Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Қазақалтын» ЖШС Бестөбе кенішінде болып, шахтадағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Алтыналмас АК» АҚ Басқарма төрағасы Баламир Маханов тамыз айында шахта суларын айдау жұмыстары басталғанын хабарлады. 2 қазанда 200 мың текше метрден астам су сорылды. Жұмыстарды 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта шахтада 417 қызметкер жұмыс істейді. Босатылған персоналды іргелес кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Су сорылған кезде қосымша сорғы жабдығы қосылады. Жаңа учаскелердің ашылуымен қосымша персоналды кезең-кезеңімен тарту жоспарланған. Бұрын кеніште жұмыс істеген кент тұрғындарын жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі. Компания барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтын болады.
Роман Скляр мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Бестөбе кентінің тұрғындарымен кездесуі барысында кенттің инфрақұрылымдық дамуы, ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру және 2021 жылдан бастап жұмыс істемейтін кеніштің одан әрі жұмысы, сондай-ақ кенді заңсыз өндіру мәселелері қозғалды.