Қуат Ежембек

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (1: 5,00 / 5)
Loading...

 

Отан

Қанша сүйсем, сонша азапты тартамын,
Азабың да ғажап екен бірақ та.
Сенің үшін сергелдеңге батамын,
Жылатсаң да тұғырыңнан құлатпа.

Сен болмасаң мен кім едім, кім едім?
Онда ешкімге жоқ керегім білемін.
Онда неге мына өмірді сүремін?
Онда неге жайбарақат жүремін?

Ат тұсадым, көкпар тарттым, секірдім,
Ағыстағы ақ сазаның секілді.
Күмәнімді көлге шайып кетірдім,
Кінәм менен күнәмді да не түрлі.

Естимісің, есіруге асықпан?!
Мен Отанға еркеледім, еңкейдім.
Жанымды ал, қанымды іш қасықтап,
Отанымды Отансызға бермеймін.

Туған жердің гүлі болып егілсем…

Туған жердің гүлі болып егілсем,
Сардалада сабағыммен бөлісем.
Сергелдеңге түс десе де сен үшін,
Оқасы жоқ, келісем.

Таң нұры боп туған жерге шашылсам,
Ай нұры боп аспанында ашылсам.
Қуат болып, шуақ болып бір күні,
Мерекесін, асырсам.

Туған жердің сағымына айналсам,
Байлауына, жайлауына, байлансам.
Сағынғанды арбап алып алыстан,
Баурап алып ойлансам.

Туған жердің сәулесі боп төгілсем,
Туған елмен емен-жарқын көрісем.
Елігіндей еркелесем еліме,
Кермаралдай керілсем.

Қыран болып қалықтасам, қалқысам,
Шаттандырсам туған жерде шалқысам.
Болатындай туған жердің балқысам,
Аяулысын енді өзіме жар қылсам.

Бәрін қойшы, бәрі, бәрі өтеді,
Бір басыма бір күнің де жетеді.
Бауырыңа баса салшы туған жер,
Нең кетеді, не етеді?!

Желтоқсан желі желіп келеді

Желтоқсан желі желіп келеді,
Кеудемді теуіп, керіп келеді.
Желтоқсан жылда борандатып ап,
Боздақтарымды көміп келеді.

Желтоқсан желі желіп келеді,
Соңынан сұмдық еріп келеді.
Мұздар мен ызғар айтыңдар сендер,
Қандыалаң қалай көріктенеді?!

Желтоқсан желі желіп келеді,
Өксігімді жиып, өріп келеді.
Қиылып түскен қыршыным үшін,
Желтоқсан енді ерік береді.

Тұлғалар қайтып барады…

Жылайды жұлдыз, жаралы Ай,
Кеудеге біткен жарадай.
Өлместің күйін кештім мен,
Өткенге бір сәт қарамай.

Жындандық, жылап, күлдік те,
Қайғысыз, қамсыз жүрдік те.
Қайтарған құсын Тұманбай,
Қайтарын өзі білдік пе?!

Әлі де нұрлы болар ең,
Болар ең тағы толар ең.
Қайтарған құсын Нұрғиса,
Қайтып кетіпті солармен…

Өкініп бірде қуанып,
Жүретін ылғи бір алып.
Қарлығаш болып келді де,
Қанатын қақты Жұбанов.

Өтеуі болар сыйдың да,
Көңілім кідір, күй тыңда.
Ұйықтатып арман Аққуын,
Мұқаңда кеткен ұйқыға.

Ән – жырға бөлеп көк белді,
Әуенмен тербеп көктемді.
Құс емес бүгін төбемнен,
Тұлғалар ұшып өткен-ді.

Құс-ғұмыр қимай қарады,
Апырай жаны жаралы.
Қарауға көкке қорқамын,
Тұлғалар қайтып барады…   

Тағдыр…

Жақсылық та көрдім мен жамандық та,
Адалдық та көрдім мен алалық та.
Бірақ соның барлығын ескермегем,
Шалалық па әлде бір балалық па?!

Тыңдап өстіп ақылын ізгі ананың,
Көрдім шеше жүрегі мұздағанын.
Сол жүрекке сан түрлі сынақ түсіп,
Қара түнде көрдім мен сыздағанын.

Әкемді де, жоғалтып көріп едім,
Жасыратын түгім жоқ енді менің.
Жақсыларға жабысып көргенім жоқ,
Жамандардан әйтеуір жерінемін.

Мұң құшып та, үлгердім гүл құшып та,
(Ұшықтатып көр мені, бір ұшықта)
Шырайлым шапағытын төгеді әлі,
Күнгейден күн әнекей тұр қызықтап.

Аңғал боп та көрдім ғой аңқылдаған,
Аңғалдарға қу өмір салқын бағаң.
Қайтармаса құрысын уақытымды,
Өмірімнен бәрібір ақымды алам.

Үмітімді ендігі сабақтадым,
Сұрағанға сыйым бар, жауаптарым.
Біздер – шәкірт, білгенге Өмір – ұстаз,
Таусылмайтын үнемі сабақтары…

Көкейімде таңғы шық, таңғы сыр бар,
Көз жасымның қадірін жаңбыр ұғар.
Өзгермейін десе де осы адамдар,
Өзгертетін бәрінің тағдыры бар…

Күндемеңдер күндестер

Ақ көңіл ем, білесің, ақ көңілмін,
Сірә содан ортама жат көріндім.
Сірә содан айналам, ығы-жығы,
Дәмін сезбей қап қоям тәтті өмірдің.
Ақ көңілмін, білемін, ақ көңілмін.

Өкпелей де алмаймын, бірақ, бірақ,
Санамда ылғи сабылып сұрақ тұрад,
Арман қуып адасқан ақ жүрегім,
Ақиқатын таба алмай жылап тұрад.

Сен білесің, барлығын, білесің сен,
Өмір өтіп барады күресумен.
Өмір өтіп барады тіресумен,
Құр қалайын бәрібір үлесінен.

Күресе де, алмаймын, тіресе де,
Айтақтатып арамза тілесе де.
Мен жақсылық қалаймын айға, күнге,
Сүйенішім, сен менің білесің бе?!

Сен әйтеуір жолымнан адастырма,
Реті болар тартыспен таластын да.
Күндестер-ау, күңкілдеп күндемеңдер,
Гүлде мәңгі жатпайды қар астында.

Көктем қайтып келер болса…

Көктем қайтып келер болса…
Терер едім гүлдерді,
Тербетер ем сырға тұнған түндерді.
Әкем қайтып келер еді қаладан,
Сүйіншімді сұрар едім анадан.

Көктем қайтып келер болса…
Қуанар ем құстармен,
Қырға шығып сырласар ем достармен.
Желмен бірге жарысар ем баладай,
Оң-солыма, алды-артыма қарамай.

Көктем қайтып келер болса…
Келер еді әкем де,
(Мейлі ойыншық әкел маған, әкелме)
Мен бақыттың гүлін ұстап тұрар ем,
Тіршілікке сол күйімде ұнар ем.

Көктем қайтып келер болса…
Арылар ем күнәмнан,
Арылар ем күз торлаған тұманнан.
Тас құрсақты жібітер ем қайтадан,
Сонда құстар ана жайлы айтады ән.

Көктем қайтып келер болса…
Қайта өмірге келер ем,
Адамдардың сұрауларын берер ем.
Сәби көзбен қарар едім баяғы,
Маған бәрі, бәрі құшақ жаяды.

Көктем қайтып келер болса…
Ақ Мамамнан сұранып,
Көбелекті қуар едім қуанып.
Балшығын да кешер едім даламның,
Қуанғанын көрер едім анамның.

Көктем қайтып келер болса…
Самал өпсе бетімді,
Бірақ, көктем келмейтін де секілді.
Әкем қайтып оралмады кеткеннен,
Нені күтем көктемнен?!

Далаға кетем

Далаға кетем, далаға кетем, бүрлерге,
Еркін далада еркіндеу өскен гүлдерге.
Бір белден асып жетемін тағы бір белге,
Кеудемді қарып, сағыныш әлі жүр менде.

Ертең-ақ кетем, ертең-ақ жолға шығамын,
Санада туған ақ сағымдармен сыңармын.
Жусанның иісін аңсайтын атам секілді,
Даласыз ғұмыр сүре алмайтын да шығармын.

Сарғайған күндер, сарғайған түндер сабылған,
Айыра алмайды ешкімде сірә барымнан.
Жолығам жазбен, күрең бел күзге кездесем,
Ақ қысты көрем әппақ шапанын жамылған!

Гүл терем қырдан, гүл терем қырдан көктемде,
Даланы сүйдім, сүйіктім мені жек көрме.
Пәк махаббатымды бола ма және шектеуге?
Есіңе алшы иен далаға кеткенде.

Кетемін ертең, жатқаным енді жарамас,
Дала аңсаған көңілім менің шала мас.
Дала мен Қазақ мәңгілік осы дос сынды,
Кеңдігі шіркін, бірімен-бірі шамалас!

Абызсыз дүние қалғанда
(Әбіш Кекілбайұлына)

Қағазда қалған жырлар бар,
Жағада қалған сырлар бар.
Құлазып қалды қырқалар,
Жылап бір алды жылғалар
Жылап мың алды жылғалар.

Қарт Каспий толқып, долданды,
Қурайлар қурап қалған-ды.
Аядым әттең таңдарды,
Аядым әттең жандарды,
Амалым басқа қалмады.

Жайық та жаппай жылады,
Желкені жырдың құлады.
Теңселіп терек сұлады,
Ақынын айдан сұрады
Ақынның «Алтын шуағы».

Күрсінді көл мен шөлдер де,
Желтоқсан желіп келгенде.
Береке қалмай белдерде,
Мереке болмай елдерде
Ақынды ажал жеңгенде.

Ақ бұлттар жөңкіп ауғанда,
Жанардан жауын жауғанда.
Сілкініп алды тауларда
Жұлқынып алды бауларда
Жабығып қалдым жалғанда,
Абызсыз дүние қалғанда…

Аға сені сағындым бәйтерегім…
(Әшірбек Сығайға)

Аға сені сағындым бәйтерегім,
Бәйтерегім болмаса қайтер едім?
Баяғыдай күлмеймін қуанбаймын,
Келтірейін жанымның қай дерегін?

Баяғыдай күлмеймін қуанбаймын,
Малайлары секілді жуан – байдың.
Баяғыдай сабақтан қалмаймын да,
Баяғыдай сабақтан сұранбаймын.

Қара жерді жамылып жатырсың ба?
Қайыспайтын қарагер батырсың, ә?!
Көктемей тұр парасат шыбықтары,
Көктей алмас сенсіз таң атырсын ба?!

Аға маған ренжіме ренжімегін,
Мен өзіңдей ақкөңіл кеңшіл едім.
Өткен жолы аяқсыз қалып қойған,
Дәрісімді қайтарып берші менің.

Ауыл артық

Ауылдың қыраттары, жылғалары,
Жайымен өзгермей ме, жылда бәрі?!
Бұ жолы жанарымнан жасым емес,
Санамнан сағыныш-жыр сырғанады.

Өремді беруші еді уақыт өріп,
Қой(ы)нына алатұғын бақыт, көрік.
Шаң-жолы шығармаңа арқау болып,
Жататын жүректерге шабыт беріп.

Бірі отын таситын, бірі бұтап,
(Тіршіліктің тіл қатқан «тілі» қымбат)
Қарттарын  қазынаға балайтынбыз,
Ал, олар кәдуілгі тірі-кітап.

Ауылға жиі барам бауырлатып,
Болмаса, жұбаныш жоқ жаныма түк.
Тас-кілем төсенішім бола алмай жүр,
Шаң-кілем төсеп берген ауыл артық…

Ақын монологы

Жазбаймын енді құрысын,
Дұрысы сол ғой дұрысы.
Ақынның олақ бір ісі,
Ақынның шолақ бір ісі.
Жазбаймын өлең құрысын.

Бірде аяз бірде жылымық,
Ішімде ойым құбылып.
Қай жаққа бастар екен-ау?!
Әлегі кеткен бір үміт.
Әлегі жеткен бір үміт.

Солқылдап миым тынықсын,
Тынықсын шерін ұмытсын.
Жанымды қайтып жылытсын,
Әнімді айтып жылытсын.
Керегім болса құбылтсын…

Алай да дүлей боранмын,
Жапырақ болып тоңалдым.
Сағымда  болып жоғалдым,
Мамығың боп та орандым.
Енді кімдерің болармын?!!

Масаттанба, азалы үн!
Тағдырдың көргем ғажабын.
Тағдырдың тартқам азабын,
Қазынаң болса қазамын.
Қағазым қайда қағазым?
Кешіріңдер, жазамын!

 

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp