ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН (1866-1937)

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханов ХХ ғасыр басында қазақтың әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист тұлғаларының бірі ретінде танымал. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 (бір деректерде 1870 ж. деп келтіріледі) жылдың 25 наурызында Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінің Тоқылауын болысында дүниеге келген. Орта жүздің ханы Бөкейдің төртінші ұрпағы. Арғы атысы Бөкейұлы Батыр, өз атасы Мырзатай Батырұлы, одан әкесі Нұрмұхамед тараған.

Әлихан дүниеге келген кезде қазақ даласында ақ патшаның уақытша ережесі ішкерілей еніп,  қазақ халқын бір ортадан басқаруға қадам жасап жатқан болатын. Әкімшілік-территориялық бөлініс бойынша  Семей облысы Дала генерал-губернаторлығына қарап, облысты әскери губернатор басқарды.

Әлихан Нұрмұхамед отбасындағы төрт ұл мен бір қыз баланың  ең тұңғышы болатын. Жасынан зерек өскен ол алғашқы сауатын Зариф молдадан ашып, мұсылманша білім алады. Одан кейін Қарқаралыдағы үш сыныпты бастауыш мектепте, ал 1879-1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналаған мектепте оқиды. Бұл оқу орындарында ол үлгілі оқу, тәртібімен ерекшеленіп, барлық емтиханды «өте жақсы» деген бағамен тапсырады. Бұған қоса етікші мамандығын да алып шығады.

1886 жылы оқуын одан әрі жалғастыру мақсатында Омбы қаласына келіп, 1882 жылы ашылған техникалық училищесіне емтихан тапсырып, сынақтан мүдірмей өтіп, «техник» мамандығына түседі.  Бұл училищеде төрт жылдай білім алып, оқуды практикамен ұштастыра отырып, үлгілі үлгеріммен аяқтайды. Омбыда оқыған кезінде Әлихан оң мен солды ажырата алатындай шақта болатын.

Училищеде оқып жүрген кезде Әлиханның 1889 жылы «Дала уалаяты газетіне» Қарқаралы уезіне қарасты Тоқырауын, Қотанбұлақ, Батыс Балқаш болыстарындағы жер мәселесіне, егін шаруашылығына арналған көлемді мақаласы жарияланады.

Орыс тілін жетік меңгерген, озат оқуымен, үлгілі тәртібімен көзге түскен Әлихан білімін одан әрі жалғастыруды көздеп, училищенің директоры Н.Е. Доброхотовтан көмек сұрайды. Себебі, сол кездерде жоғары оқу орындарына түсу үшін міндетті түрде жолдама қажет болатын. Әлиханның білімін жалғастыруын қолдай отырып, және қолынан келгенше көмек көрсетуге тырысқан училище директоры Дала генерал-губернаторлығы мен Батыс Сібір оқу округі арқылы Халық ағарту министрлігінен Әлиханға жолдама алып беруге бар күшін салды, әрі Қарқаралы уезі бастығының атына да арнайы хат жолдап, қазақтарға арналған стипендияның оған берілуін өтінді. Сөйтіп, Әлихан 1890 жылдың күзінде Н.Е. Доброхотовтың Дала генерал-губернаторлығы кеңсесінен Санкт-Петербургтағы Орман институтының директорының орынбасары, профессор И.П. Бородиннің атына алған  хатпен институтқа келіп, емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға түседі. Сол кездерде ол «Нұрмұхамедов» деген фамилиясын «Бөкейханов» деп өзгеруге рұқсат алады [1, 19-21-бб.].

Орман институтының экономика факультетінде төрт жылдай оқыған кезінде Әлихан түрлі революциялық оқиғалар мен жиындары көріп, институт жастарымен бірге үйірмелерге, жиын, митингілерге барып, сол кездердегі жағдайларға қанық болады. Империяның астанасы болған Петербург қаласы жас студенттің оның дүниетанымын кеңейтіп, саяси көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер етті. Түрлі қайшылықты жағдайларға куә бола отырып, пікірін ашық айтатындардың қатарынан табылды.  Университеттің басқа факультеттерінде оқитын қазақ, мұсылман жастарымен етене араласып, солармен бірге қоғамда болып жатқан оқиғаларды қызу талқылап та отырған. Осы саяси белсенділігі үшін Ресей жандармериясының бақылауына да алынып, «саяси сенімсіздердің» қатарына енгізіледі.

Институтты 1894 жылы ойдағыдай аяқтаған Әлихан Омбы қаласына барып,  орман шаруашылығы училищесіне оқытушы болып орналасып, математика  пәнінен сабақ бере бастайды. Осы жылы Омбыдағы Орыстың императорлық география қоғамының Батыс Сібір бөліміне мүше болып қабылданып, ғылыми зерттеулерге құлшына кірісіп, ғылыми-публицистік мақалалар жазып, баспасөз бетіне жариялай бастайды. 1896 жылы Омбы қоныс аудару басқармасына қызметке тұрып, басқару комитетіне сайланады.

Әлихан Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің ашылуына мұрындық болып, оның мүшелігіне өтіп, бөлімшенің қызметіне қызу араласып, қазақ халқына қатысты құнды материалдар жинап, оны ғылыми еңбегіне пайдаланды. Осы материалдардың негізінде ол қазақ мемлекетінің пайда болуы тарихына қатысты, Үш жүздің Ресейдің қол астына енуінің себеп-салдарларын анықтауға тырысты.  Бөлімшенің шығарған «Памятная книжка Семипалатинской области», «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О» басылымдарына ғылыми мақалаларын жариялайды. Сонымен қатар Тобыл губерниясындағы статистикалық жұмыстарға да қатысып, санақ барысында тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар

Орыс географиялық қоғамы бөлішесінің мәжілістеріне, жиналыстарына қатысып, өзі жүргізген зерттулері негізінде баяндамалар жасайды. Жалпы Әлиханның тарихи жәдігерлерге деген қызығушылығын ғалым Г.И.  Потанин оятқан деседі.

1896 жылы Воронеждегі земство статистигі Ф. А. Шербинаның Далалық өлкені зерттеудегі экспедициясына шақыртылып, 1903 жыл аралығында Семей облысы уездеріндегі санақ ісіне қатысады. Негізінде бұл экспедицияның мақсаты қазақ өлкесінің Ақмола, Семейжәне Торғай облыстарының жер жағдайын зерттеп, артық, бос жерін анықтау арқылы қоныстандыру саясатын жүргізу болатын-ды.

Әлихан бұл экспедицияға алғашында статистик ретінде шақырылып, кейін экспедицияның жеке зерттеу тобын басқарады. Экспедиция құрамымен Семей облысы Павлодар уезінде болып, үй, қора, халық, мал санақтарын алып, жинақталған материалдар негізінде томдарды дайындауға қатысып, жинақталған материалдар негізінде ғылыми сипаттамалар даярлап, мақалалар жазады.

Семей облысының Павлодар уезі және оған қарасты Алтыбай мен Қызылтау болыстарына қатысты материалдар негізінде сол елді-мекендегі халықтың тарихына, рулардың иеленген жерлеріне, ерекшеліктеріне тоқталады. Павлодар уезіне қатысты жазылған жалпы очеркте уездің жер көлемі ғана емес, уезге халықтың қоныстану тарихы, тарихи тұлғалар, жер аттарына, уездегі Керей, Уақ, Қарауыл, Қанжығалы және т.б. рулардың тарихы баяндалады.

Әлихан «Алтынбай болысы» жазбасында болыстықтың қыстау, көктеу, жайлау, күзеуге қоныстану тәртібіне, малдың жем-шөбі, күтімі, мал шаруашылығына кететін шығын мәселесін жан-жақты ғылыми сипаттайды. Ал «Қызылтау болысына» қатысты мақаласында да болыстықтағы  рулардың орналасуы мен тұрмысы, мал шаруашылығы, басқа да кәсіппен, егіншілікпен айналасуы мәселесіне тоқталады [2, 124-127, 128-136-бб.].

Осы экспедицияның жұмысының барысында Ә. Бөкейханотаршыл Ресей империясының қазақ жеріне байланысты бұрыннан көздеп келген мақсатын аңғарды және де патша үкіметінің қазақ даласына ірі бір шараларды іске асыруға тыңғылықты даярланып жатқанын түсінді.

С.П. Шевцов Әлихан Бөкейханның Шербина экспедициясындағы атқарған жұмысын жоғары бағалаған. «Бөкейхан мырза экспедицияда жүргізген жұмыстар өз мазмұны жөнінен өте-мөте бай, сала-сала болды, ал бұл – халық шаруашылығы қатынастары саласында зерттеу қызметін жүргізуге оның жан-жақты әзірлігі молдығына куәлік етеді» деген болатын [1, 33-б.]. Шынымен де ол осы экспедиция барысында өзін білікті экономист, статист маман ретінде таныта білді. Экспедицияның зерттеу қорытындылары бірнеше том болып 1903-1905 жылдар аралығында жарияланды.

Щербина экспедициясының жұмысы аяқталған соң да Әлихан Бөкейхан С.П. Шевцовтың экспедициясына қатысып, Сібір теміржолы бойындағы Челябі мен Том қалалары аралығында мекендеген қазақтардың шаруашылығын зерттеп, мал шаруашылығының тиімділігін нақтылайды. Жинақталған материалдар негізінде жазылған «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» (Овцеводство в степном крае) деп аталған ғылыми зерттеуі «Сібір теміржолы  аудандарын экономикалық тұрғыдан зерттеу жөніндегі материалдар» деген атпен 1904 жылы Том қаласында жарық көрген жинаққа енгізілді. Бұл еңбегінде ол қазақтардың мал шаруашылығының ішіндегі қой шаруашылығын зерттеуге алып, қойдың түрлеріне, олардың түр-тұқымдары мен көбейту барысына тоқталады. Сонымен қатар ол қойларды түрге бөле,  олардың күтіміне де тоқталады. Жалпы Әлихан зерттеуінде қойдың 8 түрін 7 топқа бөліп қарастырған. Оларды қошқар, қозылы қой, қозы, ісек, бойдақ, еркек қой, теке, лақ ешкі, ту ешкі, лақ, серкеш, туша, серке деп көрсетеді. Жалпы осы ғылыми зерттеуі арқылы ғалым қой шаруашылығымен экономиканы көтеруге болатындығын дәлелдейді [2, 153-191-бб.].

Ә. Бөкейханның саяси қызметінде негізгі орын алған мәселе қазақ зиялыларымен бірлесе отырып, Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына қарсы күрес жолына түсінуі. 1905 жылы  18 ақпанда Ресей мен Орта Азия елдерінде азап шегіп, отаршылдықтың зардабын көрген халықты еркіндік пен бостандыққа қарай жетелеген күрес жолы басталған кезде патша үкіметі төніп келе жатқан толқуларды  болдырмау үшін, сондай-ақ ішкі партиялардың ықпалын тегеру үшін Николай II-ші патша Мемлекеттік Сенатқа Ішкі Істер министрілігінің рескрипітіне қол қояды. Бұл заң бойынша «халықтан сайланған» өкілдері ендігі жерде заңдық жобаларды даярлап, оны талқылауға қатыса алатыны айтылады. Осы заң жайында Әлихан: «… халық сеніміне ие болған адамдарлы» жинауға және халық мұқтаждығын білдіретін  петицияларды беруге рұқсат еткен 18 ақпан рескриптін дала үлкен қуанышпен қарсы алды. Бүкіл дала саясат аясына тартылып азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енеді. Қазақ халқының мұқтаждары  жөнінде хат арқылы пікір алысу басталып кетті.

1905 жылдың  көктеміне қарай кеңшілік өмір келісімімен далада, жайлауда жергілікті мәселелерді және барлық қазақ елінің мұң-мұқтаждарын  талқылаған  съездер өте бастады. Осы жылғы барлық ірі дала жәрмеңкелері  қазақтардың саяси съездері өткізілген аренаға айналды. Бұл жиындарда қазақтар артынша Жоғары мәртебеліге жолдаған  петицияларды талқылап, оларға қолдарын қойды. Саяси еркіндіктердің  алдыңғы талабына қазақтар дін мен жер мәселесін қойды», – деп жазған болатын [3, 596-597-бб.].

Ә. Бөкейхан патша заңын бар мүмкіндігінше пайдаланып қалу қажеттігін түсінді. Патша үкіметінің отаршылдық саясатын сынаған мақалаларын баспасөз бетіне жариялайды.

Зиялы қауым өкілдері халықпен бірлесе отырып, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған саясатына, елдің тұрмыс-тіршілігіне, ауыр жағдайына, қазақ жерінің талан-таражға салынып жатқандығына наразылықтарын білдіріп, бірнеше арыз, шағым жазған еді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы  1905 жылы 22 шілдесінде Ә. Бөкейханның ұйымдастыруымен Семей облысындағы Қарқаралы, Семей, Павлодар уезі қазақтарының Петербургке жіберген петициясы. Костелянскийдің редакторлығымен шыққан «Формы национального движения в современных государствах» жинағына жарияланған «Қазақтар» деп аталған мақаласында Ә. Бөкейханов «петицияны ұйымдастыруға европалық білі мен мәдениет өрісінде тәрбиеленіп, өз Отанының бақытын «Европа мәдениетінің жемісін қабылдаудан көретін», яғни «батысшылар» деген атпен тарихта қалған интеллигенция өкілдері және мұсылман дінін жоғары ұстап, қазақ жұртының мәдениеті мен ғылымын осы діни саладан көруге болады деп есептеген зиялы қауым өкілдері «панисламдықтар»  қатысты» деген болатын.

П қазақ және орыс тілдерінде жазылып, оған 42 адам қол қойды. Патша үкіметі тарапынан құпия түрде жүргізілген тексеру бойынша петицияны ұйымдастырушы Ә. Бөкейхан екені анықталып, оны штабс-ротмистр Оссовский Дала генерал-губернаторына жіберген рапортында нақты көрсетеді [4].

Ә. Бөкейханның бұл ісі Ресей әкімшілік орындарында үлкен мазасыздық, үрей туғызып, «ел ішінде көтеріліс ұйымдастыруы мүмкін-ау» деген желеумен генерал-губернатор үстінен  қатаң бақылау қойып, артынан аңдушы жіберіп, басқан ізі мен сөйлеген сөзін жіпке тізгендей қағазға түсіріп отырған.

Ә. Бөкейхановтың саяси қызметінде негізгі орын алған мәселе бұл екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында езіліп отырған халқының ауыр тағдыры болып, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтерудің маңызды екендігін түсінді. Сондықтан ол Санкт-Петербургтағы Орман институтын тәмамдағаннан кейін Омбыға келіп, қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. Қазақ зиялыларымен бірлесе отырып, Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына қарсы күрес жолына түседі.

1905 жылдың жазына қарай Ресейде, одан әрі Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарында аграрлық толқулар басталды. Бұқара халықтың толқуынан қорыққан «ақ патша» Николай II-ші 1905 жылы 17 қазанда «Бостандық манифесі» атанған құжат қабылданып, халықтың ғасырлар бойы аңсаған жеке басына қол сұқпау, ар-ұждан бостандығы, сөз, баспасөз бостандығын беру, барлық саяси-экономикалық мәселелерді шешу үшін Мемлекеттік Думаға сайлау өткізу, оған сайлау құқы болмаған әлеуметтік топтарды тарту сияқты заңдылықтар айтылған еді. Патша үкіметі осы манифест  арқылы халықты тыныштыққа алдандырып  уақыт ұтуға тырысты.

Ірі толқулардың бірі – Қарқаралыда болды. Патша үкіметі мұны «бүлік» деп бағалап, оны басу үшін казак отрядтарын жіберген болатын. Осындай жағдайды ести сала Ә. Бөкейхан Қарқаралыға болған оқиғаның мән-жайын білу үшін 1905 жылдың 29 қарашасында жеделхат (телеграмма) жіберіп, шындықты сұрастыруға тырысты. Келесі күні Әлихан Ахмет Байтұрсынұлы, Көлбай Төгісов пен қаланың қазақ-орыс зиялыларының қолы қойылған «бүлік» дегеннің өтіріктігін айтқан жеделхат жібереді. Бұдан кейін Әлихан осы хабарды және генерал-губернатор бастаған жергілікті шенеуніктердің заңсыз әрекеттерін үкімет басы С.Ю. Виттеге, Әділет министрі Шегловқа және С.Петербор мен Мәскеудегі «Егіншілік қоғамы», «Қалалық земстволық қоғам» секілді бедел-ықпалды саяси ұйымдарға жіберіп, газет-журналдарға жариялайды [5]. Ол сонымен қатар «Степной край» газетінің №256 санына Қарқаралыдағы «бүлік» дегеннің жала екендігін дәлелдеп те мақала жариялайды [6, 635-б.].

 Ә. Бөкейхан бастаған зиялы қауымның ықпалынан қорыққан патша шенеуніктері жоғары орындарға дамыл-дамыл жеделхаттар жіберіп, осы адамдардың үстінен іс қозғауды талап етеді. Ақыры олардың үстінен құпия түрде іс қозғалып, артынан аңдушылар қояды.

1905 жылдың қарашасында Әлихан Мәскеуде өткен земство съезіне қатысып, қазақтың мұң-мұқтажын көтереді. Осы жылдың желтоқсанында Орал қаласында қазақтың өкілдері Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Б. Сыртанов, Б. Қаратаев, сондай-ақ, М. Тынышпаевтар «бес облыс делегаттарының съезі» аталған бас қосуда конституциялық саяси партия құру жөнінде әрекет жасайды [7, 13-б.]. Бұл «бес облыс делегаттарының съезі» атанған бас қосудың мақсаты ғасырлар бойы Ресей тепкісінде жатып, жерінен, елдігінен айырылып, талан-таражыға түскен қазақ халқының көзін ашу еді. Әлихан бұдан кейін «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партияға мүше болып, 1906 жылы оның орталық комитетінің құрамына енеді.

1905 жылдың соңында қазақ даласында Мемлекеттік Думаға депутат сайлау науқаны жүргізіле бастағанда Әлихан Бөкейхан Семей облысынан депутаттыққа ұсынылады. Осы жылдың 10 маусымында болған қазақ зиялыларының бас қосуында көпшілікті алдағы атқарылатын қызмет барысымен таныстырып, өзіне қолдау көрсетуге шақырады [8].

Жиналыс қатысушылар халық Әлиханға үлкен жауапкершілік жүгін артып, Мемлекеттік Дума жұмысында қазақтың мұң-мұқтажын шешер деп үміттенді. Бұл жайында «Семипалатинский листок» газетіне жарияланған  ақпарда нақты айтылды [9]. Бірақ ол І Мемлекеттік Дума жұмысына қатыса алмады. Оған себеп 1906 жылдың қаңтарында Семей қаласында өтпек болған облыстық қазақ съезіне қатысуға шыққан кезде Павлодардың Ямышев поселкесінде тұтқынға алынып,  Дала генерал-губернаторының жарлығымен еш негізсіз 3 ай, яғни 30 сәуірге дейін Павлодар абақтысында отыруы болатын. Абақтыдан шығып, С.-Петербуергке жеткенде кезде Дума үкімет тарапынан таратылып, оның  мүшелерінің бірталайы үкімет шешіміне қарсылық білдіруге Финляндияның Выборг қаласына кеткен еді. Ә. Бөкейхан да олардың соңынан Выборгқа аттанады. Бұл жөнінде «Степной Вестник» газеті хабарлама берді [10].

Ә. Бөкейхан да басқа Дума депутаттарымен бірге әйгілі «Выборг үндеуіне» қол қойып, халыққа мөлшерден тыс салық салуды және әскери міндеткерліктен босатуды талап етті. Үндеуге қол қойғандардың басымын патша үкіметі тұтқынға алып, абақтыға жапты. Осы әрекеті үшін ол тағы да  С.-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен жазаға тартылып, үш айға Семей түрмесіне жабылып, одан шаққаннан кейін Самараға жер аударылды. Бұдан кейін Петербург сот тергеушісінің 22 тамыздағы қаулысына орай ол сот ісіне тартылғандықтан, мүлдем Мемлекеттік Думаға сайлауға қатысу құқығынан айырылды [11]. Сөйтіп ол Думаға сайлауынан шеттетілді. Алайда мұндай шешімге қарамастан Әлихан Мемлекеттік Дума  жұмысын жіті қадағалап отырды және мұсылман фракциясы мүшелерін қажетті материалдармен қамтамасыз етуге тырысты.

1907 ж. 3 маусымында бұратана халықтар Думаға сайлану құқығынан айырылып, бұдан кейінгі Думада жұмысына депутат ретінде қатыса алған жоқ. І және ІІ Мемлекеттік Думаға қатысқан қазақ депутаттарының аграрлық мәселе төңірегінде батыл түрде өз ойларын, тұжырымдарын айтуы  билеуші патша үкіметін қатты сескендіріп тастаған еді. Жер мәселесін тағы алдағы Думаларда  көтеріп, қоныстандыру саясатының негізгі мақсаты елді отарлау екендігін жайып салатындығынан қорыққан үкімет қазақты депутаттықтан айыра отырып, бұл проблемадан құтылуды жөн көрді. Жалпы Дума шақырылмай тұрып, комиссия оның қызметіне қазақты қатыстырмау мәселесін көтерген. Ә. Бөкейхан «Қазақ» газетіне жариялаған «Дума һәм қазақ» деген  мақаласында Булыгиннің Дала генерал-губернаторы Сухотинге қазақ жұртын «анайы, көшпелі, тон астында мұзы ерімейтін, мұхит қабағында ит жегіп жүрген самоед, лапарлармен бірдей, депутат сайлауынан тысқары деп тұрмыз» деп жазуын қазақ халқын Думаға депутаттықтан мүлдем құр қалдыруды көздегендігінен деп көрсеткен. Оның бұл әрекеті ақыры ІІ Думаны таратқаннан кейін жүзеге асты.

Ә. Бөкейхан «3 маусым заңын» қазақты депутаттықтан айырған, қазақтың қолын байлаған заң ретінде сынап, қазақ қолындағы бар билігінен айырылып, сөзін өткізе алмай қор болып отырғандығына қынжылды [12]. Дегенмен үкіметтің қазаққа жасап отырған  бұндай шешіміне қарамастан ұлт зиялылары қазаққа қатысты мәселелерді Думадағы мұсылман депутаттары арқылы шешуге тырысып, оларға үміт артты. Бұдан кейін де ол Думада қазақ, мұсылман мәселеріне қатысты қарастырылып, қабылданған шешім, қаулылар жайында «Қазақ»  газеті арқылы дүйім халыққа  хабарлап отырды. Қазақ жұрты мұсылман бюросы арқылы алдағы Дума мәжілістерінде қаралатын әскер, жер, мүфтилік мәселелері дұрыс шешім табатындығына үмітпен қарады.

Жалпы Әлихан Бөкейхан ІІІ Дума таратылып, IV Думаға қазақтан депутат сайланса, көп мәселелер шешілер еді деген үмітте де болды [13]. «Сусағанның түсіне су кіреді» деген мақаласында Орал қазақтарының Романовтардың 300 жылдық тойына орай патшаға құттықтау жеделхат жіберген кезде осы Думаға депутаттық, мүфтилік және жер мәселесін шешуді сұрағандығын, жер мәселесіне орай Ішкі Істер министрі «жерге мұжық жіберме дегенің дәлелсіз болғандықтан аяқсыз қалды» деп мәлім еткенмен, мүфти мен депуаттыққа қатысты сауалдарына жақ ашпауының мәнісін қазақты депутаттыққа  лайықсыз деп санауынан екендігін түсіне отырып, 5 миллион қазақтың тілегін жүзеге асыру үшін оянып іздену, күресу керектігіне үндейді [13]. Алайда Әлихан үміт еткен қазақ бұл Дума сайлауынан да тысқары қалды.

Қайраткер IV Дума барысында да қазақтың осы жер мәселесінің ешқандай да шешім таппағандығын да ашып көрсетті. Мемлекет бюджетін қарастырған кезде Қоныстандыру Басқармасының шығынын бекітерде Забайкал депутаты Волков пен Баку депутаты Жағыпаровтың қазақ жеріне байланысты сөзіне де құлақ аспай, өз дегендерімен іс қылып, меншікке алған жерлерін мұжықтарға үлестіруін тоқтатпай отырғандығын назар аудартты. Ол он бестен қазақ жер алып, отырықшы болып  өмір сүрудің пайдалы да, пайдасыз да жағының барлығын нақылай келтірді. Қазақтың мұжықша жер алып, күн көруіне Жетісу мен Түркістан өңірі ғана лайықтылығын, ал басқа өңірдегі жерлер егін егіп, бау-бақша салуға келмейтіндіктен, әрі мал бағуға және аздығын баса айта отырып, Қоныстандыру басқармасының бірнеше жүз мың қазақтардың  отырықшылыққа көшпек болып ниеттеніп отыр деген мәліметін «өтірік, бос сөзге» балады.

Әлихан Бөкейхан қазақтың жерін паша үкіметі Дума шығарған заң арқылы тартып алып, қазақтың өзін кіріптар қылмақтығын түсінді. «Қазақ жүрген жерді кім болса сол болсын қазақтан басқа сатып алып, сұрап алып, мирастап алып өзінікі қылмақ, жалғыз-ақ бұл жол – қазаққа жоқ» деп жазуы да содан [14].

Жалпы Ә. Бөкейхан Мемлекеттік Дума қызметінің барысы, оның билік жүйесі, қаралатын мәселелер жайында қазақ оқырмандарына түсінік беріп отырған. Мәселен, «министрлер советі», «министрлер кабинеті», «Дума төрағасы», дауысқа салу, министрліктің орнынан түсу сияқты үрдіс барысын «Министр өзгерілуі» деген мақаласында  талдап береді. Ол Ресейдегі Думаның министрлер кеңесін Европа елдерінің кеңесімен салыстыра қарастыра отырып, сынға алды. Мәселен, Дума ашылғаннан бері 8 жыл өтіп, 5 төраға өзгерілгенімен де саясат сол қалпында екендігін, үкіметке қатысты нақты ешқандай да шешімнің жоқтығын қынжыла баяндайды [15].

Қайраткер Думаның алда қарар деген мәселелерімен «Қазақ» оқырмандарын таныстыруға тырысты. Думадағы ұлттық (националист) (орыс жұртын қуаттайтын партия), октябрист, мұсылман, тарқи, кадет болып қабылданар заңдардың қазақ ыңғайына қарай жасалса деген үмітін де жасырмады. Мәселен, «болысқа земство берілгенде, қазақ та бұған кірсе немесе кооператив  туралы заң болғанда қазақ ішінде игілік іс ашуға жарлық жол ашылса» деген мәселенің қаралуын қалады  [16]. Ол сонымен қатар Думадағы бюджеттік комиссияның жұмыс барысы жөнінде де түсінік берді. Ол бұл комиссияның жұмысына үміт артатынын жасырмады. Тіпті мысал ретінде оқу министрі Игнатьевтің барлық оқу көрмеген балаларды оқуға тарту, орта мектептердегі (реальный училище мен гимназия) орын алып отырған кемшіліктерді түзету, техникалық училищелерді көбейту, оларға жастарды тарту туралы сөйлеген сөзіне сеніммен қарайтындығын жасырмады [17].

Әлихан Бөкейхан 1914 жылы маусымда IV Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының ұйымдастырылуымен шақырылған бүкіл Ресейлік мұсылман съезіне қатысып, мұсылмандар фракциясының бюро мүшесі де болды.

Қазақ жұрты мұсылман бюросы арқылы алдағы Дума мәжілістерінде қаралатын әскер, жер, мүфтилік мәселелері дұрыс шешім табатындығына үмітпен қарады. Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясында жұмыс істеген кезінде де қазақ мәселесіне арналған мәселелер шешімін табар деген нық сенім де орнады.

Ресей Мемлекеттік Думасының қызметін, оның  жер, дін, оқу-ағарту, солдат және т.б. басқа мәселелерге орай қабылдаған шешімдерін мерзімді баспасөз арқылы талдауға алды. Бұл қабылданған заңдардың көшпелі қазақ тұрмысына қаншалықты лайықтылығын саралауға салды.

1916 жылы Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының бюросына қазақтан кісі жіберу мәселесіне орай «Қазақ» газеті арқылы Ә. Бөкейхан жіберу турасында (№172 санында) Қ. Оразаевтан ұсыныс түсіп, бұл ұсынысты Ақмешіт және Торғай уездерінің қазақтары да қолдаған еді. Одан кейін Орал, Торғай облыстарының зиялылары бас қосқан кеңесте де Ә. Бөкейхан бюроға жіберуге лайықты деп табылып, қаулы қабылданып, ризалығын сұраған. Ол «жұрт қаласа, тартыншақтық қылмаймын, май ортасында, Дума қайта ашыла барамын» деп  келісімін беріп, [18] қазақ халқының бюрода қаралмақ болған қазаққа керек рухани құрылысының және мүфтилік мәселелеріне байланысты әділ шешім қабылдауына өзінен үміт күтетіндігін ашық айтады [19, 295-296-бб.].

Әлихан Мұсылман фракциясы бюросының қызмет барысымен қазақ жұртын хабардар етіп отырды. Бюро мәжілісінде қаралған жалпы және қазаққа қатысты мәселелерге қатысты туындаған пікірлер мен тұжырымдармен таныстырып, өз ойын да білдірген. Мәселен, қазақтың әскерге алыну, алынбауы әлі анық еместігін, жер мәселесіне байланысты да нақты шешім жоқтығын айтқан. Ол бюрода қазақ проблемасын қарастыру үшін депутаттардың қазақ жерін аралауы қажеттігін де ұсынған [20].

Ә. Бөкейхан мұсылман фракциясының жұмысына жастардың араласуына мұрындық болды. «Қазақ» газетіне сол кездерде Петербург университетінің заң факультетінде оқып жүрген Мұстафа Шоқай лайықтылығы, оның мұсылман комитеті ашылғаннан бері сонда қызмет етіп келе жатқандығы жазылды [21].

М. Шоқай фракция жанындағы бюроға мүше болып, оның хатшылық қызметін атқарды. 1916 ж. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Ташкентке арнайы түрде аттанған Мемлекеттік Дума комиссиясының құрамында болып, жергілікті халықтың жағдайымен танысып, көтеріліске байланысты материалдар жинақтап, билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қырып-жойып отырғандығы жайында мәлімдеме мәтінін әзірледі.

Ә. Бөкейхановтың Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы бюросындағы саяси қызметі, қазақ халқының проблемалық мәселелерін шешудегі күрес жолы аса маңызды. Оның қазақ халқын тәуелсіз, еркін ел қылу жолындағы күресі мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жүзеге асты.

Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясында жұмыс істеген кезінде де қазақ мәселесіне арналған мәселелер шешімін тапар деген нық сенім де орнады. Қазақтың проблемалық мәселелерін жетік білетін азаматты бюроға мүше қылудың маңыздылығын түсінді. Әлиханды бюроға мүшелікке жіберуді әбден орынды санауы да сондықтан.

1906 жылы Ә. Бөкейхан Омбы қаласында шығып тұрған «Голос степи», «Омиш», «Иртыш» газеттеріне және 1908 жылы Петербургта шыққан «Товарищ», «Речь», «Слово» газеттерінде қызмет жасайды.

Әлихан Бөкейхан 1908-1915 жылдар Самара қаласында тұрып, банксаласында қызмет етеді.

1909-1917 жылдар аралығында кадет партиясының Орталық комитетінің мүшесі болады. Ол сонымен қатар 1913 жылы А. Байтұрсынұлының  ұйымдастырушылығы және басшылығымен шығарыла бастаған «Қазақ» газетіне қазақ мәселесін, Қоныстандыру Басқармасының жүргізіп отырған   саясатын сынға алған мақалалар жариялады.

1914 жылы маусымда Әлихан Бөкейхан IV Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясының ұйымдастырылуымен шақырылған бүкіл Ресейлік мұсылман съезіне қатысып, мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі де болды. Ресей Мемлекеттік Думасының қызметін, оның  жер, дін, оқу-ағарту, солдат және т.б. басқа мәселелерге орай қабылдаған шешімдерін мерзімді баспасөз арқылы талдауға алды. Бұл қабылданған заңдардың көшпелі қазақ тұрмысына қаншалықты лайықтылығын саралауға салды. Қарап отырсақ, Ә. Бөкейханның Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы бюросындағы саяси қызметі, қазақ халқының проблемалық мәселелерін шешудегі күрес жолы аса маңызды. Оның қазақ халқын тәуелсіз, еркін ел қылу жолындағы күресі мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жүзеге асты.

Самарада жүрген кезінде Әлихан Бөкейхан Самара губерниясының Мемлекеттік Думадағы депутаты, кейіннен Ресейдегі Уақытша үкіметтің премьері А.Ф. Керенскиймен кездеседі. 1915 жылы кадет партиясының  губерниялық комитетінің құрамына кіреді. Кадетттер партиясының IV съезінде Самара тобының көрнекті жетекшілерінің бірі ретінде ұсынылып, орталық комитеттің мүшелігіне сайланады [1, 71-б.].

1916 жылғы 25 маусымдағы бұратана халықтарды тыл жұмысына алу туралы патша жарлығы шыққан кезде Әлиханның Самарадағы жер аудару мерзімі аяқталып, Орынборға келген-тін. Қазақ ұлт зиялыларының Патшаның маусым жарлығына деген көзқарасы екіге бөлінгені айқын. Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары қантөгіс шығып, бостан босқа қырылып қалмауы үшін халықты патшаның жарлығына көнуге шақырса, С. Мендешев, Т. Рысқұлов сияқты азаматтар керісінше көнбеуге, қарсы тұруға, патшаға бас имеуге қарсы үгіт жүргізгені белгілі. Әрине, бұл екі топтың да көздеген өзіндік мақсаты бар, біріншісінікі елдің іргесінің амандығы болса, екіншісінікі біреудің тепкісінде езілмеу болды.

А. Бөкейхан, М. Дулатов, А. Байтұрсынұлы бастаған бірінші топ «Қазақ» арқылы басу айтып,  бұл бұйрықты еш қарсылықсыз орындауды үндеген үндеу хатын жариялады. Олар қазақтың басында екі ауыртпалықтың барлығын, бірі барса шаруашылыққа кемшілік келтіріліп, бейнетке ұшырайтындығы, екіншісі, бармаймын деп қарсылық қылса, елде бүліншілік басталатынғы айқын айтты. Осыдан ауыр болса да бірінші жолды таңдаудың  тиістілігін дәлелдеп бақты. Жұртқа ұлт зиялылары халықтың бостан-босқа қырылатындығын түсінді. Патша жарлығын орындалмаған жағдайда арты жақсылыққа апармайтындығын жеткізуге тырысты.

Негізінде 1916 жылдың басында-ақ Ә. Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары қазақтан солдат алмау мәселесін Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясы арқылы өткізбекке талпынған еді. Өкініштісі сол, бұл мәселеде  олардың пікірі ескерусіз қалды.

Ә. Бөкейхан 1916 жылы маусым жарылығынан кейін де қара жұмысқа алынған қазақтарға көмек қолын созды. Қазақ зиялылары Орынборда 1916 жылдың 7 тамызында болған Торғай, Орал, Ақмола және Жетісу облыстары өкілдерінің бас қосуында қара жұмысқа алынғандарға қатысты бірнеше қаулы қабылдап, оны үкімет орындарына жолдаған еді. Онда тыл жұмысына алынғандарды 30 адамнан біріктіріп артель құрып, араларына бір тәлмаш жіберу және он артельге бір молданың болуын қамтамасыз ету, ауырып қалған жұмысшылар майданда жараланғандармен бірдей медициналық көмек алу, жұмысқа алынған қазақтарды қалалық мекемелерге немесе земстволық одаққа енгізу, жұмыскерлерге жылы киім жеткізу үшін тегін вагондар мен оны жеткізуге әр болыстан екі өкілге рұқсат қағазын беру, белгілі себептерге байланысты демалыс беру мәселелері көтерілді [22, 170-171-бб.].

1916 жылдың арты қайғылы болып, қанға ұласқанын Әлихан Бөкейхан Шестаковпен бірге қозғалыстың он жылдығына орай шығарған кітаптарында айқын көрсетті. «1916-ыншы патша сансыз жігітті соғыста өлтірді, қолы, аяғы жоқ, ақылдан адасқан, мешел де мүгедек қылды. Елдің шаруасы ойрандалды, соғыста ерлер өліп, елде шаруа күйзелді, жетім бала, жесір қатын, шал-кемпір көзінің жасы көл болып, жұртта қалған ботадай боздады. Ет, нан, өзге (азық) марттағыдай тапшыланды, жұттағыдай жоғалды», – дей келе, осы жәйттер халықты үкіметке қарсы шығуға алып келгендігін айтқан болатын [23, 10, 17-бб.].

Әлихан ақпан революциясына үлкен үміт артты. Жаңа үкіметті қолдай отырып, майдандағы қара жұмысшылар мен олардың жанұяларына қаржылай көмек ұйымдастыру мәселесін көтерді.

Әлихан ел азаматтарымен бірге қара жұмысқа алынып, Батыс майданда оқ пен оттың арасында окоп қазып, қара жұмыс істегендердің ортасында жүріп, ұйым құрып, үкімет арқылы олардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге бар күшін салды. Майдандағы қазақ жұмыскерлерінің жағдайын «Қазақ» газеті арқылы білдіріп отыруды ұйымдастырды.

Әлихан Бөкейхан Мырзағазы Есболовпен бірге 1916 жылдың 23 желтоқсанынан 1917 жылдың 12 қаңтары аралығында Минскі маңындағы Батыс майдандағы Земгордың қол астындағы 9 қостағы тыл жұмысындағы қазақтарды аралап, олардың жағдайларымен танысып, үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктердің орындалу-орындалмауын қадағалады. Бұл жерлерде 13 мыңдай  қазақтар жұмыс істеп жатқан еді. Көрген-білгендері жайында Москвадағы Земскі съезінде баяндама жасап, әскери бақылаудан (цензура) өткеннен кейін, бұратаналарды бақылап отыратын Москвада бір бөлім,  Минскіде бір бөлім ашуға  арнайы рұқсат алған екен. Земскі съезінде жасаған баяндамасын «Қазақ» газетіне жіберіп, жариялайды.

Әлихан бастаған қазақ делегациясы 22 қаңтарда Минскіге  барып, тылдағы қазақ жұмысшыларымен кездесіп, сөйлесіп мән-жайды, не қажеттігін анықтап алғаннан кейін «Қазақ» газетіне шығыл жеделхат жөнелтеді. Онда қазақтарға қызмет ету үшін қазақтар дәрігерлер, фельдшерлер, тілмаштар және де басқа қызметкерлердің қажеттігі айтылып, алатын жалақыларына дейін көрсетілді. Жоғарыда аталған қызметке баруға тілеген азаматтар тез арада өзіне жеделхатпен, хатпен қабарласуды өтініп [24], қазақтың іс білетін жігіттерін атын атап, оларды қызметке шақырды [25].

Елде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жазалау үдерісі жүріп, патшаның 25 маусым жарлығына қарсы шыққандарды «бүлікшілер» деп түрмеге қамап, өлім жазасына кесіп, қатаң жаза қолданып, ұлттық намысты аяққа таптап, қорлық-зорлықты күшейтіп жатқан кезде патшаның тақтан түсуін «бұратана» атанған халықтар зор қуанышпен қарсы алды.

Барлық баспасөз беттерінде бұл қуанышты хабар жарыса хабарланып жатты. Әлихан бастаған ұлт зиялылары бұл хабарды қара жұмысқа барғандарға қолдау көрсету ниетімен Минскіге жүрген іссапарлары барысында естіді. Минскіден Орынбордағы қырғыз (қазақ) облыстық комитетінің төрағасына жіберген желедхаттарында Уақытша үкіметке көмекке келіп, майдандағы қазақтарға азық-түлік даярлауға шаралар қабылдауға шақырса, «Қазақтар мен жаңарған Ресейдің ерікті азаматтарына» арналған жеделхатта Ресейдің барлық халықтарына еркіндік, теңдік және бауырмастық туғандығын қуана хабарлай келе, қазақтарды өзге ұлттармен тығыз байланыста болып, жаңа құрылым мен үкіметті қолдауға  шақырды.  Алдағы кезеңде Құрылтай жиналысына даярланып, оған лайықты кандидаттарды сайлау қажеттігін және агарлық мәселені талқылауға алуды үндеді. «Жер мәселесін тез арада талқылаңыздар. Біздің ұранымыз: демократиялық республиканы және жерді одан мал шаруашылығы мен егіншілік арқылы табыс алатындарға беру. Құдайдан басқадан қорықпаңыздар… Әділет жолымен жүріп, жаңа үкіметті қолдаңыздар. Министрліктің азық-түлік ісі жөніндегі өкілдері мен майдандағы өзіміздің жұмысшыларға көмек көрсетуіміз керек. Халықтың пікірін жеткізіңіздер…» дей келе, алдағы уақытта аса маңызды жалпыресейлік мәселелер, әсіресе өкімет туралы және мемлекеттік құрылыс мәселелерін, көшпелі және отырықшы халықтардың мүдделерін есепке ала отырып, аграрлық мәселесін және Құрылтай жиналысына дайындықтар жүргізу қажеттігі баса айтылды [22, 219-б.].

Әлихан бастаған қазақ зиялыларының Минскіден 15 наурызда жіберген келесі бір жеделхаты елдегі М. Тынышбаев, Көсемесов, Ж. Тілеулин, А. Тұрлыбаев, Р. Мәрсеков және тағы басқа азаматтарға арналды. Теңдік, бостандық күнінің туғанымен құттықтай және жаңа үкіметке қолдау, қазаққа араздық, өштік, дау-жанжал, таласты қойып, ұйымдасып іске кірісуге шақырды [26].

Ұлт зиялылары ақпан революциясына үлкен үміт артты. Жаңа үкіметті қолдай отырып, майдандағы қара жұмысшылар мен олардың жанұяларына қаржылай көмек ұйымдастыру мәселесін көтерді. «Қазақ» газетіне Минскіден Әлихан бастаған бір топ азаматтар қол қойып жіберген жеделхатта қара жұмыстан босатылған сарбаздар мен жұмысшылардың үйде қалған  бала-шағасының пайдасына ақша жинауды ұсынды. Желедлхатта «Алаш азаматтарынан біздің тілейтініміз: жаңа үкіметті жақтаушыларға бар күштерімен болысу, бұрынғы тыныш күйді бұзбау, азық-түлік істеріндегі уәкілеттілерді демеу, майданда һәм майдан сыртындағы жұмысшыларға керек май, ет, тары секілді азықтарды жиыстырып, запас жасауға ұйымдасу» қажеттігін баса көрсетті [27].

Ә. Бөкейхан қазақ зиялыларымен бірге Петроградта өткен мұсылмандар кеңесіне қатысып, мұсылмандар ұйымын үйлестіретін орталық мұсылман бюросын құру және Бүкілодақтық мұсылмандар съезін шақыру қажеттігін қолдады.

Әлихан Бөкейхан Минскідегі земство мен қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Қазақ азаматтар жаңа үкіметтен патшаның 25 маусымдағы «бұратана» халықтардан қара жұмысқа алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, үкіметтің абақтысында азап шегіп жатқандарды босату және 1916 жылғы көтеріліс кезінде басқа елдерге қашып немесе босып кеткендерді, қара жұмысқа алынғандарды еліне қайтару мәселесін талап етті. Уақытша үкімет қазақ халқының 1916 жылы көтеріліске шығуы өзін-өзі қорғауға қатысты екендігін мойындады және көтерілісті басып-жаншыған жазалау экспедицияларының әрекеттерін тоқтатып, көтерілісті ұйымдастыруғандарға және белсенді қатысқандарға кешірім жасады. Қара жұмысқа алынғандарды қайтару ісіне де қолдау көрсетті. Бұл қазақ халқы үшін ірі жеңіс еді. Әлихан Е. Омаров, М. Есболов сияқты азаматтарға бас-көз бола майдандағы қазақ жігіттерін қайтару ісінің басы-қасында болып, адасып кеткен немесе қайта алмай темір жол бойында жүргендердің тізімін жасап, оларды эшалонға отырғызу және жеткізу қамына кірісті. Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары 25  маусым жарылығынан кейін Қытайға босып барып аштыққа ұрынған қазақ-қырғыздарды қайтару мәселесін де қолға алды.

Ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары алғаш рет ұйымдық жағынан бірігуге талпыныс жасап, қазақ комитеттерін құрып, облыстық съездерді өткізе бастады. Уақытша үкімет қазақ интеллигенция өкілдерін қызметке тартты. 1917 ж. 20 наурызында Әлихан Торғай облысы комиссары және Түркістан комитетінің мүшесі ретінде тағайындалады.

Ақпан төңкерісінен кейін қол жеткізген тағы бір жемісі – «Алаш» партиясы құрылып, Алаш идеясын жүзеге асыруға кірісуі. Қазақ елінің өзін-өзі басқара алатын, ұлттың ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құруға, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қоюға ұмтылды. Әлихандай көсемі бар бұл партия халықтың ұзақ жылдар бойы аңсаған арманын орындауға талпынды.

Алаш» партиясының мүшелері ұлттық автономияға қол жеткізу мүмкіндігінің тууына байланысты идеологиялық жұмыстар жүргізіп, Құрылтай жиналысының сайлауына белсене кірісті. Қазан төңкерісінен кейін Алашорда үкіметінің құрылғаны жарияланып, мемлекеттік құрылым ретінде қызмет атқарған болатын. Алаш автономиясын мойындатуда ұлт зиялылары дипломатиялық әдісті ұстана отырып, Уақытша үкіметпен, кеңес өкіметімен, Уақытша Сібір үкіметімен, Самардағы Құрылтай Комитетімен, Колчак үкіметімен келіссөздер жүргізіп, өздерінің демократиялық ұстанымдарының беріктігін айқындап берген еді.

«Алаш» партиясының құрылуы біріншіден, қазақ қоғамының алға жылжуына үлкен серпіліс әкелді, екіншіден, халықтың жаңа заманға деген сенімін күшейтті. Партияның қатары күннен күнге көбейіп, жалпықазақ съезінің шешімдерін орындауға бет бұрды. Съезде қабылданған  шешімдерді жүзеге асыруда «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары ерекше белсенділік танытты.

«Алаш» партиясын құрып, Алаш қозғалысының жандандыра отырып, елдің егемендігі, тәуелсіздігі жолында ұлт зиялыларына көшбасшы болды. Алаш қайраткерлерімен бірге Уақытша үкімет ісіне белсене кірісті. Қазақстанның жер-жерлерінде облыстық қазақ съездерін ұйымдастырып, түрлі мәселелерді шешуге қатысты. Қазаққа қажетті земство құру мәселесін қолға алды. Бүкілқазақ съездерін өткізуде басшылық жасап, онда қаралатын мәселелерді ұлт зиялыларымен бірлесе шешуге бар күшін салды.

1917 жылы желтоқсанда болған Екінші жалпықазақ съезінде жарияланған Алаш автономиясының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Алашорда үкіметі құрылғаннан кейін оның басшысы, әрі премьер-министрі ретінде Ә. Бөкейханның және оның мүшелері М. Тынышпаев, Х. Ғаббасовтардың  қол қойған бірнеше бұйрықтары жарық көрді. Оның біріншісі «Алаш автономиясы территориясындағы кеңес үкіметінің шығарған барлық Жарлықтары негізсіз деп табылсын» делінсе, екінші бұйрықта «Алаш автономиясы территориясында кеңестік билік жойған 1917 жылы 17 маусымда Уақытша үкімет енгізген земство мекемелерін құру заңы қалыпына келтірілсін, Болыстық земства құрылғанша, бұрынғы Ақпан революциясынан кейін құрылған болыстық, ауылдық және селолық комитеттер заңды билік ретінде танылсын», үшінші бұйрықта Алашордада үш адамнан тұратын әскери кеңес құру, ал төртіншіде Алашорданың кеңестерін облыстар мен уездерде құру, бесіншісі Сот және тергеу комиссияларын құру болды [28].

Бұл жайында Ә. Бөкейханов бүкіл халықты «Қазақ» газеті арқылы хабардар етті. Ол Алашорда үкіметі облыстарда, уездерде Алашорда кеңестерін құруын өтінді және алдағы уақытта милиция (әскер) құрылып, елден салық жинау мәселесін қолға алу қажеттігін де үндеді. Большевиктерге қарсы соғысуға әзір болуды көтерді [29]. Бірақ бұл бұйрықтардың әрбір уездерде Алашорданың кеңестері мен милиция құрудан басқасы орындалған жоқ.

1919 жылы кеңес үкіметі берік орнап, Кеңес үкіметі толықтай орнағаннан кейін басқару органдары ол басшылық еткен алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ. Керісінше оларды биліктен шеттетуге тырысты. Дегенмен олардың сағын бірден сындыруға мүмкін еместігін түсініп, Алаш қозғалысына қатысқандарға қызмет ұсынды.  Сөйтіп оларға кешірім бере, ақырындап биліктен аластату арқылы күрес тактикасын күшейтті.

Большевиктік биліктің бұрынғы Алаш қозғалысының өкілдеріне осылайша шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Ол алашордашылардың ықпалының коммунистер арасында жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтыламаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партия конференциялары мен жиналыстарында қозғала бастады. Мемлекет қызметіне тартылған  Алаш қайраткерлеріне  сенімсіздік күшейді. Оларға «ұлшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды. Әлихан да кеңестік жүйенің қысымына тап болды.

1920 жылы Қазақ АКСР құрылғаннан кейін Әлихан Егіншілік халық комиссариаты мүшелігіне сайланады. Әлиханның өткен өмірін қазбалау барысында Қырғыз (Қазақ) облыстық Мемлекеттік Саяси Басқарманың қызметкерлері 1922 жылы 23 қыркүйекте Қазақ өлкелік комитетіне жіберген мәлімдемелерінде «алашордашыл» және «ұлтшыл» қазақ топтардың бірін оның басқарғандығын, осы топтағы  Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, А. Қозыбағаров және т.б. сияқты бұрынғы Алаш қозғалысының мүшелері халық арасында кеңестік жүйеге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырғандығы айтылады [30]. Кейінгі мәліметтерде де Ә. Бөкейхан бастаған топ халық арасында кеңестік билікке қарсы әрекет жасағандығы келтіріліп [31], соңынан құпия аңду қоюдың нәтижесінде жинақталған мәліметтер бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар тұтқындалған еді [32].

Ә. Бөкейханның ұсталу себебін «Түркістанға қашпақ болды, қазақ жастары арасына іріткі салды, Монғолиямен байланысы бар, Семей губерниясындағы Алашорда бөлімдерінің ынғайға көнбеген басшыларын жоюға қатысты» деп түсіндірген [33, 7-8-бб.]. Тұтқындалған Алаш көсемі 1922 жылдың күзінде Мәскеуге жіберіліп, оған рұқсатсыз Қазақстанға баруға тыйым салады. Осы жылы ол Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариаты жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, ал 1926-1927 жж. Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болады.

1925 жылы КСРО Ғылым академиясы жанынан құрастырылған С.П. Швецовтың экспедициясының құрамында болып, қазақ жері, шаруашылығы барысына зерттеулер жүргізуге қатысып, Адай уезі, қазіргі Атырау және Маңғыстау облыстарын қатысты тың мәліметтер жинастырды. Әлихан антропологиялық зерттеу барысына басшылық жасады, сарапшы болды. Әлиханның Маңғыстау өңіріне шығарған экспедициясының бастыңы болғандығын, сол экспедиция құрамында болған Әлкей Марғұлан естелігінде жазып өтеді [34, 16-17-бб.]. Осы экспедициядағы қызметін 1928 жылы С.П. Швецов оған берген мінездемесінде жоғары бағалады.

1926 жылы Әлихан Бөкейхан бақылаушы органдардың рұқсатынсыз Москвадан шығып, Қазақстанға бет алып бара жатқанда Ақтөбеде ұсталып, кейін қайтарылып, Бутырка түрмесіне қамалады. Сөйтіп, Қазақстанда қалдырудан қауіптенген кеңес билігі Қазақстанға жолатпай, 1937 жылға дейін үйқамақта ұстады. Онымен тығыз байланыста болғандар да үкіметтің назарына ілігіп, үнемі бақлылауда болды. Ақыры 1928-1930 жылдар аралығында «Алаш» қозғалысының А.Байтұрсынұлы, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев бастаған жетекшілері мен басшылары тұтқындалып, үстілерінен іс қозғалып, «жапон тыңшысы», «шпион», «контрреволюциялық ұйым құрды немесе байланыс жасады», «зиянкес», «агент», «қандыбалақ қарақшы», фашизмнің жендеттері», «троцкийшілердің ұясы», «жікшіл» және тағы басқа айыптар тағылып, «үштіктің» шешімімен кейбірі атылды, жер ауадрылды, лагерьлерге айдалды.

1937 жылдың ақпан-наурызында Мәскеуде болған  БК(б)П ОК-нің пленумында кеңестік жүйені құртуға әрекеттеніп жүрген диверсант, шпион, арандатушыларды айқындау туралы шешім қабылдағаннан кейін ұлт зиялыларын, мемлекеттік қызметтегі азаматтарды қуғындау өрши түсті. 1937 жылдың тамыз айында  Қазақстаннан шетте жүрген Ә. Бөкейхан жалған жаламен «халық жауы» ретінде абақтыға жабылып, осы жылдың 27 қыркүйегінде Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім орындалды. Оған «Қазақстанға барған сапарында контрреволюциялық пиғылменел ішінде төңкеріс жасауға бағыттады, пантүрікшілдік идеяны жақтаушылармен (Қожанов, Нұрмақов, Төреқұлов, Сұлтанбеков) тығыз байланыста болды» деген айыптар тағылды.

Әлихан Бөкейхан ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеген екен. Қайраткерді жазалау ісі қайта қаралып, 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Дегенмен кеңестік билік оның кінәсіздігін  халықтан ұзақ жылдар бойы жасырып келді. Оның ардақты есімімен тек 1989 жылы ғана қауышып, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін өмірі мен қызметін зерттеу, еңбектерін қайтадан қалпына келтіру жолдарында ерен жұмыстар жүргізді. Алаш мәселесіне, соның ішінде Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметіне, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметіне, т.б. Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі, қоғамдық, тарихи көзқарастарына қатысты диссертациялар қорғалды.

Әлихан ғылыми зерттеулер, ғылыми мақалалар ғана емес, баспасөз беттеріне қазақ мәселесіне қатысты, тұлғалардың өмір жолдарын баяндаған танымдық мақалалары жариялап тұрды. Оның мақалалары «Туркестанские ведомости», «Дала уәлаятының газеті», «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок», «Речь», «Сын отечество» және тағы басқа басылымдарда жарық көрген.  Мәселен,     1905 жылы Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» газетінің №250-252 сандарында қазақ ақыны Абайға арналған некрологы жарияланды. Ол Абайды көпшілікке танытуда руы, шыққан тегі, ата-бабасы, қоршаған ортасынан бастап, Абайдың өлеңдерінің маңызын ашып көрсетуге тырысты. Осы мақаланың барысында Абайдың  өлеңдерінің түпнұсқасы мен Пушкин, Лермонтов, Крылов өлеңдеріне жасаған аудармасы оның баласы Тұрағұлдың  жиннақтауымен және Әлиханның редакциясымен Семей географиялық бөлімшесінде басылып шығатындығы айтылады. Әлихан некрологының соңында Абайды «қазақ халқының мақтанышы» деп бағалаған [35]. Көпшілік басылымдарда ол мақалаларын бүркеншік есімдермен жариялаған екен.

Әлиханның өмірі «Қазақ» газетімен тығыз байланысты болды. Осы басылымды ол А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен бірге ұйымдастырып, қазақ мәселелерін көтеруге атсалысты. Бұл газетке Әлиханның жиі билік, сайлау, соғыс мәселелерін көтеріп мақалалары жарияланған.

Тұлғатану мәселесінде Әлихан «Қазақ» газеті арқылы көп еңбек сіңірді. Орта Азия халықтарының этнографиясын, географиясын, тарихын, ауыз әдебиетін зерттеген Г.Потанинді, германдық және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері Август Бебельді, жазушы, журналист, қоғам қайраткері В.Короленконы, орыс географы, статистик, ботаник, мемлекет және қоғам қайраткері П.Семеновты, орыс зиялысы Е.Михаэлис және т.б. сол кездерде дүние жүзіне танымал болған тарихи тұлғаларды қазақ халқына таныстыруды жөн санаған. Мәселен, ғалым Г.Н. Потанинді қазақ ертегілері, жұмбақ, мақалдары қызықтырып, жимақ ниеті барлығын жазған. Кейін оның айтқаны дәл келіп, Г.Потанин қазақ және түркі тілдес халықтардың фольклор, ауыз әдебиет үлгілерін жинап, 1916 жылы «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» атты еңбегін жариялады. Іле Алатауын, Жоңғар (Жетісу) Алатауын, Сырдария маңын зерттеген П.П. Семеновқа арналған мүнәһибінде Г.Потанинмен бірлесіп, неміс географы, география ғылымының негізін салушылардың бірі Карл Риттердің «Азия» кітабын орыс тіліне аударғанын айта келе: «Бұл кітапқа екеуінің қосқаны Риттер кітабынан аз емес. Осы қосымшада жазылған біздің қазақ жері: Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Іле Алатау, Ыстық көл, Хан теңізі. Еуропа адамында осы айталған жерлерді ең алғаш барып жазған П.П. Семенов еді», – деп бағалаған.

Әлихан Е.П. Михаэлис қайтыс болған кезде жазған мүнаһибында орыс жұртын ілгері бастыру, өрге сүйреу жолында қызмет еткен, қазақ жеріне айдауда болған кезінде қазақ ақыны Абаймен жақын араласып, оның дүниеге деген көзқарасының қалыптасуына тікелей әсер еткендігін келтірді. Ал А. Бебельді халықтың басын біріктіріп, партия құрып, жоғын жоқтаған тұлға ретінде көрсете келе, басына түскен қиыншылықтарға қарамастан елмен бірге болған азамат болғандығын дәлелдесе, алпыс жасқа толған В.Г. Короленконы Сократка теңей отырып, «Қазаққа» оның «От» деген әңгімесін тәржімалап берген. Сонымен қатар Н. Маркстің «Құрбан қия», «Сұлтан Сәли» Л.Н. Толстойдың «Жұмыртқадай бидай», А.П. Чеховтың «Хамелеон» сияқты әңгімелерін аударып, қазақ оқырмандарының танысуына мүмкіндік жасады. Француз саясаткері Жан Жорис, философ, жазушы П.Н. Трубецкой Мемлекеттік Думада қазақтың жер мәселесін көтерген Н.Л. Сколозубов, түркішлідіктің негізін қалушы Исмайылбек Ғаспринскийді де көпшілікке алғаш танытқан да Әлихан.

Қайраткер қазақ өлкесінің тарихи өмірін, мәдениетін зерттеумен шұғылданған. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» көптомдығының «Киргизский край» деп аталған XVII томындағы «Исторические судьбы Киргизсконо края и культурные его успехи» тақырыбы осы Ә. Бөкейханның қаламынан жарық көрді. Бұл еңбектің басты ерекшелігі – зерттеу жұмыстарының нәтижесінде балта, балға, садақтың ұшы, жабайы түрде жасалынған метал бұйымдары мен  Алтай тауының етегінен мен Ертіс өзенінің жағалауынан бірнеше тұрақ орындарының, молалардың, археологиялық ескерткіштердің табылуынан қазақ жеріне мәдениеті аса жоғары тайпалардың келуін баяндап өтеді.

Ол дерек ретінде Геродоттың жазғанына сүйене отырып, Орал тауының маңында аргипейлер, шығысына қарай иссодондар, ал одан жоғары аримаспалар мен грифтер өмір сүргенін келтіреді. Дегенмен, Герадоттың өзі бұл аталған тайпалардың өмір сүргендігін біреулердің сөзімен жазғандықтан  күмән келтіретіндігін де ашық көрсетеді. Кейінгі тарихшылардың да осындай тайпалардың өмір сүргендігі жөнінде күмән келтіргенмен де, бұл деректі  өмір сүргендігін  жоққа шығармайтындығын да растайды.

Қазақ жерінде өмір сүрген небір тайпалар, қола, күміс,  темір дәуір мәдениетінен өтіп, қорғанысы бар қалалар салып, оларда дамыған өнеркәсіп орындары, өнер, жазу белгілері, өз дәстүріне лайықтандырған діні болғандығын келтіреді.

Бұл еңбекте қайраткер археологтардың зерттеулеріне жүгініп, қазақ жерінде Ертіс өзенінің жағалауында, Павлодарға жақын маңайда, Өскеменде, Қарақаралы маңайында, Ешімнің жоғары жағында Тобы мен Омда және Елек пен Орал жағалауларында табылған қалалар мен қорғандардың балшықтан, ағаштан, тастан салынғандығын, түрлі тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтардың табылғандығын жаза келе, қалалардың орналасуы құрылысына да жете мән берген. Еңбекте о дүниелік болғандарды  жерлеу дәстүріне де аса назар аударылған. Қайтыс  болған адамды жерлеу оның әулетті немесе қарапайымдылығына байланысты жүргізілген. Осы үрдіс барысы еңбекте айқын жазылған.

Ә. Бөкейхан қытай деректеріне сүйене, үйсін тайпасының түрлік өзгеріске ұшырау үдерісіне тоқталады. Жирен шашты, көк көзді үйсіндер Іле мен Алакөлге қарай, одан әрі Балқашқа шығып,  көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларымен араласып кеткендігін, қазақ даласында мекендеген ғұндардың, қыпшақ және т.б. ерте тайпалар жайында мәлімет келтіре отырып, қырғыз-қазақтардың (қайсақ) тарихи аренаға шығуы, найман, керей, қыпшақ, алшын, арғын тайпаларының тарихына, олардың қазақ даласында орналасуы, шаруашылығы, саяси билігін саралайды. Сонымен қатар қазақтың Әбілқайыр, Қасым, Абылай, Бөкей, Әбілмәмбет, Барақ, Кеңесары және т.б, хандары мен сұлтандары жайында мәліметтер келтіріледі. Мәселен, Қасым ханның барлық қазақ тайпаларын біріктіріп, миллионнан асырып, күшті әскери күш құрғандығы, ХIХ ғасырда орыс бодандығын қабылдаған Сүйік Абылайханов, орыс бодандығына қарсы күресіп, хандық билікті қалпына келтіруге тырысқан Кенесары Қасымов туралы шағын ақпар беріп кетеді.

Еңбекте Әлихан Бөкейхан қалмақтардың шығу тегіне, олардың қазақ жеріне жасаған шабуылы, XVIII ғасырдың соңына дейінгі қазақтардың жоңғарлармен күресін баяндап өтеді. Сонымен қатар орыс мемлекетінің қазақ жерін отарлау барысы, әскери бекіністердің салынуы мен округтардың құрылуы, ХIХ ғасырдың аяғына дейінгі патша үкіметінің саяси билігін нақты көрсеткен. Бұл очеркті оқи отырып, қайраткердің қазақ жерінің қаншама соғыстарды, басқыншылықтарды бастан кешіріп, отаршылдық қыспағына түссе де, өзінің дәстүрлі шаруашылығын, ғұрпын ұстай отырып, қазақ жастарының білімге, өнерге қарай ұмтылуын, қазақтің тілін, ділін, дәстүрін, дінін сақтауға бар күштерін салғандығын байқамау мүмкін емес.

Әлихан Бөкейхан – ол қазақ зиялыларының көшбасшысы. ХХ ғасырдың басынан өмірінің сонына дейін қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, соның жолында өзін құрбан еткен азамат. Оның қазақ халқына жасаған қызметі өлшеусіз. Отаншыл тарихы тұлғаның жолымен алашшыл қазақ жастары егемендік, тәуелсіздік жолында ұлттың елдігін сақтауға, рухани және ғылыми байлықтарын сақтап қана қоймай игеруге бар күтерін салуда. Әлихантанушылар қатарының көбеюі зиялы қауым көсемнің  рухтық идеясының өміршеңдігін көрсетеді.

Әдебиеттер:

1 Қойшыбаев Б. Әлихан Бөкейханов. – Алматы: Жеті жарғы, 2001. – 160 б.

2 Бөкейхан Ә. Таңдамалы (избранное) / Гл.ред. Р. Нургалиев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. – 478 б.

3 Букейханов А. Киргизы // Формы национального движения в современных государствах. Под. Ред. Костелянского. – СПб.,1910.

 4 ҚР ОММ. 64-қ. 1-т. 3685-іс. 13,25-пп.

5 Букейханов А. Все тайны станет явным // Семипалатинский листок. – 1905. – №256. – 13 декабря.

6 Якунин Я.Ф. Революция 1905-1907 гг. в Казахстане // Революция 1905-1907 годов в национальных районах России. – Москва, 1949. – 635-б.

7 Нұрпейіс К. Жиырмасыншы ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі және ұлттық демократиялық интеллигенция // Отан тарихы. – 1999. – №3.

8 // Семипалатинский листок. – 1906. – 13 июня.

9 // Семипалатинский листок. – 1906. – №19.

10 // Семипалатинский листок. – 1906. – № 21.

11 ҚР ОММ. 64-қ. 1-т. 3685-іс. 47-п.

12 // Қазақ. – 1914. – 24 декабрь. – №91.

13 // Қазақ. – 1913. – 23 июль. – №2.

14 // Қазақ. – 1913. – 22 июнь. – №19.

15 // Қазақ. – 1914. –7 февраль. – №49.

16 // Қазақ. – 1915. – 8 сентябрь. –  №148.

17 // Қазақ.  –1915. – 30 январь. – №100.

18 // Қазақ.  –1916. – №177.

19 «Қазақ» газеті /Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.

20 // Қазақ. – 1916. – №185, 188.

21 // Қазақ. – 1916. – 31 октябрь. – №203.

22 Алаш  қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. – декабрь 1917 г. – Алматы: «Алаш», 2004. –Т.1. –  552 б.

23 Қаһарлы 1916 жыл: (Құжаттар мен материалдар жинағы). –Алматы, 1998. Т.2.

24 Күнбатыс майданынан // Қазақ. – 1917. – 9 февраль. – №217.

25 //  Қазақ. –1917. – 9 март. – №221.

26 // Қазақ. – 1917. – №223.

27 // Қазақ. – 1917. – №222.

28 РФМА. 1701-қ., 7-т., 6 «а»-іс. 22-28-пп.

29 // Қазақ. – 1917. – 30 июль. – № 262.

30 ҚРПМ. 718-қ., 1-т., 114 а-іс. 1-7-пп.

31 ҚРПМ. 139-қ., 1-т., 550-іс. 28-30-пп.

32 ҚРПА. 139-қ., 1-т., 550-іс. 30-31-пп.

33 Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937). Шығармаларының 9 томдық толық жинағы /Құраст.: Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы. – Астана: «Сарыарқа», 2013. Т.7. – 520 б.

34 Өтениязов С. Арманда өткен Әлкей ата // Қазақ тарихы. – 1994. –  №2.

35 Букейханов А. Абай (Ибрагимъ) Кунанбаевъ // Семипалатинский листок. – 1905. – 25-27 ноября. – №250-252.

Светлана Смағұлова

alash24.kz 

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp