Министр Цой мемлекеттік тілді менсінбей ме?

Бүгін “QAZBILIM” жобасының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желі парақшасында Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинаға қатысты құжаттарының орыс тілінде екенін айтып, министрлік Қаулысын сынға алды. Оның айтуынша, аталған министрлік құжаттарын қазақ тілінде дайындамайды екен.

Аятжан Ахметжанұлы:

– Бұл жағдай Астана қаласы, Есіл ауданының поликлиника бөлімшесіне қарасты «Салауатты Астана» медицина орталығында болды. Мен ол жерге вакцинаға байланысты барғанмын. Қол қоятын келісім құжаттарының, тіпті ішіндегі түсіндірме қағаздың бәрі орыс тілінде екен. Сосын, «маған мемлекеттік тілдегі нұсқасын бересіздер ме» деп сұрадым. Олар мемлекеттік тілде нұсқасы жоқ екенін айтты. Неге десем, «құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жасалмайды» деген министрліктің Қаулысын әкеп берді. Бұл 2021 жылдың 27 қаңтарында шығарған бұйрық екен. Онда «құжаттың мемлекеттік тілде ресми аудармасы жоқ» дейді. «Документ не имеет официального перевода на государственный язык» деп ашық жазылып тұр.

Меніңше, министрліктің бұлай деп тікелей жазуы – қылмыс. Конституцияның өзінде орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар жүреді дейді. Орнын басады деген сөз жоқ. Қажет болса, орыс тілін қолдануға болады. Демек, бізге бірінші құжат қазақ тілінде болуы керек.

Мен сол жерде жарты сағаттан астам уақыт тұрдым. Соңында қолыма осы қаулыны берді. Кешірім де сұрамады, тек «ештеңе істей алмаймыз, бізде министрліктің ресми қаулысы осындай, қазақ тіліндегі нұсқасы жасалмайды», деді. «Қазақ тілінде жасалмаса, менде қол қоймаймын, вакцина салғызбаймын», дедім. Мен кімге сеніп вакцина салғызамын? Егер мемлекеттік тілді құрметтемесе, мені құрметтейді дегенге сенбеймін.

Ал, заңгер Абзал Құспанның пайымдауынша, бұл мәселеде ҚР «Құқықтық актілер туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» және «Тілдер туралы» заңдардың бірнеше баптары бұзылып отыр. Сол үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен оның тізгінін ұстаған Цой мырза жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Абзал Құспан:

– Бұл «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес келмейді. Сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 7-бабы, 8-1 бабы, 10-бабы, 13-бабының талаптары бұзылып отыр. Яғни, Аятжан бұл жерде тұтынушы ретінде барып отыр. Тұтынушы ретінде құқығы аяққа тапталып отыр. Сонымен қатар, ҚР «Тілдер туралы» Заңының бірнеше бабы, мысалы 10-бабы бұзылып отыр.

Екіншіден, жаңағы қаулы нормативтік акт деп аталады. Егер нормативтік акт қазақ және орыс тілінде болмаса, ол заң жариялауға, қолдануға жатпайды. Өйткені «Құқықтық актілер туралы» заң бар. Осы заңның 1-бабының 30-тармағында: «Нормативтік құқықтық актіні ресми жариялау – осы Заңда көзделген жағдайларда, нормативтiк құқықтық актiнiң толық мәтінін жалпыға бірдей мәлімет үшін электрондық түрде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде, ресми баспасөз басылымдарында, сондай-ақ мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялау» деп жазылған. Яғни, бірінші орында қазақ тілі тұр.

Одан кейін мұны әзірлеп дайындаған орган осы «Құқықтық актілер туралы» туралы заңының 19-бабы,    3-бөлігінің талаптарын бұзып отыр. Оған сәйкес, кез-келген нормативтік акт дайындалардың алдында әуелі сараптамалық қорытындылары болуы керек. Сол сараптамалық қорытындыларының өзі қазақ және орыс тілдерінде жасалады. Сонымен қатар, осы Заңның 23-бабының 7-бөлігі де бұзылып отыр. Онда осы нормативтік актінің бірінші қазақ тіліндегі нұсқасы қандай болуы керектігі, қайтіп қолданатыны, қандай ретпен орналасатыны көрсетілген. Содан кейін оның орыс тілінде жазылған нұсқасы орналастырылады. Осыған сәйкес, әрбір термині аударылуы керек. Осы нормативтік актілер туралы заңның 24-бабы 3-бөлігінде: «Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері тең түпнұсқалы болуға тиіс» деп жазылған.

Бұл қаулы – сөзсіз нормативтік актіге жатады. Өйткені бұл – көпшілікке арналған. Егер ол бір ұжымның ішінде немесе бір адамға ғана шығарылған бұйрық болса, ол нормативтік актіге жатпайтын еді. Ал, мынау бүкіл Қазақстан халқына қатысты болғаннан кейін, яғни, көпшіліккке арналғандықтан бұл сөзсіз нормативтік акт болады. Мұндай нормативтік актілер міндетті түрде Әділет органдарында тіркеуде тұруы керек. Егер тіркелген болса, заңды бұзғандар қатарына Әділет министрлігі де кіреді. Өйткені олар қазақ тіліндегі түпнұсқасыз қаулыны қабылдауға, тіркеуге құқығы жоқ.

Егер мұны әділет органдарына тіркетпеген болса, бұл бұйрықтың ешқандай күші болмайды және ол үшін ДСМ және Цой министр ретінде өзі жауап беруге міндетті. Яғни, неге олар тіркетпеген нормативтік актіні халыққа ұсынып отыр? Және сол үшін оларға Бас Прокуратура тарапынан шара қолданып, жауапкершілікке тарту керек. Яғни, осы қаулыны шығарып, жариялап, қол қойған министрден бастап басқа да лауазымды тұлғалар жауап беруге міндетті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тілге қырын қарайтыны туралы бұған дейін де сан мәрте көтерілген. Аталған министрлікке қарасты “Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің” төрайымы Людмила Бюрабекова БАҚ тілшілерінің мемлекеттік тілдегі сұрақтарына «Мен орысша жауап беремін» деген болатын. 

Сондай-ақ, Цой министрлігінің ковидке қатысты құжаттарды тек орыс тілінде беретінін бұған дейін белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы да жазған еді.

Әр балаға мемлекеттен жәрдемақы берілу керек!

“Ковидпен ауырғандарға арналған алғашқы қажетті ақпараттар жазылған екі беттік нәрсені менің учаскелік дәрігерім мемлекеттік тілге аударуға міндетті емес шығар, Алексей Цой мырза?

«Маған қазақ тілінде жазылғанын беріңіз, мен мынаған қол қоймаймын да, алмаймын да», дедім. «Бізге жоғарыдан орыс тілінде осылай жібереді, біз осылай қабылдаймыз», деді. «Сіз орыс тіліндегісін қабылдады екен деп, мен қабылдай алмаймын. Сіздер Мемлекеттік тіл туралы заңды орындамай, менің құқығымды қоса таптап отырсыздар… Өзің қазақ, әке-шешең қазақ, ата-ата-бабаң қазақ, жеті атаң қазақ, жеті анаң қазақ болса да, қазақты, қазақ тілін менсінбейсіңдер…. Қазақтың жерінде, қазақтың нанын жеп, суын ішіп, ауасын жұтып отырып, өзің қазақ бола тұра, қалайша құл болуға болады?», деп біраз лекция оқып тастадым….

Әрине, оның шынымен кінәсі жоқ шығар…. Тіпті, «Қазақстан 30 жылдан бері тәуелсіз мемлекет, ал қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деген ой үш ұйықтаса, ойына да, түсіне де кірмейтін шығар…

Алайда, Мемлекеттік құзырлы мекемелер – бұл жағдайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі – әрбір құжаттың, ең алдымен, мемлекеттік тілде нұсқасы болуын қамтамасыз етуге міндетті!», – деп жазған Сәуле Әбілдаханқызы.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

1 thought on “Министр Цой мемлекеттік тілді менсінбей ме?”

  1. Коспаева Дания

    Қазақстан мемлекет болып сақталуы үшін мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтін адамдар жұмысқа қабылданбауы керек. Ұлтарақтай жері бар германиялықтар, өзбекстандықтардай ұлттық намысымыздың болмағаны ғой.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp