Геноцидтің неше түрі бар. Ашаршылық сол геноцидті жүзеге асырудың ең қанқұйлы жолының бірі. Ол тіпті БҰҰ-ның геноцид, этноцид деген анықтамасында нақты айтылған. Әлихантанушы ғалым, Халықаралық журналист Сұлтан Хан Аққұлы Аbai.kz порталының тілшісі Назерке Чакирбаеваға берген сұхбатында осылай деді.
Ресейдегі архив құжаттарын алуға кім құлықсыздық танытып отыр?
– 2020 жылы мемлекеттік комиссия құру туралы президент Тоқаевтың үндеуі болды. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құрылды, жұмыстар басталды. Әңгімені осы комиссиядан бастайықшы. Сіз осы комиссия құрамында барсыз ба?
– Жоқ, негізі экс-сенатор, заңгер Қасымов Сабыр ағамыз мені мемлекеттік комиссияның құрамына ұсынған болатын. Бірақ, жоғары жақтан мені ол комиссияға жолатпады. Сосын сол комиссияның мүшесі, тарихшы, профессор Бүркітбай Аяған мені жұмысшы тобына шақырғандай болды. Бірақ содан бері тым-тырыс, ешкім ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Ақиқатын айтсам, оған онша құлықты емеспін. Оның сырын айтайын. Біріншіден, өзің білетіндей бұрын Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірінші жылы Жоғары Кеңес құрамында арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, ол комиссия жаппай 1930-40 жылдарғы қуғын-сүргін мен, біз әдетте қазақ халқының 70%-ын жұтқан ашаршылық – ұлы нәубет 1932-1933 жылдары болды деп жүрміз ғой. Ол кеңестік идеолгияның кезекті өтірігі. Ашаршылық 1929 жылы басталған. Өйткені нағыз аштық сол қалың қазақтың төрт түлік малы мен дүние-мүлкін жаппай кәмпескелеген 1928 жылдың кеңес өкіметі алдын-ала жоспарлаған «жемісі» емес пе?! Атам заманнан бері мал асыраумен күн көрген қазақ халқы малсыз қалғаннан кейін, сол 29-шы жылдан бастап аштыққа ұрына бастады. Қысқасы жаппай қуғын-сүргін саясаты мен аштық саясатына саяси да тарихи баға беріп, оны қазақ халқына қарсы қасақана ұйымдастырылған, қасақана жүзеге асырылған геноцид саясаты деп айтуға толық негіз бар деген қаулы қабылдаған болатын.
– Иә, 1992 жылы ол қаулыда нақты: «Қасірет ауқымы ғаламат болғаны сонша, біз оны геноцид саясатының көрінісі деп толық моральдық жауапкершілікпен айта аламыз», деген сөз болды…
– Иә, сондай-ақ, БҰҰ-ның осы геноцид деген анықтамасына сілтеме жасайды, соны арқау етеді. Сондықтан қазіргі арада 27 жылдай өте тағы да осы қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын ақтау туралы мемлекеттік комиссия құрғанына мен шынымды айтсам аң-таңмын. Бұл бір. Екіншіден, егер жаппай қуғын-сүргін саясатын жүзеге асырған және жаппай қазақ халқының 70 пайызын жойған осы қасақана әрі жүйелі түрде ұйымдастырылған аштық саясатының құрбандарын ақтаудың ешқандай қажеті жоқ. Олар ақтауды талап етпейді. Өйткені қуғын-сүргін құрбандары қазақ халқының жүрегінде, қазақ халқының сана-сезімінде әрқашан да ақ болып қалды. Ал енді қуғын-сүргін саясаты мен ұлы нәубетті ұйымдастырған мына коммунистік-партократиялық диктатураның өзі келмеске кеткеннен кейін оларды саяси ақтаудың қандай қисыны бар?! Бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі алдында тұрған ең маңызды міндет – қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтарын саяси емес, моралдық және материалдық тұрғыдан ақтау, қолдау қажет. Кезінде ол ұрпақтың ата-анасын «халық жауы», «буржуазиялық ұлтшыл», «бай-кулак» деген нақақ айыптармен бүкіл-дүние мүлкін, жер-суын, төрт түлік малын тәркілеп, өздерін жаппай ату жазасына кесіп, «ит жеккенге» айдаумен қатар, ұл-қыз, туыс-тамырларын «халық жауының» ұрпақтары деп қудалап, шеттетіп, елден қуып, қаңғыртып жіберді емес пе? Құдайдың, ата-баба аруақтарының қолдауымен аман қалған ол ұрпақтың көрмеген қорлық-зорлығы, азабы бар ма!?! Қазір ол ұрпаққа саяси, заң жүзінен ақтау емес, моралдық, материалдық ақталу ауадай қажет. Оған кеңестік коммунистік-партиялық жүйеден мұра болып қалған қазіргі билік келісе ме? ЖОҚ! Келіспейді. Халықтың назарын сол міндетінен басқаға бұру үшін мемлекеттік комиссияны сол үшін құрып отыр. Керісінше, сол қуғын-сүргін саясаты мен ашаршылық науқанына қатысты барлық құжатты ешқандай комиссиясыз-ақ құпиясыздандырып, бірден түгел жария етіп, ғылыми айналымға қосу қажет. Осылайша осыдан 1 ғасыр бұрынғы ұлт тарихымыздың құпия, беймәлім беттерін қалпына келтіруге жол ашайық. Ол құжаттар ғалымдар үшін ғана емес, қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының ұрпақтары үшін ашық болуға тиіс. Міне, дәл осындай саясат өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдардың басында «зұлымдық империясы», «азын-аулақ халықтардың абақтысы» атанған Кеңес Одағының ықпалынан шыққан, бұрынғы «социалистік лагерьді» құраған бүкіл Шығыс Еуропа елдері – Чехословакия, Польша, Венгрия, Шығыс Германия түгел, одан кейін Балтық теңізі жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары да сол құжаттарды жаппай құпиясыздандырып, түгел жария етті. Одан ол елдердің ішкі ахуалы шала бүлініп, қоғамдық тұрақтылығы шайқалған жоқ. Ал 2014 жылы Украинада бүкіл сол қуғын-сүргін саясатының, сол Украинаға Кеңес Одағы үкіметі орнатылған 1917 жылдан 1991 жылға дейінгі құжаттардың барлығын да жария етіп, азаматтық мұрағаттарға тапсырды. Одан Украинаның ел ішіндегі тұрақтылығы бұзылған жоқ. Бұқара халық шала бүлінген жоқ. Керісінше қоғам сабасына түсті. Біздің биліктің осы күнге дейін жаппай қуғын-сүргін саясаты, ашаршылық құжаттарының бәрін мына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы архивінен Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы мұрағатына тапсырған болып, әлі де құпия етіп ұстап отыруы, оның құпиялығын жоймауы – қатардағы азамат ретінде де, ғалым ретінде де мені таңғалдырады.
– Жаңағы тарихи мұрағаттық құжаттар деп отырмыз ғой. Бұл құжаттардың бір бөлігі Ресей мұрағаттарында, басым бөлігі өзімізде. Біздегі ҰҚК-нің архивіндегі құжаттар қазір жалпы халық үшін емес, ең болмаса зерттеу үшін ғылыми айналымға беріліп отыр ма?
– Жоқ! Ең қызығы, осы өткен 2020 жылдың қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мынау Ақорда порталындағы парақшасында осы қуғын-сүргін мен ашаршылық жайттарына қатысты Ресей мұрағаттарында, атап айтқанда – Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) орталық мұрағаты мен облыстық басқармаларының мұрағаттарында шаң қауып жатқан құжаттардың бәрін ұлттық мұрағаттарымызға сұрап алдыртуды ұсындым. Ол құжаттар Ресейде ешкімге керегі жоқ. Ол тек Қазақ елі мен халқына, халқымыздың бүгінгі ұрпағына, Алаш қайраткерлерінің құдай сақтап қалған ұрпақтарына қажет. Соларды өзіміздің орталық мемлекеттік мұрағатымызға адыруға неге болмайды деп ұсыныс жібергенмін. Оның ішіне Кенесары ханның бас сүйегіне қатысты да сұрақ қойғанмын. Оған жауап Президент әкімшілігінен емес, Мәдениет және спорт министрлігінен келді. Енді оған осы сауалнама барысында жауап берермін.
Ең бастысы біз осы күні Ресеймен стратегиялық әріптеспіз. ТМД-ға, оның ішінде Кеден одағы және Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіреміз. Біз жақын стратегиялық әріптеспіз. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Ресейдің ФҚҚ мұрағаттарындағы, мысалы, Әлихан Бөкейхан, Жұмахан Күдеріұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы сынды Алаш арыстары мен Тұрар Рысқұлұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Нығмет Нұрмақұлы тәрізді тұңғыш қазақ коммунистерінің істерін түгел біздің ұлттық мемлекеттік архивке неге алдырмасқа?!
– Оны Ресей тарапы бере қоя ма?..
– Өте орынды сұрақ! Мен осыған ерекше назар аударғым келеді. Мен 2015-2016 жылы Ресейдің ФҚҚ-нің Мәскеудегі орталық мұрағатында Әлихан Бөкейханның, Тұрар Рысқұлдың, Нығмет Нұрмақұлының, Нәдір Төреқұлұлының істерімен таныстым. Біздің ҰҚК-іміз ондай істерді ІІМ-нің Алматыдағы арнайы мұрағатында ұстап отыр. Бірақ ол әлі де сол ҰҚК-ның қатаң бақылауында. Тек соның рұқсатымен ғана мұрағатқа жіберуі мүмкін. Ол мұрағатқа қолы жеткендерге, рұқсат алғандарға бар құжаттың бәрін түгел беруі қайда, тіпті көрсетпейді. Оның астарында қандай сыр жатқанын мен түсінбеймін. Ешкім де түсінбейді. Мәселе осында.
– Бәлкім бір саяси астары бар шығар?
– Ол жағын кесіп айта алмаймын. Бірақ мәселе Ресейдің ФҚҚ-нің бізге бергісі келмей отырғанында емес, ол біздің жақтың, біздің Үкіметтің, біздің ҰҚК-нің, біздің саяси биліктің Ресейден жетесіне жеткізіп сұрай алмай емес, сұрағысы келмей отырғанында. Кенесары хан бас сүйегінің елге осы күнге дейін оралмай жатуының ең басты жұмбағы да осында. Мәскеу оны бермейін деп отырған жоқ. Біз міне 29 жыл бойы сұрауға да, талап етуге де құлықты болмай отырмыз. Бар «жұмбақ» осы.
Бүгін қазақтың саны 60 миллион болмақ екен..
-Дәл осы мәселеге қатысты тақырыпқа тағы ораламыз, аға. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының мәселесіне қатысты айтайықшы. Өзіңіз атап көрсеткендей, 1929-1933 жылдарғы ашаршылық құрбандарының санына қатысты әртүрлі дерек айтылып келеді. Сонау 90-жылдары 1 млн, 1.5, 2.5 млн деген деректер айтылса, соңғы жылдары 4 млн деген деректер жүр. 2 млн 200 мың деген дерек тағы бар. Осыған не айтасыз?
– Ойдан ештеңе қоспай, кез-келген күмәнді дерекке сүйенбей-ақ, қолда бар мәліметтерд жай ғана салыстырып көрейік. Мәселен, Ресей Империясының 1897 жылғы тұңғыш халық санағы бойынша, қазақтың саны 4 млн 84 мың, өзбектер 726 534, қырғыздар 201 682, түрікмен 281 357, сартың 968 655, қарақалпақ 104 274. Ал енді тағы назар аударсақ. «Қазақ» газетінде Әлихан, Ахмет, Міржақыптың 1917 жылы Ресейде бүкілресейлік құрылтай жиналысы сайлауына байланысты тағы да халық санағы өткізілетіні туралы үндеу хаты жарияланды. Сонда Алаштың Үш Арысы 1897 жылғы есепке қазақ түгел санаққа енбегенін мына жағдаймен түсіндіреді. Қазақ бар малымды есептесе салық өседі, бар баламды есепке алса – ертең «салдатқа алады» деп алаңдап, малы мен баласын жасырған, тіпті бүкіл ауыл, ел болып қырдың түбіне көшіп кететін де. Демек 1897 жылғы халық санағында қазақ 4 млн 84 мың емес, одан едәуір көп, шамамен 5 млн-дай болатын. Тіпті сол 4,084 млн деген шолақ есепті алған күнде де қазақ бүкіл Орта Азияны мекендеген өзбек, қырғыз, түрікмен, сарт, қарақалпақтың бәрін қосқанның өзінде де 2,5 есе көп болды. Ал енді 2018 жылғы халық санағына келсек қазақтың саны 12 млн 250 мың. Яғни сол 1897 жылдан бері қазақ 299,9 пайыз немесе 2,9 есе ғана көбейген. Өзбектерді алайық, 1897 жылы 726 534 болса, қазір 2018 жылғы есеп бойынша 24 млн 258 мың немесе 34,2 есе көбейген. Егер 1897 жылдан бері қазақтың саны 3 есе ғана көбейсе, өзбектер 34,2 есе, қырғыздар 22,7 есе, түрікмендер 14,2 есе, қарақалпақтар 17,6 есе көбейген болып шығады. Егер қазақ қырғыздар сияқты 22,7 есеге өскен болса, онда қазақтың саны бүгін 60 миллионға барады екен. Ал XX ғасырдың басындағы көшпелі қазақтың табиғи өсімі әлемдегі ең жоғарғы өсім болатын – 2,5 болған, ал отаршыл Ресейде орташа өсім – 1,5. Оны отаршыл Ресей өкіметінің өзі де мойындаған. Ал енді қазақ өзбектер сияқты 34,2 есеге өсіретін болса, қазақтың саны бүгін 140 млн болар еді. Міне қазақ аштық кезінде 1 млн өлді ме әлде 4 млн өлді ме, ол маңызды емес. Ең бастысы қазақ қандай өсімінен айырылды, неге айырылды? Сөйтіп ұлы нәубет кезінде қазақтың 70 пайыздан астамы қырылғанының бірден бір дәлелі осы. Оған дәлел ретінде төменгі кестені оқып көр!
Қазақстан – ұлттық республика болып мойындалуы керек!
– 1930 жылдары Қазақстанның ауылдық жерлерінде 5 млн 873 мың адам өмір сүрген болса, 1933 жылы тірі қалған ауыл тұрғындарының саны 2 млн болған екен. Сонда «бұл нәубет қазақ халқының өсімін кем дегенде 110 жылға артқа шегіндірді» деген тұжырым айтылады.
– Жоқ, одан әлдеқайда жоғары. Өйткені, Кеңес өкіметінің 1926 жылы жүргізген алғашқы халық санағы қазақты тіпті 1897 жылғы 4 млн-нан аз етіп көрсеткен – 3,9 мл. Сөйтіп қазақты қасақана кемітіп отыр. Өйткені одан екі жыл бұрын 1924 жылдың қазан айында Әлихан Бөкейханның бүгінгі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қазақ қанша?» деген мақаласында Хиа мен Бұқар әмірліктеріндегі қазақтарды қоспағанда, Қазақ Кеңестік Аутономиясы аумағындағы қазақтың саны 1914 жылы 6 млн 450 мың болды дейді. Әлихан қазақтың саны 1918-1920 жылдарғы азамат соғысы, 1921-22 жылғы аштық бар, одан кейінгі эпидемия қазақтың табиғи өсімін жойды да, қазақтың саны сол шамамен 6,45 млн күйінде қалды дейді. 1926 жылы қазақтың саны қалайша 4 млн-нан кем болып қалады?!?
1937 жылы тағы да халық санағы болмай ма! Оны «репрессияланған халық санағы» деп жайждан-жай атамаса керек. Сол халық санағы бойынша бүкіл Қазақстанда, ауылда ғана емес, бүкіл қазақ еліндегі қазақтың саны 2,1 млн ғана болған. Бұл аштықтан төрт жыл өткеннен кейін ғана. Демек, аштық аяқталған 1933 жылы қазақтың саны 2 миллионнан кем болып қалған. Тек араға 4 жыл салып 1937 жылға қарай қазақтың саны әзер дегенде 2,1 млн-ға жетіпті.
Ал дәл сол кезде қазақтың санын Әлиханнан артық ешкім білмейтін. Өйткені ұлт көсемі 1897 жылғы халық санағына да, одан кейін қосымша 1911 жылы Көкшетау оязында болған халық санағына тікелей қатысқан болатын. Сөйтіп Әлихан әрбір мақаласында қазақтың санына ерекше назар аударып отырған. Мысалы 1910 жылғы «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркінде қазақтың санын Ресей империясының 1,5 көрсеткішімен есептеп, қазақтың санын 5 млн-ға жеткізбейді. Ал егер Әлихан Бөкейхан қазақтың өзінің төл табиғи өсімі – 2,5 көрсеткішімен есептесе – сол 1910 жылы 6 миллионның ар жақ-бер жағында болар еді. Сондықтан 1929-33 жылғы ұлы нәубет қазақтың кем дегенде 70 пайызын қырып кетті. Сол себептен қазақ осы күнге дейін тіпті төңкеріске дейінгі санына әлі жете алмай келеді.
Соған қарамастан қазақ мемлекет құрушы халық ретінде Тәуелсіз Қазақстан халқының 67-70 пайызын құрап отыр. Сондықтан да Қазақ Республикасы ұлттық республика болып мойындалуы керек. Конституцияға тиесілі өзгеріс пен түзету енгізілуі керек. Біз бүгінгі Тәуелсіз қазақ елі көпұлтты ел емеспіз, біз ұлттық республикамыз. Қалған халықтар дербес немесе мемлекет құрушы ұлт емес, олар диаспоралар. Біз осыны ашық мойындауымыз керек.
Геноцид мәселесін саясиландырып отырған тарихшылар емес, саяси билік!
-Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Өткен жолғы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Сенат комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлының «Ашаршылық – геноцид емес» деп мәлімдеуі қоғамда қызу талқыланды. Екеуі де ресми тұлға, екеуі де Заң шығарушы органның өкілдері. Біз осы сұрақты заңгерлерге қойдық. Заң жағынан көрсеттік. Ал енді сіз ғалым, зерттеуші ретінде айтыңызшы, ашаршылық геноцид пе?
– Геноцидтің неше түрі бар. Ашаршылық сол геноцидті жүзеге асырудың ең қанқұйлы жолының бірі. Оны тіпті БҰҰ-ның анықтамасында геноцид, этноцид деген анықтамасында нақты айтылған. Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың мәлімдемесіне мән берудің өзі артық. Себебі ол билік партиясының өкілі, яғни партияның саясатына құл. Соның сөзін сөйлейді. Ал Сенаттың әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлының ондай сөзі өз басым естіген жоқпын. Қанша дегенмен екеуі де тарихшы емес, олар саясаткерлер. Ал біздің жоғары саяси билігіміздің Кремльге жалтақтайтыны осы күні құпия ма, оны кім білмейді?! Сосын жалпы ашаршылық тақырыбын тарихшы, зерттеуші ғалымдар саясаттандырып отырған жоқ, Кремль мен Ақорданың саясаттандырып отырғаны, Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсам, «сүттей ақ, айдай жарық».
Ашаршылықты геноцид деп мойындату үшін Қазақстан билігі ешбір әркет жасаған жоқ!
– Әлгінде ғана АҚШ президенті Джо Байден өзінің мәлімдемесінде армян геноцидін мойындайтынын айтты. Осы дау Түркия мен Әзірбайжанның, Армения мен Ресейдің арасындағы халықаралық саясатта үлкен талқы болып жатыр. Біз халықтың 70-80 пайызын жойып жіберген осы геноцидке әлі күнге «геноцид дейміз бе, демейміз бе, оның бағасы қандай» деген мәселемен бас қатырып келе жатырмыз…
– АҚШ президенті Джо Байденнің Армениядағы 1915 жылғы қырғынға геноцид деп баға беруінің ең басты сыры – АҚШ-та армян лоббизмі өте күшті. Ол бір жағы. Екінші жағы – Джо Байден «армян геноцидін» ресми Анкараға, Түркия басшылығына қысым жасаудың қаруы етіп, яғни таза саясаттандырып отыр. Ал бүгінгі біздің билік тарапынан АҚШ-қа, ең бастысы БҰҰ-ға 1929-1933 жылғы қасқана ұйымдстырылған ашаршылықты қазақ халқына «геноцид» деп мойындату үшін ешқандай іс-шара атқарған жоқ. Оған құлықты да емес. Біздің саяси билігіміз әлі Мәскеуге жалтақтаумен отыр. Қазақта «Күшік күнінде көп таланған төбет қасқыр алмайды» деген дана сөз бар. Біз 200 жылға жуық Ресейдің отары болдық. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде әлі де Кремль алдындағы кіріптарлықтан құтылған жоқпыз. Өйткені Тәуелсіз заманда өніп-өскен жаңа ұрпақ, азат ұрпақ билік басына әлі келген жоқ. Билік басына ешбір сыртқы саяси күшке кіріптар емес жаңа ұрпақ келмей өзгеріс болмайды. Егер естеріңізде болса 2004 жылдан бері қарай Украина өз жеріндегі дәл Қазақстандағыдай болған ашаршылықты БҰҰ-ға, әсіресе АҚШ-қа мойындатып үлгерді. Содан бері қазақ елі ешқандай іс-шара қабылдаған жоқ. Мұның бірден-бір жауабы осы.
Керек десеңіз 1929-33 жылғы ашаршылықтан украиндардан гөрі қазақ халқының көп зардап шеккенін Украинаның ғалымдары өткен жылы ғана мойындап отыр. Өйткені «олар жалпы халқының 65-70 пайызынан айырылыпты» деп мойындап отыр. Оны кейіннен АҚШ-тағы Сара Кэмерон деген ғалым «АҚШ неге Қазақстандағы халық қырғынын геноцид деп мойындамайды» деген мәселе көтерді. Оның сырын Кемэрон қазақ жағынан ешқандай өтініш немесе бастама болған жоқ деп түсіндірді. Ол жақын арада бола қоймайды да. Саяси билік Әшімбаевтардың аузымен «геноцид деп мойындауға негіз жоқ» деп ақталғандай болады. Егер Қазақстанға нағыз демократиялық билік келсе жағдай түбегейлі өзгереді. Оған еш күмәнім жоқ.
Әлімхан Ермекұлы: Қазақ жерін солтүстік, оңтүстік деп бөлуге болмайды…
-Кеңес Одағының заңды мұрагері Ресей ғой. Өздерін заңды мұрагеріміз деп жариялады. Ол солай да. Алайда ең жақын көрші, стратегиялық әріптес, геосаяси көрші, шекараласымыз деп отырған Ресейден территориялық претензияларды айтпағанда, осы ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарына, Алаш арыстарына қатысты түрлі провокациялық мәлімдемелер жасалып жатады. Мысалы, соның біреуі былтырғы Жанболат Шолпанов дегеннің ашаршылықты «миф», «Мұстафа Шоқай оны ойдан шығарды» дегені немесе оның алдындағы ресейлік тарихшы Сергей Масаулов деген бар, биыл да тоқтамай жазып жатқан Верхотуров деген бар. Ресейлік тарихшылар тарапынан осындай арандатушылық жиілеп кетуіне біздің тарихшылар тарапынан қандай реакция болуы керек жалпы?
– Өзің айтқандай Никонов, Федоров, Жириновский және, тағы басқа саясаткерлердің арандатуышылық мәлімдемелеріне ең алдымен саяси билік тарапынан жауап болуы керек еді. Ондай арандатушылық қайталанбайтындай мәлімдеме жасалуы, қарсылық, наразылық білдірілуі керек. Саяси нота жолдануы керек. Мысалы Парламенттегі Сенат комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхамедтің өзінің жеке пікірін айтып, наразылық білдіргенін, тарихшы Зиябек Қабылдиновтың наразылық білдіргенін көрдік. Ал саяси билік тарапынан, СІМ тарапынан ондай наразылық нота жолданғанын көрмедік. Мына Никонов, Жириновский, Федоровтардың, әсіресе Никоновтың «Солтүстік Қазақстан аймақтарында ешқашан халық тұрмаған, бос жатқан орыстың жері» деген сөзі барып тұрған арандатушылық, қазақ жерінің солтүстік өңірлерін көне халқы – қазақтан босату үшін қасқана ашаршылық ұйымдастырғанын, одан соң 1950-жылдары «тың игеру» деген желеумен ол өңірге Ресейден алдымен комсомол жастарын, олар тым-тырақай қашқан соң, жазасын өтеп шыққан өңшең баукеспе ұры-қары, қылмыскерледі қардай боратқанын тарихшы Никонов білмейді емес, а біле тұра «бос жатқан орыс жері» деуін – аштықтан қырылған халқымыздың құрбандарына, олардың аруақтарына қарсы жасаған фашизмнен артық зұлымдығы деп бағалар едім. Ол жер неге бос қалды? Кремльдің қасақана ұйымдастырған ашаршылығының салдарынан қазақтың Ұлы даласының солтүстік өңірі бос қалды. Сол 30 жылдары. Оған қоса тағы бір сұмдықты айтайын.
Алаш Орда төрағасының орынбасары Әлімхан Ермекұлының 1920-жылдары НКВД тергеушілеріне берген сұхбаттарының бірінде 1924 жылы Мәскеуге бара жатқан жолда оған сол кездегі Қазақстан басшыларының бірі Филипп Голощекин: «егер Қазақстан өзінің Солтүстік облыстарын Ресейге беретін болса, онда Қазақстан одақтас республика мәртебесін алады. Ал солтүстіктегі қазақтардың бәрін Жетісу облысына көшірсе» дегенде, Әлімхан Ермекұлы оған Әлихан Бөкейханның уәждерімен жауап берген. «Қазақ жерін солтүстік, оңтүстік деп бөлуге болмайды, өйткені қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығының біртұтас, бөлінбес айналымы. Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігі біте қайнасып жатыр. Қазақ малын қыстыгүні оңтүстікке, жаздыгүні солтүстік өңірге жайылымға айдаған. Егер солтүстікті бөліп алсаңдар Қазақ аутономиясын мүлде жойыңдар», – деп талап қойған. Сөйтіп 1924 жылдың қазан айында жоқ жерден құрылған Өзбекстанға одақтас республика мәртебесін береді де, бүгінгі қазақ территориясында 1917 жылдан бері жасап келген Алаш-Қазақ республикасы 1936 жылға дейін одақтас республика мәртебесін алған жоқ. Ақырында қазақтар сол облысты бермегеннен кейін сол облысты 1950-жылдары «тың игеру» деген желеумен бөліп алуға деген екінші талпыныс болатын. Бірінші талпыныс сол 1924 жылдары. Міне біз бүгін сол қитұрқы саясаттың салдарын көріп отырмыз.
Кеңес жүйесіне саяси баға берілмей, Алаш қайраткерлеріне лайықты баға алу жоқ
Ал енді сол жерлерді бермегеннен кейін 1929-33 жылдары аштық дәл сондай мақсатпен жүзеге асырылған. Сол мақсаттың түпкілікті соңғы актысы – 1950-жалдары басталған тың игеру саясаты болды. Сөйтіп Қазақстанның солтүстігіне Ресейден, Украинадан, басқа елдерден келген келімсектерді қардай боратты. Сөйтіп қазір Қазақстанның солтүстік 5 облысы әлі де жергілікті халық емес, кезінде 60 жылдары Ресейден келген басқа ұлт өкілдері басым тұрады. Әлі күнге дейінгі аштықтың зардабын көріп келеміз.
– Біз Мұстафа Шоқайға қатысты жиі айта бермейміз. Ресей тарихшыларының да көп шүйлігетіні осы Мұстафа Шоқай…
– Мәселе мынада. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаймыз. 30 жылдың ішінде кешегі қылышынан сорғалаған, «зұлымдық империясы», «аз халықтардың түрмесі» деген баға алған Кеңес Одағына, кеңестік жүйеге, коммунистік-партократиялық диктатураға тиесілі саяси баға берілмей, біз не Мұстафа Шоқай, не Әлихан Бөйкейхан, жалпы Алаш қайраткерлеріне лайық тарихи да, саяси баға бере алмаймыз.
Нацистік Германия өз халқын Кеңес Одағындай жаппай қырған жоқ
Ресей 1939 жылы басталған соғысқа бастамашы болған. Жалғыз Германия емес, екеуі жұптасып бастама көтерді. 1939 жылы Кеңес Одағы Германиямен «Риббентроп-Молотов пактысына» қол қойып, Польшаны өзара бөлісіп алды. 1939 жылдың қарашасынан 1940 жылдың наурызына дейін Финляндияна басып алмақ болып, масқара жеңіліс тапты. 1940 жылы Балтық теңізі жағалауындағы үш республиканы басып алды. Украина мен Белоруссияның батыс бөліктерін басып алып, былайша айтқанда кеңестендірді. Екінші дүниежүзілік соғыс үшін Кеңес Одағының да күнәсі нацистік Германиядан кем емес.
Ал енді фашистік Германия дейміз, ақиқатында ол фашизм емес, нацизм. Нацистік Германия өз халқын Кеңес Одағындай жаппай қырған жоқ. Мысалы қазіргі Ресей ғалымдары, оның ішінде Мемлекеттік Дума депутаттары 1917 жылдан 1959 жылға дейін Ресейде, Кеңес Одағында 110 млн халықтың қырылғанын мойындап отыр. Ғалымдардың көпшілігі осымен келісіп отыр. Нацистік Германияны тудырған кім деп ойлайсыз? – Оның бұлтртпайтын бір-ақ жауабы бар – ол Кеңес Одағы. Ең алғашқы концлагерлер қайда құрылды? – 1919 жылы Кеңес өкіметі құрды. Нацистік Германияның адамжегіш Гестапо мекемесін құруға Кеңес өкіметінің атасы В. Ульянов-Лениннің бұйрығымен құрған Бүкілресейлік төтенше комитет (Всероссийский чрезвычайный комитет) үлгі-өнеге болған жоқ па!?! Еске сала кетейін, осы БТК (ВЧК) кейінірек НКВД, МГБ, КГБ болып ұлғайып, бүкіл Кеңес халқына қоса, бүкіл әлемнің қаһарына айналды. Ал олардың қызметкерлерін қысқаша «чекист» дейтін. Біздің ҰҚК қызметкерлерін де бүгін жайдан жай «чекист» демейді. Міне Кеңес Одағындағы жаппай саяси қуғын-сүргін науқанын міне осы «чекистер» мекемесі арқылы жүзеге асырды. Ал нацистік Германия өзінің саясатын Кеңес Одағының осындай «үлгі-өнегесімен» және «бай тәжірибесімен» жүргізді емес пе!?!
Біз әлі де Кеңес Одағының таптаурындарының көлеңкесінде жүрміз
Содан маусым айына дейін Кеңес Одағы мен нацистік Германия одақтас болды емес пе? Біз әлі де Кеңес Одағының таптаурындарының (стереотиптері) көлеңкесінде жүрміз. Мәселе осында. Егер біз коммунистік-партократиялық диктатура билеп-төстеген Кеңес Одағына лайықты саяси бағасын беретін болсақ, Мұстафа Шоқай «халық жауы» болды ма әлде отаршыл патшаның құрығынан құтылмай жатып, кеңестік империяның езгісіне душар болған халқының нағыз жанашыры болды ма? Біз Кеңес жүйесіне тиесілі саяси әрі тарихи бағасын берген кезде, Мұстафа Шоқайды да, Кеңес Одағы түгел қырып салған Алаш қайраткерлерін де, ұлт қайраткерлерін де ақтаудың еш қажеті болмайды. Өйткені Кеңес Одағы келмеске кеткенге дейін әлемдегі ең зұлым мемлекет – ол Кеңес Одағы екенін бәрі мойындауға мәжбүр болады. Мойындауға қуана келіседі. Кеңес Одағын кезінде аз халықтардың түрмесі деп атаса, оның заңды мұрагері болып қалған Ресей Федерациясының құрамында қаншама азын-аулақ халық қалды. Ең алдымен түркі-мұсылман халықтары. 2009 жылдан бері қарай Ресейдегі қаншама ұлттық автономия мен автономиялық облыс жойылды. Ол халықтар шынында да көбісі азайып, тілін, ділін, мәдениетін жоғалтып, бәрі орыстанып кетті. Кешегі Кеңес Одағы орнағанға дейін Ресей империясы азын-аулақ халықтардың түрмесі болса, Кеңес Одағы сол саясатты ары қарай жалғастырды. Сол саясат Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де бүгінгі Ресей Федерациясында ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ. Мен мұны саясаткер емес, азамат, зерттеуші ретінде айтып отырмын. Неге Ресейдің саясаткерлері ғана Қазақстанның ұлттық ар-намысына тіл тигізеді? Өз тарихымызды, оның ішінде жаппай қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихын ұлттық көзқарасымызбен зерттеп, жазуымызға неге қол сұғады, неге килігеді? Бұл тәуелсіз мемлекеттің ішкі саясатына қол сұғу ғой!
Хан Кененің бас сүйегін әкелуге біздің билік құлықты болмай келді
– Хан Кене бас сүйегінің табылып, Мәскеу бастамасымен Қазақстанға қайтару туралы комиссияның жұмыс бастағаны туралы ақпаратты тарихшы Зиябек Қабылдинов сүйіншілеп жазды. Осы жайлы айтайықшы.
– Ғылым докторы, профессор Зиябек Қабылдинов – менің әріптесім әрі жақын досым. Бірақ Зиябек мырза ондай хабарды телефон арқылы алыпты. Ресми қағаз, хат келіп түспеген. Ең бастысы, сол Ресейден мәдениет министрлігіненбіз деп хабарласқан адамның өзі содан бері жым-жырт, үнсіз қалды. Солай болғаны рас.
Тағы бір ақпарат бойынша, Кенесарының бас сүйегі салынған жәшік Ресей мен Украина арасындағы шекарада тұрып қалыпты-мыс. Айналайын-ау, ол жәшік Ресей-Украина шекарасында қайдан адасып жүр? Меніңше, бұл Кремль, кем дегенде мәдениет министрлігі тарапынан ойластырылып отырған бір саяси ойын ба, көзбояшылық па, өте түсініксіз нәрсе. Сондықтан бұған жарытып ештеңе айта алмаймын.
Бірақ бір айтарым, Кенесары ханның бас сүйегін естеріңізде болса 2016 жылы сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов өзінің инстаграм парақшасында: «мен қазір Ресейлік әріптесім Дмитрий Медведевпен кездескенде Кенесары хан мен Кейкі батырдың бас сүйектерін қайтару мәселесін қоямын» деп жазып еді. Бірақ соңғы бір ақпар бойынша, Медведев келгенде Мәсімов Кенесары мәселесін ысырып қойып, Кейкі батыр мәселесін ғана қойыпты. Арада жарты жыл, бір жыл өтті ме, Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтарып беріп, оны салтанатпен өзінің туған елінде жерлегені бәрімізге мәлім.
Ал Кенесары ханның басы туралы әлі күнге дейін ләм-мим әңгіме жоқ. Соған орай мен өткен жылдың 21 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы хат жолдаған болатынмын. Ол хатымда: «Кенесары ханның бас сүйегі мәселесін жалпы Тәуелсіздік алған сәттен бері, тіпті Кеңес Одағынан бері қарай елге қайтару туралы мәселе үнемі көтеріліп келеді. Ең соңында Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі 2016 жылы осындай мәселені Ресейдегі әріптесі Медведевтің алдына қоямын деп елдің бәрін дүрліктіріп, ақырында ол үнсіз кетті. Бұның сыры неде? Бүкіл бұқара халық Кенесарының бас сүйегін асыға күтіп отыр. Осыған қандай жауап бересіз?» – деп жаздым. Бір ай өте Президент әкімшілігінен емес, Мәдениет және спорт министрлігінен жауап алдым. Ол жауапта: «Осыған дейін Ресейге Кенесарының бас сүйегін іздестіруге барған бірнеше экспедицияның сәтсіз аяқталғанын айтады да, ең соңында «1994 жылы академик Қозыбаевтың Ресей ғылым академиясының академигі, Эрмитаждың директоры Пиотровскийге хат жазғаны, 2002-2003 жылдары қазір марқұм болып кетті, Андрей Доронин деген журналистің жазған мақаласынның ақырында біздің Мәдениет министрлігінің Кенесары бабамыздың бас сүйегі сақталуы мүмкін мекеменің бірі – Ресейдің ФҚҚ архивінің мәліметін анықтауға ықпал ету жөнінде, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хат жолданды», – деп жазады.
«Енді Кенесарының бас сүйегі мәселесі өз кезегінде аталған Мәдениет және спорт министрлігінің ерекше бақылауында тұрғанын хабарлаймыз» деп құлағдар етеді. Міне жауап осы. Мәдениет министрлігі Кенесарының бас сүйегін қайтару мәселесін өзінің бақылауында ұстаған болса, онда Ресейдің мәдениет министрлігі тарихшы, Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновқа неге хабарлайды? Қазақстанның Мәдениет министрлігіне неге хабарласпайды? Бір сөзбен айтқанда, Кенесары ханның бас сүйегін елге алып келу – Ресейдің бізге бергісі келмей, тіресіп, қарсыласып бермей отырғанында емес, бар мәселе – біздің еліміздің сол Кенесарының бас сүйегін қатаң талап етпей отырғанында. Бұған бүкіл ел білетін бір шаруа бар. Баяғыда 80 жылдардың ортасы кезінде болашақ Тұңғыш Елбасымыз Болгариядағы Ванга деген көріпкел әйелге барып, сол айтыпты-мыс: «Егер сол қазақтың бүлікшіл ханының сүйегі түгел жиналып, өз еліне келетін болса, сіз тақтан кетесіз» деп айтыпты-мыс, содан бері бас сүйекті елге қайтарғысы келмейтін көрінеді. Осындай лақап әңгіме бар. Болып жатқан оқиғалар сол лақап әңгіменің өзі шындық па деген ой келеді.
– 2015 жылы ДАТ-қа берген сұхбатыңызда «Кенесары ханның бас сүйегі елге әкелінбей, Қазақ Хандығының 550 жылдығы толайым той болмайды» деген сөзді айтқан екенсіз.
– Бұл негізі қазақтың ежелден келе жатқан қасиетті сөзі ғой. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қазақтың ежелден келе жатқан түйсік-түсінігі, өшпес сенімі, ұлттық ділі бар. 30 жыл Тәуелсіздіктің ішінде әлі де тығырықтан шыға алмай келе жатқанымыз, еліміздегі жағдайдың әлі де демократияланбай, халықтың өзін еркін сезініп, осы елдің қожайыны ретінде қожалық етіп, өз елін өркендетуге неге ұмтылмауының себебі, мүмкін, сол Хан Кененің, біртұтас Қазақ хандығының соңғы ханының сүйегі әлі туған топырағына жетпей, әруағы әлі жай таппай жатқаны болар.
Кенесарыны қырғыздар сатқан жоқ
– Осы тақырыпты түйіндейікші. Кенесары қазақ үшін кім? «Қырғыздардың сатқындығына» тарихи баға берілді ме, деген сұрақ қоғамда талқы болды…
– Оған азамат ретінде, зерттеуші ретінде мынандай берік ойым бар. Ол заман басқа заман болатын. Мен сатқындық деп айтуға аузым бармайды. Қырғыздар өзінің мүддесін, өзінің тәуелсіздігін, ең кемінде қазақтан тәуелсіздігін көздеді. Жалпы бұл қырғыздардың тұтқынына түсуге Рүстем мен Сыпатай батырдың сатқындығы себеп болған жоқ па! Соны неге ойламаймыз?
Сосын бір кезде Абайдың әкесі Құнанбай аға сұлтан болып тұрған кезде сол Кенесарыға қарсы патша әскерімен бірге жорыққа аттанып, бір төбеден Кенесарының ақ туын ұстаған сарбазды көріп бытырап қашып кеткені бар емес пе!?! Ол Әлихан Бөкейханның туған інісі Ысмахан төренің естеліктерінде бар. Ол естеліктері 1996 жылы «Жұлдыз» журналында толық жарияланды.
Сонда біз Құнанбай Өскенбайұлын да сатқын дейміз бе?! Сыпатай мен Рүстем батырларды да сатқын дейміз бе?! Сол кезде аға сұлтан болып жүрген, патша билігінен неше түрлі шен алған, ақша алған, марапат алған қазақ рубасыларының, төрелерінің көбісін сатқын деп айтуға мәжбүр боламыз. Ол кезде сатқындық заман емес, заманның өзі солай болды. Сөйтіп қырғыздарды сатқын деп, өзіміздің туыс халқымызды бір тарихи оқиға үшін кеудесінен итеріп, олар сатқындар деп айыптау ол санаға қонбайтын нәрсе. Ақырында қырғыздарға «Кенесарының басын кесіп ал да, Омбыда отырған Батыс-Сібір генерал-губенаторлығының князі Горчаковқа апарып тапсыр» деп кеңес берген кім? Рүстем мен Сыпатай батырлар. Өздері соған еріп барып, князь Горчаков марапаттағанда, соған таласқаны бар. Бұны Степняктің 1923 жылы Ташкентте жарық көрген Кенесары туралы кішкене кітапшасынан оқып көруге болады.
Алаш республикасы құрылғанда қырғыз халқы оның құрамында болған
Екіншіден, 1917 жылы Орынборда Алаш Республикасы құрылғанда қырғыз халқы осы республиканың құрамында болғанын біз ұмытпауымыз керек. Алаш Орда үкіметінің құрамында Жаныш Солтоноев деген қырғыз азаматы болды. Қырғыздарды тек Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1924 жылы ғана бізден бөліп алып, Қырғыз автономиялық облысы деп Ресей құрамына қосқан. Сөйтіп Кеңес Одағы 1925 жылы Орта Азиядағы бір-біріне туысқан, тілдес, діндес халықтардың бәрін керісінше бір-бірінен бөліп, ажыратып, сөйтіп 5 ұлттық республика құрып бір-біріне айдап салып отырды.
Әлихан Бөкейхан Кенесары ханды өте биік қадірлеген
Алаш автономиясы керісінше, Жошы хан әулетінде Алтын Орда кезіндегі түркі-мұсылман халықтарының басын біріктіріп, Тұран империясын, Түркістан мемлекетін қайта құруды жоспарлаған болатын. Мына Мұстафа Шоқайдың 20-шы жылдардың басында Еуропаға барып, Ұлы Түркістан идеясын насихаттауының ең басты сыры, түп-тамыры – сол Алаш идеясының ішінен шығады.
Ал Кенесары хан қазақ үшін кім? Кенесары орысқа қосылмай тұрып, орыс бізді жаулап алмай тұрып, қазақ атаулы дербес тәуелсіз хандық үлгідегі мемлекеттің болғанының бірден-бір айғағы. Қазақтың әлі азат, рухы биік халық болғандығының кепілі, тарихи дәлелі – Кенесары хан тұлғасы болатын. Кенесары хан не Қытайдың, не алып Ресейдің билігін мойындағысы келген жоқ. Ол жарайды, тіпті хандық формада болсын, тәуелсіз қазақ мемлекетін сақтап қалуды армандап, сол үшін өле-өлгенше күресіп өтті. Сондықтан Кенесары хан – азаттық пен ұлттық тәуелсіздігінің, халқының биік рухының, ұлттық мемлекеттігінің бірден-бір жарқын кепілі. Сол себепті Хан Кене қазақ үшін өшпес естелік, мақтаныш ететін бірден-бір тарихи тұлға. Әлихан Бөкейхан Кенесары ханды әрқашан да өте биік, қатты қадірлеген.
Әлихан Бөкейханның тұңғыш Президент болғанын ешкім мойындағысы келмейді
– Биыл Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы. Карантин жағдайын, пандемияны түсінеміз, қабылдаймыз. Десе де мемлекет осы айтулы датаға лайық көңіл бөлді ме?
– Жоқ. Бір Әлиханға ғана емес, келесі жылы Әлиханның жақын әріптесі, ең жарқын шәкірттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Міне осы айтулы мерекеге де байланысты лайық іс-шара атқарылып жатыр деп айтуға ауызым бармайды.
Біріншіден, Әлиханның 150 жылдығы, есіңде болса, 2016 жылы «жетім қыздың тойындай» тойланды. Мемлекет тарапынан көк тиын ақша бөлінген жоқ. Мемлекет тарапынан ешқандай салтанатты іс-шара ұйымдастырылған жоқ.
2017 жылы Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толған мерейтойы да дәл солай болып өтті. Ол жерде тіпті Алаш автономиясы, Алаш республикасы, Алаш мемлекеті деген сөз айтылған жоқ. Сол Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған халықаралық конференцияда сөйлеген алаштанушы ғалым, академик Мәмбет Қойгелдиев те өзінің баяндамасында «Автономия» деген сөзді айтқан жоқ. Ең бастысы Әлихан Бөкейханға осы бүгінгі қазақ елінің іргетасын көтеруші атасы ретінде не тарихи, не саяси баға берілген жоқ. Оны тек мемлекет қайраткері ретінде ғана бағалайды. Ал ол бүгінгі қазақ елінің Алаш республикасы боп тұрған кезіндегі тұңғыш Президенті болғанын ешкім мойындағысы келмейді. Өйткені осының бәрі бір кісіге қатты тиіп кетеді. Бір кісі соның көлеңкесінде қалып қояйын деп тұр. Атын атамасам да бәрі түсініп отырған шығар. Сол себепті 2016 жылы Әлиханның 150 жылдығы тойланған жоқ. 2017 жылы Алаш республикасының 100 жылдығы тойланған жоқ.
Тек биыл ғана сең қозғалғандай болып, осы 3 наурызда Алаш ғылыми-зерттеу институты, Зиябек Қабылдинов бастаған Тарих және этнология институты, Еуразия ұлттық университеті бірігіп өткізген халықаралық конференцияға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің арнайы құттықтауын жолдады. Сөйтіп бұл конференцияға Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтер қатысып, биылдан бастап Алаш тақырыбына едәуір жылы қас-қабағын көрсете бастады.
Соған қарамастан Алаш тақырыбына қатысты, соның ішінде Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметіне қатысты бірнеше кітапты қаржыландыруға Мәдениет министрлігінен қаражат бөлінбей отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында – қаңтар айында шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласына назар аударсаңыз, ол жерде дәлдеп тұрып айтқан: «Алаш тақырыбын зерттеуші ғалымдар мен жазушыларға қолдау көрсету, Алаш қайраткерлері мұраларын түгел басып шығаруды ары қарай жалғастыру керек» деген нақты тапсырма берілді. Бірақ ол тапсырма тағы да еленбай қалып жатыр.
Гумилевтің қазаққа қандай жақсылығы бар еді?..
Оның ішінде Мәжіліс депутат Қазыбек Исаның көтерген мәселесі – ащы шындықты ашық айту. Әлиханға лайық бір көшенің болмауы – әруаққа қиянат. Әйтпесе Астанадағы бастапқыда Орынбор деп аталған Мәңгілік ел көшесіне Әлиханның есімін беруге неге болмайды? Ол көшеде біздің бүкіл жоғары атқарушы билігіміз отырған жоқ па, Парламент отырған жоқ па!
Еуразия ұлттық университетін алайық. Оған Кеңес Одағында өмір сүрген Гумилевтің атын беріпті. Гумилевтің қазаққа қандай жақсылығы бар еді? Еуразия университетіне Гумилевтің есімін уақытша беріп, кезі келгенде бір кісінің есімін беру жоспарланып келді. Қазір ол кісінің атында басқа зор әрі бай халықаралық университет бар. Енді Әлиханның атын беруге қандай бөгет бар? Біз осы мәселені баяғыдан бері көтеріп келе жатырмыз. Әлиханның туғанына 150 жыл толардың алдында. Әлихан Бөкейханды еліміз мойындамай отырғанда халықаралық БҰҰ-ның руханият пен мәдениет мәселесі бойынша ЮНЕСКО ұйымы мойындап отыр.
«Ит айнадан өзін көргенде өзін танымай, айнадағы өзінің сұлбасына өзі үреді»
Біз Алаш автономиясын мойындағымыз келмейді. Ал бар-жоғы 72 жыл өмір сүрген Париж коммунасын француздар көкке көтеріп, мақтаныш тұтады. Ал осы бүгінгі Қазақ мемлекетінің негізін қалап, Қазақ хандығының үйіндісі үстінен ұлттық мемлекетінің шаңырағын қайта көтерген Алаш республикасын ашып айтуға, Алаш автономиясы болған жоқ деп өзіміздің академик ғалымдарымыздың аузымен бүкіл әлемге паш етіп жүрміз.
Х. Досмұхамедұлының «Ит айнадан өзін өзі танымай, өзіне өзі үреді» деген теңеуі бар. Ия, біз сол итке ұқсаймыз. Тарихи жадынан айырылған, өзінің рухынан, ұлттық сана-сезімінен айырылған бұқара халықты айтпай-ақ қояйын, ғалымдарымыз Алаш тарихына сол ит сияқты үретін сияқты. Осы күнге дейін Алаш автономиясы болған жоқ деп бүйректен сирақ шығарып жүрміз. Алаш автономиясы, Алаш қайраткерлері кеңестік шектеу мен тыйым салу шараларынан, құпиялығынан өткеніне 30 жылдан асып кетсе де, осы күнге дейін не Алаш қайраткерлеріне, не олардың осы күнге дейін бізге аманат етіп қалдырып кеткен Қазақ мемлекетінің зор тарихи әрекетіне әлі де саяси және тарихи баға берген жоқпыз. Сондықтан осы жақын арада оларға лайықты сый-құрмет пен қошемет көрсетіледі деп күту өте қиын.
Өткен жолы Вице-премьерге жолданған хатта астанамыздағы Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің бұрышындағы бос алаңға Алаш аллеясын ашып, қақ ортасына Әлиханға зәулім ескерткіш орнатайық деген ұсыныс айтылды. Сосын Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Әлиханның есімін беру ұсынылды. Өйткені қазақтың ауыл шаруашылығын, төл мал шаруашылығын Әлихандай терең зерттеп, артына қанша құнды мұра қалдырған бізде ауыл шаруашылығы ғылымының маманы жоқ. Ондай ұсыныстарға біздің билік саңырау. Алматыдағы Ұлттық аграрлық университетті осы күні көзі тірі бір академиктің есімін беру үшін ұстап отырған көрінеді. Ал мынау Қарағанды қаласындағы бұрынғы Октябрь ауданына Әлихан есімі берілсін дегенге міне биыл 5 жыл болды. 2016 жылы Қарағанды облысының әкімі Әлихан Бөкейханның 150-жылдығы құрметіне әлгі ауданға аты берілетін болды деп хабарлап еді. Арада екі апта өтпей айнып шыға келді. Менің анық білетінім: облыс әкімі өзі айныған жоқ, Ақордадан сондай нұсқау берілді. Сондықтан мен Әлиханға 155 жыл толған мерейтойында бір лайық іс-шара атқарылып жатыр деп айта алмаймын.
Қазақ атауын қайтару – бір Сәкен Сейфоллаұлының еңбегі емес
Сұрақ: Қазақтың 1925 жылдың сәуір айына дейін одан ертерек қырғыз-қайсақ, одан кейін қырғыз атанып келгеніне байланысты не айтасыз?
– Соңғы кезде әлеуметтік желілерде халқымыздың этнонимін қырғыз дегеннен қазақ деп өзгертілуіне ең алдымен осы Сәкен Сейфуллиннің еңбек еткені туралы көп жазып жүр.
1913 жылы «Қазақ» газеті шығысымен соның алғашқы сандарының бірінде түрік баласы Әлиханның «Қазақ-қырғыз атанып жүрмей қиямет-қайымға дейін қазақ болып жасаймыз, қазақ болып өтеміз» деп көтергені бар. Сосын қазақтың аты-жөнін тағы бір мақалада Міржақып Дулатұлы орыстың –ов, -ев, -ин қоспаларынан құтылайық, мысалға Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы немесе Бөкейхани деп жазайық, деп 1913 жылдың наурызында мәселе көтерді. Сосын 1925 жылы Қазақ АКСР-ның V конференциясында осы қырғыз дегенді қойып, қазақ деген атауды қайтару туралы қаулы қабылдағанда ол жерде бір ғана Сәкен Сейфуллин емес, ол жерде ең алдымен барлық шешім Қазақстан компартиясының шешімі болатын. Ал ол кезде өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанұлы болатын. Сондықтан бұл жерде ұлы жақсылықтың бәрін Сәкенге тели бермей, объективті баға берілуі керек. Қаулы қабылдаған жалғыз Сәкен бе еді?
Сосын Сәкентанушылардың айтпай, көбінесе айналып өтетін жері сол конференцияда Сәкен Сейфуллин Қазақстан халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметінен түсіп қалды. Біз осыны неге ескермейміз? Егер сол қырғызды қазақ атандырған ең алдымен Сәкеннің зор үлесі болса, онда ол неге қызметтен түсіп қалады? Осыған біз неге назар аудармаймыз?
Алаш қайраткерлерінің үстінен арыз жазған Тұрар Рысқұлов
Сұрақ: «Алашты сатқан Алашордашыар» деген тәрізді ролик жүр. Өзіңізде осынау шетін тақырыпты ара-кідік қозғап қоясыз… Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл жерде Алаш қайраткерлерін сатқан, олардың үстінен домалақ хатты Кремльге қарай қардай боратқан Алаш қайраткерлері емес, ол «тонын теріс айналдырып киіп» аяқастынан төңкерісшіл бола қалған қазақтың «бұралқы», «шолақ белсенді» тұңғыш коммунистері болатын. Ең алдымен ол Тұрар Рысқұлұлы ондаған хат жолдаған, әрқайсысына жеке-жеке Әлиханнан бастап, ең соңғы Алаш қайраткеріне түгел баға беріп келген. Біз оны неге жасырамыз?
Сәкен, Тұрар, Сейіт, Темірбек Алаш қайраткерлері емес!
Қазақстан халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметінен түсіп қалғаннан кейін, 1925 жылы Сталинге хат жолдаған. Алаштықтарды террористер, контрреволюционерлер деп хат жазған кім? Сәкен Сейфуллин. Сосын «Еңбекші қазақ», «Казахстанская правда» газеттеріне Алаш қайраткерлерін жаппай қаралап жазған, ол тағы да Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлұлы, Сәбит Мұқанов, Темірбек Жүргенұлы. Содан кейін Сейіт Меңдешұлы. Ол жерде Алаш қайраткерлері бір-бірін сатқан жоқ. Ондай ешқандай дерек жоқ. Ең бастысы Әлихан Бөкейхан 1930 жылдары жазған бір хатында Мұхтар Әуезұлының өзі ақталып шыққаннан кейін, Әлиханның бірде-бір хатына жауап бермей қойғаны туралы мәлімет бар. Бірақ Алаш қайраткерлерінің бір-бірінің үстінен хат жазып, бір-бірін сатқаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Ал Сәкен, Тұрар, Сейіт, Темірбек Жүргенұлын Алаш қайраткерлері деп айта алмаймыз. Олардың Алаш қозғалысына ешқандай қатысы болған жоқ. Олар керісінше Алаш қайраткерлерін өздерінің идеялық, идеологиялық бітіспес жауы санады, оларға қарсы күресті, үстерінен Мәскеуге астыртын да ашықтанашық домалақ хаттарды қардай жаударды. Оларды тұтқындауға, жазалауға, оларды қызметтен алыстатуға мейлінше үлес қосты.
Қазақтың тұңғыш коммунистеріне қарағанда, марксизм іліміне сүйенген бәлшебектердің ленинизм идеясын Әлихан Бөкейханнан артық білетін қазақ болған емес. Әлихан 1890-1894 жылдары Санкт-Петерборда орман институтында оқып жүріп, сол кезде бұл марксизм идеясымен қатты әуестенген. Сол кезде студенттердің марксистік үйірмелеріне қатысып, сол жерде экономикалық материализм ілімімен қатты әуестенеді. Сөйтіп ондағы оқуын бітіріп, Омбыға оралған кезде де одан 1895 жылдан 1902 жылға дейін сол омбылық «Степной край» газетінде жұмыс істеп жүргенде, сол газеттің қоғамдық-саяси бөліміне жауап берген. Сол газетке марксизм идеясын насихаттаушы бірден-бір білгір азамат Сергей 1930 жылы қаңтар айында «Северная Азия» деген журналда жарияланған естелігіне сәйкес, Әлихан Бөкейхан «Степной край» газетінде бірден-бір теңдессіз марксист болды дейді.
***
Ал Әлихан 1987-1901 жылдары Дала өлкесінің 3 облысы мен 11 оязын зерттеген Щербина экспедициясына қатысып, қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігі, болмысы, мал шаруашылығы, күнделікті өмірі, этнографиясын түгел зерттеп болғаннан кейін, Әлихан Бөкейхан марксизм идеясынан біржола бас тартады. Сөйтіп ол Кеңес Одағы айыптағандай нағыз ұлтшыл боп шығады. Өйткені оның көзқарасы бойынша марксизм идеясы ол қазақтың болмысына, қазақтың мәдениетіне тіпті қайшы идея болды. Ақырында Ахмет Байтұрсынұлын 1919 жылы мынау «Жизнь национальностей» деген Мәскеуде шығатын газетінде жазған «Революция и киргизы» атты мақаласында былай дейді. «Қазақ социализмге онша мұқтаж емес, өйткені социализмнің элементтері қазақ қоғамының өз ішінде бар. Қазақтың бүкіл шаруашылығы, қазақтың жері… қазақ жерін рулық қауымдастық түрде пайдаланады» дейді. Өйткені бір жеке байдың немесе әулеттің жері емес, әрбір рудың жері болады. Бай былайша айтқанда сол рудың бас менеджері болған. Ұйымдастырушысы болатын. Мысалы сол байдың малын бағып жүрген сырттан келген адам емес, өзінің руласы емес пе?! Қазақта қалай ол бай езуші де, сол туған інісі езілуші халық бола ма? Сондықтан Тұрар, Сәкен, Темірбектердің адасқан себебі сол – қазақты жікке бөлгісі келді және бөлдірді де.
Ал қазақ әлі де рулық қауымдастық дәуірде қалған халықпыз. Бұл біздің артта қалғанымыздың белгісі емес, бұл біздің қазақ халқының ұлттық ерекшелігі болады. XX ғасырдың басында ұлы нәубетке дейін қазақ халқы әлемдегі ең ірі көшпелі халық болатын. Ал көшпелі шаруашылық ол артта қалған шаруашылық деу, ол барып тұрған адасқандық. Бұл кеңестік дақпырт идеология болатын. Олар қазақ халқына өзінің орыс халқымен қарады. Қазақ қоғамында Ресей халқына, Еуропаға тән құлдық, феодалдық құрылым болған емес. Біздің қоғам басқа халықтардан ерекшелігі сол бізде рулық-қауымдық көзқарас болды.
Сөйтіп 30 жылдары қазақ халқы бүкіл жадынан, өзінің ерекшелігінен айырылған халықпыз. Қазір осы күнге дейін адасып жүрген халықпыз. 30 жылдарға дейінгі қазақ халқы мен бүгінгі қазақ халқының айырмашылығы аспан мен жердей. Тіліміз әбден күрмеліп, қазір ойымыздың көбі орысшаланып кеткен. Қазіргі тіліміз ол қазақ тілі емес. Бүгінгі тілімізді Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақыптардың тілімен салыстырып көрсек, бір-біріне келмейді. Біздікі жартылай орыстанып кеткен калка тіл. Олардың еңбектерін оқысақ ол жерде бір әрпі жоқ. Ол жерде Иван демейді, Ибан дейді, философия демейді, пәлсапа дейді. Қазақта ф әрпі болмаған. Соңғы латын әліпбиін қарасам в әрпін сақтап қалыпты. Бұл біздің тілімізді одан бетер дөрекілей береді.
Сұрақ: Кеңес үкіметі билікке келген соң басшылықта болған сол замандардағы қазақтың мемлекеттік қайраткерлері Ораз Исаұлы, Ізмұқан Құрамысұлы, Сейткали Мендешұлы, Елтай Ерназарұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Тұрар Рысқұлұлы сияқты адамдарды қалай бағалайсыз?
– Біз жаппай қуғын-сүргін, ұлы нәубет үшін Кремльді, нақты И. Сталин мен Ф. Голощекинді айыптауға дайын тұрамыз. Ал Филипп Голощекин қазақты өз қолымен, нақ өзінің қолымен қырған жоқ қой. Ол кеңес өкіметінің қазақ халқына қарсы жантүршігерлік бар қылмысын қазақтан шыққан коммунистер – Әліби Жангелдин-Жалғабайұлы, Ораз Исаұлы, Ізмұқан Құрамысұлы, Сейітқали Меңдешұлы, Елтай Ерназарұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Тұрар Рысқұлұлдарының қолдарымен іске асырған жоқ па! Кеңес Одағының жалған идеологиясы шаң жуытпай, насихаттап келген осы тарихи тұлғаларға өзімнің орыс тіліндегі «Первые казахские коммунисты: Кто они?» атты тізбекті мақаламда сипаттама бергенмін. Мақала осы Абай порталында да жарияланды. Егер оларға деген көзқарасымды білгісі келсе сол мақалаларымды оқып шықсын.
Хан Кененің бас сүйегін ешкім күлсалғышқа айналдырған жоқ
Сұрақ: Бұдан 25 жылдай бұрында, қателеспесем, «Комсомольская правда» гәзетінде: «Қырғыздар сыйлаған Кенесары бассүйегін патша күлсалғыш еткен» деп жазды, суретін де берді. Одан хабарыңыз болды ма?
– Оны мен 2014 жылы біржола теріске шығарғанмын. Сол жылы Омбыға ғылыми сапармен барып, Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында жұмыс істеп, сол жерде «Полошенко қоры» деген қордан Сергей Маслов деген, өскен елі Ақмола, Омбыда жұмыс істеген жазушының қолжазбасын тауып алдым. Ол қолжазбасында: «Среди многочисленных архивных связок, находившихся в главном управлении Западной Сибири, здесь в канцелярии чиновники держали дело о возмутителе султане Кенесары Касымове. Дело имело при себе необычайное приложение – пожелтевший от времени крепкий человеческий череп, с казенной печатью на его лобной части. Это голова султана Кенесары Касымова, внука Абылайхана. Государственный исторический архив Омской области», – деп жазады. Бұл 2200-ші қор, 2-ші тізбек, 888-ші із, 1-ші парақ. Демек Кенесарының басын ешкім төбесін ойып алып, күлсалғыш қылған жоқ. Ол маңдайында керісінше патшалық, генерал-губернаторының мөрі болған. Ондай мөр ешқашан өшпейді.
Дайындаған Назерке Чакирбаева
Abai.kz