«Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» спектаклі «АРТ ОРДО – 2023» халықаралық театр фестивалінде ГРАН-ПРИ иегері атанды

Қырғызстанда V Халықаралық «Арт Ордо» фестивалі өтті. Биылғы фестиваль КСРО Халық артисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Бакен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Фестивальде 6 шетелдік және 8 қырғыз театры өз бақтарын сынап, өнер көрсетті. «АРТ ОРДО – 2023» халықаралық театр фестиваліне әр елден театр қайраткерлері мен театр зерттеушілері шақырылды.

Халықаралық қазылар алқасын: Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі, профессор Нұрқанат Жақыпбай басқарды.

Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында Өзбекстан Республикасының Халық әртісі, Өзбекстан Республикасының Ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Гаухар Закирова (Өзбекстан), Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, актриса Гүлсара Әжібекова (Қырғызстан), Әзербайжан Республикасының Халық әртісі, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, театр және кино актері, режиссер, профессор Новрузов Джахангир Муталлиб оглы (Әзірбайжан), Қырғызстан Театр Қайраткерлері одағының президенті, өнертану кандидаты Жаныш Құлмамбетов (Қырғызстан), театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент Айсұлу Сағитова (Башқұртстан, Ресей), театр сыншысы және режиссері Исмаил дикилиташ (Түркия) болды.

Халықаралық қазылар алқасы: үздік қойылым – бас жүлде, үздік режиссер, үздік сценография, үздік еркек ролі, үздік әйел ролі, екінші пландағы еркек ролі, екінші пландағы әйел ролі, сыншылар көзайымы номинациялары  бойынша жүлдегерлерді анықтады.

Қырғызстан көрермені Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының спектаклін зор ықыласпен қабылдады. Сахнада актерлардан басқа, оркестр де өнер көрсетті. Бұл драмалық шығарманың әсерін арттыра түсті. Халық аспаптар оркестрі барлық музыкалық партияларды жанды мәнерде орындап, спектальге өзгеше сипат берді. Сахнада ескі заман хикаясы заманауи әуенмен өрбіп отырды. Тіпті Майкл Джексонның да әндерінен үзінді орындалды.

Осылайша, автор классикалық құр баяндаудан бас тартып, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясын заманауи тәсілде жеткізе білгені үшін әділ қазылар алқасының шешімімен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы «БАЯН СҰЛУ – ҚОЗЫ КӨРПЕШ» спектаклі үшін ГРАН-ПРИ жүлдесімен марапатталды.

Авторы – Ғабит Мүсірепов, қоюшы режиссер – Гүлназ Балпейісова, дирижер – Маралжан Мырзақұлова, қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов, киім суретшісі – Алма Сырбаева, хореограф – Ильмира Иманғазина, композитор – Олег Синкин.

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp