Бүгін Мемлекет тарихы институты мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалау кеңсесі жұмыс басымдықтарын талқылады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Осы орайда, Жобалық кеңсесінің басшысы С.А. Қасымов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге саяси-қуғын сүргінге қатысты терминдер жинағы да дайындалып жатқанын жеткізді.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақтау шаралары ұлттық жадымыздың қайта жаңғыруымен бірге азаматтық сана-сезімді бекіте түседі. Біздің ұлттық бірегейлігіміздің де өзегі осы кезеңмен тұспа тұс келеді», – деді Институт директоры Н. Пұсырманов. Бұдан әрі зерделеу ісі бойынша ынтымақтастық тереңдемек.
Еске салар болсақ, осы жылдың 5 шілдесінде Астананың 25 жыл мерейтойы қарсаңында Мемлекет тарихы институты мен Астана қаласының Мемлекеттік архиві өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум аясында «Тарих сыры – архив деректерінде» жобасы іске қосылды.