2023 жылдың соңында Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп ғылыммен айналысатын жас ғалымдарға ипотекалық несие беру бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама басталғалы бері Amanzholov University-нің 10 ғылыми қызметкері мен өнертапқыштары тізімге тіркелді. Университеттің төрт қызметкері пәтер кілттерінің иегері атанды, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда Нұртөлеу Мағазов, Меруерт Мәуліт, Дидар Сейітжан мен Әсел Жылқашинова. Соның ішінде Әсел Жылқашинова элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінен үйлі алды.
«Менің пәтерім жарық, кең және жылы. Облыс орталығының элиталық, жаңа ауданында орналасқан. Мұнда жайлы инфрақұрылым бар. Барлық бөлмелер косметикалық жөндеуден өткен. Бірден орналаса беруге болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне және «Отбасы банкіне» ғылыми қоғамдастыққа осындай қолдау көрсеткені үшін рақмет. Бұл біз үшін үлкен көмек әрі мотивация», – дейді Әсел Жылқашинова.
Айта кетейік, магистр дәрежесі бар 40 жасқа дейінгі қазақстандықтар тұрғын үйге жеңілдікпен несие ала алады. Ол үшін үміткерлер соңғы үш жыл ішінде ғылыми, ғылыми-техникалық зерттеулерге немесе коммерцияландыруға жататын басқа да жобаларға қатысуы тиіс. Несиенің ең жоғары сомасы 20 млн теңгені, ал қарыз мерзімі – 19 жылды құрайды.