Сенбі күні Палестинаның ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасады. Осыған байланысты шет мемлекеттер қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын эвакуациялап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Алғашқылардың бірі болып Польша өз азаматтарын эвакуациялауды бастады. Мұны аталған елдің Президенті Анджей Дуда мәлім етті. Бұған дейін Польшаның LOT мемлекеттік авиакомпаниясы Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына рейстерді тоқтатқан болатын.
«Қазіргі уақытта Израильдегі поляктарды эвакуациялау үшін әуе күштерінің ұшақтарын жібереміз. Біздің сарбаздар азаматтарды бортқа мінгізу кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», – деп жазды Анджей Дуда «Х» әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.
Бүгін таңертең Польша тарапы жіберген үш әскери ұшақтың біріншісі Тель-Авив әуежайына қонып, онда жиналған 120-ға жуық адамды Варшаваға жеткізді.
Сонымен қатар Польша Грецияның әуе кеңістігі арқылы ұшуға рұқсат алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Оған Португалия да қосылды. Өйткені ол елде таяуда Израильге эвакуациялық мақсаттағы борттар жібермек.
Бразилия үкіметі де қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын алып шығуды жоспарлап отыр. Аталған елдің Сыртқы істер министрлігі ұсынған ақпаратқа сай, бүгін Израильге 6 ұшақ жіберіледі.
Таиландтың премьер-министрі Стретта Тависин Газа секторындағы ХАМАС содырларының шабуылынан кейін тай азаматтарын Израильден эвакуациялауға бұйрық берді. Ресми мәліметке сәйкес, шиеленіс кезінде Таиландтың екі азаматы қаза тауып, 8-і жараланып, 12-сі тұтқынға алынған.
Литва билігі де Израильдегі өз азаматтарын Вильнюске эвакуацияламақ. Бүгін отанына оралуға ниетті литвалықтар үшін арнайы рейс ұйымдастырылады.
Венгрия болса бүгінгі түнде екі ұшақпен Израильден 215 адамды эвакуациялады. Мұны осы елдің Сыртқы істер министрі Питер Сийярто Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бүгін таңертең Болгария үкіметі жіберген екінші ұшақ Израильдегі 87 адамды елге жеткізді. Осыдан бір күн бұрын 92 болгар азаматы арнайы рейспен отанына оралған еді.
Тель-Авивтегі АҚШ консулдығы Палестина мен Израильдегі америкалықтарды Лод әуежайы арқылы кез келген уақытта эвакуациялауға дайын екенін мәлім етті.
ХАМАС қозғалысының шабуылына байланысты Вифлеем қаласында қалып қойған Үндістанның 27 азаматы Египетке эвакуацияланды.
Олар одан әрі отанына оралмақ. Air India әуе компаниясы Израильмен тікелей әуе қатынасы тоқтағаннан кейін экипаж мүшелерін және басқа да екі қызметкерді Тель-Авивтен Эфиопияның әуе кеңістігі арқылы эвакуациялағанын хабарлады. Сондай-ақ Үндістан үкіметі қалып қойған студенттерді Израильден қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Осы уақытқа дейін бірнеше ірі авиакомпания Тель-Авив бағытындағы рейстерді тоқтатты. Олардың арасында American Airlines, Air France, Lufthansa, Emirates, Air France, Ryanair және Aegean Airlines сияқты компаниялар бар.
Ал Қазақстан эвакуациялық рейсті 10 қазан күні ұйымдастырады. Air Astana әуе компаниясы Ақтау қаласына техникалық қону арқылы Алматы-Тель-Авив-Алматы бағыты бойынша КС-6490/6500 рейсін орындауды жоспарлап отыр. Алматы қаласынан ұшу сағат 08:00-ге, Тель-Авив қаласынан ұшу жергілікті уақыт бойынша сағат 12:50-ге жоспарланған.
Барлық сұрақтар бойынша авиакомпанияның help.airastana.com көмек орталығына хабарласу қажет, тел.: +7 (727) 244 44 78 ( қоңыраулар үшін) және +7 702 702 0074 (WhatsApp).