Елордада Талдықорған қаласындағы әуе базасы мен десанттық-шабуылдау құрамасында жалғасатын сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары бойынша 2011 жылғы Вена құжаты шеңберіндегі іс-шаралардың ашылуы өтті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы мемлекеттер верификациялық орталықтарының бастықтары, Вена қаласындағы ЕҚЫҰ Хатшылығының (Австрия) Жанжалдарды болдырмау орталығының, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің өкілдері, әскери сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығының бастығы полковник Қанат Әубәкіров ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесіне жемісті ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
– Қазақстан қару-жарақты бақылау мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылдың дәйекті әрі белсенді қатысушысы болып табылады және қала береді, – деп атап өтті ол.
Іс-шаралардың тәжірибелік бөлігі Жетісу облысында өтті. Талдықорған авиабазасына барған кезде шетелдік сарапшылар әскери бөлімнің инфрақұрылымы және күнделікті өмірімен танысты. Әскери мамандар
Су-30СМ жауынгерлік ұшақтарын, тұрақ орнын, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді, ұшқыштарды оқытуға арналған тренажерлер мен жабдықтарды қарап шықты. Сондай-ақ, бақылаушыларға күрделі ұшулар мен әуе шайқасының элементтері көрсетілді.
Шетелдік қонақтар үшін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы брифинг ұйымдастырып, десанттық-шабуылдау құрамасының құрылу тарихымен және бейбіт уақытта орындайтын міндеттерімен таныстырды.
Бақылаушылар әскери қызметшілер үшін жасалған тұрмыстық жағдайлармен танысып, казармалық үй-жайларға, асханаға және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандарға барды.
Оқу орындарында десантшы жауынгерлер оларға атыс, тактикалық, әуе-десанттық дайындық, атыс қаруын меңгеру және жауынгерлік машиналарды жүргізу дағдыларын көрсетті.
Бақылаушылар десанттық-шабуылдау құрамасының қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін тексерді. Сондай-ақ оларға С-295 әскери-көліктік авиация ұшағынан арнайы мақсаттағы парашют жүйелерімен секіруді бақылау мүмкіндігі берілді.
Шетелдік сарапшылар қазақстандық мамандардың жоғары кәсіби деңгейін және Қазақстанның қару-жарақты бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерді адал орындағанын атап өтті.