20-жылдардың басында А.Байтұрсыновтың «Төте жазу әліппесі» халық арасында кең қолдау тауып, 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданғаны белгілі. Негізінде бұл съезде А. Байтұрсынов «Әліпби тақырыбы» деген баяндама жасап, онда араб әліпбиі туралы: «Араб әрпінен жасап алған әліпбиімізге жер жүзінде әліпби баламасы жетпейді. Араб әрпімен түзеген емлемізге бізге мәлім емлелердің бірі жетпейді. Мұны ешкім бекер деп айта алмайды. Түзелген араб әріп жазу машинасына бір түгіл, екі түрлі әріп қоюға болады. Түзелген әріп терушілердің де бейнетін жеңілдетейін деп тұр. Осының бәрі араб әрпінің қай жағынан болса да, қалай жұмсаймын десе де келе беретін, көне беретін ыңғайлы, қолайлы әріп екенін көрсетеді», – деген.
Бұдан әрі А.Байтұрсынов баяндамасында латын әрпін алу үшін көп қаражат пен қайрат қажеттігін, мұндай қаржының табылуы да қиын екендігін, қысқа мерзім ішінде мұғалімдерді бірден латынға үйретіп, бірден баспаханаларды латын әрпіне айналдыру, оқу кітаптарын латынша бастыру мүмкін еместігін де ескерткен. Ол түркі халықтарының бұрыннан қолданып келе жатқан жазу үлгісін латын жазуына көшірудің оңай еместігін ашық айтты. А.Байтұрсыновтың «Төте жазу әліппесі» зиялылар тарапынан кең қолдау тауып, аталмыш съезде қабылданғаны белгілі.
Осы съезде Халел Досмұхамедұлы латын әрпін алуға қарсы болғандығын да, алайда соған қарамастан латын әріптерінің жобасын жасауды тапсырған соң жасағанын да жасырмаған.
Бұл туралы «Ақ жол» газетінде шыққан «Қазақ тіліне латын әрпін алу мәселесі» деген мақаласында: «Өзіміздің осы күнгі әрпімізді бірден тастай салып, латын әрпін алуға қарсы пікірде болсақ та, айналамыздағы желіктің салқыны бізге де тиді. Қолданбасақ та латын әріптерін біз де тілімізге үйлестіріп көру керек. Топқа түсетін болсақ, біз де өзімізге лайық жобамен түсу керек. Пән ретінде қолдануға тағы керек», – деп жазған болатын. Х.Досмұхамедов латынның 14 әрпі қазақ әрпіне тұп-тура келетіндігін, сондықтан оны өзгеріссіз қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ ол әріптерді латынша таңбалағанда еуропалықтардан алысқа кетпей, солардың қолданып жүрген таңбаларын қолдану қажеттігін де баса айтты. Ал латын әліпбиін насихаттаған Нәзір Төреқұловтың 1924 жылы «Жаңа әліпби неге керек?» деген кітабы Мәскеуде жарық көрген еді. Әліпбиді өзгерту мәселесінің қайдан шыққандығына тоқталып, латын әрпіне көшудің негізгі себебі араб әрпінің оқу мен жазуда қолайсыздығын атап көрсеткен. 1926 жылы ақпан мен наурыз айларында Баку қаласында өткен Бүкілодақтық 1-түркологиялық съезінде латыншылар мен арабшылар арасында қатты пікірталас орын алды. Басқосу барысында жаңа латын әліпбиін қабылдау мәселесі дауысқа салынып, 7 дауысқа қарсы 101 дауыспен латын әліппесін жақтаушылар басым түсіп, латын әліппесінің негізінде құрылған жаңа түрік әліппесін алуға қарар шығарылды. Съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Әзиз Байсейітов, Нәзір Төреқұлов Алаштың атпал азаматтары қатысқан. Съезге қатысушы латыншылар араб әліппесінің түркі халықтары үшін қолайсыздығын айтса, арабшылар латыншыларды «орыс жолына, миссионерлердің жолына түсушілер» деп кінәлады.
1927 жылы латын әрпін алу жолындағы білімпаздардың арасында болған айтыс-тартысын жинақ ретінде Кәрім Тоқтабаев пен Мұхтар Мұрзин Қазақстан жаңа әліппе комитетінің тапсырмасымен “Қазақстан” мемлекеттік баспасынан «Жаңа әліппе жолында» деген атпен кітап ретінде бастырып шығарды. М. Мұрзин «Дыбыс белгілерін өзгерту керек» деген атпен жинаққа енген пікірінде дыбыс белгілерін азайтуда әліпби жобасын ұсынса, Н.Төреқұлов «Қазаққа қандай әліппе керек» деген сауалға латын әрпінің ыңғайлылығын айтып, оны дәлелді мысалдармен түсіндірген. Ә.Байділдин латын әліпбиі көтерілу тарихына тоқталып, оның себептерін ашып көрсетуге тырысты. Ал А.Байтұрсынов латын әрпінің басты кемшілігі бұл баспа мен жазудағы әріптердің өзара айырмашылығын айта келе, «Бұл жазудың әрбір сөзі екі иероглифті, жазу иероглифі мен баспа иероглифі бар. Бір әріптің орнына екі әріп оқытылады. Араб жүйесінде мұндай екі иероглифтік жоқ, жазу мен баспа әріптері бірдей», – деді.
Белгілі Алаш ардақтысы Әлімхан Ермеков латын әрпінің елдің мұқтажынан туындап отырғандығын, сондықтан елді ілгері бастыратынын айтқан. Ол бұл іске А.Байтұрсынов сияқты білімді, тәжірибесі мол ғалымды тарту қажет деген.
Қазақстанда мектептер мен жоғары оқу орындарында латын әліпбиі бірден енгізілді де, іс-қағаздарына енгізу барысы бірнеше жылға созылды. Сонымен бір мезгілде барлық жерлерде латын әліпбиін үйрету ісі ересектер мен жастарды түгелдей қамтыла жүргізілді. Латын жазуын үйренуге ықылас білдірушілер қатары күннен-күнге көбейе түсті. Алайда жаңа әліпбиді үйрететін мұғалімдердің аздығы мен оқу құралдарының жетіспеушілігі және де оқу сағатының аздығы үйренушілерге кедергі келтірді. Біртіндеп латын әліпбиі білім, ғылым және мәдениет салалары мен жергілікті халық тұрмысына толықтай енді. Жаңа әліпбиге көшу жұмысы қалалық мектептерде аса қарқынмен жүргізілді. Мектептерде арнайы ұйымдар мен үйірмелер ашылып, жеті сайын латын тілінен сабақтар жүргізіліп, үгіт-насихат ісі қолға алынды. Жаңа әліпбиге көшудің өз қиыншылықтары бар. Латын жазуының кейбір әріптерінің жиі өзгеріске ұшырауы оны қабылдаушылар арасында түсініспестік туғызған. Латын әрпінің кейбіреулері бірнеше рет өзгеріске ұшырап, оқытушылардың өздері де жазу барысында қай әріпті қолдану керектігін білмей қиналған кездері жиі кездесті. Ал қазір, жастарды айтпағанның өзінде, сол кездегі құндылықтар туралы естіген үлкен жастағылардың өзіне олар белгісіз қалып отыр. Міне, сондықтан жазу емлесін ауыстыруда құндылықтарымызды жоғалтып алмау жайын ойластырған жөн. Алдағы уақытта біздер латын әліпбиіне көшуде Алаш ардақтыларының ой-толғамдарын басшылыққа алып, кәдемізге жаратуымыз керек.
Светлана СМАҒҰЛОВА
1 thought on “Алаш арыстарының латынға көшудегі таласы”
Иә, сол кезде зиялылар арасында пікір таластары болғаны рас. Бұл жағдайды жоғарыдан жүргізіліп жатқан саясат пен ел мүддесінің арасындағы қайшылық ретінде де бағалауға болады. Ал бүгінгі жағдай басқа, бір саясат, бір мүдде жолындағы әртүрлі көзқарастардың тартысы. Ел Тәуелсіздігінің даму барысы осы қарқынынан жаңалмаса, алдағы ұрпақ көне түркі жазуы туралы мәселені де күн тәртібіне шығаруы мүмкін.