Қалқаман Сарин

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (3: 5,00 / 5)
Loading...

ОТАН

Уа, Отаным, менің жалқы-жалғызым,
Көру бақыт сендегі атқан таң жүзін.
Тәубә, талай жемісіңді жегіздің,
Тарықтырмай, зарықтырмай нанға үзім.

Уа, Отаным, менің мақтан тұтарым,
Бас иетін қасиетім, құт-арым.
Қымбат жасыл жапырағың, бұтағың,
Құндақ асыл топырағың, жұпарың!

Уа, Отаным, менің арқа сүйерім,
Сенсең, сендік қаным, қаңқа-сүйегім.
Жұлдызыңа, бір қызыңа ғашықпын,
Бірақ, сүйсем, сені ғана сүйемін!

Сен мен үшін бәрін бердің бақыттың,
Сенде ғана Ай сәулелі жаһұт – түн.
Саған деген махаббаттың өлшемі,
Сыймайды ешбір уысына уақыттың.

Ал, мен сен деп отқа түспей, оқ атпай,
Ар-ұяттан қызарамын тағы оттай.
Керегіңе жарап жүрсем жетер-ау,
Беделіңе бір жаманат жолатпай!

Сүйемін! – деп сені алдаған сөз ғәріп,
Киелім! – деп көре алмаған көз ғәріп.
Өзегіңді жарып шықпай өз ұлың,
Қадіріңе жете алмайды өзге анық.

Уа, Отаным, өзің барда өр еңсем,
Сенде өлем,
Сенде көрем, не көрсем.
Бар жақсыңды маған беріп келесің,
Бір жақсылық көрмесең де менен сен!
…Уа, Отаным, құдіретіңде жоқ өлшем!

ЕЛГЕ БАРСАМ…

Еее, өмір-ай, арылтпай мұнар мұңнан,
Сағынышқа сарқылмас сыңар қылған.
Елге кеткім келеді,
Елге барсам
Елең қағып шығады кім алдымнан?

Кім алдымнан шығады елге барсам,
Туып-өскен,
Түлеген жерге оралсам
Еркелетер таба алмай екі адамды,
Басылмайды-ау бәрібір мендегі аңсар.

Елге барсам,
Басына шыт байлаған,
Баяғыдай алдымнан шықпайды анам.
Көне қорым көзіме түскен сайын,
Көңіл босап боздауық бұлтқа айналам.

Баяғыдай ауылда әкем де жоқ,
Тура сөйлеп сынайтын қатемді өжет.
Өткелінен өткізбей жұтты оны да,
Өлім деген – қатыгез, қатерлі өзек.

“Анаңыздың қолынан дәм татып ек,
Ал, әкеңіз талайға арқатірек
Болып еді!” – деп көрші еске алады
Елге барсам,
…Ескі үйге қорқа түнеп.

Екі бейне сол сәтте-ақ елес беріп,
Ести бергім келетін көп естелік.
Егілгенде жұбаныш бола алмадың,
Еее, өмір-ай, өз балаң емес пе едік?!

Өмір, өмір өтеді-ау сірә да, өстіп
Бірде күліп, ал бірде жылап, өксіп,
Көңіл сенбей көп іске құлазиды,
Тұрсадағы көз көріп, құлақ естіп.

Көзден емес жүректен жас моншақтап,
Көкке қарай беремін жасқаншақтап.
Түбі –
Кеңдік,
Биіктік,
Мөлдірлікті,
Сақтап қалса қалады-ау аспан сақтап!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! 

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! —

тұлғасы тауға айналып,
Көк тіреген құзар шыңнан
Дулығасы аумай қалып,
“Күлдір-күлдір кісінеген күреңдей” боп,
…Күре тамыры білеудей боп,
Кесек сөйлеп,
Кек қысып,
Жауға айла ғып,
Кеуде керіп тік жүретін,
Кең даланы маңдайға алып!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! —

Жауласқанын түгел жеңіп,
Дауласқанын түгел жеңіп,
Маңғазданып, мінезденіп…
Шалқып-шалқып сөйлейтін,
Шат-шадыман бір күйге ілезде еніп,
Толқып-толқып сөйлейтін
Топты жарып,
…Түрленіп,
Түрі өзгеріп,
Қорқып-қорқып қашатын сонда, сонда
Қарсы келмей бетіне бір өзге жұрт!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! —

Біт сәттен, бір мезеттен,
Бар қайғыдан арылып тым мезі еткен.
Дүниені дүр сілкінтіп,
Қабыландай қарғыса күнге жеткен.
Қара жердің үстінде үстемдік қып,
Көк аспанды көмкеріп күмбез еткен.
Өкініп, өксік буып,
Өткізіп алсадағы мұңды өзектен.
Кезі жоқ кесір тиіп, тіл-көз өткен!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! —

Өзен тасып,
Көл толқып,
Дала асқақтап
Һәм бекзада болмысын бөлек сақтап,
Көз алдына елестеп көне жорық,
Сарсадаққа жебе жонып,
Айбалтаға ағаш саптап,
Қайта келіп кешегі кемел шағы,
Қайта қонар басына адасқақ бақ!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! —

Тамыры толқып соғып,
Тәні қызып,
Тəуекел,
Тəңірден, – деп, – дəм-ырызық!
Жортқанмен,
Жаяу-жалпы жүргендерді
Жасқамайтын –
Нағыз Ер,
Нағыз Ұлық!
Ұшқан құс,
Жүгірген аң саятшылылық
Шіркін-ай, ат үстінде бәрі қызық.
…Қаһарына бір мінсе қайсар қазақ
Қарақшының қаны бұзық,
Жаһаннамға жіберген жанын үзіп.

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! —

Көзімде көл тұншығып,
Кеудемде шер тұншығып,
Жануардың жалына жармасып ап,
Жаудан кегі қайтпаған ерше ұмтылып,
Жорта бергім келеді,
Ен далада
…Еңсе тіктеп, еркінсініп.
Соның бәрі дариға-ай, арман еді-ау,
Соққы болып тигенде сор тіршілік.
Тау теңселіп, жел күрсініп,
Алты қабат аспан аунап,
Жеті қабат жер сілкініп,
Кетседағы
Ант етемін аттан түспен,
…Семсер сынар,
Кетпесін сертім сынып!

ДОМБЫРА

Сөзімнің басы бұл — домбыра!
Көзімнің жасы бұл — домбыра!

Қазақтың мұңы бұл — домбыра!
Азаттық үні бұл — домбыра!

Дәуірдің досы бұл — домбыра!
Ауылдың кеші бұл — домбыра!

Даламның даңқы бұл — домбыра!
Бабамның салты бұл — домбыра!

Батырдың серті бұл — домбыра!
Ақынның дерті бұл — домбыра!

Ашық күн нұры бұл — домбыра!
Ғашықтың сыры бұл — домбыра!

Тербеткен ән-күй бұл — домбыра!
Жөргек пен әлди бұл — домбыра!

Ғаламат балам, бұл — домбыра!
Аманат саған бұл — домбыра!

ДАЛА

Кермиық далам, келем көсіліп,
Аяғым асты – көк шалғын.
Төсіңнен текті өлең көшіріп,
Батыр бабамды еске алдым.

Көгімде менің қалықтап ұшқан,
Кереге қанат – қыран құс.
Шетінен – шешен, алып, данышпан,
Бабаларыма мың алғыс!

Бозарып атқан бозала таңнан,
Бозторғай үнін естимін.
Ұлдары – ұлт боп ҚАЗАҚ атанған,
Еңісте тұрған ескі үйдің.

Керілген керім кербез даламда,
Көлім де есен, тау аман.
Жусанын желпіп жел қозғағанда,
Жұпар аңқиды ауадан.

Домбыра далам, тоғыз пернелім!
Шанағы шерлі мұң сіңген.
Қоңыр төбелі қобыз кеуделім,
Момын молалар күрсінген.

Далиған мынау далада жүрміз,
Дара нұр төгіп қыр таңы.
Соры бес елі бабалардың – біз
Бағы батпандай ұрпағы!

ҮШ ҚАСИЕТ

Қолыңдағы өз туың, өз байрағың,
Байрақ деген бағалы сөз ғой, жаным.
Өлгеніңше құлатпа, биік ұста,
Сөнгенінше суалып көз қайнарың.

Аузыңдағы өз үнің, өз ұраның,
Шырқа, кетсін ғаламды кезіп әнің.
Дақ түсірме даңқына, жатыр мұнда –
Абыройың,
Айбарың,
Сезім,
Арың!

Төріңдегі өз белгің, өз елтаңбаң,
Адам бақты жаңа атқан сезер таңнан.
Аманатқа қиянат жасап алма,
Құдіреттің қарап тұр көзі арқаңнан.

Ту, Әнұран, Елтаңба – үш қасиет,
Үш қасиет ұғынсаң күшті өсиет.
Өр рухымен,
Үнімен,
Айбарымен,
Тұрар сені сүрінген тұста сүйеп.

ТУ

Сенің туың — ең айбарлы ту, білсең!
Сол айбарлы ту астында тудың сен.
Сатпа, туды!
Сақта, туды арыңдай,
Ар дегенің болады, ұлым, тым кіршең.

Мейлі, ақын бол ардакөңіл, ақжүрек,
Мейлі, батыр, балуан бол сомбілек.
Ұлым бар деп ұлтың мақтан қылмайды,
Ту астында тұра алмасаң елжіреп.

Сақта, туды!
Сақта суық сөздерден,
Сақта, туды сұғы тиер көздерден.
Туды тұтас ел сүйеді,
Ал, ұстау —
Бұйырмас бақ тірі адамға кез-келген.

Ту ұстайсың — таза ұстасаң ойыңды,
Ту ұстайсың — таза ұстасаң бойыңды.
Оңды-солды ойнақшыта беретін,
Ол — жәй ғана жалау емес оюлы.

Ол — Көкжиек!
Ол — Күн-Қыран қалқыған!
Ол — Аспанның гүлі азаттық аңқыған!
Ол — Тәуелсіз Отаныңның көктегі
Бақ ғұмыры,
Шаттық үні шалқыған!

Сол сияқты қараңыз

Пікірлер орны

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll to Top

Поделиться

Facebook
VK
OK
WhatsApp