ҚР Әділет министрлігі Республикалық ЖСО палатасымен бірлесіп, Тараз қаласында оңтайландырылған атқарушылық өндірісті енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда, айыппұлдың 25%-ға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады.
Жаңа жобаның арқасында ел азаматтары 2 млрд теңгеге дейін үнемдей алады. Жүйе алгоритмі келесідей тәртіппен жұмыс істейді:
- ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді.
- Робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттілігі туралы SMS хабарлама жібереді.
- Айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады.
- Төлем уақтылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.
Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны бүкіл Қазақстан аумағына енгізу жоспарланып отыр.