Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің және парламентаралық ықпалдастықты нығайтудың өзекті мәселелері қарастырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тошиаки Эндоға ілтипат білдіре отырып, азаматтарымыздың жапон халқына құрметі ерекше екенін айтты.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сенімді қарым-қатынастың айрықша деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының өзара байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Қазақ-жапон қатынастары саласында экономикалық бағыт маңызды рөл атқарады. Президент сауда және инвестициялық іс-әрекеттердің мол мүмкіндігіне назар аударып, еліміздің экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге 8 миллиард доллар инвестиция құйған Жапония Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының ондығына кіретініне назар аударды. Сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жеткенін атап өтіп, бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін мол әлеует бар екенін жеткізді.
Тошиаки Эндо кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Жапония Премьер-министрі Фумио Кисиданың жолдаған хатын табыстады.
Парламенттік достық лигасының төрағасы Жапония Парламентінің барлық сала бойынша Қазақстанмен өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.