәріп бар сөзбен көп жұмыс жасау көрсетілген.

Ахмет Байтұрсынұлы өзі көрсеткен «Дыбысты әдіс» – бірнеше компоненттен құралған, алгоритмдері ашық жүйе, сондықтан заманауи әдістерді  қосу мүмкіндігі берілген, біртұтас дыбыстарды меңгерту жүйесі. Осы жүйені «Қазақ «Әліппесін» дыбыстық әдіспен оқыту технологиясы» деп атап, осы бағыттағы яғни жаңа арналы әдістемелік зерттеулер жүргізу керек деп ұсынамыз. Ол дыбыстық әдіспен оқыту технологиясының жүйелік-құрылымдық моделі келесідей болуы дұрыс деп ойлаймыз.

Сурет № 3.  «Әліппені» Ахмет Байтұрсынұлының «дыбыстық әдісімен» оқыту технологиясының моделі

Осы модельдің жүзеге асырылуы үшін мынадай алгоритм-қадамдар орындалуы тиіс.

  1. Модельде көрсеткеніміздей, «дыбыстық әдіс» ұғымы жоғары оқу орындарында бастауыш білім педагогтерін дайындау стандартына енгізілуі керек.
  2. Бастауышта «Әліппе» оқу бағдарламасының басты компоненті ретінде «дыбыстық әдіс» алынуы керек.
  3. «Әліппетану» курсы құрастырылып, негізгі тарихи-әдістемелік материалдар жүйеленуі керек.
  4. «Ахметтану» арнаулы курсы құралып, Ахмет Байтұрсынұлының лингводидактикалық мұрасы жүйеленуі керек.
  5. Қазақ тілінің сингармонизм заңы лингводидактикалық мақсатта сипатталуы керек.
  6. Дыбыстық әдісті қолданудың психологиялық-педагогикалық тұғырлары жүйеленуі керек.
  7. «Әліппені» дыбыстық әдіс жүйесінде оқытуға арналған жаттығулар жүйесі әзірленуі тиіс.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз – Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпбиі» мен «Әліппе» құралдары – заманында ғана емес, қазіргі кезде де өзінің  озық үлгі  бола алатынын дәлелдеген аса қымбат мұра. Әсіресе, сауат ашу үдерісімен жарыстыра балалардың ойы мен тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыру мәселелері дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан жетік шешімін тапқан. Сондықтан, саяси себептердің салдарынан ұзақ жылдар бойы тыйым салынған, елімен шынайы түрде енді қайта қауышып отырған отандық «Әліппе» жасау ісіндегі мұндай озық үлгіні бүгінгі қажетімізге жарату, онда қолданылған әдіс-тәсілдер жүйесін жаңа уақытқа лайықтап жаңартып пайдалану – кезек күттірмес міндет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі. – 1992.
  2. https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%97%D0%BE%D0%BB%D0%BE%D1%82%D0%BE%D0%B5_%D1%81%D0%B5%D1%87%D0%B5%D0%BD%D0%B8%D0%B5
  3. Әбу Насыр әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, -1973.
  4. Гегель Г. Эстетика. Собрание сочинений в 4 томах. – Том 1. – М.: Искусство, 1968. – С. 291-299.
  5. Алимхан Жунисбек. СИНГАРМОЛОГИЯ или неизвестный сингармонизм. – Алматы: Абзал-Ай, 2020.- 144 с.
  6. Жұмабаева А.Е. Сауат ашу кезеңіндегі тіл дамыту теориясы мен әдістемесі. Монография. – Алматы: ТОО «Полиграфия –сервиз и К»,  – 2018.     116 бет.
  7. Құрман Н. Ж. Қазақ тілін оқытудың әдіснамалық негіздері. Монография.  –  Астана, 2008. – 160 б.

 

Жұмабаева Әзия Елеупанқызы, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ Бастауыш білім бағдарламасының жетекшісі, профессор

Құрман Несібелі Жәкенқызы, педагогика ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы филология кафедрасының профессоры

alash24.kz 

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp