Ой-толғау

Жан сыры (хикаят)

«Өмір кез келген жазушының қиялынан әлдеқайда бай»

 Анна Зегерс, неміс жазушысы

 Адамдар қызық қой. Олардың тумыс-болмысына, туа біткен мінез-құлқына қарай күнделікті өмірдегі алуан оқиға мен құбылысқа ой-пікірін білдіруі әрқилы болатыны көпке мәлім. Әйткенмен, әшейінде байсалды, жан баласына жақ аша қоймай, томаға-тұйық жүретін ұстамды адамдардың да, табиғатынан көпшіл, әсершіл, әңгімешіл кісілердің де өзіне ғана тән ішкі сырлары болады. Пенде болған соң әркімнің қашанда ой түпкірінде, сана қалтарысында сақтайтын әспетті ойлары мен қастерлі оқиғалары жайында көбіне ашылып айта бермейді. Тіптен, кейбір сырлары мен құпиялары ғұмыр бойы шашау шықпай, өзімен бірге кетуі де әбден мүмкін. Жалпы, қазаққа тән қасиеттің бірі – өзінің ішкі ой иірімдерімен бөгде адамдармен бөлісуді, көлденең көк аттының алдында кездейсоқ жая салуды сөкет санайды.

Дегенмен, бір купеде ұзақ сапарлас болған жолаушылар таныс-білістен соң-ақ шүйіркелесе кететіні баршаға аян. Ал, ауруханада бірге жатып, өмір үшін арпалысқан сырқаттар ә дегенде сыпайы  ғана сәлемдесіп, қысқаша танысумен шектеледі. Ендігі тағдырлары жаратушы жан иесі мен дәрігердің қолында. Алғашқысын жаны мұрынының ұшына келгенде ғана есіне алатындар қатары да аз емес. Ал дәрігердің қарауына іліккен соң, олардан тек дәл диагноз бен дұрыс ем-дом күтеді. Әркім бұдан былайғы жағдайым не болар екен деген алаң ойларына шырмалып, дәрігер не дер екен деген болжамдар ұйығынан шыға алмай жатады. Сәті түсіп, ем-дом қонып, шамалы бері қараған кезден бастап палатадағы көршісімен әңгіме айтысып, сыр бөлісе бастайды…

Біраздан бері тосыннан шүйлігіп, алты құрлықты қармап үлгерген коронавирус деген жымысқы індеттің жойқын жалыны талайды есінен тандырып, талмауыр тұсынан талдырып тастауда. Ел-жұрт бірінен-бірі шошынып, жақын-жуығымен де араласуға сескенетін үрейлі заманға тап болды. Көзге көрінбейтін осы бір жексұрын ауру сексеннің сеңгіріне ілігіп қалған Бегайдардың да маңайын оңдырмай шарпып үлгерді. Бәйбішесі мен балалары да жан сақтау бөлімдерінде өмір үшін арпалысты. Өзін де қалада карантин енгізілген бетте  ауруханаға жатқызып, емдеп шығарған болатын. Бірнеше айға созылған «үйқамақтан» соң қаладағы ең ірі оңалту орталығына орналастырды. Карантин жарияланысымен жұрттың бәріне бетпердесіз жүруге тыйым салынды. Бәрінің үміт-алаң аралас көздері ғана жылтырайды. Бәрі де сөзге сараң, сұрақтары да, жауаптары да тақ-тұқ, қажулы, қысқа…

Бегайдар қария орналасқан палата екі кісілік екен. Терезе жақтағы төсекте отыздың мұғдарындағы жас жігіт қалта телефонымен әуре. Жаңадан келген қарияның дәстүрлі «Ассалаумағалейкүм»  дегенін ести сала, орнынан атып тұрып, «Уағалейкүмассалам! Төрлетіңіздер!» деп елпең қаққаны көргенді, қазақи азамат екендігін бірден аңғартты. «Аға, терезе жақты ыңғайлы көрсеңіз, мен төсек жабдығымды ауыстырайын. Атым Ердос. Мен жатқалы біраз болды, бері қарап қалдым, мені жұмсай беріңіз» деп ұсыныс жасағаны әдепкі пікірді бекіте түсті. «Тәңір жарылқасын, балам. Жуынып-шайынатын бөлмеге жақын осы орын жөн болар» деп Бегайдар да ризашылығын білдіріп, жайғаса бастады. Медбике болса ішкі тәртіптің қатаң екенін ескертіп, шығып кетті. Шамалыдан соң дәрігермен қоса кірді. Биязы үнді дәрігер «Менің аты-жөнім Сәния Сабырқызы. Сіздің жай-күйіңізбен толық таныстым. Жалпы жағдайыңыз жақсы. Алаң болмаңыз. Сауығып кетесіз. Тек біздің айтқан режимді мықты ұстансаңыз болды» деп,  ем-дом жүйесі жайында желдірте айтып, көңіл орнықтырды.

Сонымен, таң қылаң бере басталып, ұйқыға бет бұрғанша тынымсыз процедура мен уыс-уыс дәрі қабылдауға ұласқан,  біріне бірі ұқсас күндер өтіп жатты. Система қойылып, екі сағатқа жуық уақыт шала мүлгіп жатқанда адамның ойына қай-қайдағы естеліктер көлбеңдеп орала береді. Бегайдар да әредік ауыр күрсініп қойып, ес білгеннен бергі бар ғұмыры мен тағдырын сараламақ болады… Бірақ бар ойы талайды жалмап үлгерген, көпшілікті зеңдіріп,  мың құбылған зымиян індетке орағыта береді.

Сондағы көңілі алаң ой тізбегіне жиірек ілігетіні: «Апырай, ресми мәліметтер тура бір майдан шебінен беріліп жатқандай сағыңды сындырар суық сандар – дертке шалдыққандар, жазылып шыққандар, жазым болғандар, әл үстіндегілер… Күн өткен сайын індеттің шарпуына іліккен елдер мен адамдар, оның құрбандарының саны шырқап барады…

Өткенге ой жүгірткенде, адамзат талай сынақты басынан кешкені еске түседі. Оның ішінде жаппай жайлаған небір індеттерді емдеудің жүйелі жолдары табылып, түбірімен жойылғандары болды. Қазір де жегідей жейтін аурулардың да көбісінің беті қайта бастады. Бірақ осы жолғы жымысқы індеттің түрі жаман. Тіптен, бүкіл адамзаттың тағдыры таразыға түскендей. Бұдан былайғы әлем тарихы екі кезеңге  бөлініп айтылары анық. Шығыстағы іргелес алып елден тарай бастаған коронавирус бүкіл адамзатқа қатер төндірген  пандемияға ұласты. Ашық күнгі тосыннан пайда болатын құйын іспетті індеттің қашан, кімге соғатыны белгісіз. Табиғаты тұманды, тарауы шапшаң, салдары ауыр, емі беймәлім бұл аурудың дүлей екпіні әркімнің санасына үрей ұялатып, секем алдыра бастады. Кәдімгі тұмауға ұқсас ауруға әлем дәрігерлері мен ғалымдарының шамалары жетпей, есеңгіреп қалды. Айналаны небір сандырақ болжамдар жайлай бастады. Ендігі жағдай не болады? Қашан, немен тынады?… Белгісіз.

Биылғы жыл біздің маңайымызға да ауыр соққы болып тигені сонша, тілеуқорларымыздың қатарын селдіретіп, оңдырмай ойсыратып-ақ кетті-ау…  Жасы үлкен құда-құдағилардан бастап, ұрпағының қызығын енді көре бастаған талай жайсаңдарды жалмап үлгерді. Өзінің алпыс жыл отасқан бәйбішесі, барлық баласы бір мезгілде бірнеше ауруханаға түсіп, күні-түні ес-түссіз індетпен арпалысты… Өзім шамалы оңалып, ауруханадан шыққан бетте балаларыммен бірге реанимацияда жатқан бәйбішеме тамақ жеткізіп, хат арқылы хабарласуға барғанда алқын-жұлқын аптығып жүрген дәрігерлерден телміре күтіп, үздіге сұрағандағы естігеніміз жайдың оғындай соқты. «Ол кісі түнде қайтыс болған…» деп сылқ еткізгенде қақ маңдайымыздан тура бір гүрзімен салып қалғандай есіміз ауып,  есеңгіреп қалдық… Сөйтіп, менің асыл жарым, балаларымның анасы, немерелерімнің әжесінен жүзін де көре алмай, таңдайына су да тамыза алмай, бақұлдаспақ түгілі, бір ауыз тіл қатыса алмай бір сәтте айырылып, аңырап қала бердік. Жағалай жайлаған коронавирус емес, үш жылдан бері шыр айналдырған  демікпеден кеткен марқұмның мәйітін зорға дегенде шығарып алып, ақ жуып, арулап, намаздап жер қойнына тапсырдық. Не керек, сөйтіп, балаларымыз, келіндеріміз бен немерелеріміздің бірнеше жыл бойы жанынан шықпай күндіз-түні бағып-қаққан еңбектері ақталмады… Жалғыз біз емес-ау,   осы індеттің шарпуы бұрынғы ауруларын қоздатып жібергеннен марқұм болғандардың біразына туған жерінің топырағы да бұйырмады. Көпшілігіне мезгілінде көңіл айтып, бата жасай алмай қалған ет жақындардың жан күйзелісін көріп, жүрек сыздағанмен, қолдан келер қайран жоқ… Сан отбасының шаңырағы ортасына түсті,  кейбір әулеттің қатары сиреп қалды. Басқа қаладағы елге қадірлі бір ағамыз телефонмен қоштасып, батасын беріп, кешу алысуға соңғы күш-қуатын жинап үлгірді…  Айналамызды бейнебір ғарышқа тастап жіберіп, тосыннан салмақсыздық жағдайына тап болғандай жаппай дәрменсіздік жайлады. Ендігі жағдай не болмақ? Ұшы-қиыры, шеті мен шегі, бетін тойтаратын шарасы бар ма бұл адамзаттың?..»

Палата қабырғасында ілулі теледидар үнсіз, өйткені сырттағы кабелі үзілген.   Ертеректе әр үйде, әр мекемедегі болатын радио желілерін тартуды қойған. Қаладағы газет дүңгіршіктері әлдебір шенеуніктердің көшелердің сәнін бұзады деген жалған желеумен пандемия басталғаннан әлдеқайда бұрын жабылған. Бар жаңалық көзі смартфон ғана. Оған үңіле беруге көз де жете бермейді, қол да талады.

Сырттан басқадай ақпарат көзі болмағандықтан осындай ой шырмауыннан шыға алмай жатқан күндердің бірінде Бегайдардың төсегіне жақындаған Ердос үн қатты:

-Қалайсыз, аға? Сізге бір сұрақ қойсам бола ма?

-Балам-ау, қоя бер сұрағыңды. Жауабын білсем, айтайын.

-Рахмет, аға.

Ұлы Отан соғысының зардабын шеккен ұрпақсыздар ғой. Менің әкемнің әкесі, яғни, атам осы соғыстың аяқ кезінде хабарсыз кеткен. Сол кісінің қашан, қайда опат болғанын іздеумен айналысқаныма  талай жыл болды. Ақтармаған архивім, іздемеген жерім, оқымаған әдебиетім жоқ десем де болады. Атамның соғыстағы болған жерлерінің көпшілігін араладым. Неге екенін, осы соғыс жайында неғұрлым тереңірек зерттеп, тақырыпқа бойлаған сайын сұрағым азайғанның орнына, көбейе түскен сияқты болады да тұрады. Көкейімдегі негізгі сұрағымды кейінірек қояйын. Алдымен соғыстың ресми тарихындағы қайшылықтар жайында айтып көрсем.

Осы сәттен бастап Ердос соғыстың алдындағы саяси жағдай, оның неден басталғаны, алғашқы шегініс пен тойтарыстар, кеңес армиясы мен фашистердің басшылықтағы әскери кадрларының даярлығы мен қабілеті, әрбір ірі ұрыстар мен шағын шайқастардағы адам күші мен техниканың арасалмағы, олардың әр қарсылас армияны, оның штабын қандай әскербасы басқарғанын, қай әскердің қай ұрыста жеңгені мен жеңіліс тапқан себептерін қолмен қойғандай етіп күтпеген білгірлікпен суреттеуді күнделікті әдетке айналдырды.

Осындай халде жатқанда Ердостың әңгімелерінің дәлдігі мен дәлелділігі, тура бір әскери қолбасшыдай талдай баяндауы беріле тыңдатып, еріксіз ойландыратын болды. Өзінің негізгі мамандығы экономист, республикалық ірі мекеменің департаментін басқарып жүрген, тарих саласына еш қатысы жоқ жас азаматтың білгірлігі мен табандылығына сүйсінбей тыңдау мүмкін емес еді. Сонымен, бірнеше күн бойы естіген әдемі әңгімелерге сусындап жүргенде Ердостың дәрігері осы жолғы емделуінің аяқталғанын, алдағы уақытта қашан, қандай ем-дом алатынын тәптіштеп баяндап, бүгін ауруханадан шығатынын айтты. Дәрігер анықтама мен ұсыныстарын әзірлеуге кете салысымен Ердос келіншегіне жаңалықты хабарлап, мектеп жасындағы ұлы мен кішкентай қызымен сөйлесіп, мауқын басып алған соң,  ақсақалдың төсегіне таяп келді де:

-Аға, біраз күн бірге болдық. Ой бөлісіп, әңгімелесіп, байып қалдым. Сіздей  жан-жақты аға тауып, олжалы болдым. Тез айығып кетіңіз. Талайды көрген, түйгеніңіз мол екен. Өзіңізден небір алып тұлғалардың тарихтағы орнын дәлелдейтін басылымда жоқ деректер естідім. Мың да бір рахмет. Бір сұрағым бар, кейін айтамын деп едім ғой. Алдымен соны қойсам.  Осы Сталин туралы не ойлайсыз, қалай бағалайсыз?

-Е, Ердос балам! Бұл сұрағыңа бір ауыз сөзбен жауап беру оңай емес. Өзің де біраз түйіндеген ойларыңды айтқансың. Ертеректе, кеңес өкіметі тұсында мен Қиыр Шығыстан бір зейнеткер шахтердің Алматыға көшіп келгенін естідім. Ол кісі бар ғұмырын адамзат тарихында баспасөзде есімі аталған белгілі тұлғалардың библиографиясын жинақтауға арнаған екен.  Содан Алматыдағы үйін арнайы іздеп жүріп әрең таптым. Ондағы негізгі ойым – әлі ақталмаған «Алашорда» ұйымы мен үкіметі, оның Әлихан Бөкейхан бастаған көсемдері жайында жарық көрген материал көздерін іздеу еді. Үй иесі бір аңқылдаған жан екен. Аядай екі бөлме пәтерінің ас үстелі мен төсегінен өзге жері еденнен төбеге дейін тақтайдан қолдан илалап құрастырған сөрелер. Оларда иін тірескен папкалар. Менен бұрын да біраз белгілі адамдар болып кеткенін тіркеу дәптерінен шолып өттім. Екінші таңданғаным – әлгі кісінің тұрмысы мейлінше жұпыны екен. Компьютор деген атымен жоқ кез.  Әлгі орасан байлық көзін бірнеше күн ақтарып, біршама деректерді дәптерге түртіп алып, алғысымды айтып аттандым.

