Дәстүрлі қазақ қоғамындағы байлардың алатын орны қандай?

Тарихтағы дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі құрылымын зерделейтін болсақ, ұлтты, мемлекетін, оның болмысын, мүддесін қалыптастырып нығайту жолында аянбай қызмет етіп отырған тұлғалар қызметі ерекше көзге түседі. Бұлар хандардың, билер мен жыраулардың, батырлардың және байлар мен діни тұлғалардың тағылымы, дәстүрімен тығыз байланысты. Яғни дәстүрлі қазақ қоғамындағы тұлғалар институты алдыменен ұлттық құндылықтар мен тәжірибелердің қалыптасуына ықпал етіп отырған. Осы тұлғалық дәстүрдің сақталып отыруы, оның әлеуметтік институтқа айналуында отбасы, дін мен діл, мәдениетте ерекше мәнге ие.

Қазақ қоғамына патша өкіметі тарапынан сырттан жүргізіліп отырған саясат алдыменен хандар билігін жоюға бағытталды. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары тағдырының немен аяқталғаны белгілі. Кенесарыхан қазақ ұлтының мемлекеттілігін, әсіресе ұлттық мүддені қорғау мақсатында, дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі құрылымын қайта қалпына келтіруге аянбай еңбек сіңірген бірегей тұлға болды. Өкінішке орай сол кездегі саясаттың қарқынын (патша өкіметінің жүргізіп отырған саясатын) тежегенімен, толығымен жоя алмады. Осы жолда қазақ батырларымен бірге мерт болды. Кенесарыдан кейін қазақ қоғамындағы тұлғалар дәстүрі жойыла бастады деп айтсақ қателеспейміз. Бұған қатысты Нысанбай жырау, «Кенесары-Наурызбай дастанында» былай деп ойды түйіндейді:

Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Халық иесі – хандардан

Жетім қалдық айрылып!

Екі бірдей қанатым

Топшыдан сынды қайрылып!

Балдағы алтын ақ берен

Тасқа тиді майрылып.

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып [1.72-б.].

Соңғы ғасырларда қазақ қоғамындағы тұлғалар институты күштеп әлсіретілгенімен, бұл халықтың санасында бірден өше қойған жоқ, өзінің қызметін жалғастырып отырды. Алаш зиялыларының қоғам алдына шығуына ықпал етті. Бұған қарап сол кезде ел тәуелсіздігінен қол үзгенімен қоғам ішінде (кез келген отбасында), ұлттық идеологияның жүріп жатқандығын байқаймыз. Әсіресе ел мәдениетіндегі тұлғалар дәстүрінің түгелімен жойылмай қалуына, оның іштей халықтың өзіндік санасының негізіне аналуына ықпал еткен дін мен дәстүр, осы екеуінің тәжірибесін үйлестіре алатын отбасы институтының мүмкіндіктерге ие болып қалуы да кешенді түрде зерттеуді қажет етеді. Патша өкіметі де, кеңес билігі де бұны жетік білді. Сол себептен ұлттың рухы ғана емес, тұрмысы, мәдениеті, дүниетанымы кезекпенен қыспаққа алынып отырған.

Әлихан Бөкейханов айтқандай, қазақ жерсіз өмір сүре алмайды. Қазақтың барлық тұрмыс тіршілігі, өсіп өнуі, өркендеуі алдыменен жерге тәуелді. Жері болмаса қазақ тентіреп кетер еді. Ұлттың басы бірігіп, тұрмысы күшеюі үшін ел өз жеріне өзі иелік етуі тиіс. Қазақтың ұлт, мемлекет иесі ретінде жерге иелік етуі оның қоғамындағы институтардың қызметіне байланысты. Мәселен хандардың билігі, ел басқару тәсілі елдің тұтастығын, қоғамның ішкі құрылымын, мемлекеттің стратегиясын жүзеге асыруға, оның қажеттіктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Батырлар тікелей жерді, елді жаудан қорғап отырса, осы жолда олар да мемлекеттің саясатын, ұлттық құндылықтарды тегістей білуі тиіс. Ал ойшылдар дәстүрі (билер мен жыраулар даналығы) ұлттық болмысты, ел мәдениетін әсіресе қоғамның рухани болмысын, дәлрек айтсақ интеллектуалдық ұлтты немесе ұлттың интеллектуалдық мүмкіндіктерін қалыптастырып, сақтап отыруға негізделген.

Ұлттың болмысы мен мәдениетінің, тарихының ажырамас бөлігі бұл дін. Дінсіз ұлт, ұлтсыз дін өмір сүре алмайды, екеуі бір-бірімен тығыз байланыста. Діннің тәжірибелерін қоғам игілігіне дұрыс пайдалану ұрпақтың деңгейіне тәуелді. Қазақ тарихындағы діни тұлғалар институтының негізгі принципі де осы болған, яғни дін мен ұлтқа, оның мәдениетіне қатар қызмет ету қажет. Осы себептен сонау Қожа Ахмет Ясауидің заманынан бері қазақ мәдениетінде діни тұлғалар дәстүрі, ұлттық мүддеге қызмет етудегі интеллектуалдық тәжірибелерімен ерекшеленіп, тереңдеп отырған.

Дәстүрлі қазақ қоғамының ерекшелігі бұнда ұлттық және азаматтық бірегейлік негізгі мәнге ие, негізгі рөлді атқарып отырады. Ел өміріндегі барлық институттар осы мәселеге бірдей көңіл бөлген. Барлығына ортақ мәселе, жүктелетін міндет ұлттық мүддені сақтап қалу. Ал байлардың рөліне келетін болсақ, оның қызметінің бірғана жалпыға ортақ игілік мағынасында зерделеніп отырғандығын көреміз. Кешегі түркілердің қоғамында да осылай болған. Байлар бұлар алдыменен парасат иелері. Қабілеті, адамгершілік қасиеттері, білімі мен ойлау деңгейі, іскерлігі, кісілік мінезі арқылы және тәжірибесімен дәулетке қол жеткізген адамдар. Қол жеткізген байлығын, халықтың, келер ұрпақтың ырысы деп түсінетін, елдің игілігіне айналдыра алатын адамды қазақта бай немесе байлық иесі деп атаған. Мәселен Жүсіп Баласағұн түркілік қоғамдағы дәулет иелерінің парызын былай сипаттайды:

Егер қолың ұзын болса  халыққа

Ізгі қылық, ізгі сөзбен жарылқа!

Жігітшілік өтер, өшер тірлігің,

Дүние – түс, көшерсің тез бір күні.

Ізгілік – олжа. Тірлігіңді олжа қыл,

Соңы ол – жер, киерің, болжағын!

Бек пе, құл ма, мейлі, жақсы-жаман ба,

Өзі өлді, қалды аты – ізгі ғаламда [2.98-б.]. Түркілерің байлық пен билік жөніндегі түсінігі осындай болған. Бұның арғы жағында дүниетаным жатыр. Осы дүниетаным шеңберінен қазақ ұлты, оның тұлғалары да тысқары жүрмеген. Барлығын ұлттық сана, мемлекетшілдік ұғымы бір арнаға тоғыстырып отырған

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы байлардың тағылымына зер салатын болсақ, олардың парасат иелер, діни білімі, өмірлік тәжірибесі мол адамдар екендігін түсіну қиын емес. Бастапқыда (патша мен кеңес билігі тарапынан) байлардың, қазақ қоғамындағы өзге де тұлғалар институтын шектеу, қысым көрсету әрекеттері орын алса, кейін ел сыйлайтын, оның мүддесіне жауапты адамдармен қатар олардың қасында жүрген кісілер, ұрпақтары да қудалана бастаған. Байлық пен еркіндік ұғымын мықтап тұрып санадан өшіруге күш салынғандығы сондай, бұдан аман қалған ұрпақ өз тегін көрсетуге де қорыққан. Кеңес қоғамында «тегім кедей» деген сөзді адамдар жиі қолданды.  Түрлі салада өтініш білдіріп хат жазуда осы сөзден («тегім кедей» деген сөзден) бастады.

Қазақ ежелден парасаты мен білімі, қабілеті арқылы игілікке қол жеткізген адамды дәулет иесі деп атаған. Осы дәулет иесі атану үшін адам алдыменен діни сауаты мол, қолынан іс келетін парасат иесі болуы тиіс. Тарихи өмір алдыменен ұрпақтан елдікті талап етеді. Барлық кезде адамды қоғамымен біріктіретін тәрбие мен білім. Оқыған, көзі ашық адамдар қоғамына жақын жүргенде ғана оның болмысы берік келмек. Қоғамда зиялылардың бірлігі күшті болған сайын мемлекетшілдікте сақталады. Оны сақтайтын халықтың өзі, яғни зиялыларды қалыптастыру арқылы сақтап отырады. Патшаның, одан кейінгі кеңес билігінің қазақ қоғамының ішкі құрылымын өзгертуге барынша күш салуындағы мақсаты осыдан білінеді. Жаңа айтып өткен ұлт тұлғаларын қудалау, сол арқылы елдің тұрмысы мен мәдениетінің мүмкіндіктерін шектеп отыру сол кездің өзінде мықтап қолға алынған. Мәселен, «Тегі, қазіргі жағдайдың көбі қазақтарға ұнамайтындай-деп жазып кеткен  поляк жазушысы Адольф Янушкевич, – «Біздің мұнда көшіп-қонып жүргенімізден бізді сендердің үкіметтерің мен шенуніктеріңе риза екен деп ойлап қалып жүрмеңдер. Ой, қайран дүние-ай! Егер табындарымыз бен отарларымызды емін-еркін жаятын бұл әлемде ұлтарақтай жер табылса, біз сендерден тегіс ауып, із-түссіз жоғалар едік», – дейді бұлардың кейбір естілері.

Бұл кейістік жұрттың көңілін білдіріп, халық жырларында да сәуле шашып отыр. Шындығында, бұл жерлерге нендей бастықтар мен шен шекпенділер келіп кетпеген! Олар барып тұрған тонаушылар, барымташылар болған! Менің алдымнан талай іс өтті, жаңағылардың былықтырғанына көзім жетті. Алғашқы санақтардың қалай өткізгендігі туралы әңгімелерді естігенде, жан түршігеді…

Қазақтарды шұбыртып ертіп келіп, бүкіл айналаның есін кетіріп, зорлық-зомбылықтың  ешбір тәсілінен жиренбей қолданған. Санақшының бұйрығы бойынша  табындар мен отарлар жайлаудағы 150 шақырым, тіпті одан да алыс бұрыс тұрған бір жерге жедел айдатып әкелінетін. Күтпеген сапардың іздері жол бойында сайрап жататын. Биелер мен сыйырлар іш тастайтын, тіпті, түйелер, жылқылар, қойлар қырылатын. Өлген малды тіріге санамағаны үшін санақшы өзіне ақы төлеттіретін»[3.212-б.]. Бұның барлығының негізінде ұлтты жою саясаты жатыр. Қазақ қоғамындағы хандардың ел басқарудағы дәстүрімен сабақтас тұлғалар институты толығымен жойылмаса, халықтың тарихи санасы жойылмайды. Тарихи сананы өшірмей ұлттық сананы жою мүмкін емес. Ол қайтадан қалпына келіп отырады. Халықты бай, кедей деп жікке бөлу осылайша үлкен саясатқа айналған.

Алаш зиялылары айтқандай, мыңдаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бар, ертеден келе жатқан қоғамның тұрмыс тәжірибелерін бір уақытта өзгерте салу ақылға келмейтін нәрсе. Себебі қазақта байлар ұлт шаруашылығына ғана емес, оның территориясының сақталуына да жауапты адамдар болды. Басты міндет жерді дұрыс пайдалану, елдің игілігіне жаратып отыру қажет. Халықтың тұрмысын қамтамасыз ету керек. Бұның негізінде де үлкен идеология бар. Халықтың малын тартып алудың, оны түрлі сылтаумен азайтудың салдарынан ашаршылықтың орын алуы сондықтан. Аяқ асты елдің шаруашылығына шектеу қойылып, тұрмыс өзгергеннен кейін қоғам осындай күйге түседі. 1928 жылы Ақтөбе округтік комитетінің, жабық түрде байлардың мал-мүлкін тартып алу үшін өткізген отырыстарында,  осы қазақ қоғамында ең соңғы қалған институтты жоюға күш салынғандығы білінеді.

Ақтөбе облысы бойынша мал-мүлкі тәркіленетін байлар 1928 жылы 1 қыркүйекте өткізілген, Ақтөбе округтік комитет бюросының отырысында жабық түрде қаралған. Бұнда шаруашылығы тәркіленетін байлардың бастапқы тізімі бекітілген. Бастапқыда текқана байлардың ішінде Ақтөбе облысы бойынша 60 адамның тізімі жасақталған. Олардың қатарында Шалқар ауданы бойынша  Жиесов Иса, Сүлейменов Алшағыр, Құлжанов Қадыр, Мұхтаров Нағым, Кызылбасов Бәймен, Нұрбаев Зәкір, Жұманшин Құдайберген, Бажанов Кенжеғара, Шалқұшаров Байқожа, Шалатаев Отарбек, Бекбасов Есқұл, Әкешев Исатай, Ормақов Оразқұл, Тотанов Аянас, Қызылбасов Тоқмақ, Батақов Мұхамедияр, Ержанов Қалмағамбет, Бірімжанов Мінім, Жасағанбергенов Бәймен, Жасағанбергенов Кенжебай, Тоқтықұлов Қалет, Биманалин Құлекен, Қасмағамбетов Құлжай, Кенжеғарин Мырзалы, Молдин Құдайберген.

Темір ауданынан Шошин Намазбай, Аманов Жантөре, Шошин Әбіш, Жәнібеков Әзім, Қажыбаев Күзембай, Қалменов Алпысбай.

Ақтөбе ауданынан Жумин Үсембай, Сүлименов Кәрім, Ермұхамедов Құрым, Жиебаев Қали.

Ырғыз ауданы бойынша Байұзақов Қабылбай, Бижанов Қожабай, Байұзақов Әміре, Кенебаев Бәймен, Жүргенов Қара, Байұзақов Қартбай.

Сол кездегі Магаджан ауданында Досмұратов Қасқұлақ, Жайықов Қабаш, Жәңгіров Мақым, Шәбеков Әрен, Баймағанбетов Ғани, Тілеубаев Мәмбеталы.

Шыңғырлау ауданы бойынша Нұғманов Қалан, Бәйішев  Хайрулла, Баяндиев Боран.

Қарабұтақтан Қисықов Ұлжай, Қонысбаев Дәуіт, Рсанов Ернүсін, Дәубаев Мамыт, Итқарин Рысмағамбет.

Елек ауданы бойынша Дәуітов Дәулет, Дәулетов Жұмағали, ал Хобда ауданынан Құдайқұлов Бөрімбай, Мәмбетов Қази, Байқадамов Қабақ және тағыда басқа кісілер бар [4.15-17 п.]. Бұдан әрі байларға қарсы теріс қоғамдық көзқарасты қалыптастыру жөнінде де мәселелер қаралып, басқа да түрлі шешімдер қабылданып отырған.

1928 жылы Ақтөбе облысында мал-мүлкі тәркіленетін байлардың тізімінде жүрген Қартбай, Қабылбай мен Әміре ағайынды адамдар. Ырғыз өңірінде болған Байқабыл байдың інісі мен балалары. Байқабыл 1918 жылы қайтыс болған. Осы байдың балалары жас болса да байлар тізіміне енгізіліп қудаланған.

Байқабылға қатысты ел арасында көптеген деректер бар. Ел оның жылқысының көп болғандығын, нақты санын білмеген, асыл тұқымды жылқылар өсірген, елге көмектесетін зиялы адам болғандығын айтады, өзі болыс болған. Осы Байқабылдың балалары алаш зиялыларын іштей қолдап отырғаны үшін, кейін тағы да қудаланып лагерде өлген. 1938 жылы Ырғыз ауданының Тепсең ауылында тұратын Байқабылдың ағайындары оның бір баласын (осы Әміре болуы керек) жасырып, түнде Қостанайға қарай қашырып жібереді. Ырғыз ауданының тұрғыны Бидағұл Жұмағанбетов ағамыз бала кезінде осы оқиғаны көзімен көрген. Атамыздың, «Ол кезде 8 жастамын, күз айы, түнгі сағат 10-11 шамасы, Тепсеңде екі бөлмелі қоржын үйде тұрамыз. Ауылда аралары қашық 6-7 үй ғана бар. Әкем жаңағы байдың баласын түнде үйге ертіп кірді. Мен ұйықтайын деп жатыр едім, әкем ояу жатқанымды біліп «ұйықта» деп жекіп тастады. Ұйқым келмеді, көрпені бүркеніп, сығалап ұйықтаған болып, әңгімелерін тыңдап жаттым. Балаға анам көрпе жая бергенінде, қолымен көрпені лақтырып жиырып тастады. «Маған көрпе жайма, осы көрпеден қорлық көрдімғой» деп айтқаны әлі есімде. Бала ашулы болды. Асығыс тамағын ішті, дастархан басында әкем ақылын айтып жатты. Үйде сауып отырған жалғыз құлынды бие бар еді, әкем балаға, «осы биені мініп кетесің, әбден шаршап құлағанша мін, шаршап жүрмей қалған кезде қоя бер, ауылды өзі тауып келеді, құлыны осында» деп түннің ортасында баланы Қостанай бағытына қарай қашырып жібері. Құлын күні бойы байлаулы, түстен кейін биені іздеп шырқырай бастады. Бие көрінбейді. Содан кеш бата бие де келді үсті қара тер, әбден шаршаған. Кейін баланың сол жақта ұсталып, лагерге жер аударылғанын естідік. Содан ол бала елге оралған жоқ, сол жақта өлді» – деп есіне алып отыратын. Бұндай оқиғалар сол кезде көп болды. Адамдардың қиын тағдыры сол кездегі ес білген балаға да ой салған. Бұны көзбен көрген қарияларымыздың сөзін тыңдағанда, сол кездің өзінде бала болса да кеңес өкіметінің жүргізген саясатының зардабын ұмытылмайтын қасіреті деп білгендігін байқайсың.

Ел өзінің мүддесін қорғау үшін халықты ұлт ретінде біріктіретін рухани тәжірибені, мәдени игіліктерін қашан да сақтап отырған, соған қоғам тарапынан үлкен мән берілді. Өкінішке орай бұл кешегі уақытта қасақана ескерілмеді. Мәдениетіміздегі ел басқарудағы тұлғалар институтының қасақана жойылуы сондықтан. Бұған қатысты 1918 жылы «Қазақ» газетінің бірінші санында жазған мақалада алаш зиялылары, «Большевиктер дәурені көпке бармас, бірақ большевиктің ылаңының кесірі тез арыла қоймас. Большевиктер мемлекет ісінің басынан көшер, бірақ көшкенше талайды болдырып, былғап кетер» деп айтып кеткен [5. 421-б.]. Шыныменде алаш зиялыларының кеңестік саясаттың болашағына берген бағасы ақиқатқа айналды.

Қоғам дамуы үшін ашық түрде интеллектуалдық сипатқа ие бәсекелестік болуы тиіс. Бәсекелестік болу үшін кәсіп, еңбек, іскерлік пен білім жалпыға ортақ құндылық ретінде танылуы керек. Ал бұны танытып отыратын, осы құндылықтарға немесе сол арқылы игілікке қол жеткізген адамдар. Байлық бұл жекелген адамдар қол жеткізетін жалпыға ортақ игілік.

Қазақ қоғамында бай, кедей деп бөліну болмаған. Ұлт пен оның қоғамына қатысты барлық тәжірибе ұлттық мүддені сақтау мақсатында қалыптасып отырған. Ал рушылдық сананы күшейту, қоғамды бай мен кедей деп бөлу кешегі саясаттың негізгі құралы болды.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы ерекше құбылысқа ие тұлғалар тағылымын, олардың әсіресе ұлт тағдырымен сабақтас тағдырын зерттеу бүгінгі біздің міндетіміз. Осы себептен алдағы уақыттарда кеңестік кезеңдегі қазақ қоғамындағы байлар мен діни тұлғларға қатысты әлі де талай дүниелер жарыққа шығады деп айтқым келеді. Байларды тәркілеуде олардың шаруашылығымен қоса, үйлеріндегі жаюларына, аттың ер-тоқымына дейін тартып алынған. Бұның өзі сол кезде жүргізілген саясатқа ғылыми тұрғыда жан-жақты баға беруді қажет етуде.

         Әдебиеттер:

  1. Батырлар жыры. 7-том Тарихи өлең-толғаулар, дастандар (Құраст. Е.Дүйсенбайұлы). – Алматы: Жазушы, 2008. – 288 б.
  2. Баласағұн Жүсіп. Құтты білік / Көне түркі тілінен аударған а. Егеубай. – Алматы: «Өлке», 2006. – 644 бет.
  3. Янушкевич Адольф. Қазақ даласына сапар туралы жазбалар (Аударған Зұлхаров). – Астана: аударма, 2003. -264 б.
  4. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты.-9 қор, 1 тізбе, 14 іс. – 15-20 пп.
  5. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

 

 

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp