Солтүстік Аралды қалпына келтіру мәселесі талқылануда

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуіне арналған аппарат кеңесін өткізді. Жиында министрліктің алдында тұрған міндеттер мен оларды іске асыру жоспары талқыланды.

Бірінші вице-министр Болат Бекнияз Қазақстанның ХАҚҚ-на төрағалық ету мерзіміне жол картасы жасалып, қордың Атқарушы комитетінің төрағасы тағайындалғанын хабарлады. Атқару комитеті Астанада орналасады, оның құрамына әр елден екі өкіл кіреді. Ұйымдастыру жұмыстары толықтай ақпан айында аяқталады.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасының екінші кезеңіне дайындық туралы айтты. Бүгінгі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды және қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жақын арада министр Солтүстік Аралды қалпына келтіру жұмыстарына қатысушы Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізеді.

Ал Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында Солтүстік Аралға су жіберудің болжамды кестесі қаралатын болады. Айта кету керек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша теңізге 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.

«Алдағы үш жылды біз тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз керек. Біріншіден, әрине, өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғау және Орта Азиядағы көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты дамыту мәселесі. Сондықтан бұл жұмыс күнделікті бақылауда болуы керек. Өздеріңізге жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарыңыздар», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарында Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Біздің еліміз алдағы үш жылда аталған ұйымды басқаратын болады.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp