Жетісу облысында ақбөкен мүйізін заңсыз сақтап, мемлекетке 1 млрд 284 816 000 теңге шығын келтірген күдікті ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
6 маусымда Жетісу облысы бойынша ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, Шекара қызметі мен ҰҚК департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ олардың бөліктері мен дериваттарымен заңсыз айналысқан күдіктіні қолға түсірді.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Панфилов ауданының аумағында 39 жастағы ер адам ұсталды. Тінту кезінде үйдің шатырынан скочтпен оралған 7 картон қорап табылды. Бұл қораптардың ішінде 464 дана ақбөкен мүйізі болған, – деп атап өтті ПД бастығының орынбасары Елдар Абдикенов.
Табылған мүйіздерге олардың шығу тегі мен түпнұсқалығын анықтауға мүмкіндік беретін сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Келтірілген зиянның шығыны 1 млрд 284 816 000 теңгені құрады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, істің барлық мән-жағдайлары мұқият зерттеліп жатыр. Құқық қорғау органдары барлық фактілерді анықтауға және кінәлілерді жауапқа тартуға бар күшін салады.