Содан барған шаруамды тындырып, елге қайтатын ұшақта отырғанда мынадай ойға келдім. Бүкіл адамзатқа танымал тұлғалардың өмірбаянын көзі ашық адамның көбісі біледі. Солардың Адам-ата мен Һауа-анадан бастап барлығының дерлік бойында әйтеуір бір пендешілік кемшілігі болған. Талай жыл пролетариат  көсемі деп бейнесіне шаң жуытпай, күн көсем деп атаған Лениннің де аса қатыгез болғанын, адамдарды тапқа, топқа бөліп, демократия деген ұғымды таптап, аяқасты етіп, билікті қантөгіс, төңкеріс арқылы тартып алғаны, азамат соғысында бірге туған жандар да бірінің басын бірі шабуға дейін барғаны, тап жауы деп танығандарды аяусыз аттыруға, жер аударуға, тіптен бір өңірдің кулактарын дарға асып, жүз шақырым бойы бағана сайын іліп қоюды талап еткен бұйрықтарға қол қойғаны, өзінің пікірімен келіспеген ең жақын деген  жолдастарын қуғынға ұшыратып, елден амалсыз кетулеріне себепкер болғаны тарихтан белгілі. Басқасын былай қойғанда, әр халықтын ішкі қастерлі сенімін – дінін мансұқ етіп, жаратушының өзін жоққа  шығарып, атеистер, яғни құдайсыздар қоғамын құрып, жалпы жұрттың қарғысына ұшырады, ақырында осы уақытқа дейін топырақ та бұйырмай, шыны сауыттың ішінде жатыр…

Ал енді Сталин дегенің табиғатынан сайқал, ішмерез, өз билігі үшін мыңдаған адамдардың қанын судай ағызған, бір отбасының адамдарын біріне бірін айдап салып, «халық жауы» деген сұрқия саясатпен бүкіл елді  концлагерьге айналдырып, үрейде ұстағанынан ләззат алған оның бойынан адамгершілік қасиет іздеудің өзі ашық күнде адасумен тең. Оның ішінде біздің қазақ халқының небір аштық пен қудалаудан қырылғанын қалай ұмытамыз? Ол ұлт мүддесін ойлаған асыл азаматтарды атап-атап тізімдеп аттырып, жер аударуымен шектелген жоқ. Саясатқа еш қатысы жоқ бейкүна  бабаларымызды тергеу-сотсыз атқызудың жер-жердегі жоспарын өз қолымен бекітіп отырды. Қазақстанды басқартып қойған жандайшаптары Голощекин мен Мирзоянның ұсынған жазаланатын адамдар санын алжасқан санасына сол сәтте түскен санға көбейте салып отырды емес пе? Оның осындай ессіз қаныпезерлігін қалай ұмытамыз? Мыңдаған қандастарымыздың жан сауғалап шекара асып, жылдар бойы босып жүріп қырылғанын, тірі қалғаны өз Отанына енді-енді ғана орала бастағанын қалай жадымыздан шығарамыз? Соғыста хабарсыз кеткендерді сатқын деп, жетім-жесір қалған отбасына да көк тиын жәрдемақы бергізбей қойды. Сондай мемлекеттің қарауынсыз қалған жетім-жесірдің талайлы тағдырлары әлі күнге көз алдымызда. Отан үшін опат болғандардың шиеттей бала-шағасын көпе-көрінеу ажалға қиған сұмды қалай ғана ақтауға болады?! Жүзіқара сұм Сталин де, тумысынан шөкімдей ақыл бұйырмаған, ойына келгенді істеген оспадар Хрущев деген де ел басқарды-ау… Державаны билеп-төстеген осындай баққұмарлар ата-бабамыздың еншілеп қалдырған қасиетті жерімізге дейін бөлшектеп таратпақ болды, ұлт деген ұғымды түбірімен жоюды саяси мақсатқа айналдырды, тіптен негізгі ұлттық сипатымыз – қастерлі ана тілімізге дейін шабуыл жасауға дейін барды емес пе?! Сөйткен мыстан пиғылды, қандыкөз Сталинді күні бүгінге «көсем» көріп, далақтағандарға қайран қаламын… Сондай таяз көрсоқырларға зығырданы қайнайтын намысшыл бір азаматты көзіміз көрді, дәмдес болдық. Бұл жөнінде ғажайып сөз зергері, эстет, әлемдік деңгейдегі білімпаз, ұлтжанды, асқақ Асқар Сүлейменов  «Миы жоқ халықтың бәрі сталинист» деп төтесінен тұжырымдап еді. Менің оған бір қосарым – мойнында ата-бабаңның қаны мен құны кеткен жауызды адам  санатына қосудың өзі жиіркенішті деп есептеймін.

Ал енді адамзатта соңынан пендешілік сөз ермеген тұлғаларға келсек, Алматыдан кері ұшып келе жатқанда менің ойыма үш адамның есімі келе берді. Бір қызығы, үшеуі де қазақ. Оның бірі – Әбунасыр әл Фараби, екіншісі – Әлихан Бөкейхан, үшіншісі – Қаныш Сәтпаев. Тарихтың өлшемімен өмір сүру әркімге бұйыра бермейтін бақыт. Сондықтан еліміздің іргесінің бүтіндігі үшін майдан басылған емес. Кезінде Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұрандаса, Жұбан Молдағалиев «Мен – қазақпын!» асқақ жырласа, менің ойымша дәл қазір әр қазақ әлемдегі өз орынын «Мен қазақтың өкілімін! Мен Елімнің болашағына жауаптымын!» деген ұстанымға бағыштауы керек. Ендігі жастар бар саналы өмірін, еңбегін осы асыл мұратқа арнауы керек, ұрпағын осы мүддемен тәрбиелеуі тиіс. Ал енді өз басыңа келетін болсам, сен де халқымыздың бір адал перзентісің, әрі оның тұлғалы өкілі екендігіңді жадыңнан шығармағайсың. Қолыңды жай, аталық батамды берейін. Майқының Өтемісі деген бабамыз Абылай ханға «Жортқанда жолың болсын, жолдасың қызыр болсын. Жақсыға жанас, жаманнан адас!» деп бата берген екен. Сол бата жұғысты болсын. Абайы бар халықтың ойшыл болмауы мүмкін емес. Абайға үңіл, тағлымды Абайдан ізде. Сонда адаспайсың. Абайды мүлде жаңаша оқи бастаған Бексұлтан деген азамат жиенім бар. Алла қаласа, екеуіңді бір табыстырам. Соның еңбектерімен таныс. Қысқасы, хакім Абай шыққан шыңда орын жетеді. Сондықтан шығар шыңың таусылмасын. Және менің үлкен әкем «Жарқырап жүрмеген жігіттің жолы болмайды» деп ескерткен екен. Сондықтан, қашанда жарқырап, еңселі жүр. Маңайыңа шуағыңды шашып жүр. Шуағың – білімде, тірегің – халқыңда. Халқыңның мүддесімен өмір сүр. Тірлік – қалада, бірлік – ауылда екені жадыңда болсын. Қазақта амандықтан бұрын айтылатын жалғыз сөз бар, ол – «Сүйінші!» деген сөз. Сүйіншілесіп хабарласуға, жүздесуге нәсіп еткей. Адамға амандықтан кейін керегі абырой. Амандығыңа абырой серік болсын.Әумин!

Қолын жайып, мұқият тыңдап тұрған Ердос ақсақалды құшақтай алып, «Рахмет, аға. Мың да бір рахмет! Қанаттандырып жібердіңіз-ау!  Ойланатын, ұстанатын бата бердіңіз. Қабыл болсын. Мынау менің визиткам. Тапсыратын шаруаңыз болса, өз балаңыздай жұмсаңыз. Ал енді Сізбен ақылдасатын жағдай туа қалса хабарласуға бола ма? Телефоныңызды жазып алсам» деген өтініш айтты. Кетерінде «Аға, тезірек айығыңыз. Қол-аяғымыз жеңіл болсын!» деп қимастықпен қоштасты. Бегайдар болса ішінен «Иншалла! Мұндай жайнап жүрген, жасампаз жігіттері бар Елдің болашағы жарқын боларына күмән жоқ екен. Тек жаманаттан аман болғай» деп күбірледі.

Ердос кеткен соң Бегайдар да күнделікті системасына шырмалып, шала мүлгіп жатқанда есік қаққандай дыбыс естілді де, іле «Ассалаумағалейкүм» деп үндеген сәл жарықшағы бар қою қоңыр дауыспен бірге алпамсадай азамат кіріп келді. Жанындағы медбике бос төсекті нұсқап: «Мына төсекке орналаса беріңіз. Сәлден соң дәрігермен бірге қайтып келеміз. Қан қысымыңызды қайта өлшеймін. Әрі қарай дәрігердің өзі айтар» деп шығып кетті.

Жаңа көрші көпке дейін ентігін баса алмай, мазасызданып, мезгіл-мезгіл жөткіріне берді. Қан қысымын өлшейтін шағын аспабы бар екен, соны қосып-өшірумен әуре болып отырғанда өзіне бекітілген дәрігері мен медбике кіріп келді. Дәрігер мен көршім бұрыннан етене таныс болғанға ұқсайды, өйткені кірген бетте «Аға, келісіп алайық. Қан қысымыңызды мезгіл-мезгіл өзіміз өлшеп отырамын. Оның өзгеріп тұруы заңдылық. Өзіңіз қайта-қайта өлшей бермеңіз. Босқа алаңдап, мазасыздана бересіз. Сондықтан сабыр сақтап, біздің белгілеген емдеу схемасына көнесіз. Сіз бірсөзді едіңіз ғой, менің айтқанымды бұлжытпай орындайтын болыңыз. Келістік пе? Өзіңізбен бірге әкелген дәрі-дәрмектеріңізді түгелдей мына медбикеге тапсырыңыз» деп еді, «Е, жарайды» деп құлықсыздау жауап қатты. Дәрігер қан қысымын, дене қызуын және бір өлшеген соң «Бәрі қалыпты, алаңдамаңыз. Ал енді біраз жантайып, демалып алыңыз» деп  шығып кетті. Мінезді адам болу керек, айтқанды жақтырыңқырамай, шамалы ыңыранып отырды да үһілеп барып жантайды. Содан не ұйықтағаны, не ояу екені белгісіз күйде көзі жұмулы қалпында терең, соза тыныстап жатты.

Медбике манадан бері үн-түнсіз жатқан Бегайдардың системасын ағытып алып кете салысымен, жаңа көршісі көзін ашып, орнынан тұрып, баппен аяңдап таяды да, басын көтерген  қарияға қос қолдап сәлем берді де, бос орындыққа байыппен жайғасып, сөз бастады:

-Ақсақал, айыпқа бұйырмаңыз. Қайта сәлем берейін. Менің атым Қауымбай болады. Мамандығым мал дәрігері болғандықтан өмір бойы, осы күнге дейін ауылдамыз. Астанамен көршілес облыстың бірнеше ауданында еңбек еттік, совхоз да басқардық, екі ауданда ұзақ жыл бірінші басшы болып, зейнетке шыққаныма бес жылдан асты. Қысы-жазы ыстықты-суықты болып, қоғам малын қорғаймыз деп жүріп, ештеңеге қарамай шаба беріппіз,  өкпе мен буынға суық өткен бе, оның үстіне қан қысымы да ойнамалы болып кетіпті. Қант деген пәле және бар. Оның үстіне мына коронавирус деген де шарпып өтті, одан жазылып шыққан сияқты едім. Дәрігерлер профилактикасыз болмайды, оңалтудан бір өтіңіз деп қыр соңымнан қалмады. Оны құлағы шалған келініңіз де мазалай берген соң келгенім ғой. Әйтпесе, маған салса, ішетін дәрім белгілі, салқын үй, салулы төсек дегендей, аулаға шығып, немерелерді ермек қылып жүргенім артық сияқты. Көбіне таза ауада еркін жүруге үйреніп қалған маған мына қуықтай палата мен қатаң тәртіп ұнап тұрған жоқ. Көңіліңізге келмесін, құдай күпірлік көрмесін, дүниеде өтірікке, жағымпаздыққа, қапас атаулыға жаным қас… Барым осы, ақсақал. Ал, өзіңіз кім боласыз, тақсыр?

Бегайдар да алыстан емес, осы маңайдағы облыстың белгілі бір ауданында туып-өсіп, талай жыл бірнеше ауданда,  облыста партиялық қызметте, атқарушы органдарда қызмет еткенін, кейінде балалары ержеткен кезде Астанаға қоныс аударған соң, өздері көшіп келгенін, зейнетке шыққалы біраз болғанымен, әлі де еңбектен қалмағанын желдірте айтып берді. Қазақ сұраса келе қарын бөле шығады дегендейін, біріне-бірі «Е, онда пәленшені біледі екенсіз ғой, түгеншемен қызметтес болған екенсіз, олай болса, оны анау кісімен құдандал деп естігенбіз» деген сыңайлы дәстүрлі ақпарат алысқан соң, екеуінің талай ортақ таныстары бар болып шықты.

Сөйтіп, әңгімелері жарасып отырғанда, Қауымбайдың телефоны шыр ете қалды. Қоңырау шалған жақын жанашыры болу керек, қалай жайғасқанын, денсаулығын, бүкіл жағдайын, көңіл күйін, дәрігердің не дегенін, дәрі-дәрмек, басқадай көмек керек болса, ешкімді әуре қылмай, тіке өзіме хабарлас деп тапсырғаны, тіптен көршің кім деп сұрағаны саңқылдап естіліп тұр. «Жанымдағы менен бұрын түскен Бегайдар деген кісі»  деуі мұң екен, әр жағындағы «Оу, ол кісіні жақсы білем. Оңды болған екен. Біраз берекелі әңгіме айтысып, шер тарқасатын болдыңыздар. Менен дұғай сәлем айт. Тезірек айығып шығыңыздар. Сұрастырып көріп едім, сіздерге ешкімді кіргізбейді, сырттан тамақ түгілі, дәрі де алғызбайды екен» дегені анық естіліп тұр. Сөйлесіп болған соң Қауымбай «Телефон шалған Борекең деген немере ағамыз ғой. Сізді жақсы біледі екен, сәлем айтып жатыр» деп аяқтай бергенде, дәрігерлер кіріп келді де, көршіме система қоятын болып, орнына қақпайлап әкетті.

Республикалық деңгейдегі ең шешуші деген жоғары органдарда талай жыл абыроймен қызмет атқарған құрдасым Борекеңді жалпы жұрт жақсы білетін және риясыз жақсы көретін. Өйткені, өзі болмысы таза, табиғаты кең, қандай ірі қызметте жүрсе де үнемі бірқалыпты, байыпты, елшіл, мемлекетшіл, көпшіл, кісі көңілін қалдырмайтын, ауылдастарынан да оқшауланбаған, жора-жолдастарынан қол үзбеген, орнықты, байсалды, азаматтық арына зәредей дақ түсірмей келе жатқан тұлғаны жұрт ерекше қадір тұтады.

Осылайша ем-домға толы тірлікпен, арасында талай тақырыпқа бойлаған небір қызықты әңгімелер айтылған, көбіне тарихқа қатысты, кейде қоғамдағы даулы, көкейкесті мәселелерге оралып, тетік басындағылардың жаңсақ басқан тұстарын да қалт жібермей талдаумен уақыт та сырғып өтіп жатты.

Бегайдарға да, Қауымбайға да күнделікті телефонмен хабарласып, денсаулығын сұрап, жаңалықтарымен бөліскен ағайын, жора-жолдас легі толастар емес. Қауымбайған жиірек хабарласатын Борекең мен Қайсар деген досы. Күндердің күнінде Қайсар телефон шалған бетте: «Сүйінші! Балсұлу хабарласты. Мөлдір мен Ерсін емханадан шығыпты. Үшеуі Германиядан рейс ашылған бетте елге оралатын болды. Алдымыз той. Тезірек шығатын бол!» деп аптыға дауыстап бастады да, әрі қарай есі шыға қуанған Қауымбай құттықтап, мәре-сәре болды да қалды. Досымен бірқыдыру сөйлесіп болған соң, күндегі әдетінше Бегайдарға таяп, орындыққа жайғасты. Әдетте күн шалған жүзі күреңітіп тұрушы еді, жақсылық хабардан ңіі нұрланып, көздері жайнап шыға келді. Екі қолын рахаттана ыспалап, шаттана жымиып сөз бастады:

-Ал, Беке, сүйінші сұраған кім демейсіз бе? Ақ түйенің қарны жарылды. Бұл бір көптен күткен, ішкі тілеуімізде жүрген қуаныш еді. Әріден бастап айта берсе, ұзақ аңыздай әңгіме… Сенер-сенбесімді өзім білмей отырмын. Мен желе жортып, қысқаша айтып көрейін. Сіз тыңдаңыз…

Қайсар деген досымның күнде хабарласып жүргенін білесіз. Екеуміз бір ауылда туып, бала кезімізден бірге ойнап, бірге өскен, бір класта оқып, мектепті бірге бітірген, осы күнге дейін айнымас доспыз. Қайсар жасынан алғыр, арманшыл. ізденімпаз, кітапқұмар, жан-жақты, ұмтылмаған биігі жоқ азамат болып өсті. Сурет те салды, өлең де жазды, спортпен де айналысты дегендейін, әйтеуір білсем, үйренсем деген ұмтылысы керемет болатын. Мектепті үздік бітіргендер  нақты салалар маманы болуға тырысса, ол неге екені белгісіз, тарихқа, онда да жабық тарихқа құмартты да қалды. Содан ол Алматыдағы университеттің тарих факультетіне, мен бір жыл қара жұмыс істеп зооветке түстім. Бір жыл жатақханада болған Қайсар, мен оқуға түскен соң бір жалдамалы пәтер тауып, бірге тұрдық. Сабақтан шыға салысымен  Пушкин кітапханасына тартады, сирек қордағы кітаптар мен газет тігінділерін ақтарады. Сол кітапхананың оқу залында көрген бетте көздің жауын алатын Балсұлуға ғашық болып, ақыры үйленіп тынды. Оқуды бітірісімен мен елге тарттым, Қайсар аспирантураға түсіп, келіншегі екеуі сонда қалды. Жиі хабарласып тұрдық. Үш жылдан соң ХІХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының қалыптасуы тақырыбында кандидаттық қорғайтын болып, келіншегім Кербез екеуіміз Алматыға тарттық. Әке-шешесінің сәлемдемесімен қоса, қорғағаннан кейінгі банкетін мен көтеретін болып қамданып біз де жеттік.

Ғылыми диссертация қорғағанды көргеніміз осы. Нағыз шайқас сонда болады екен. Қайсарымыз осы уақытқа дейін замандастарымыз ести қоймаған  небір тың, дәлелді деректер келтіріп, Алматы, Мәскеу, Петербург, Омбы, тағы біраз елдердегі архивтерін ақтарғандағы көзі жеткен ой-толғамдарын ортаға салып, бұл тақырып ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттері екендігін, бұдан былай тереңірек бойлау үшін жаңа ғылыми-зерттеу институтын ашу керектігіне дейін айтты. Сол-ақ екен у-шу басталды да кетті. Біздің ойымызша, ескі кеңестік сүрлеуден шыға алмай, тарихқа жаңаша көзқарасты қолдауға батылдары жетпей, биліктен жалтақтағандар кірпіше жиырылып, бірінің сөзін бірі бөліп, қиқылдасты да қалды. Не болар екен деп алаң күйге түскен бәрімізді әйгілі тарихшының байсалды дәлелдерімен Қайсардың еңбегін жоғары бағалайтынын айтқанда ешкімнің қарсы уәж келтіруге дәрмені жетпеді. Барынша тойлап, мәз болып біз қайттық. Қайсар ғылыми тақырыбын зерттеуді жалғастырмақ оймен сонда қалды. Төрт-бес жыл өткізіп, докторлығын Тәшкенде қорғады. Белгілі ғалым болғанмен пәтер кезегі келе қоймады, бұйырғаны университет жатақханасының бір бөлмесі. Не керек, сонда жүргенде Абзал деген ұлы туып, үшеу болып елге келіп, ата-анасының үйінде шалқыған той өтті.

Айтары жоқ, жалғыз ұлдары Абзалы нағыз азамат болып ержетті. Неге екенін, соңынан бауыр ермей, жалғыз өсті. Әкесінің жолын қуып тарихшы болмақшы еді, Қайсар көнбеді: «Нағыз тарихшының күні әлі туған жоқ. Тарихымыздың барлығы саясаткерлердің уысында. Шын тарихты ашқызбайды. Кедейдің күні кіжінумен өтеді демекші, құр арамтер болып, діңкең құриды. Қабілетің жетіп тұр, нақты ғылыммен айналысқаның жөн» деп ақыл берді.

Содан Абзал университет бітірген соң биофизикаға қатты қызығып, шетелдердегі талай ғылыми жиындарда баяндама жасап, аты әйгілене бастады. Әке-шешесінің «Абзал-ау, неге үйленбейсің? Достарыңның барлығы отау құрып алды. Біз де мәңгілік емеспіз. Немере сүйгіміз келеді» дегеніне әзіл-шыны аралас «Адам кездейсоқ кезіккен қызға үйлене сала ма екен? Маған өзі де құлай сүйген, сіздерге де ұнайды-ау деген нағыз аруға жолыға алмай жүрмін. Шыдаңыздар, бұйырған кетпес деуші едіңіздер ғой» деп жымиятын да қоятын. Содан, осыдан екі жыл бұрын іргелес облыстың тумасы, Германияда білімін жетілдіріп жүрген суретші-дизайнер Мөлдір есімді қызбен танысқан екен. Елге оралған бетте әке-шешесіне «Ал, дайындалыңдар, шетелде мен нағыз Мұмтаздай қызға жолықтым. Таяуда осында келеді. Таныстырам. Сіздерге ұнайтынына еш күмәнім жоқ» деп еркін өскен жалғыз ұл төтесінен қойып қалыпты. Қайсар мен Балсұлу ә дегенде не дерін білмей абдырап, іштерінен елдегі қыздар аздай, шетелдік бір шөпжелкеге ұрынып қалды ма деп алаңдап қалыпты.

Сөйтсе, Абзал қыздың аты-жөнін, құдалардың кім екенін әдейі жұмбақтай жеткізіпті. Мөлдірдің елге оралғанын айтқан соң, оның осы бас қалада тұратын ата-анасына қазақи салтпен арнайы құда түсіп, сырға тағу керек.  Алдын ала келіскен күні бәріміз құда түсуге бардық. Әрине, алаңбыз, қалай қабылдайды, не талап қояды дегендей. Барған бетте-ақ көңіліміз орнына түсті. Жастары өздерімен шамалас Теңлік пен Жания есімді құда-құдағиларымыз көргенді, нағыз қазақи, ақжарқын жандар екен. Отағасы газет редакциясын басқарып, құдағи университетте сабақ беріп жүрген ғалым екен. Төрт бөлмелі пәтердің кең залына бірталай жұрт жиналып қалдық. Ел жақтағы ата-аналары, біраз жора-жолдастары келіпті. Теңлік құдамыз сөздің майын тамызатын шешен екен, бәріміз тез арада тіл табысып кеттік. Мөлдірі бес ұлдың ортасында әлпештеп өсірген жалғыз қызы екен.

Мәре-сәре болып дәм ішіп, біраз уақып емен-жарқын дуылдасқанмен, біз өз келінімізді бір көруге асықпыз. Біздің емеурінмен жеткізген тілегімізді түсіне қойған үй иелері келіндерінің бірін ишарамен жұмсап, өз бөлмесінде отырған Мөлдірді екі құрбысымен бірге ертіп шықты… Мөлдірді алғаш көргенде бәріміздің қалай сілейіп отырып қалғанымызды елестете алмайсыз. Көркі мен сымбаты сондай ғаламат бір үйлесім тапқан аққудың көгілдіріндей нәзік, періштедей сүйкімді жаннан көз ала алмай қалдық. Ақшыл сары әсем жеңіл матадан тігілген көйлегі сұңғақ бойына жарасып-тұр. Жаратылысынан ұштары қайқылана біткен ұзын кірпіктері көлегейлеген шаралы ұяң көздері  мен далапсыз-ақ алқызыл тартқан үлбіреген еріндері еріксіз көз тартады. Бәріміздің періште көргендей сілейіп қалғандағы алғашқы ойымыз бір жерден шықты. Ішімізден «Шіркін-ау, адам баласы да осындай көрікті болып жаратылады екен-ау. Тіл-ауызымыз тасқа. Тіл-көзден аман болғай. Ұзағынан сүйіндіргей» дей беріппіз. Ұзын сөздің қысқасы, сол күні қызымызға сырға тағып, құдалардың батасын алып, ұзату мен үйлену тойларын үш айдан кейін, жаз ортасына белгілесіп, ризашылықпен  тарастық.

Ол екі ортада Абзалдың бионика саласындағы келешегі зор тың ойлары шетелдік ғылыми ортаның да қызығушылығын таныта бастады. Ол ТМД елдерін аралап, симпозиумдарға қатысып, жоспарлы лекцияларын оқып жүрген. Алдында Мәскеу мен Петербургта, одан кейін Белоруссияда болған. Енді Украинадағы Патон институтында бір ортақ, өзекті мәселелерді ақылдасып шыққан соң Германияға аттанбақшы болатын. Киевтен үйіне және Мөлдірге хабарласқанда солай деген.

Одан кейінгісін аспиранттас досы, Украинадағы елшілікте қызмет етіп жүрген Алмастың өз аузынан естідік. Ертеректе Абзал осы досын біздің ауылға арнайы ертіп келіп, екеуі үш-төрт күн ауылымызда болып, қымыз ішіп, атқа мініп серуендеген болатын. Ойда жоқта сол Алмас телефон соқсын. Оны көрмегелі талай уақыт өткен, жөппелдемеде есіме түсіре алмай қалдым. Дауысы алаң, апыл-ғұпыл айтқанынан шала-пұла ұққаным – Абзал екеуі Киевте жүргенде бір танымайтын қызды мастардан айырамын деген, олар оны соққыға жыққан. Қазір жедел жәрдеммен травматологияға әкетіп барады. Жатқызған соң тағы хабарласады.

Содан байланыс үзілді. Не істерімді, кімге қалай хабарласарымды білмей дел-сал болып отырғанымда Алмас қайта хабарласты. Бар айтқаны: Абзал басынан қатты жарақат алған, комада жатыр. Жергілікті дәрігерлер қолымыздан ештеңе келмейді деді. Өзіміздің елшіліктегілер санавиациямен Германияға жеткізетін болды. Мен қоса ұшып барамын. Ата-анасына хабарлаған жөн. Келем дегендерге Сыртқы істер министрлігіндегі кісілерге хабарласыңыздар деп телефондарын берді.

Бәйбішеміз екеуміз алдымен Борекеңе хабарласып, үшеуіміз Қайсар мен Балсұлуға барып, болған жағдайды барынша майдалап жеткіздік. Тосын оқиғадан шошынып қалар деп мынадай аңызды ойлап таптық: Абзал Германияда қонақ үйге орналасыпты. Есік алдында тайып жығылғанда шынтағына, жақ сүйегіне зақым келіпті. Содан өзі Киевте қалмаймын, Германиядағы симпозиумға қатысуым керек деп, болмай сонда ұшып кетіпті. Біреуіміздің біліп қайтқанымыз жөн болар, біраз жататын түрі бар.

Ондайда ес қала ма? Жан-жағымыз ақылдаса келе, Қайсар екеуіміз сол түні таң қылаң бере ұшып, аэропорттан Алмас қарсы алып, түске жетпей ауруханаға кірдік. Бас дәрігердің рұқсатымен Вилли Гросберг деген хирургке жолықтық. Екеуіміз де немісшеден мақұрымбыз. Амалсыздан орысша бастай беріп едік, әлгі хирург таза қазақ тілінде «Ағалар, сіздерге қазақша түсіндірейін. Абзал деген балаңыздың жағдайы жеңіл емес. Әлі комада, бірақ шанс бар. Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Мен өзім Қазақстанда туғам. Сондықтан сіздерге мәңгілік қарыздармын. Сіздер қазір отельге орналасып, менімен тікелей мына телефон хабарласып тұрыңыздар» деп визиткасын берді. Кабинеттен шыға бергенде медбике шала орыс тілінде «Мұнда жүріңіздер. Ақылдасатын шаруа бар» деп әкімшілікке жетелеп әкелді. Олардан түсінгеніміз. Мұнда жатын орын, тамақтану, емдеу, тағы басқа шығындардың барлығы ақылы екен. Шамамен екі аптаның шығыны, біздердің бірер жылдық табысымыздай болып шықты. Жазған құлда жазық жоқ. Енді не істеу керек деп абдырап отырғанымызда біздің ауданымыздан ертеде көшіп кеткен бір механик ойыма түсті. Жылына кемінде үш-төрт рет хабарласып тұратын. Екі рет  ауылға келіп, аунап-қунап та кеткентін. Блокнотымнан соның телефонын тауып алып, Алмасқа тергізіп едім, немісше жауап берді. Мен жұлып алып «Емілмісің? Мен Қауымбай ағаңмын ғой. Осындай-осындай жағдаймен келдік. Шамаң келсе пәлен деген отельге жет» дедім. Содан шамалы уақытта Еміліміз жетіп келді. Жағдайды түсіндіріп, мына ағаң менің жан досым, Абзалдың әкесі, тіл білмейді, осы кісінің маңайында бол. Мұнда емделу үшін қыруар қаражат керек екен, мен елге аттанып жақын-жуықты жұмылдырмасам болмайтын түрі бар. «Аға-ау, сіздердің бір айтқандарыңызды орындамасам, құдай оңдыра ма мені?» деп құрақ ұшты.

Сол түні мен кері қайттым. Біраз ақша жинақтап, біраз кредит алып, барлығын валютаға айналдырып, негізгі бөлігін аурухана аудартып, қайта ұштым. Келген бетте Қайсарды ертіп бардым да, өзім Виллиге жеке жолықтым. Оның өңі бұзылып кеткен, тістеніп алған, мені құшақтай алды: «Қолдан келгеннің бәрін жасадық, консилиум да шақырттық. Абзалды аман алып қала алмадық» деді көзіне жас үйіріліп. Енді не істейміз, Қайсарға қалай естіртеміз деп дал болдық.  Амал жоқ, айтуға тура келді. Қайсардың  естіген бетте «Мүмкін емес! Абзалым өлуге тиіс емес! Ол – тірі! Көремін, көрсетіңдер!» деп өкіріп жылап, мүлде болмаған соң Вилли екеуімізді амалсыздан мәйітханаға апарды. Апаруын апарғанмен, маңдайы жарқырап, сұп-сұр болып сілейіп жатқан жалғызын көргенде Қайсар талды да қалды. Оның өзін зорға есін жинатқанмен, «Жалғызымнан айырылдым, ұрпағым үзілді. Ендігі өмірдің маған керегі не? Мені қоса көміңдер» деп баласын құшақтап еңірегенде, небір жағдайды басынан өткізіп жүрген Вилли өз қолымен өлтіргендей сасқалақтап, біраз уақыт не дерін білмей, қоса егіліп тұрды да: «Әзірге мүмкін жалғыз жолы бар сияқты. Мен Абзалдың ұрығын алып, сақтап қоямын. Сіздер оны қабылдауға келісетін денсаулығы жақсы бір әйел іздеңіздер. Әрі-бері жүруге қиналсаңыздар, осы арадан да табылып қалады» дегені.

«Суға кеткен тал қармайды» деген мәтел бар емес пе? Біраз ақылдаса келе, елдегі жамағайынның келіншегі ойға түсті. Күйеуі осыдан үш жыл бұрын жол апатынан опат болған жас келіншекті сырттай ұйғарып, мәйітті табыттап, арнайы ұшақпен елге оралдық. Абзалды ақ жуып, арулап, жер қойнына тапсырдық. Бізбен қоса жаңа ғана құда-құдағи болған Теңлік пен Жания, оның балалары қайғымызды қоса бөлісіп, қоса атқарысты. Бәрінен ауыры өң жоқ, түс жоқ, аруақтай үн-түнсіз егілген Мөлдірді көргенде сай-сүйегі сырқырамаған жан қалмады. Шамалыдан соң әлгі әйелді шақырып алып, бірнеше күн жан-жақтан қоғап, «Ел-жұрттан ұят болады. Жақындардың бетіне қалай қараймын?» деп азар да безер болған келіншекті әрең дегенде көндірдік.

Сөйтіп қайта қамданып жүргенімізде Қайсардың телефонынан қоңырау түсті. Тағы не боп қалды екен деп іле жауап беріп едім «Қауымбай, тез жетіңдерші. Ақылдасатын шаруа бар» деп келте қайырды. Көңіліміз әбден зәрезап болып қалған, бәйбішеміз екеуіміз алып-ұшып  досымыздың үйіне жеттік. Келген бетте қолымызға смартфонын ұсынып «Мына хабарды оқып шығыңдаршы» деп Балсұлу екеуі не дер екен дегендей үн-түнсіз отырды. Жазуды оқыған сайын бәйбішем екеуіміздіңдің денеміз бір ысып, бір суып, маңдайымыздан қара тер, көзімізден жасымыз сорғалай берді. Хаттағы жазу осы күнге дейін смартфонымда, оқып берейін:

«Аса қымбатты ата-енем менің!

Ең адымен өтінетінім, айыпқа бұйыра көрмеңіздерші. Өздеріңізге келін болып үлгермеген мен, сіздерді қалай атайтынымды да білмей, осылай өзім сезінгендей бастағанымды жөн көрдім Абзалымыздың ғұмырын жалғастыру үшін талпыныс жасап жүргендеріңізді кездейсоқ естіп қалғандағы менің қандай күйге түскенімді, бойымды билеген дәрменсіздік, сорлылық сезімдерімді тілмен жеткізе алмаймын. Сіздерді кіналаудан аулақпын. Бірақ осыны сырттағы біреулерден естігенде менің басыма екінші рет жай түскендей халде болдым. Ең бастысы, бұл жаңалық менің бойымдағы, маған ғана лайық сағынышым мен мен үмітімді оятқаны анық. Ұрпақтарыңызды бойына бітіріп, аман-есен дүниеге әкелетін жан іздеп, сарсыла іздеген екенсіздер. Абзалым екеуіміз бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтындай шын мағынасында ғашық едік. Бірақ, ол келместің кемесіне мініп бақилық болды, мен, неге екенін, әлі тірі жүрмін…

Осы хатты жазарда көп ойланып, мың толғандым да, ең адал, ең әділ шешімге бел байладым. Ашығын айтсам, мен тұрғанда, кешегі Абзалымыздың сіздерден кейінгі өмірде жақсы көрген жаны мен едім. Ол сертінен айнымай өмірден озды. Сана сөне бастағанда көз алдында екеуіңіздің бейнеңіз бен мен тұрғанына кәміл сенемін. Ендігі кезек менікі! Оған адал жар болып қалғанымды дәлелдей алмасам, өзімді өзім ешқашан кешіре алмаймын.

Сондықтан, аяулы ата-енем менің, сіздерден жалбарына сұрайтыным бір ғана тілеу – мені құдай қосқан келінім, баламның ұрпағын жалғастырушы деп қабылдаңыздаршы! Мені он екіде бір гүлі ашылмаған, өздеріңіздей ата-ананың мәпелеп өсірген жалғыз қызы ғой, обалына қалып, күнаһар болмайық деп ойлаған шығарсыздар деп жобалаймын…

Сіздерді жалғыз қалған жүрегіммен, бар санаммен, бар жан-тәніммен жақсы түсінемін.

Ашығын айтсам,  тағдыр менікі. Тәуекел еттім. Біздің махаббатымызға адалдығымым дәлелдеудің басқа жолын таппадым. Біздің пәк сезіміміздің өшпеуінің жалғыз жолы осы екеніне көзім жетті. Тілеуімді тәңір қолдап, жүрегіме бір Алла нұр құйып, жігер берді.

Ендігі бар арманым мен тілеуім, өмірлік мұратым – жаратушы жаппар ием сіздердің ұрпақтарыңызды  менің бойыма бітіріп, аман-есен дүниеге келтіруді бұйыртса!

Қамкөңіл болып, шарасыз отырған сіздерден жалбарына сұрайтыным маған сеніңіздерші, менің сертіме, өзіме ғана лайық шешіміме ақ баталарыңызды беріңіздерші!

Және бір сұрайтыным – менің болашақ тағдырыма алаңдап, мені аяй көрмеңіздерші. Көп толғандым, көп ойландым, бәрін салмақтадым. Тәңірім сәтін салсын деп тілеңіздерші!

Сіздердің шешімдеріңізге бір мәселе ғана бөгесін болуы мүмкін. Ол –менің ата-атамның пікірі. Ол жағына алаң болмаңыздар. Ағайынды алтауымызды қазақи дәстүрмен «Ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш сөзбен-ақ тәрбиелеген. Мені жасымнан осындай адал, мінезді етіп өсіріп-баулыған өздері емес пе? Шешімімді емеурінмен жеткіздім. Сезді, түсінді. Оларға алғысым шексіз. Менің ең асыл жандарым менің сезімімді бөгей алмайтынына күмәнім жоқ.

Бәрімізге Алла жар болып, періште, әулие-әнбеиелер, аруақтар желеп-жебей бергей! Ең алдымен бұл қадамымды бір Алла құп алса болды.

Тағы да кешірім өтінемін. Бар шындығым осы.

 

                              Құрметпен һәм үмітпен,

                                                  сіздердің Мөлдірлеріңіз»

Аспаннан тілегенімізді құдай жерден беріп, етжақындарымыз жиналып, құдаларға қайта баруға тура келді. Оңай емес екен, біразға дейін батылымыз бармай, зорға жеттік. Обалы нешік, ол кісілердің адами даналығына және бір куә болдық. Шай жасаулы екен. Дәм ауыз тиіп, шамалы отырғаннан кейін сөзді Теңлік құда өзі бастап, өзі түйді:

– Қадірлі құда-құдағи! Бұл келістеріңіздің мәнісін сезіп отырмыз. Салмағын да түсінеміз. Оңай қадам емес екенін де болжаймыз. Бәріміздің ойлайтынымыз бір – ұрпағымыздың тағдыры, балаларымыздың бақыты. Әулетіміздің ертеден келе жатқан игі дәстүрі – өсірген балаларымызға сену, олардың бетін қақпау. Біздің әлпештеп өсірген жалғыз қызымызға осындай тағдыр бұйыртқан екен, бәріміз бірге бөлісеміз. Бұл – бәйбішеміз екеуміздің аталық парызымыз. Балам, ертіп келе қойшы Мөлдіржанды, – деп кенже ұлына қарап еді, ол лып етіп көтерілді де апасын ертіп келді. Мөлдір сыпайы сәлем салды да, шеткері орындыққа отыра кетті. Сондағы әкесінің айтқаны:

– Құлыншағым, Мөлдірім менің. тағдыр бәрімізді ғаламат сынаққа алды. Осындай ауыр сәттерде бір-бірімізге сүйеу бола алмасақ несіне адам болып, оның ішінде табиғатынан бауырмал қазақ болып жаратылдық? Ата-енең үлкен бастарын кішірейтіп, қанша  именгенімен, үміт сәулесі қайта көрініп, сенің жолыңа бата сұрай келіп отыр. Шешім өзіңде. Анаң екеуіміз бердік ақ батамызды. Ниетіңе алла жар болсын. Жаңа жұртыңа судай сіңіп, балдай бататын бол. Жаңа жұртыңның ұрпағын жалғау нәсібі бұйыртсын. Жолың болсын, құлыным! Ал, жинақтал, қамдан, балам. Ешқашан жасыма! Жарқырап жүр! Өмірлі бол! Бағың ашылсын, балам!  Бара ғой. Бұл кісілер күтіп отыра тұрады.

Қайсар да әріден толғап, ойдағы тілегін білдірді:

Тәңір жарылқасын, қымбатты құда-құдағи. Бәріміздің тағдырымыздың аса ауыр да қысталаң тұсында тектіліктеріңізді және бір дәлелдедіңіздер. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік жасап отырсыздар. Тіптен арғы-бергі тарихымызда естімеген кеңдік көрсетіп отырсыздар. Қазақта «сыйлағанның құлымын» деген сөз бар. Осы мағынада бір-бірімізге құл болдық демей, орындарыңыз лайым төрде болғай. Жаратушы жаппар иеміз тілектеріңізге қарай берсін, тілеулеріңізге қарай ерсін. Ұзағынан сүйіндірсін. Екі шаңырағымыздан да сүйіншілейтін хабар естуге нәсіп етсін. Әумин!

Содан Мөлдірді келін ретінде ресми түсіріп, ырымдап отқа май құйып, үш күн түнегеннен кейін жолға қайта қамданып, Германияға жүріп кеттік. Барған бетте Вилли Мөлдірмен оңаша ұзақ сөйлесіп, денсаулығын мұқият тексеріп, неше түрлі сынамалар алдырды. Бәрі көңілінен шыққан соң, еріп барған біздердің басымызды қосып «Ертең, сәтін салса, Мөлдірді жатқызамыз. Денсаулығы жақсы. Алаңдамаңыздар. Бірақ, бұрын мұндайды көрмегендіктен, бойына шарана бітіп, жетілгенше біздің бақылауымызда болады. Ол қанша уақытқа созылатынын біз әзір білмейміз. Сондықтан сіздер қайта беріңіздер. Хабарласып отырамыз. Қажет болса, шақыртамыз» деді.  Бәрі сәтті өткен соң, бәріміз елге қайттық. Бір айдан соң Мөлдіріміз елге оралып, Балсұлудың баптауында жүрді де,  айы-күні тақағанда қайтадан Германияға жетті. Содан осыдан жиырма күндей бұрын сол жақтан көптен күткен, сүйіншілеген хабар келді: дүниеге Абзалдың аузынан түсіп қалғандай ұл бала келіпті. Қуаныштан жүректері жарылардай болған Қайсар мен Балсұлу құдалары Теңлік пен Жаниямен ақылдасып атұстар нәрестенің атын Ерсін деп ырымдап қоюды ұйғарыпты. Бәрі жақсы болып, елдегі карантин жабылып,  қайтадан рейс ашылса, екі аптадан кейін келіп қалар деп күтіп отырмыз. Осының алдында ғана Вилли Ерсінін көтеріп, мәз болып келе жатқан Мөлдірдің фотосын жіберіпті. Міне,  мынау біздің балаларымыз. Көріңіз. Той әлі алдымызда. Бірге боламыз» деп Қауымбай әңгімесін аяқтады.

«Мұндай да тағдырлар болады екен-ау» деп баланы бауырына басып, шаттыққа бөленіп келе жатқан Мөлдірдің періштедей бейнесіне сүйініп, таң-тамаша болып, тәтті ұйқыға берілген Бегайдар түні бойы түсінде біресе Рафаэльдің «Сикстин мадоннасын», біресе Кәміл Муллашевтің «Мейір шуағын» көріп шықты.

        Ақын, публицист, Қайырбек Сәдуақасов

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button